«Алабұға, ақ балық, қармағымды қап, балық» деп, қолдағы қармақты құлаштап кеп суға лақтыратын едік бала күнімізде. Қазір балықшы көбейді, балық аулауға қызығатындар саны артты. Өйткені демалысын табиғат ортасында өткізгісі келетіндер қатары аз емес.
«Қармағымды қап, балық...»
1,450
оқылды

Серуенді өзен-көл жағасында ұйымдастыратындықтан, балық аулауды таза ауаға шығудың бір бөлігі ретінде жоспарлайды. Әрі демалып қайтады, әрі балық ұстаса, олжасын қазанға салады. Осы орайда әуесқой балықшылық кәсіп пе, әлде бос уақытты қызықты өткізу ме, оның жабдығын қалай сайлау керек, ол нені білуі қажет деген сұрақ туындайды.  

Балық аулау белсенді демалыс түрі емес

Кәнігі балықшылар балық аулауға аттанатын сапарын белсенді демалыспен шатастырмауды сұрайды. Қазір әлеуметтік желі балық аулауды жеңіл кәсіп ретінде насихаттайды. Үлкен балық ұстап алғандарды көрген жан сол жетістікті қайталағысы келеді. Сонымен қатар балық аулаудың қыр-сыры туралы интернеттен егжей-тегжейлі ақпаратқа көп қанығуға болады. Ниеттеніп, бірқатар балық аулауға қатысты әдебиет пен еңбекті оқу арқылы төмен деңгейде болсын қажетті мағлұматқа қанығуна болады. Қазір нарық балықшы+++++ керек-жарағының барлық түрін бірнеше баға сегментінде ұсынады. Базарда немесе арнайы аңшы немесе балықшыға арналған дүкендерде сатушы немесе кеңесші қармақтың түр-түрін сіздің сұранысыңызға орай жарақтап береді, өз жанынан азды-көпті кеңес немесе тәжірибесімен бөліседі. Бұл саят түрінің аңшылыққа қарағанда құрал-сайманы арзан әрі бірнеше мемлекеттік органнан арнайы рұқсат құжатын талап қажет етпейді. Арзан бағада қармақ алып, балықтың қызығына бел шеше кірісіп кетсеңіз, кедергі жоқ. Әуесқой балықшыға резервтегі су қоймасынан бір жолы бес келіден аспайтын балық аулауына рұқсат етілген. Алайда көктемгі уылдырық шашу кезінде балық аулауға тыйым салынған. Шортан, ақмарқа, алабұға, көксерке, торта, аққайран балықтарын 20 сәуірден 20 мамырға дейін аулауға тыйым салынса, сазан, мөңке, жайын, қаракөз, оңғақ, теңге, табан балықтарын 20 мамырдан 30 маусымға дейін аулауға болмайды. 

 «Балықшы балықшыны алыстан таниды» демекші, осы кәсіпке ден қойсаңыз, табиғат туралы, су тіршілік иелерінің ерекшелігі туралы ақпаратқа қанығып, кәсіби хоббидің ортасына тап боласыз әрі ниеттес жаңа достар табасыз. 

Тек соңғы жылдары балықшы қауымы елдегі су қоймаларында балық қорының азайып кетіп, бес жыл бұрынғы ұстайтын балық санына жете алмайтынын айтып қынжылады. Яғни, кез келген суға қармақ лақтырып балық ала беретін жеңіл дәурен өтіп кеткен. Балықтың азайып кетуін сарапшылар бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншісі – жаһандық жылыну салдары, яғни елдегі өзен-көлдерде су деңгейі азайып, оларға келетін көктемгі су қарқыны бәсеңдеген. Салдарынан су қоймаларының тереңдігі төмендеп, ірі балықтың тіршілік етуі қиындай түскен. Балдыр түрлерінің және суасты өсімдігінің ыстықта қаулап өсуі оттегі жетіспеушілігіне әкелді. Екінші себеп – судың түрлі зиянды нәрселермен ластануы. Мамандар гидрологиялық ластануды кен өңдеу және ірі өндіріс кешендерінің пайдаланған суын жеткілікті тазартпастан су қоймаларына жіберуі, қала және қала агломерациясының суды шектен тыс пайдалануы кезінде жауапсыз кәсіпорындардың ластанған суды ағызуынан көреді. Бұл да ихтиофаунаның күрт азаюына әкелді. Әуесқой балық аулауға рұқсат етілген су қоймаларының дені ірі елді мекен маңында орналасатыны белгілі. Ал суы біршама таза су қоймаларының көбі қорық, табиғи парк аумағында әрі онда балық аулауға тыйым салынған. 

Балықшының жабдығы арзан тұрмайды

Балықшы Еркеғали Бейсеновтің айтуынша, балық аулаудан тәжірибесі мол адам сирек. Балықтың қай түріне қандай қармақ сайлап, қайсы жем қолдану керек екенін екінің бірі біле бермейді. Оның пікірінше, балықшы қазіргі заманауи күрделі қармақты пайдалану мен жарақтаудың қарапайым ережесін ескеруі керек. 

«Бұл ретте қармақтың құрығы, бауы, шарғысы (катушка) бірін-бірі толықтырып тұруы шарт. Ол үшін құрығында көрсетілген тестіне орай, мысалы, 100 грамға дейінгі ауыртпалықты көтеретін фидерге 0,28 мм-ге дейінгі қармақбау мен оның 150 метрін орайтын орауышы бар шарғы таққан дұрыс. Ал жемсауыт салмағының 60 грамнан аспағаны маңызды. Өйткені қалған 20-30 грамм салмақты оның ішіндегі арнайы жемтік толықтырады. Егер жемсауыт пен жемтіктің қосылған салмағы қармақ тестінде көрсетілген 100 грамнан асып кетсе, оны құлаштап суға лақтырарда фидерді сындырып тындым дей беріңіз», – дейді Еркеғали Бейсенов.

Оның айтуынша, шортан, көксерке, алабұға, жыланбас, жайын сынды жыртқыш балықтарды аулайтын спиннингтің де түр-түрі бар. Оның құрығындағы тесті 0,5-1 грамнан 150-200 грамға дейінгі әртүрлі көрсеткіштерді қамтиды. Балықшының пайымдауынша, балықшының тәжірибесі молыққан сайын оның жабдығы кәсіби санатқа өтіп, құнды әрі сапалы түрін таңдауға өтуі тиіс. 

«Шарғы, қармақбау және жалтырауық түрлерін де сол көрсеткіштерге байланысты таңдауыңыз қажет. Баса ескеруге тиісті бір жайт, егер балық аулауға жиі шығуды мақсат тұтсаңыз, онда сападан ақша аямауыңыз керек. Әлгіндей бірін-бірі толықтырып тұратын дүниелер қалтаға әжептәуір салмақ салады. Шамамен, қолыңыздағы бір қармақтың толыққанды құны кемінде 150-200 мың теңге болады десек, онда сіз – тәжірибелі балықшысыз. Қай балықты қандай қармақпен қалай аулау керектігін білесіз», – дейді Еркеғали Бейсенов. 

Ол аушылықтың егжей-тегжейін білмейтін жанға базардан қытайлық арзан, дайын қармақтың кез келгенін сатып алып, тәжірибелі балықшыларға еріп көруді ұсынады. 

«Сонда қармақ құрылғыларын таңдау, монтаждау, ұстау, лақтыру, жағаға балықты шығару әдіс-тәсілдерінің бәрін меңгересіз. Бұл – өзен-көлдерді жағалау жағынан 30 жыл тәжірибесі бар балықшының кеңесі», – дейді ол.

Балық түрі мен қоры өзен-көлде әртүрлі

Балық аулағанда басты назарда ұстайтын жайт – баратын су қоймаларында аулауға рұқсат бар-жоғын білу. Елімізде өзен-көлдер су бассейндеріне бөлінеді. Ал әр су бассейніне байланысты инспекциялар бар. Сол аумақтық инспекциялардың жергілікті өзен-көлдің мәртебесіне қатысты деректері сайтында немесе әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланады. Осы тізімге қарап қай көлде балық аулауға рұқсат берілген резервтегі су қоймасы екенін анықтаймыз. Ал кейбір көлдер заңды тұлғаларға жалға берілген. Онда меншіктеуші балық аулауға адам басына немесе көлікке ақы алып көл аумағында балық аулауға рұқсат береді. Бір жақсысы, мұндай көлде балық түрі мен қоры көбірек болуы мүмкін. Өйткені жалға алушы су қоймасын балықтандыруды жүргізеді. Ал оған балықшы қауымның қызығушылығы ескеріледі. Яғни, бұрын бұл көлде кездеспейтін шортан, жайын, ақсерке, ақмарқа, дөңмаңдай аулауға мүмкіндік туады. 

Жекелеген су бассейндеріне келсек, балық қоры мол, бұл – Балқаш-Алакөл бассейні. Онда Балқаш көлі, Қаратал, Ақсу, Іле, Лепсі, Аягөз өзендері, Қапшағай су қоймасы, Сасықкөл, Қашқаркөл орналасқан. Одан кейін балықшы қызығушылығы жоғары Ертіс бассейні тұр. Онда Ертіс өзені, Зайсан көлі, Шүлбі су қоймасы, Павлодар облысы аумағындағы көлдер жатады. 

Арал-Сырдария бассейні – Сырдария, Шардара су қоймасы, Кіші Аралға құяр саға – Сарышығанақ пен Бутакова бұғаздары, Арыс пен Келес өзендері. 

Есіл бассейнінде: Есіл, Нұра, Сілеті өзендері. Нұра-Сарысу бассейні: Шалқар және Шалқаркөл. Тобыл-Торғай бассейні. Жайық-Каспий бассейнінде: Каспий теңізінің солтүстік бөлігі, Жайық, Қиғаш өзендері. Шу-Талас бассейнінде: Асы мен Шу, Талас өзендері жатады. 

Елімізде жергілікті эндемик балықтармен қатар, жерсіндірілген кәсіптік балық саны көп. Биология ғылымдарының кандидаты Гүлназ Баринованың айтуынша, Қазақстандағы 156 балық түрінің біразы жерсіндірілген, бірқатары инвазиялық жолмен таралған. Оның қатарында кәсіптік маңызы бар көксерке, жайын, бекіре, солтүстік өңірлерге жіберілген ақсақа, еуропалық көкшұбар, пелядь балықтары бар. Аралға Балтық майшабағы, Сырдария мен Балқаш бассейндеріне – ақмарқа (амур), ақ дөңмаңдай, амур бұзаубасы жіберілген. Солармен бірге Амур жалған теңге балығы, атерина, көпқабыршақты анабарилиус, үш ерінді балық та араласып келген. Жыланбас, қырлықұрсақ балық, теңбілкекіре, Амур шабағы, қытай элеотрисі Өзбекстаннан Сырдария арқылы бізге келіп жетті. Шығыс Қазақстан су қоймаларына кәсіптік ихтиофаунаны мақсатты түрде қалыптастыру үшін сазан, тыран, көксерке және рипус, байқал омулы, пелядь, чир, муксун, тұқы, ханбалық, ақ амур, дөңмаңдайлар жерсіндірілген. 

Трофей деп аталатын ірі балық аулауға Іле мен Балқаштың оңтүстік атырауы өте қолайлы. Қазақстанда ауланатын балықтың 25 пайызы Іле-Балқаш су алабынан алынады. Қапшағай, Іле, Балқаштан сазан, ақмарқа, жайын, көксерке, алабұға, мөңке, табан, тыран кәсіптік балықтар ауланады. 

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көліне құятын Қара Ертістің алып шортандары аңызға айналған. 

Каспий теңізі немесе оған құятын Жайық өзені бойында да көксерке, сазан, қарагөз, табан, жайын, батпақай (кефаль), ақсыла (жерех) бар. Бекіре балықтарын аулауға тыйым салынған. Тек күтімге (кейде құтыбалық) қатысты шектеу алынған. 

Жоңғар Алатауындағы өзендерден көкбас (осман), ханбалық аулауға болады. 

Батыс Алтайда Қара және Ақ Үбі өзенінде қара балық (хариус) кездеседі, сирек жағдайда қармаққа күмжі (таймень) түсіп қалуы мүмкін. Оны босатуға тура келеді. Өйткені осынау патша балық – Қызыл кітапқа енген, жойылып бара жатқан түр. 

Елорда балықшылары қала маңындағы Есіл және Нұра өзені бойынан балық аулайды. Кейде Қорғалжын ауданына аттанады. Өйткені аудан аумағында 100-ден астам көл бар. Алайда көп су қоймасы қорық аумағына енетіндіктен қорғалады. Онда қысқы маусымда ғана балық аулауға рұқсат етіледі. Өйткені ондағы балыққа оттегі жетіспейтіндіктен, балықшылар көлдің әрі тұсынан үкі ойып, су асты жәндіктерінің оттегі тапшылығынан құтқарады. 

Қысқасы, еліміздің өзен-көлдерін­де өзі көбейіп жататын балық ресурсы – таусылмайтын байлығымыз. Алайда оның өсіп-өнуіне жағдай жасап, санының азайып кетуіне жол бермей, қамқор болуымыз керек.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ