Бұл кез – дала өрті өршитін уақыт. Қарағанды облысы Шет ауданының үш ауылдық округінде, атап айтқанда, Талды, Ақшоқы, Ақсу-Аюлыда 21 шілдеде төтенше жағдай жарияланды.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Кәрсенбаев мұндай шара сақтық үшін қабылданғанын айтты. Оның мәлімдеуінше, бүгінде өрт толығымен ауыздықталған. Желдің өртті көтеріп кету қаупі бар. Сондықтан ауданда 24 сағат бойы кезекшілік қойылған.
– Өрт ошағы таулы аймақта болды әрі күшті желдің салдарынан тез өршіп кетті. Сақтық үшін ауданның 3 елді мекенінде төтенше жағдай жарияланды. Қазір өрт толығымен сөндірілді. Соған қарамастан жұмылдырылған 13 техникамен 82 өрт сөндіруші, 8 техникамен 23 орман шаруашылығының қызметкері, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері 24 сағат бойы кезекшілікке қойылды. Тұтану ошақтарының алдын алу үшін бақылау қатаң, – дейді Дәурен Құралбекұлы.
Белгілі болғандай, елді мекендер мен тұрғындарға ешқандай қауіп жоқ.
– Өрт сөндірушілер, орман шаруашылығының қызметкерлері, еріктілер – өрт ошақтарында кезекшілікте. Үш аймақ та орталықтандырылған штабтың толық қадағалауында. Тоғайлы жерлерді орман шаруашылығының қызметкерлері, таулы аймақты өрт сөндіру қызметкерлері, ал елді мекендер мен жазық аймақтарды еріктілер бақылауда ұстап отыр, – дейді Дәурен Кәрсенбаев.
Тау жотасының аумағында табиғи өртті сөндіруге 168 адам және 34 техника жұмылдырылды.
– Тілсіз жаумен алысуға облыстық төтенше жағдайлар қызметі, көршілес аудан, қалалардың және аудан аумағындағы өрт сөндіру қызметтері, 100-ге таяу жеке құрам мен 30-дан астам қажетті техника және ерікті азаматтар тобы бір кісідей атсалысты. Өрттің салдарынан 1 872 гектардан астам жер жалын құшты десек те, қуанарлығы, жайылым жерлеріміз бен орман-ағашымызды аман сақтап қалдық, – дейді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Оның алдында облыс аумағының Бұқар жырау ауданындағы Үштөбе ауылдық округінде 15 гектар алаңда және Ақтоғай ауданында Шабанбай би ауылдық округінде 10 гектар алаңда құрғақ шөпте тұтанған өрт сөндірілген болатын.
Бүгінде Ақтоғай ауданында Айыртас ауылдық округіндегі бір өрт ошағы бақылауға алынып отыр. Өртті жоюға ТЖД және Айыртас ауылының өрт сөндіру бекетінің күштері жұмылдырылды.
Негізінде, бір аптаға созылған Талды елді мекенінің маңындағы Қотыртау беткейіндегі өртті сөндіруге шіліңгір айдың аптабы мен аңызақ желі едәуір қиындық туғызды. Тау аңғарына техника маңайлай алмады. 17 шілдеде өрт ошағына су төгер құрылғылы «МИ-80» тікұшағы тартылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданындағы өртке қатысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан қадағалауды күшейту қажеттігін қатаң тапсырып, уақыт сылбырлықты көтермейтінін ескертті. Техниканы жаңарта отырып, тілсіз жаумен күресте еріктілерді тарту қажеттігіне назар аударды.
– Жыл басында өрт қаупінің алдын алу, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жою жөнінде жергілікті бюджет түсімдері көлемінің кемінде 1%-ы мөлшерінде қаражат көздеуді тапсырдым. Бұл сома аз, бірак өте маңызды. Қажетті техниканы сатып алыңыздар, өрт сөндірушілерді жабдықтаңыздар! Жыл соңында тапсырмамның қалай орындалатынын тексеремін, – деді Е.Бөлекпаев.
Ал Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов облыс аумағында 14 орман өрті тіркелгенін мәлім етті. Оның бесеуі – Қарқаралы, үшеуі – Осакаров, Бұқар жырау ауданында – екі, Қарағанды қаласында – екі, Ақтоғай және Шет аудандарында бір өрт ошағы анықталған.
Өрт тұтануының негізгі себептері әдеттегідей найзағай, орман қорындағы қураған желектің оқыстан тұтануы болып отыр. Қазіргі жауын-шашынсыз ыстық әрі желді ауа райы да табиғи өрттің көбеюіне ықпал еткен.
– Жабдық көлемі жыл сайын артқанымен, аудандардың орман шаруашылықтарындағы жеке құрам қызметкерлерінің аздығы да қолбайлау болып тұр. Осыған байланысты мүмкіндігінше жаз мезгілінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы қызметкерлер санын арттыруды ұсынамыз. Ұлттық парктерде де өрт сөндіру құрылғыларының жеткіліксіздігі аталған кезеңде өртпен күресте «әттеген-ай» дегізіп тұр. Ал бар құрылғының мерзімі ондаған жылға жетіп жығылған. Ескірген, тозған. Тиісті нысандар өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері бойға қалқан болғанымен, заман талабына сай емес. Кешенді жаңарту амалдары ауадай қажет екенін түсінеміз. Сондықтан шығыны аз, тез құрастырылатын модульдік ангарлар тұрғызуды ұсынамыз. Заманауи спутниктік навигация жүйесі жолға қойылмаған. Радиостансалардың жұмысы мардымсыз, – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Дала өртіне байланысты Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
«Құрғақ мезгілде ормандар мен далаларда отпен жұмыс істегенде ерекше сақ болу керек. Сөндірілмеген сіріңке мен темекіні тастамаңыз! Сөндірілмеген отты, сондай-ақ сынған әйнекті қалдырмаңыз! Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде жарамды ұшқын сөндіргіштері бар техниканы пайдалану қажет», – дейді мамандар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы