Қазақстандықтар үшін жыл он екі ай жолаушылар пойызына билет алу мұң. Халық қасқалдақтың қанындай қат болған билеттерді санаулы уақыт қалғанда жекеменшік кассалардан екі есе бағаға сатып алуға мәжбүр. Жолаушылардан бұрын алыпсатарлар санаулы сағаттың ішінде 45 күн бұрын шығатын билетті де алдын ала үптеп кетеді.
Жетейін десем жете алмай...
3,803
оқылды

Алайда құзыретті мекемелер жолаушылар тасымалындағы жүгенсіздікті жөнге салып, жекеменшік кассалардағы делдалдардың қолындағы билетті бақылауға алуға құзыры жүрмейтіндерін айтады. Себебі қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса...

Кім жылдам – билет сонда

Қазір де кейбір бағыттар бойынша по­йыз билеттері жоқ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз хатшысы Нариман Дүйсекеевтің айтуынша, билеттерге сұра­ныстың артуы негізінен мереке күндері, жазғы және қысқы кезеңдерде пайда бо­лады екен. Ұлттық тасымалдаушы компа­ния халықтың сұранысын қанағаттандыра отырып, «Күту парағы» қызметін іске асырып келеді. 

«Билет болмаған жағдайда жолаушы кезекке 7 күннен ерте емес және пойыз жөнелтілгенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы жеке кабинетте орындарды сатып алу қажеттілігі туралы ақпаратты, сондай-ақ SMS хабарлама алады. Бұл қызмет bilet.railways.kz сайтында жұмыс істейді, сондай-ақ оны билет кассасында пайдалануға болады. Жолаушылар пойыз­дарына жол жүру құжаттарын алдын ала сату бұрын түсіндірілгендей, пойызды қалып­тастыру және оның айналымы стансаларынан жүзеге асырылады», – дейді ол.

Сондай-ақ тағы бір ескеретін жайт, билет 45 күн бұрын «Жолаушылар тасымалы» АҚ вокзалдарындағы кассалар үшін де, коммерциялық компаниялар үшін де жалпы қолжетімділікпен барлығына бірдей сатылымға түседі. 

Айта кету керек, теміржол билеттерін сатуды ұйымдастыру және онлайн-сату үлесін арттыру – ұлттық тасымалдаушы қызметтің басым бағыттарының бірі. Қазір электрондық билеттеу жүйесін енгізудің арқасында онлайн-сатылымдардың үлесі 70%-дан асқан. Сонымен бірге ол жол жүру құжаттарын BILET.RAILWAYS.KZ және «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы немесе ұлттық тасымалдау­шының билет кассаларынан комиссиясыз сатып алуға болады дегенді айтып отыр. 

«Бүгінде қолданыстағы билеттерді сатудың электрондық жүйесі жетілдірілген және пайдаланушыларға билеттерді қайта ресімдеуге мүмкіндік бермейді. Билеттерді сатып алу процесі ашық, сондықтан билеттерді қайта сатумен байланысты заңсыз әрекеттерді жасау мүмкін емес. Бізде «Ауыса отырып жол жүру» қызметі бар. Ыңғайлы сапар және уақытты үнемдеу үшін жүйе жолаушыға пойыздан пойызға ауыса отырып, межелі жерге барудың мүмкін нұсқаларын таңдайды. Онлайн-сервис қазірдің өзінде bilet.railways.kz сайтында және билет кассаларында іске қосылды. Жазғы тасымалдау басталарда біз жолаушылар вагондары паркін дайындадық. Жазғы маусымда «Бурабай» курорты мен «Алакөлге» сұраныс жоғары. Астанадан алғаш рет «Астана-Достық» бағыты бойынша жайлы вагондары бар «Тальго» пойызы жүре бастады. Ол аптасына 2 рет «Алакөл» курорттық стансалары бойынша жүреді. Қосымша 6 жазғы маршрут ұйымдас­тырылды. Оның ішінде Алматы, Астана, Семей және Өскемен қалаларынан Достық стансасына дейінгі бағыттар бар. Бұдан бөлек, 17 маусымнан бастап «Қарағанды-Астана» жүрдек электр пойызының бағыты «Бурабай» курорты стансасына дейін ұзартылады. Маршрут сенбі және жексенбі күндері жазғы кезеңнің соңына дейін жүреді. Біздің барлық бастама­ларымыз халықтың билетке деген сұра­нысын қанағаттандыру мақсатына бағытталған», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өкілі.

Оның айтуынша, жолаушыларды теспей соруды әдетке айналдырған алып­сатарлар мен жекеменшік кассалардағы билет сатылымын тексеру олардың құзы­реттеріне кірмейді. Бұл мәселе құзырлы орган­дар тарапынан реттелмеген. Сондық­тан да жолаушылар пойызына билет сататын жекеменшік компаниялар билет құнын қанша өсірсе де ерік өздерінде. Яғни, әлгінде айтқандай, 45 күн бұрын билет сатылымына қолжетімділік ресурсы ашылғанда жекеменшік кассалардың үлесіне белгілі бір шектеу қойылмаған. Олар да «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі кассалар секілді құзыретке ие. Бұл дегеніңіз – кім жылдамдық танытты, билеттің көбісі соның қолына өтеді деген сөз. Ал ары қарай жолаушыларға аспан­даған бағамен билет сатылғанымен, құ­зырлы органдардың құзыреті оларға жүрмейді. Бірақ жолаушылар тасымалын­дағы билет бағасы биыл жыл басындағы бағаны әлі ұстап тұрғанын айтқан Нариман Дүйсекеев: 

«Биыл жыл басында билет бағасы 7% индекстелген. Билет құны сол кезде бір рет көтерілді. Қазір де сол баға сақталған. Ал коммерциялық кассалардағы билет бағасының өсуіне және белгілі бір мөлшерден асып билет алуларына шектеу жасауға құзыретіміз жоқ. Олар бізге бағынбайды», – дейді. 

Тексеріс жоқ екенін білетін жекеменшік компания кассалары билет бағасын қолдан аспандатып отырғанын былай қойғанда, белгілі бір топтарға берілетін жеңілдіктерді де өздері шешеді. Жолаушылардың сөзінше, зейнеткерлер мен мүгедектер де билет құнын толық төлеп қана сатып ала алады. 

Мораторий мүмкіндік бермейді

Орал қаласының тұрғыны Айзерек Еділова жаз бойы билет тапшылығымен бетпе-бет келетінін айтып ашынады. Жұрттың айтары жауаптылардың жарғақ құлағына жеткенімен, жолаушылар тасымалындағы жүгенсіздікті жоюға ешкім құлықты емес. Осылай деген ол: 

«2019 жылы Алматыға аяқ астынан отбасымызбен бірге демалысқа бару керек болды. Онлайнда да, вокзал кассаларында да билет жоқ. Ұшаққа билет есептеп көріп едік, 3 адамға ары-бері 600 мың теңгеге шықты. Ал бұл ақшаның жартысына Түркияға толық тур сатып алуға болатын еді. Одан кейін 2021 жылы бір шаруа­ларымызбен Алматыға ұшақпен бардық. Қайтарда тағы билет таппай сандалып қалдық. Амал жоқ, Алматыдан Түркістанға дейін бір пойызбен, Түркістаннан Ақтөбеге дейін басқа пойызбен келдік. Ақтөбеден Оралға жеткенше тамбурда тұрып келуге мәжбүр болдық. Себебі желдеткіш жоқ, пойыздың іші қапырық. Ауа жетпей өкпең қысылады. Сол кезде қасымда аяғы ауыр келіншек болды. Ол да бізбен бірге тамбурда тікеден тік тұрып келді. Жолсеріктерге «бір орын тауып бересіз бе?» деген өтінішін ешкім құлағына ілген жоқ. Бізді қойшы, жылап тұрған аяғы ауыр әйелдің денсаулығы сыр берсе кім жауап берер еді? Өзбекстанға барғымыз келіп Шымкентке дейін билет іздедік. Бір билет шықпады. Автобуспен жолға шық­тық. Былтыр да Шымкентке билеттерді бір ай бұрын қарадық. Бір ай бұрын бір билет таппау деген сұмдық емес пе?! Онлайн, теміржол кассаларында да билет қалмаған», – дейді Айзерек Еділова. 

Аяқ-қолы сау адам болса таксилетіп, автобус арқылы да жолаушылатып жүре беруге болар. Алайда денсаулығы жоқ, зейнеткер немесе мүгедектігі бар адамдар болса қайтпек керек? 

«Биыл анамызды бір облыстан екінші қалаға отаға апарған едік. Билет алатын кезде анамызды порталға қойды. Сол порталдағы кезегіміз белгілі болған күні билет алайық десек тағы билет жоқ. Әрең дегенде жекеменшік кассаларды жағалап жүріп «Тальго» пойызына желдеткіші бар вагонға билет алдық. Сөйтсек, купеде желдеткіш жоқ екен. Ал бізге билетті сатқан кезде билет құнынан бөлек желдеткіш үшін қосымша 2000 теңге ұстап қалған болатын. Желдеткішті бөлек сатып алып тұрмыз. Алайда жолсерік адамдардың наразылығына назар аударған жоқ. «Ешкім өліп жатқан жоқ» деді. Барлығына төзу керек дегенге келтіріп отыр. Өйткені жолаушылар ештеңені талап етпейді, сұрамайды. Сондықтан оларға бәрібір. Ал сол күнгі ыстықтан анамның денсаулығы сыр бере жаздады. Өзі де қатты ауырып, бірнеше рет инфаркт алған адам. Ұшақпен ұшуға болмайды. Ауырып бастаған соң тағы да тамбурға шығып отырды. Біздің наразылығымызға «Енді мен не істеймін?» дейді жолсерік. Мысалы, шетелге барғанда келеңсіз жағдай болса, қолайсыздық туындағаны үшін тұтынушылардан кешірім сұрап, ақшасын қайтарады. Не болмаса балама ұсыныс жасайды. Ал бізде «өлмейсің» дейді. Бұл туралы желіге жазамын, басшылықтарына айтамын дегенімде жолсерік «Жұмыстан шығарып жібереді» деп жыларман болды. Бұл да біздегі жолаушылар тасымалындағы жүгенсіздікке жолсерікті ғана кінәлі етіп көрсетіп, жұмыстан шығарып жіберумен шектелетінін ғана көрсетіп отыр. Халыққа осындай көзқарас танытып отырған жекеменшік компаниялардың басшы­ларына жауапкершілік жүктелмеген», – деп ашынады ол. 

Ең сұмдығы, анасының отасы жасал­май тұрып билеттің қат екенін ескеріп, қайтуға билет қараған. Әдеттегідей қайтуға да билет таппай біраз сандалған ол: «Билетті анамызға ота жасамай тұрып іздей бастадық. Себебі билет табудың әуресін біраз біліп қалдық. Сөйтіп, билетті бірнеше датаға алдық. Қарап отырсаң, бұл да билеттің тапшылығын туғызады. Біз бұл қадамға мәжбүрліктен бардық. Қашан қайтатынымызды білмейміз. Содан алған билетті біртіндеп тиын-тебенге тапсырып отырдық. Жалғыз адам болса бір билет табылады. Ал қарайласатын адамға бірге орын табу – арман. Жақында біздің басымыздағы жағдай құрбымның да басынан өтті. Мүгедек анасы мен қызына, өзіне бір купеге билет таппай сандалды. Ал ауыратын адаммен немесе баламен жолға шыққанда әртүрлі вагоннан алуға болмайтыны тағы белгілі», – деп отыр.

Алматылық Қанағат Отарбай да билет алу арманға айналғанын айтып отыр. 

«Билет тапшылығын жол жүрген сайын бастан өткіземіз. Биыл да анамызды Астанаға портал бойынша келген отасына жеткізе алмай отырмыз. Отаға кезегі келгенін бір апта қалғанда білдік. Ауру адамды жалғыз жібере алмайсың. Сөйтіп, Астанаға билет іздедік. Онлайнда мүлдем билет жоқ екен. Сондықтан вокзалдың кассасына бардық. Олар да билет жоқ екенін айтты. Вокзалдың ішіндегі жекеменшік кассаларға барсақ, бір адамға билет шығып тұрды. Екінші адамға жоқ. Бірақ жарты ақшасын тастап кетсе 1-2 күнде табылатынын айтты. Амал жоқ, тастап кеттік. Ертесі күні хабарласып, билет шыққанын айтты. Бірақ бір асты, бір үстіне орын шықты. Екі адамға 46 мың теңгеге пойызға билет сатып алдық. Енді қайтарға билет таппай жатырмыз», – дейді ол. 

Айтпақшы, анасының мүгедектігі бар, әкесі де зейнеттегі кісі екен. Ең сорақысы, қарияларға да ешқандай жеңілдіксіз, толық бір адамның билетінен да қымбат бағаға билет сатқан коммерциялық компанияның қитұрқылығын айтып шағымданатын жер жоқ. Арызданған күннің өзінде ары қарай іс қозғатып, жекеменшік компанияны жүгендетуге қолданыстағы мораторий мүмкіндік бермейді.

Вокзал – сауданың ортасы

Қазір барлық жүйені алыпсатарлар бизнестің көзіне айналдырып жіберді. Қолдан келгенше, халықты қанап қалуды ғана ойлайтын жекеменшік компаниялар жұртты осылай сорлатып жатыр. Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтің сөзінше, дәл сол сияқты жолаушылар тасымалында да талай жылдан бері жүгенсіздік жайлап, делдалдардың айын оңынан тудырып келе жатыр. 

«Темір жол саласында тәртіп жоқ. Жылдағы әуен – барлық бағытқа билет жоқ. Вокзалға барсаң, билетті қымбат бағамен делдалдардан сатып аласың. Оған көнбесең, коммерциялық кассадан бәрібір комиссиясы үшін тағы қымбат билет алуға мәжбүрсің. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрін» келтіргендерге ешбір тыйым жоқ. Айналып келген кезде жұрт жемқорлықтың салдарын тартып отыр. Бір адамдар байып, халық жалаңаштанып жатыр. «Аманат» партиясына, депутаттарға да жолаушылар тарапынан жиі арыз-шағым келеді», – дейді ол. 

Сондықтан жемқорлық жайлаған жолаушылар тасымалын бір жүйеге келтіріп, құзырлы орындардың тексеруін қолға алатын уақыт жеткенін айтып отыр.

«Қазір техниканың да мүмкіндігі зор. Қайта-қайта бір төлқұжатпен көп билет алынса, анықтап тексерілу керек. Алып­сатарлар мен жекеменшік кассалардағы заңсыз әрекеттерге бақылау жасауды ретке келтірген жөн. Әйтпегенде қазір «Жолау­шылар тасымалы» АҚ-ның жекеменшік кассаларды тексеруге құзыреті жоқ. Өйткені мораторий бар. Оларды тексерсе заңсыз екенін айтып, өздерінің үстінен арызданады. Қазір осы мүмкіндікті жекеменшік кассалар молынан пайда­ла­нып, беталды жұмыс істеп жатыр. Мысалы, вокзал кассаларында билет бағасын қымбат сатуға болмайды. Сондықтан олар өзара келісіп, билеттерді жекеменшік кас­саға өткізеді. Вокзалға барсаң, делдалдар өз аттарына алынған билеттерін сатып басқа адамның атына аударып, сауданың көрігін қыздырып жүр. Халық амал жоқ алады. Ұшақ билеті одан да аспандап тұр», – дейді Қайрат Балабиев. 

Сол үшін бұл мәселе Үкімет тарапынан жедел қолға алынып, белгілі бір шара қабылдау маңызды. Депутаттың айтуынша, халықтың айтарына құлақ түретін уақыт болды. Екіншіден, бәсекелестік орта тудыру үшін жаңа әрі жайлы автобустар алдырып, жолаушыларға жағдай жасап беру қажет.

«Үкіметтің толық мүмкіншілігі бар. Қазір автобустардың барлығы ескі. 20-30 жыл болған автобустар қала арасында қатынап жатыр. Жаңа әкелінген автобустар өте аз. Себебі еуропалық қымбат авто­бустар­ды алып келу тым қымбатқа түседі. Сол үшін ешкім жаңа автобус әкеліп бизнес жасауға құлықсыз. Ал мықты автобустарды 0 пайызбен елге кіргізуге уақытша рұқсат беріп, облысаралық бағыттарға жүруге мүмкіншілік берілсе, бәсекелестік орнайды. Сонда ғана жолау­шылар пойызындағы билет тапшылығын қолдан жасап отырған коммерциялық компаниялар мен делдалдардың жолын кесу мүмкін болар еді», – дейді ол.

Теміржол көлігіндегі салтанат құрған нарықтық қатынастар жолаушы тасыма­лына қатысты келеңсіздікті жылдан жылға күрделендіріп келеді. Айталық, қазір жолаушы пойыздарына билет сату мен тарату кассаларының дені жеке­меншіктің қолына өткен. Елде 4 жарым мыңнан астам касса жұмыс істеп тұрса, оның ішінде 300-ге жуығы ғана «Жолаушылар тасымалы» жүйесіне кіреді. Демек, бұл «Жолаушылар тасымалы» компаниясы қалған кассалардың жұмысын бақылауда ұстай алмайтынын аңғартады. Сабақты инені сәтімен пайдаланатын жекеменшік кассалар амалын тауып, айласын асырып жатыр. Билет кассирімен ауыз жаласатын алыпсатарлар да ашық теңізде еркін жүзіп жүр. Олардың қолдан жасаған билет тапшылығы қара жол үстіндегі апаттың да артуына септігін тигізіп келеді. Себебі билет таппаған жұрт шұрық-тесік жол болса да қалт-құлт еткен ескі автобуспен қатынауға мәжбүр. 

Жадыра МҮСІЛІМ