Жетісу облысында «Ауыл аманаты» жобасының жай-жапсарын түсіндіру жұмысы жалғасуда. Жұртшылықтың ауылда еңбек етіп, тиісінше тұрақтауына бағытталған жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Бизнеске бейімдейтін жоба
914
оқылды

Жобадағы басты мақсат – ауылдағы жұмыссыздықты жою, ауыл халқын жеке кәсібін дөңгелету арқылы табыс табуға үйрету, осы бағытта қолдау көрсету. 

Күні кеше партияның мобильді то­бы Кербұлақ ауданындағы Қа­ра­шо­қы ауылының тұрғындарымен кез­­­десіп, жергілікті ағайынға жо­ба­ның мақсаты мен міндетін, табыс табудың жолдарын түсіндірді. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік па­латасы Кербұлақ аудандық фи­лиа­лының консультант менеджері Мар­жан Түменбаеваның айтуынша, аудан бойынша кәсібін ашу мақ­са­тында 30 өтінім келіп түссе, солар­дың ішіндегі 16-ы өтінім осы Қара­шо­қы ауылынан келген. Барлық биз­нес жоба әлі қаралым үстінде. 

«Жеке кәсібімді дөңгелетемін де­ген жандарға бұл жоба үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Жобада ауыл­дағы ағайынды 2,5 пайыздық жеңіл­детілген несиемен қамтып, со­нымен қатар ауылшаруашылық тех­­­никасын алуға лизинг беру қа­рас­тырылған. Одан бөлек, агроө­нер­кәсіп саласында кәсіби білікті­лі­гі мол мамандардан тегін кеңестер беріледі. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясы кооперативтердің жұ­мысын үйлестіріп отырады. Мұ­ның барлығы елді еңбекпен қамтуға Үкі­мет тарапынан үлкен қолдау бар­лығын білдіреді», – деген Мар­жан Нұрмұхамбетқызы бағдар­ла­ма­ның тиімділігін тізбектеп, түгендеп, тү­сін­дірді.

Жеке қосалқы шаруашылықты иге­руге енді ғана кіріскелі отырған бо­лашақ кәсіпкерлер де жобаға үл­кен үміт артады. 40 жастағы Майдан Бер­дік – солардың бірі. Ол Мем­ле­кет басшысының бастамасымен іс­­­ке асқан жоба бойынша мал өсіру­мен және сүт өндірісімен айналыс­пақ. Жалпы, жергілікті жердегі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынған тұрғындар кооперация құ­руды жоспарлап отыр.

Қарашоқы ауылындағы кәсіпкер Май­дан Бердіктің айтуынша, қара­пайым халық үшін тиімділігі мол жо­­­баның мән-мағынасын жете тү­сін­ген жандардың құлшынысы ке­ре­мет. 

«Маған жобаның тиімділігі ұна­ды. Сондықтан халыққа оны жүзеге асы­рып, несиені рәсімдеу оңайырақ бо­лады. Осы жоба арқылы жұмыс­сыз жүрген ауылдастар, жастар жеке кә­сі­бін ашып, Үкімет тарапынан жа­са­лып отырған қолдауды сезінері сөз­сіз. «Ауыл – ел бесігі» демекші, жаңадан ашылған жобалар арқылы ауы­лымыз гүлдейді. Оның үстіне, жер­­гілікті әкімдік те, «AMANAT» пар­­тиясы да мүмкіндігінше көмек­тесіп, қолдау көрсетіп отырады. Бұл өте маңызды. Себебі сала маман­да­ры­ның кеңесі жеке кәсібін енді дөң­гелетем деушілерге өте керек», – дейді Майдан Бердік.

Кербұлақ ауданы туристерге, әсі­ресе шетелдік туристер үшін тар­т­ымды өңір. Сол себепті белсенді ауыл тұрғындары туристік жоба­лар­ды да ұсынып отыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сында қант қызылшасы, тауарлы-сүт фермасы сынды негізгі жоба­лар­ға қолдау көрсетіледі және тұтыну­шы­ларды елімізде өндірілген қант жә­не сүтпен қамтамасыз етуге нақ­­­­ты қадамдар жүзеге асырылады. 

Бүгінде облыста жоба бойынша 272 өтінім түсіп, оның 23-і мақұл­да­­нып, алғашқы 9 өтінімді 27,2 млн тең­геге қаржыландыруға кредиттік шарт­тар жасалып, қол қойылған.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы