Партия басшылығы бұл аманатты аяқсыз қалдырмады. Жуырда көршілес елден ұлы Мағжанның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректердің көшірмесін Қазақстанға әкелуге қол жеткізілді.
Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Мағжан еліне табан тіреп тұрып, ұлы ақынның туған ауылына бармау жөн болмас деп, Сарытомарда зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгімелескен болатын. Сол кездесу барысында өңірдің игі жақсылары партия төрағасына бірқатар базынасын айтқан-тын. Соның ішінде көршілес Ресейдің Омбы және Мәскеу қаласындағы архивтерінен атақты жерлесімізге қатысты құжаттарды Петропавл қаласына әкелу туралы өтінішті зиялы қауым өкілдерінің атынан Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова жеткізген еді.
«Мағжан ғұмырнамасының іздері жақында Ресейдің Мәскеу қаласындағы әлеуметтік-саяси тарих архивінде де бар екені анықталды. Айталық, отты ақын 1917 жылдың наурызынан қарашасына дейін Ақмола облыстық қазақ комитеті ағарту бөлімінің меңгерушісі болған. 1922-1923 жылдары Ташкентте қазақ оқу-ағарту институтының лекторы-оқытушысы, Түркістан Республикасы мемлекеттік ғылыми Кеңесі құрған Қазақстанды зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары болған. Қоғам төрағасы Халел Досмұхаммедов, мүшелері: Мұхтар Әуезов, Мұхаметжан Тынышпаев, Александр Есполов болғанын анықтадық. Сонымен қатар Шығыс Еңбекшілері Коммунистік университетіне штаттан тыс лектор болып жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттар бар. Қылмыстық ісі, жеке ісі де сонда сақталған. Қазандағы университет архивінде шығармалары бар», – дейді Сәуле Зейноллақызы.
Құнды құжаттарды Қазақстанға алдырту үшін Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Ресей Федерациясының мемлекеттік архивіне сұрау жолдануы тиіс. Бүгінде тиісті өтініш жасау туралы хат министрліктің қарауында.
Мағжанның қайраткерлік қыры
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмысы аясында, мекеме директоры Сәуле Мәлікованың тікелей мұрындық болуымен Мәскеудің және Омбының тарихи архивінен табылған Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты құжаттардың көшірмелері Петропавлға жеткізілді. Соның ішінде ұлт ақынының Мәскеудегі қызметі, Әлихан Бөкейханмен бірлесіп атқарған жұмыстары және аудармалары жөнінде тың деректер бар.
Сондай-ақ жуырда Алаштың ардақты тұлғасының 130 жылдық мерейтойына және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда ел Президентінің және Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архиві «Қызылжар өңірінің Алаш қайраткерлері» атты жылжымалы фотоқұжаттық көрмесі ұйымдастырды. Осы көрмеде Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Жұмағали Тілеулин, Қошке Кемеңгеровтің өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей құжаттар алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған жариялаған материалдардан Мағжанның қайраткерлік қасиеті таныла түседі.
Әсіресе, аштық жылдарында өз басын бәйгеге тіге отырып, халқына шама-шарқынша көмек көрсетуге тырысқаны тарихи құжаттар арқылы дәлелденген. 1922 жылы құрылған аштықтың зардаптарын жою жөніндегі төтенше комиссия төрағасының орынбасары болып Мағжан Жұмабаев тағайындалған. Бірақ комиссияның жұмысына негізінен Мағжан Бекенұлы басшылық жасағаны оның жазған құжаттары мен хаттарынан белгілі болды. Құжаттарда Мағжан өзін төтенше комиссияның төрағасы деп көрсетіп, қол қойған. Ол Помгол (помощь голодающим) комиссиясының құрамына ұлты қазақ адамдарды енгізуге ықпал еткен.
Облыстық архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова келтірген деректерге сәйкес, 1922 жылы 5 мамырда Қызылжарда аштыққа қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссияның мәжілісі болды. «Мәжілісте Көкшетау, Атбасар, Петропавл уездерінде орналасқан қазақ ауылдарының қиын жағдайы тұңғыш рет баса көрсетілді. Қабылданған қаулыда Помгол комиссиясының құрамына қазақтардан адам кіргізу туралы Мағжан Жұмабайдың ұсынысы қабылданып, ол аштыққа қарсы күрес комиссиясының төрағаның орынбасары болып бекітілді. Бұл жұмысқа Мағжан Ерденов, Бегішев, Байғазин, Төкібаевті ұсынады. 1921 жылы наурызда Ақмола губерниясында 1 миллион 21 мың адамның 472 мыңы аштыққа ұшыраған», – дейді Сәуле Мәлікова.
Сондай-ақ ғалымының айтуынша, Мағжан бірнеше адамды губкомының өкілдері ретінде іссапарға мал мен астық жинауға жіберіп, мандаттарына қол қояды. Сонымен қатар Алаш қайраткері сол жылдары Сарыайғыр, Келтесор, Тайынша, Жамантұз, Тораңғұл болыстарына аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуге адамдар жібере отырып, нақты тапсырмалар берген. Жергілікті органдардың аштыққа ұшырағандардың тізімін, жедел түрде ақпарат беру, азық-түлік қорын есепке алып, аштарға дұрыс бөлінуіне, жиналған көмекті Помголдың рұқсатымен тарату қажеттігіне баса назар аударған.
24 мамырда мухтасиб Абдухаликовқа мұсылман халқынан көмек жинап, оның 25 пайызын Помгол қорына, 75 пайызын Қызылжардың аштарына тарату туралы құжатқа қол қойған.
1922 жылғы 9 маусым күні Помгол төрағасының орынбасары Мағжан Жұмабаев губерниялық әскери комиссар Приморскийге қазақтың 100 жетім баласын және мүмкін болғанша орыс балаларын қамқорлыққа алуды сұрап, хат жолдайды. Ол елдің басқа қалаларынан ашыққан халыққа астық, мал, алтын-күміс сияқты заттар да жинатқан. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ беретін асхана да ұйымдастырады. Оған куә болатын құжаттар баршылық.
1922 жылғы 11 маусым күні Мағжан «Мир труда» газетінде мақала жазып, қазақ даласындағы аштықтың тұтас ұлтқа қатер төндіріп отырғанын көрсетіп, ащы шындықты жайып тастайды. Сол жылдары Мағжан ақын қазақ халқының мүшкіл жағдайына биліктің назарын аударуға барынша тырысып баққан. Басылым беттерінен де үнемі үндеу жолдап, аш-жалаңаш халыққа көмек көрсетуді өтінеді. Қолдан жасалған нәубеттен зардап шеккен халыққа тікелей көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың бел ортасында білек сыбанып өзі жүрді. Сол жылдарда оның жазған хаттары мен мақалалары, өзге де құжаттар – қазақтың аяулы ұлының отансүйгіштігі мен ұлтқа адалдығының дәлелі.
Кеңес үкіметіне Мағжанның бұл белсенділігі ұнай қоймағаны айдан анық. Қызылкөздер бастапқыда ақынның шығармаларына тыйым салудан бастап, біртіндеп Қызылжарын тастап, бас сауғалауға мәжбүр етті.
Қазақтың ұлы ақынының өмірі мен шығармашылығын зерттеу бағытындағы жұмыстар әлі де болса терең талдауды, жан-жақты ізденуді қажет етеді. Мағжанның помголда жұмыс істеген кезеңін арнайы зерттеп, қол қойған құжаттарын жинақ ретінде басып шығару туралы ұсыныс та айтылуда. Бұл шаруалар – алдағы уақыттың еншісінде.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы