Астанада «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс құрылтайы өтіп, ұйым­ның жаңа президенті сайланды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен бұл қызметке жур­на­лист, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы сайланды.
Бірлестікке жаңа басшы сайланды
756
оқылды

Жиынға бірлестіктің басқарма және орталық кеңес мүшелері мен делегаттары, тіл жанашылары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің бұған дейін атқарған жұмысына қорытынды жасалып, алдағы жұмыс жоспары мен жаңа міндеттері талқыланды.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1989 жылы 22 қыр­күйекте құрылған. Ол – қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады. Қазақ тілін, сондай-ақ халқы­мыз­дың мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдеп-ғұрпын сақтап, оны одан әрі дамытуға ынтызар елімізде және басқа мемлекеттерде тұратын қандас­тары­мыз бен басқа ұлт өкілдерінің басын бірік­тіретін ерікті ұйым. 

Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады. Ол 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында ұйымның президенті болып сайланған болатын.

«Бұл аралықта «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының бастамасы­мен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен музыка сүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тілі­не аударылды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушы­лардың қызмет алу құқығын қорғау мақса­тында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қа­тысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды. Аймақтарда да бірқатар жұмыс атқарылды», – деді бірлестік басшысы. 

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық ау­дарма бюросы» қоғамдық қорының дирек­торы Рауан Кенжеханұлының кан­дида­тура­сын ұсынды. Құрылтай делегат­тарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.

Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арт­тыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде Уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша Уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық универ­ситеті» сынды ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2017-2021 жылдары Р.Кенже­ханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюро­сы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясы аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды. 

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық техно­логиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақтілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және біліктілігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көп­шілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы формат­қа көшу мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалмақ. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі бірлестіктің жаңа президентін қызметімен құттықтады. 

«Мемлекет басшысы айтқандай, қазіргідей ақпарат пен жаңа технология қарқынды дамып жатқан кезеңде қазақ тілінің ұлтаралық және халықаралық тілге айналуына қызмет ету керек екені белгілі. Бұл орайда Рауан секілді Уикипедияны қазақша сөйлетіп, әдебиетімізді әлем тілдеріне аударған, тіліміздің мерейін көтеру үшін қыруар жобалар жасаған белгілі азаматтың бұл қызметті абыроймен атқаратына сенім мол», – деп жазды әлеуметтік желіде министр. 

 Сондай-ақ Құрылтай ұсынысы бо­йын­ша халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газе­ті­нің басқарма төрағасы Дихан Қамза­бекұлы, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.

Асыл ТҰМАР