Алайда бұған дейін қала аумағына қосылған алқаптардың қазіргі жағдайын көріп, терең ойға қаласың. «Барды ұқсата алмай жатқанда, тағы екі аудан ашу қажет пе?» деген де мәселе қылаң береді. Бұлай деуімізге Шөлдала алқабы тұрғындарының жанайқайы себеп болуда.
Шөлдалалықтардың айтуынша, алқап қала аумағына кірді деген аты болмаса, заты мүлде сай келмейді екен.
– Алқаптағы көше жолдарындағы шұңқырлардан аяқ алып жүре алмайсың. Жолдар жөнделеді дегенімен, әлі күнге шешімін таппауда. Нәтижесінде алқапқа қоғамдық көлік те, жеке таксистер де қатынауға қиналады. Ауылға ауызсу құбыры тартыла бастағанымен, мердігерлердің жұмысы көңіл көншітпейді. Тағы бір мәселе, Шөлдалада жарық жиі өшеді. Жел тұрып, жаңбыр жаумаса да, ай күннің аманында жарықсыз отырамыз. Тіпті, тәулік бойы жарық болмайтын кездер көп. Жарық болмағаннан кейін тоңазытқыштағы азық-түлік бұзылып, шығынға батып жатырмыз. Алқап қала аумағына кіріп тұрса да, біз байланыс аясынан тыс жерде жатырмыз. Олай дейтінім, интернет ұстамай, бір-бірімізге қоңырау шала алмаймыз, – дейді алқап тұрғыны Хадиша Құлпыбаева.
Жалпы шөлдалалықтардың базынасы осы. Бұдан бөлек, тұрғындар көшелер мүлде жарықтанбағанын айтады. Соның салдарынан қыс айларында оқушылардың мектептен үйге қайтуы мұң болса, қараңғы болғаннан кейін адамды көлік қағып кету деректері де жиі болып тұрады екен. Ал жолдың ой-шұңқыры жаңбыр жауса лайға айналып, балалар оқу орнына аяқтарына целлофан орап баруға мәжбүр болуда.
Шөлдалалықтардың жағдайына жуырда өңірге іссапармен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров көңіл аударып, тұрғындармен арнайы кездесті. Халықтың мұңын тыңдаған мәжілісмен телефон байланысының тартпайтындығына таңданыспен қарап, өзі де сол жерде тұрып танысына қоңырау шалып көрді. Алайда байланыса алмаған Мұқаш Зұлқарнайұлы бас шайқап, шөлдалалықтардың мәселесін биік мінберде көтеруге уәде етті.
Негізі шөлдалалықтардың шырылдап жүргені бірінші жыл емес. Жергілікті билік өкілдері де алқап тұрғындарының жағдайынан хабардар. Сондықтан қала әкімі Бақытжан Орынбеков талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан шөлдалалықтардың мәселесі жуық арада шешілетіндігіне сендіруде.
– Жол жөндеу мәселесі созылып кеткенін жасырмаймыз. Қала көшелерін жөндеуден үнемделген 30 миллион теңгені Шөлдала мен Құмшағал алқаптарының жолын жөндеуге бағыттап отырмыз. Жол құрылысын жүргізуге мемлекеттік конкурс жарияланып, тендірді астаналық компания жеңіп алған болатын. Алайда олар құрылыстан бас тартып, конкурсты қайта өткізіп, жергілікті серіктестік ұтып алды. Жақын күндері мердігер жұмысын бастайды. Жол құрылысы, міне, осы мемлекеттік конкурстың созылып кетуіне байланысты кешікті. Келесі жылы Шөлдаланың ішкі көшелеріне шағал тас төселеді. Қазір алқапқа ауызсу тартылып, барлық көшелер қазылып жатқандықтан әзірге асфальт жабынды жүргізе алмаймыз. Су құбырлары тартылып болғаннан кейін, жолға тас жабынды төселеді. Бұл – жолды жөндеп, оны қайта қазып екі рет әуре болмас үшін қабылданып отырған шешім. Ауыз суға келер болсақ, «Мелиоратор» компаниясымен жіті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дәл қазір межелі мерзімнен кешігіп келе жатқан жоқпыз. Бұйырса, жыл соңына дейін шөлдалалықтар орталықтандырылған тіршілік нәріне қол жеткізетін болады, – дейді шаһар басшысы.
Бақытжан Әмірбекұлы Шөлдала алқабының жарық мәселесі де жақын арада шешімін табатындығын айтады. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, қазір алқаптағы тұрғын үйлерге жаңа электр желілері тартылып жатыр екен. Бұл жұмыстар екі айдай уақытты қамтымақ. Содан кейін Шөлдалада «жарық сөніп қалды» деген мәселе мүлде туындамайтын көрінеді.
Байланыс желісіне келсек, қала әкімдігі қазір Beeline компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Ал жалпы биыл Тараз қаласы бойынша алты байланыс мұнарасын қою жоспарлануда. Соның бірі Шөлдала алқабына орнатылып, тұрғындар ұялы телефонмен еркін тілдеседі деп күтілуде.
Міне, осылайша, қала әкімі Бақытжан Орынбеков бұқараның базынасы ескерусіз қалмайтындығын айтып қуантуда. Әрине, бұл жанға жылу береді. Алайда Шөлдаладағы жол құрылысының тендерін ұтып алған астаналық компанияны жергілікті билік өкілдері бір ай бойы таппай, әбігерге түскен болатын. Қала әкімі жоғарыда астаналық компания құрылыстан өз еркімен бас тартты деп отыр. Алайда мұнда да бір шикіліктің бар екені анық. Әйтеуір, инфрақұрылым мен байланыс желісін жүргізуді жауапкершілігіне алған ендігі мердігерлер сөзінен тайқып кетпей, жоспарлы жұмысты аяғына дейін апарады деп сенейік.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы