Алайда Жамбыл облысында 446 мектеп бар болса, соның 36-сында асхана жоқ. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Қыркүйек айына дейін атқамінерлер бұл мәселені шеше ала ма?
Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан оқушыларды тамақтандыруға 3,5 млрд теңге бөлінген екен. Тамақтың құны орта есеппен 450 теңгені құраған.
– 2022-2023 оқу жылында ыстық тамақпен 49 137 бала қамтылды. Облыс бойынша 1-4 сынып оқушыларының саны 94 373 бала болса, оның ішінде жекелеген санаттағы 23 400 оқушыға тегін ыстық тамақ берілді. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралардың 77-тармағында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту туралы тапсырма берілген. Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Оған Жамбыл облыстық мәслихатының шешімі негізінде 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді, – дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева.
Әрине, қаржы қаралып, тапсырма тиянақты орындалғаны құба-құп. Алайда асханасы жоқ 36 мектеп қыркүйек айында балаларды қалай тамақтандырмақ?
Білім басқармасы 15 мектептің мәселесін 2023-2027 жылдары құрылысы жүретін 14 мектеп пен 1 мектепке жапсарлас құрылыс жүргізу есебінен шешпек екен. Ал 21 мектеп орналасқан ауылдарда демографиялық өсім жоқ болғандықтан, құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылыпты. Десе де, Білім басқармасының мамандары 2023-2024 оқу жылында асханасы жоқ мектептерде оқытылатын оқушыларды бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара қолға алынғанын айтады. Мәселен, асханасы жоқ 17 мектептің бір оқу кабинеті ыңғайластырылған асханаға айналмақ. Мұндай тәсіл Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов және Шу ауданында жүзеге асырылуда. Мұндағы билік өкілдері осылайша олқылықтың орнын толтырамыз деп отыр. Алайда оқу кабинетін асханаға айналдыру қаншалықты талапқа сай болатындығын уақыт көрсетеді.
Сарысу ауданындағы тағы 2 мектепте модульді асхана сатып алынып, орнатылып жатыр екен. Естеріңізде болса, бір жылдары мектептердің барлығының ішінен дәретхана салынып жатқанда, сарысулықтар оқу орнының бір бұрышынан есік шығарып, дәретхананың орнына контейнер қойып қызыққа батырған болатын. Енді олардың модульдік асханасы да дәретхананың кебін киіп жүрмесе болғаны.
Меркі ауданында да мектепке модульді асхана қоюдан басқа амал таппапты. Ал Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарындағы 11 мектепке жақын орналасқан оқу орындарынан ыстық тамақ тасымалданып жеткізілмек.
Бұдан бөлек, 8 мектепке асхананың жапсарлас құрылысын жүргізуге биыл жобалық-сметалық құжаттамалар дайындауға өтінім жолданған. Жоба толықтай жүзеге асса, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас аудандарында 1 мектепте, Шу ауданында 3 мектепте құрылыс жұмыстары басталады.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда жаңа оқу жылына айдан аса ғана уақыт қалды. Осы мерзім ішінде жоспарланған жапсарлас құрылыс жобалары жүзеге аспайтыны айдан анық. Демек, қыркүйек айында 1-4 сыныптағы барлық мектеп оқушылары ыстық тамаққа қол жеткізеді дей алмаймыз. Ал бір мектептің оқушылары ыстық тамақ ішіп отырғанда, екіншілерінің көзі жәудіреп отырғаны жақсы дүние емес. Бұның арты айқай-шуға апаратыны тағы айқын. Сондықтан асхана мәселесін атқамінерлеріміз сүзгіден өткізіп, барлық мектепке модельді асхана орнату немесе тамақты тасымалдап беру сынды шешім шығарғаны жөн секілді. Әзірге осылай әрекет етсек, жоспарлы құрылыс жұмыстары аяқталғанда түйткілдің түйіні тағы тарқатылар ма еді...
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы