2018 жылдың сәуірінде Ақтөбе қаласында қызмет көрсетуші компания қызметкерлерінің немқұрайдылығы салдарынан жас келіншек мерт болды. Лифт ішінде қаза болған Айзат Әбдісамат жергілікті «Ақтөбе» арнасында балалар бағдарламасы мен таңғы бағдарламаны жүргізген. Үш жастағы қызымен бірге лифтіге мінбек болған 28 жастағы келіншектің аяғы белгісіз себептермен есікке қысылып қалған. Лифт жүріп кетіп, аяғын жұлып алған. Айзат Әбдісамат көмек жеткенше сол орында көз жұмған еді.
2012 жылы Қазақстан лифт саласында лицензиялау алынып тасталып, лифт шаруашылығында өз ісіне салғырт қарайтын қызмет көрсету компаниялары мен лифт құралдарын жеткізушілер пайда болды. Осының салдарынан лифтілердегі төтенше жағдайлар саны артты.
Бұл салаға өзгеріс керек екені біраздан бері айтылып жүр. Бірқатар шаралар да қолға алынған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бастамасы бойынша Қауымдастықпен бірлесе отырып, «Лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтергіштер. Жеткізу. Орнату және пайдалануға қатысты талаптар» атты Ұлттық стандарт дайындалды. Биыл күшіне енген «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға және «Азаматтарды қорғау туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, бұл стандарттарды лифт нарығына қатысушылардың барлығы орындауға міндетті.
Жиын барысында мәлім болғанындай, өкінішке қарай, нормативтік мерзімнен өтіп кеткен лифтілер саны қомақты болып тұр. Еліміздегі 5 000-ға тарта лифтінің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен болса, оның 4 000-нан астамы жылдам түрде жаңартуды қажет етеді. Демек, осыншама лифтіні адамдар күнделікті қолданып отыр. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрғанын мамандар да жоққа шығармайды.
Жаңарту жұмыстары басталды
Еліміздегі тұрғын үй қоры жағынан Алматы ешбір өңірді алдына салмайды. Алып шаһардағы үйлерде барлығы 5,4 мың лифт жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, оның 1,4 мыңының әлдеқашан пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Бір қуанарлығы, кейінгі жылдары лифтілерді жаңарту мәселесінде біраз оң әрекет бар. Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, өткен жылы 300 лифт ауыстырылған. «Биыл да соншама лифтіні жаңарту көзделіп отыр. Осы мақсатта бюджеттен 2,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде қайтарылуы тиіс. Тұрғындар лифтіні ауыстыру керек пе, жоқ па, жалпы жиналыс жасап өздері шешеді. Егер тұрғындардың үштен екісі дауыс берсе, онда лифт ауыстырылады деп шешім қабылданады» дейді ол. Лифтілерді жаңарту жұмыстары алдағы бес жылда жүзеге аспақ. Мейіржан Отыншиев бұл жобаны ойдағыдай іске асыру үшін кедергілер баршылық екенін де айтып өтті. «Мәселен, бір подъездегі лифтіні ауыстыру үшін сол үйдің бүкіл тұрғындарының келісімі керек. Өйткені лифт сол үйдің ортақ мүлкі болып саналады. Егер заңға қандай да бір өзгерістер енгізілсе, мысалы, егер нақты бір подъездегі лифт ауыстырылу керек болса, сол подъездің тұрғындары ғана шешім қабылдай алса, өзге подъездегі тұрғындардың дауысын жинау қажет болмайды» дейді ол. Сондай-ақ бұл күні лифтілерді жаңарту мәселесінің баяу іске асуына бюджет қаржысын қайтару мерзімі тым қысқа (жеті жыл) екені кері әсер етіп отырғаны да айтылды.
Тек құрастырушымыз
Өкінішке қарай, лифт өндіруші компаниялар елімізде бүгінде тек құрастырумен айналысып отыр. Тұтас лифт өндірісі әлі жолға қойылмаған. Лифтілер негізінен Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия мен Беларусьтен жеткізіледі. Осы жерде бір мәселенің бар екенін айта кетуіміз керек. Шетелдік, әсіресе, Қытай мен Беларусьтің лифтілері отандық осы сала өндірушілеріне тегеурінді бәсекелес болып отыр. Оның үстіне ірі құрылыс компаниялары отандық өндірушілерге онша сенім артпай, негізінен шетелдік өнімді алуға ден қояды. Қазіргі таңда лифтішілер қауымдастығы мен Атамекен» ҰКП импортты алмастыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге кірісіп отыр. «Қазақстан лифтішілер ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Ержан Игібаевтың айтуына қарағанда, 9 қабаттық үйге арналған ең қарапайым деген лифтінің құны 9 миллион теңгеден кем болмайды. Ал өзімізде құрастырылған лифт 7 миллион теңгеден басталады. Лифт бағасы өндіруші елдерге, жүк көтергіштігіне, үйдің қабатына, басқа да себептерге байланысты болады.
Қазіргі таңда елімізде 24 мыңнан астам лифт жұмыс істеп тұр. Оның 1 684-ін жөндеу қажет болса, 5 мыңға жуығын жаңасына ауыстыру керек. Осы саланың жұмысын жандандыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол картасын әзірлеген. Сондай-ақ лифт шығаратын кәсіпорындарға салық және басқа да жеңілдіктер қарастыру көзделуде.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ