Барлық ұялы оператор өз тариф­терінің бағасын күрт көтерді. Бұл ха­лықтың жаппай наразылығын тудырды. Алды сотқа жүгініп те жатыр. Бірақ сала алпауыттарына қарсы мемлекеттің қылар қайраны жоқ болып шықты.
Ауыздықсыз алпауытты кім құрықтайды?
1,476
оқылды

Сондықтан антимонополиялық орган ұлттық заңнамаға түзету енгізуге ниетті: байланыс операторларының тарифте­рін мемлекет бекітуі тиіс. Цифрлық даму министрі отандық ұялы байланыс нарығының басым бөлігін жаулап алған «Қазақтелекомды» бөлшектеуді ұсынды. Саланы ірі өзгерістер мен соны бетбұрыстар күтіп тұрғанға ұқсайды. 

Ұялы байланыс секторы «қоғамдық және әлеу­меттік маңызды» саналады. Себебі, қазіргі ақ­парат­тық технологиялар заманында адам­дардың тұр­мыс-тіршілігі ұялы байланысқа толығымен тәуел­ді. Онсыз заманауи қоғамның әл-ауқаты шыңырауға бір-ақ құлайды.

Сонымен бірге халқы ауқатты, құзырлы ор­ган­дары қауқарлы, озық, дамыған, капи­талистік ел­дердегідей, «бағаны нарық белгіле­сін» деген қа­ғи­да біздің елге жарамайды. Біріншіден, рес­пуб­лика тұрғындары өте кедей. Ұлттық статистика бюро­сы жүргізген зерттеу көрсеткендей, Қазақстанда та­бысы күнкөріс шегінен де төмен, яғни тақыр кедей адамдар­дың саны 1 миллион 34 мыңнан асты. Бұлар­дың тапқан-таянғаны 46 671 теңгеден де аз. 

Алайда Дүниежүзілік банктің «Listening to Kazakhstan» әлеуметтік зерттеуі қорытын­дысында 2022 жылы елімізде өзін кедей са­найтындардың үлесі халықтың 23 пайызынан асатыны анықталды. 2020 жылы бұл көрсеткіш 14 пайыз ғана болған. Ел Президенті айтқан­дай, отандастарымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгедей ғана. Оның 10 пайызын байланыс алпауыттары алып қойса, елге не қалады?

Екіншіден, алдыңғы қатарлы елдер кез келген саланы олигополияның жайлауына, секторды санаулы олигополиялық топтардың иемденіп алуына жол бермеуге тырысады. Ал Қазақстанда бәрі басқаша: ұялы байланыс саласын бір компанияның басыбайлы дерлік еншілеуіне антимонополиялық органның бұрынғы басшылығы өзі бастап, «ақ батасын» берді. Арты не болды?

Осы ведомствоның, яғни Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа бас­шылығының командасы салаға жан-жақты талдау жүргізіп шықты. Оның нәтижесіне өзі шошынып отыр. Бірден айталық, бұл саланың табысы шаш-етектен. Бір ғана интернет қызметтері нарығының ауқымы былтыр 474,1 миллиард теңгеден асты. Сөйтіп, 2021 жылғы­дан 15,4 пайызға артты. Ұялы байланыс қыз­мет­тері нарығы – 250,6 миллиард теңге табыс әкеледі. 2,2 пайызға шамалы кеміген. Бұдан басқа да телекоммуникациялық қызметтер көрсетіледі.

Енді осының бәрінің қызығын кім көріп отыр? 

«Бүгінде Қазақстандағы ұялы байланыс нарығы дуополистік сипатта. Нақтыласақ, оған тек 2 нарық субъектісі ғана иелік етеді. Біріншісі – саланың 62 пайыздан астам үлесін иемденген «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы. Оның құрамына «Kcell» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) кіреді. Екіншісі – Beeline маркалы «Кар-Тел» ЖШС. Оның үлесі – 38 пайыз», – деп хабарлады антимонополиялық агенттік.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің мәліметінше, саланы қос алпауыттың монополияландыруы және нарықтың жоғары шоғырлануы салдарынан, ұялы операторлар клиент үшін өзара бәсекелеспейтін, талас­пайтын болып алды. Соның кесірінен, біреуі баға көтерсе, екіншісі соған ереді. Екеуі де тұ­тынушыларға қажет емес қызметтерін күш­теп таңады. Сондай-ақ агенттікке байланыс және интернет қызметтерінің сапасының төмендігіне қатысты шағымдар легі күрт артқан.

Бағдаттың бұнысы несі?

Жалпы, қос алпауытты ысырып, өзіне орын беруге мәжбүр ететін жаңа компанияның келуіне не кедергі? Тіпті отандық не шетелдік ұялы оператор қазақстандық нарыққа кіргісі келгеннің өзінде, Үкіметтің оған бере қояр бос радиожиілігі жоқ көрінеді. Және радиожиілік бұрын көлеңкелі, коррупциялы жолдармен бөлінгенге ұқсайды. 

«Қазақстанда радиожиілік спектрі (РЖС) шектеулі. 2022 жылға дейін РЖС байланыс операторлары арасында негізінен Радио­жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комис­сияның ұсыныстары бойынша бөлінді. Агент­тіктің пікірінше, шектеулі ресурсты бөлудің бұл тетігі ашық емес, көлеңкелі болды», – деп түсіндірді антимонополиялық орган.

Сондықтан ведомство Үкіметке РЖС бөлу бөлігінде, оның ішінде нарықтың әрбір қа­тысушысы үшін ашықтық пен объективтілікті, бәсекелестік және тең жағдайларды қамтама­сыз етуге бағытталған неғұрлым оңтайлы модель ретінде аукцион тәсілімен жаңа бесінші буын (5G) байланыс технологиясын енгізу үшін ұсыныс енгізген. 

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне осы агенттікпен бірлесіп, 2022 жылдың соңына дейін РЖС бөлудің ашық тетігін енгізуді тапсырған болатын.

Осы тапсырманы іске асыру үшін Цифр­лық даму министрлігі 5G радиожиіліктерге аукцион форматын әзірледі. Агенттік Бағдат Мусин басқаратын министрлікке екі ескерту жіберген. Біріншісі – сауда-саттықта тек 2 ірілендірілген лотты сатуына және бонус ретінде сауда-саттық жеңімпаздарына 694-790 МГЦ-тік «алтын» диапазонында жиіліктерді ұсынуына қатысты. Екіншісі – министрліктің сауда-саттық жеңімпаздарының байланыс қызметтеріне және сауда-саттық қызметтеріне тарифтерді көтеруіне байланысты нарықта дуополияны сақтау және күшейту бойынша ықтимал тәуекелдер турасында болған.

Нәтиже қандай? Жаңа лоттар да алпауыт­тың жұтқыншағына түсіп, жұмырығына жұқ болмапты.

«Біздің тарапымыздан осы тәуекелдерді азайту бойынша ұсыныстар жіберілді, алайда Цифрлық даму министрлігі оларды ескерген жоқ. Цифрлық даму министрлігі 2022 жылғы 22-23 желтоқсанда Gosreestr.kz ақпараттық жүйе алаңында бесінші буын ұялы байланыс жиіліктерінің жолақтарын беру үшін аук­циондар ұйымдастырды. Өткізілген сауда-саттық қорытындысында, №1 лот бойынша бюджетке түсетін түсімдер сомасы 62,7 мил­лиард теңгені және №2 лот бойынша 93,4 миллиард теңгені құрады. Бірақ жеңімпаз «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС құрған консорциум болды», – деп мәлім етті антимонополиялық орган. 

Бүгінде жиіліктердің 82 пайызы – «Қазақтелеком» АҚ тобының, 18 пайызы – «КаР-Тел» ЖШС-інің иелігінде. Ал Мусин командасы өткізген аукциондар салдарынан нарық құрылымы өзгерген жоқ. Агенттіктің нұсқауынша, нарықтың жоғары шоғырлануы сақталды. Билік 5G желісінде қызмет көр­сетуді «Қазақтелеком» АҚ тобы арқылы мо­нополия­ландырды. Ұялы байланыс қыз­мет­теріне тарифтер көтерілді.

Қ.Тоқаев өзінен, яғни Президенттен бастап, министрлер мен әкімдерге, төмендегі барлық шенеуніктерге дейін «халық жалдаған менеджерлер» екенін, сондықтан олар бірінші кезекте бұқараның сөзін сөйлеуге тиістігін қайталаумен келеді. Осы орайда халықтың сөзін сөйлеу орнына, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің алпауыттардың шашбауын көтеріп, солардың «адвокатына» айналып кетуі қазақстандықтардың ашуын туғызды. Бұл жанжал шілде айының басынан бері өрістеп барады. Мусин болса, ақталуын және монополистерді қорғаштауын қоятын емес. Енді ол өзінің мәлімдемесін қызу талқылап жатқан БАҚ өкілдері мен сарапшыларға қайырылды. 

«Назар аударғым келетін нәрсе – байланыс құны. Біз интернет құнының арзандығы бойынша әлемдегі 10 елдің ішінде болмасақ та, 20 елдің ішіне кіреміз. Бұл – факт. Арзан бай­ланыс операторлар үшін тиімді емес екенін түсініңіздер. Бұл – бизнес, сондықтан бизнесті дамыту, яғни желіні құру және сапаны жақ­сарту үшін инвестиция қажет. Кіріспен бірге ин­вестициялар келеді. Егер табыс төмен болса, даму үшін инвестиция құйылмайды, тиісінше сапа да болмайды», – деді министр Б.Мусин.

Ол арзанқұмарлығы үшін қоғамға дүрсе қоя берді. 

«Операторлар желісіндегі жүктеме артты. Бірақ шығындар тұтынылатын трафиктің көлеміне сәйкес тепе-тең түрде өскен жоқ. Желілерді салу үшін қажетті құрылғылардың да бағасы өсіп жатыр. Біз инфрақұрылымды жаңартуымыз қажет. Бұл заман талабы. Біз барлық ауылды интернетпен қамтуымыз керек! Тарифтерді жасанды ұстап тұру саланың тоқырауына әкеледі. Біз бәріміз барлық жерде сапалы және өзгелердікінен арзанырақ қыз­мет алғымыз келеді. Бірақ біз қалағанымыздай бола бермейді», – деп философияға ұрынды министр. 

Шынында, ұялы байланыс халқының саны бізден 100 есе көп Қытайда да, шағын, бірақ бай Израильде де Қазақстандағыдан арзан.

«Нарықты «тежейтіні» – монополия. Монополиясыздандыруды ешкім жойған жоқ, байланыс операторларының бірін «Қазақтеле­комнан» шығару керек. Бұл менің ұстанымым. Айыппұлдар көлемін арттыруды жалғасты­рамыз. Мысалы, байланыс операторларына 2019 жылы 51 тексеру жүргізіліп, 10,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Биылғы жылы, қазіргі жағдай бойынша 308 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 1 млрд 244 млн теңге көлемінде айыппұл жазылды», – деді Бағдат Мусин.

Бағаны мемлекет реттесе жөн

Дегенмен, сарапшылар байланыс алпауыт­тарының ахуалы Мусин көрсеткендей, мүлдем мүскін еместігін ескертті. Бұған дәлел – «Қазақтелеком» топ-менеджерлерінің табысы жыл сайын жарты миллиард теңгеге артып отыр. 

Айтпақшы, «жаңа Қазақстанда» қаншама өзгеріс болды. Ал «Қазақтелекомды» сонау 2010 жылдан бері Қуанышбек Есекеев табан аудармай, басқарып келеді. Мемлекетке қарасты бұл ұйымда ротацияның иісі де жоқ. Ол барлығын көркейтіп отырса, сөз жоқ. Алайда қызметінің сапасы құлдырап барады. Бағасы халықты қан қақсатуда. Бұл ретте айыппұлдарды да тұтынушылар өз қалтасын төлейтінге ұқсайды. Себебі Цифрлық даму министрлігі 2022 жылдан бері нашар ұялы бай­ланыс пен интернет үшін айыппұл көлемінің 10-15 есе көтерілгенін айтады, ал мұнысы оператор менеджерлерінің қалтасына еш әсер етпейді. Ендеше олар қайдан сабақ алып, ісін түземек?

2020-2023 жылдардағы жиынтық қаржы­лық есебіне сәйкес, «Қазақтелеком» телеком­муникациялық монополисінің бүкіл тобының басқарушылық құрамының табыстары соңғы үш жылда 40 пайызға өскен. Басқарушылық персоналдың есепшотына аударылған жиын­тық­ты төлемдер көлемі жыл сайын 500 мил­лион теңгеге өсіп отырады. Нәтижесінде 2,5 миллиардтан 3,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов елде ұялы байланыс тарифтерінің өсуіне қатысты түсініктеме берді. Ведомство ұялы байланыс тарифтерінің жоғарылауының негізділігіне күмәнданады.

Оның айтуынша, агенттік өз құзыреті аясында тиісті жұмыс жүргізуде: сұраулар жолданды, бағалар мониторингі қолға алынды. Бірақ агенттіктің құзыры шектеулі. 

«Заңнамада көзделген монополияға қарсы органның ден қою шараларын іске асыру процестері көбінесе соттарда талқылау себебінен кешіктірілетінін атап өткім келеді. Мысалы, квазимемлекеттік «Қазақтелеком» АҚ агенттіктің «Байланыс қызметтеріне та­риф­тердің өсу себептерін негіздеуге» қатысты сұрауына жауап беру орнына, оған қарсы сотқа шағымданды. 1-сатыдағы соттың 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімімен сұрау салу заңды деп танылды, бірақ үкім күшіне енбеді. «Кселл» АҚ заңнамада көзделген баға мони­торингін жүргізу аясында агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің сұрау салуына қарсы шағымданды. Салдарынан, мониторинг тоқтатылды», – деді Болат Сәмбетов.

Ұлттық заң да алпауыттардың сойылын соғады. Оған сәйкес, ұялы байланыс опера­торлары, яғни монополистер антимонопо­лиялық агенттіктен өз қызметтерінің бағасын көтеруге рұқсат сұрамайды. Агенттікке хабар­лауға да міндетті емес көрінеді. Заң тек бір ай ішінде тұтынушыларды ескертуге міндеттейді. Тұтынушыларынан келісімін сұрамайды, жай қымбаттайтынын ескертсе, жеткілікті. 

Биылдың өзінде ұялы байланыс оператор­ларының тарифтік жоспарларының бағалары 50 пайызға дейін өсті. 2021-2022 жылдар кезеңінде тарифтер орта есеппен 37 пайызға дейін қымбаттаған. 

Ведомство басшылығы 2022 жылы Мем­лекет басшысы өз Жарлығымен «Қазақтеле­ком» АҚ компаниялар тобын монополиясыз­дандыруды тапсырғанын еске салды. Бірақ бүгінде Үкімет «Қазақтелекомды» монополия­сыздандыру жөніндегі жұмысты белгісіз мерзімге ұзартып, сөзбұйдаға салыпты. Бәлкім, Президент тапсырмасына кезекті рет саботаж жасалуы да мүмкін.

Бұл жұмыстың қашан бітетіні, тіпті мәре­сіне жететін-жетпейтіні белгісіз. Сол себепті Бәсекелестікті қорғау агенттігі «нарық толық монополиясызданғанға дейін» ұялы байла­ныс қызметтеріне бағаларды мемлекеттік реттеуді уақытша негізде енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс Үкімет пен Парламент тарапынан қолдау тап­са, ұялы операторлардың тарифтерін мемлекет бекітеді. Әйтпесе, «Әділетті Қазақ­станды» ал­пауыттар басынып барады.

Елдос СЕНБАЙ

© коллаж: Елдар ҚАБА