Арал өңіріндегі Қамыстыбас елді мекені елімізге Қамбаш көлімен жақ­сы таныс. Тарихы тереңнен сыр тарт­қан бұл мекенде балық және мал шаруа­шылығы қатар өркен жайған.
Құпияға толы Қамыстыбас
3,551
оқылды

Бү­гінде көл жағасынан жағажай қыз­ме­ті қа­лыптасып, жаз мезгілінде тап­­­тырмас демалыс орнына айналып отыр.

Дерекке сүйенсек, Қамбаш көлі Арал теңі­зінен 2000 жыл бұрын пайда болғаны ай­ты­лады. Сырдария алабындағы ірі көл кү­ре жолдың бойында орналасқан. Яғни, бү­гінде көл маңынан «Батыс Еуропа–Ба­тыс Қытай» халықаралық автожолы өтеді. Осы арқылы көл жағажайын туристік ай­мақ­қа айналдыруға мүмкіндік зор. 

Көл ежелден атакәсіптің желкенін ке­ріп, балық шаруашылығын өрістетуге қо­лай­лы болған деседі. Байырғы балық­шы­лар­дың айтуынша, мұнда сазан, шортан, ала­бұға, тіпті алып жайын балығы да кезде­сіп жатады. Көл суының тұздылығы, одан ау­ланған балықтарға деген сұранысты арт­тыра түседі. Себебі көлден ауланған су мар­жаны дәмділігімен ерекшеленеді. 

Көнекөздердің көл төңірегінде айтқан аңыз әңгімелері өз алдына бір төбе. Ауыл ау­мағында ХІХ ғасырдың басында ұсталар Жанқожа батырдың сарбаздарына арнап қару-жарақ дайындағаны жайында ай­ты­ла­ды.

«Ел басына күн туған жаугершілік за­ман­да халқын найзаның ұшымен, білектің күші­мен қорғаған хас батырлар аз болмаған. Соның ішінде Хиуа хандығына қарсы жо­рық­та Сыр қазақтарының басын қосып, жер үшін шайқаста жанкештілік танытқан Жан­қоша бабамыздың ерлігі ерен. Сол за­манда ауыл маңындағы төбешікте ұсталар ба­тырдың сарбаздарына арнап соғыс құрал­дарын дайындағаны жайында аңыз әң­гіме бар. Бүгінде ол орынды Темірші тө­бесі деп атайды. Негізінен, 1904 жылы Қа­­­­м­ыстыбас ауылы Темірші деп аталғаны жө­нінде тарихи дерек кездеседі. Ал ұсталар дайындаған қару-жарақтар кейіннен орыс отар­шылдарына пайдаланылса керек», – деп ел аузынан тараған есті әңгімесімен бө­лісті ауыл тұрғыны Ермекқара Дабы­лов.

Тарих парақтарына үңілсек, 1904–1905 жыл­дары орыс отаршылдары Орынбор–Таш­кент теміржолының ашылуына бай­ла­ныс­ты іргесіндегі ауылды Қамыстыбас деп атап кеткені де айтылады. Сол заманда көл­дің берекесі тасып, елдің ырзық-несі­бе­сі артқан екен. 

Сонымен қатар Қамбаш көлінде ер­те­рек­те алып жайын балығы тіршілік еткен кө­рінеді. Бұл туралы Арал аумағын зерт­теуде көп еңбек сіңірген ғалым Л.Бергтің жаз­баларынан кезіктіруге болады. Сондай мә­ліметтің біріне тоқталар болсақ, бір кез­дері Сырдарияның төменгі ағысы мен Әму­­дарияның Зарафшанға дейінгі аума­ғын­да жайын балығының көптеп кездескені жазылған. Жайындар ірілі-ұсақты балықтар мен жәндіктерді жұту үшін Арал теңізінің құяр сағасында қаз-қатар тізбектеліп жата­тын болған. Жыртқыш балықтар тіпті адам­ды жұтып жіберуден де тайсалмайтын құ­діретке ие болыпты-мыс.

«Ел аузынан тараған әңгімеде ертеде Сыр өңірін жолбарыстар мекендегені жайын­да жиі айтылады. Бірде Қамбаш көлі жағасынан жолбарыстың күшігін алып жайын жұтып қойыпты. Аналық жолбарыс ба­ласының кегін қайтару үшін ұзақ уақыт көл жағасын торуылдап жүрген екен. Сол заманда көлдің жағасына ну қамыс өсіп тұ­ра­ды. Ақыры, бірде жолбарыс осы қа­мыс­тың арасында жасырынып жатып, жа­­­ғаға жақындаған жайынға бас салып, құй­рығынан тістеп өлтіріп, бойын кернеген кегін қайтарыпты деген аңыз әңгіме бар. Ал көлде жайын балығының тіршілік етке­нін күні кешеге дейін өз көзімізбен көрдік. Көл­ден бір түйеге жүк боларлық алып жайын­дар талай ауланды», – деп еске алады бұл жайында Арал өңірінің тұрғыны Тағы­бер­ген Жалғасбаев.

Қазір жағажай қызметі қалыптасқан Қам­баш көліне елімізбен қатар, көршілес Ресейден келетін туристер қатары аз емес. Дей­тұрғанмен, ауыл халқы соңғы жылдары көлдің бірнеше мәрте тартылып, қайта қал­­пына келгенін айтып отыр. Ең өкіні­ш­тісі, көлдегі су маржанының саны жыл са­нап кеміп бара жатқанын алға тартады.

«Көлде соңғы жылдары балық тұқымы азайып барады. Балықшылар қауымы көлден нәпақасын таппай, Кіші Аралға ба­рып, ау салып жүр. Себебі бұрынғыдай балықтың өсіп, жетілуіне ешқандай жағдай жа­салмай келеді. Уылдырық шашатын ке­зеңде де еш тосқауыл жоқ. Соның сал­дары­нан заңсыз балық ауланып, майда шабақ­тар­ға дейін сүзіп алып жатыр. Көлде әлі күн­ге дейін жайындар мекендейді. Бірақ ер­теректе ел аузында ай ылған алып жырт­қыш балықты кезіктірмейсің. Бәрі майда­ла­нып кеткен», – деп мұңын шағады Ер­мек­қара ақсақал.

Ауыл тұрғындарының Қамбаш көлі жайында осы секілді аңыз әңгімелері мен қы­зықты деректері аз емес. Ырыс-берекесі арт­қан құтты мекенжайында тарихи мәлі­мет­тер облыстық тарихи-өлкетану мұра­жайы мен Арал музейінде де көптеп кез­де­седі. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы