Оған себеп – инфрақұрылымның жоғы. Қоғам белсенділері тіпті салынған үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтуда. Мердігер компания әне-міне деп түлкібұлаңға салып жүргенде Атырау қаласының өзінде 29 мың тұрғын көрінгеннің пәтерін жалдап, үй кезегін күтіп жүр.
Көпшіліктің ашуын туғызған жағдайға Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов та араласып, мәселеге алаңдап отыр.
Депутат соңғы жылдары облыста тұрғын үй кезегінің баяу жылжуы және кезектегілер үшін әлеуметтік тұрғын үй құрылыстарының тоқтап қалуы тұрғындардың наразылығын тудырып отырғанын айтты.
«Қазір Талғайраң елді мекенінде құрылысы 2019 жылы аяқталған 24 тұрғын үй қаңтарылып тұр. Ол жерде 1 080 отбасы орналасуы керек еді. Бірақ инженерлік-коммуникациялар толықтай жүргізілмеуі себепті 2021 жылы қолданысқа берілуі тиіс үйлер әлі күнге дейін бос тұр», – дейді Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.
Депутат бұл жағдаймен әу бастан етене таныс болып шықты.
«2018 жылы Атырау облыстық мәслихат депутаты болған уақытымда Талғайраңда көпқабатты тұрғын үйлер салуға қарсы екенімді, қажетті коммуникация тартылмаған аумаққа жаңа шағынаудан, әлеуметтік нысандар салуға болмайтынын айтып, мәслихат сессияларында қарсы шығып, бірнеше мәрте хат та жолдаған болатынмын. Нәтижесі өздеріңіз көріп отырғандай. Құрылыс жұмыстары жылдар бойы жалғасып, қазіргі жергілікті атқарушы орган қызметінің тиімділігіне тікелей әсер етіп отыр. Бюджет тапшылығы болған өткен жылдарда миллиардтаған қаржы осы шағынауданға коммуникация тартуға жұмсалып, күні бүгінге дейін аяқталмай келеді. Ең сорақысы, тұрғын үйге кезекте тұрған адамдар баспаналы болуды жылдар бойы күтуде», – дейді Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов.
Атырау қалалық әкімдігі бұл жағдайдан хабардар. Шенділер инженерлік коммуникация толық тартылып біткеннен кейін «музейге» айналған үйлердің жыл аяғына дейін пайдалануға берілетінін айтты. Қазір бұл мақсатқа бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлініп отыр.
«Атырау қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Нұрболат Бөлековтің айтуынша, бүгінде Атырау қаласына қарасты Талғайраң елді мекеніндегі, Спутник кентінде магистралды, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жүріп жатыр.
«Бұдан басқа, Талғайраң елді мекеніндегі 24 бес қабатты үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде», – деді Нұрболат Бөлеков.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қазір Атырау қаласында 52 тұрғын үй салынуда. Биыл 10 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Келесі жылы 32 тұрғын үй тапсырылады. Оның 24-і кезекте тұрғандарға беріледі. Бұдан басқа, өңірде халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған «Атырау жастары», «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламалары іске асырылуда. Десе де, үй кезегінде тұрған 29 мың адамның сұранысын қанағаттандыруға бұл құрылыстар жеткіліксіз болып тұр.
Тұрғын үй кезегінде тұрғандардан бөлек «мұнайлы астанада» әлі күнге дейін апатты үйлер проблемасы өткір тұр. Қазір облыста тозығы жеткен 112 көппәтерлі апатты үй есепте тұр. Оның 82-сі – Атырау қаласында. Қалғандары – аудандарда.
Бұдан бөлек, құрылысы басталмай жатып тоқтап тұрған үйлер проблемасы атыраулықтарға жақсы таныс. Мәселен, Атырауда жүздеген үлескерден ақша жинап алып, үш жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған бірнеше үй бар.
«Атамекен Тұрғын Үй», Baisanat Residence және Saraishyq Invest Group кооперативтерінің үстінен қазір қылмыстық іс қозғалып жатыр. Жақында ғана «нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан үй салып береміз» деген жарнамамен 271 адамның ақшасын жинап алған «Ақмаржан» және «Жібек жолы» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрылтайшылары сотталды.
«Егер қарапайым азаматтарға арналған әлеуметтік тұрғын үйлер көптеп салынса, мүмкін алаяқ кооперативтерге алданушылар болмас па еді?! Мен Saraishyq Invest Group кооперативіне 6 миллион теңге ақшамды берген адаммын. Анам екеуіміз бір бөлмелі ескі баракта тұрамыз. Әкемнен қалған ескі үй анда-мында көшіп, пәтер жалдаудан пана болып тұр. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды ғой. Әлеуметтік үйлер көбірек салынса, арзандау үйді ипотекаға оңай рәсімдеп алар едік. Енді, міне үй де, ақша да жоқ. Тесік табақпен қалып отырмыз», – дейді баспаналы болудан әбден күдерін үзген Атырау қаласының тұрғыны Альберт Аманжолов.
Ал жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрып, жаңа баспана кілтін сарыла күтіп жүргендердің жыры – өз алдына бөлек тақырып. Шынайы картина сол, бүгінде Атырауда 29 мың «квартирант» тұрғын үй кезегінде тұр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА