Қазір республикалық маңызы бар қала мектептеріндегі «Л» және «Ы» секілді сыныптар тұрғындарға таңсық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөнін­дегі жоғары кеңестің отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын уа­қытылы әрі сапалы жүзеге асыру қа­жеттігін атап өткен болатын.
Инвестор  мектеп салса игі...
897
оқылды

Бұл ат­қарушы биліктің осы салада қорда­ланған мәселелерге назар аударуына себепкер болады деп сенеміз. Өйт­кені жаңа мектептер санының халық өсіміне «ілесе» алмауы ата-аналарды да алаңдатып отыр. Осы орайда мем­лекеттік-жекеменшік серіктестік моделі әлеуметтік инфрақұрылымның маңызды бөлігі саналатын мектептегі орын тапшылығы мәселесін тиімді шешу құралы бола ала ма деген сауалға жауап іздеп көрдік. 

Бүгінде қалалық жерлерде әр сыныпта орта есеппен 35 оқушы, кейде, тіпті 45 оқушы болады. Астаналық және алматылық балалар үш ауысымда оқығанына қара­мастан, кей сыныптарда бала саны стан­дарт­тан асып отырады. Біз әлі алыстан қатынап жүріп басын қауіп-қатерге тігетін балалар туралы сөз қозғап үлгерген жоқпыз. 

«Қыстың қамын жаз ойла»

Алдағы онжылдықта мектептерде орын жетіспеушілігі күрделене түспесе, оңтайлы шешіле кетуі күмәнді. Өйткені Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы елімізде оқушы орындарының тапшылығы 250 мыңды құраса, 2025 жылға қарай ол 800 мың орынға, ал 2026 жылға қарай 1,1 млн орынға дейін ұлғаймақ. Негізгі ауыртпашылық тағы да мегаполис­терге түспек. Мұның екі себебі бар: бірі – көші-қон болса, екіншісі – туу көрсеткіші. Мәселен, 2019 жылы елімізде 402 мың бала дүниеге келді. Ал 2020 жылы 426 мың бала туып, 1987 жылғы рекордты жаңартты. 2021 жылы бұл көрсеткіштен де асып түсіп, тағы да 446 мың бала өмірге келді. 2022 жылы 403 мың жаңа қазақстандық дүние есігін ашты. Бұл ретте туғандардың жартысы оңтүстік өңірлерге, ал солтүстік аймақтағы көрсет­кіштің жартысы Астана қаласына тиесілі болды.

Осыған дейін Президент Қ.Тоқаев Астанада мектеп салу жоспары орындал­мағанын айтқан болатын. 

«Былтыр 11 мектеп пайдалануға берілуі керек еді, оның үшеуі ғана салынды. Қазір кейбір мектептер үш ауысымда оқыса, енді бір сыныптарда бала саны 30-дан асады. Бұл білім сапасына кері әсер етеді», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. 

Ерекше балаларға арналған мектептер мен 45 мың бала кезекте тұрған балабақша­ларда да осы мәселе.

«Мектеп салу – стратегиялық міндет. Оны жүзеге асыруға мемлекет қана емес, ауқатты азаматтар да белсенді қатысуы керек. Бірақ бұл бағытта жеке бастама мен нақты ұсыныстар жетіспейді. Жалпы, жеке капитал есебінен мектеп салу мәселелерін ойластыру қажет», – деп түсіндірді Президент.

Өзара тиімді әріптестік

Қиын экономикалық кезеңдерде мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік қазынаға қосымша салмақ салмай, әлеуметтік мәселелерді шешудің тартымды жолы секілді көрінеді. Бұл модель дүниежүзі бойынша өз тиімділігін дәлелдегенімен, отандық жүйеде негізгі қаржылық ауырт­палық әлі де мемлекеттік бюджетке түсіп отыр. 

Әлемдік тәжірибе «Мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік» әлеуметтік маңызы бар жаңа нысандар салу барысында тиімді шешім екенін көрсетті. Мысалы, Еуропа ұзақ уақыт бойы қазына есебінен нысандар салу тәжірибесінен бас тартып, тіпті Ұлы­бри­танияда білім беру және қорғаныс сала­сындағы ірі жобалар мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік тетігін пайдалана отырып жүзеге асырылды. Ал кәрі құрлық­тың басқа да елдерінде туннельдер мен көпірлер, автобандар, теміржолдар мен әуежайлар жекелеген инвесторлардың қаражатына салынып, халық игіліне қызмет етіп келеді.

Елімізге оралар болсақ, бізде мемлекет пен бизнес арасында жасалатын кез келген келісімдер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік деп қабылданады. Бұл модель 2006 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайту мақсатында қол­даныла бастады. 

Соңғы жылдары осы механизм арқылы, әсіресе денсаулық сақтау және білім беру салаларында инвестициялар тартылды. Мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақ­тастықтың жандануы экономикаға оң әсер еткенін көруге болады. Осы жылдың 1 шіл­десіндегі жағдай бойынша елімізде МЖӘ жобаларының жалпы саны 1 088, ал тар­тылған инвестициялардың жалпы көлемі 2,222 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде құны 1 250 млрд теңгеден асатын 15 рес­публикалық жоба және құны 972 млрд тең­геден асатын 1 073 жергілікті жоба бар. Жасалған келісімшарттың 88 пайызы әлеуметтік инфрақұрылымға тиесілі. Білім, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық қызметтер алғашқы үш­тіктің ішінде. Атап айтқанда, білім саласы бойынша, 196 млрд теңгеге жуық 623 жоба бекітілген, бұл жалпы көрсеткіштің 57 пайызына тең.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – әлеуметтік мәселелерді шешудің жақсы көзі. Алайда перспективалар қаншалықты қызықты болса да, бизнес әлеуметтік салаға сақтықпен ақша салады.

МЖӘ мүмкіндіктері қандай?

Кезінде осы схема бойынша «100 мек­теп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарла­масы аясында мектептер мен ауруханалар салу жоспарланған болатын. Бастапқыда құрылысты мемлекет (30%) және жеке сектор (70%) тарапынан бірлесіп қаржы­ландыру көзделді. Кейіннен экономикалық дағдарыс бизнестің мүмкіндіктерін едәуір шектеп, нәтижесінде бағдарлама 100 пайыз мемлекеттік қаржыландыруға ауысты­рылған еді. Бірақ ол кезде әлеуметтік салада МЖӘ-ні қолдану үшін заңнамалық база болмағанын ескерген жөн. 

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов те Азия Даму Банкі дайындаған «Қазақстандағы мем­лекеттік-жекешелік әріптестікке шолуы» барысында қазір заңнамалық шектеулердің жоғын атап өткен болатын. 

Бірақ мемлекеттің қажеттіліктері мен мақсат-міндеттерін ескерсек, қажетті ин­вестиция мөлшері ондаған есе көп екенін көреміз.

Халықаралық сарапшылар Қазақстан жағдайында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі ауқымды жобаларға қара­ғанда мектеп немесе балабақша секілді шағын нысандар үшін тиімді деген пікірде. Өйткені ұзақ жылдар бойы бюджетке қосымша салмақ салмайды. 

Жеке секторға сеніп тапсырылған соң міндетті түрде білім сапасын бақылау мемлекет мүддесіне ауысары сөзсіз. Бұл тұрғыда голландиялық білім беру жүйесі тиімді шешім шығарғанын көреміз. Онда білім беру саясаты, яғни жеке немесе мемлекеттік мектептер – бір орталықтан, яғни үкімет арқылы басқарылады. Ал әкімшілік жұмыстар мектеп деңгейінде бақыланады. Нидерланд оқушыларының халықаралық үлгерім сынақтарында өте жоғары нәтиже көрсететіні бұл жүйенің тиімділігін дәлелдей түседі. 

Қорыта айтқанда, мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік білім саласындағы жеке мектептерге «табиғи» бәсекелі орта қалыптастырып, санның ғана емес, са­паның да жоғарылауына септігін тигізері анық.

Камила ЕРКІН

Фото:  baq.kz