Құмар ойындардың індет ошағы шырмауық секілді өрімдей жастарымызды шырмап, есірткіге еліткен жандай ес-түсінен айырып, түрлі онлайн-казино мен терминалдарға телміртіп қойды. Сондықтан ел Үкіметі алда Парламентке букмекерлер мен казиноларға қатысты жаңа заң жобаларының топтамасын әкелмек. Не өзгереді?
Қазақстандағы көшбасшы оқу орны саналатын Назарбаев университетінде, ғылыми жұмыс аясында зерттеу жүргізген отандық мамандар төбе шашты тік тұрғызатын тұжырымға келді. Сауалнамаға қатысқан 399 студенттің ішінде 11%-ы – құмар ойындарға бейім болып шықты. Олар ойын автоматтарына үнемі ақша салады екен. Тағы 5,76%-ын зерттеушілер «әлеуетті патологиялық ойыншылар» деп бағалады.
Салыстыратын болса, бұл дамыған елдердің де, дамуға кенже қалған елдердің де көрсеткішінен нашар. Мысалы, АҚШ-та білім қуған жастар арасында ойынқұмарлық көрсеткіші – 3%, Шотландияда – 3,9%, Жапонияда – 4,2%, Нигерияда – 4,2%, Қытайда – 6,4%, Сингапур мен Канадада – 8,7% көрінеді.
Лудоманиямен күресу үшін Қазақстанда ойынға тәуелділіктен зардап шегетін адамдарға көмек көрсететін мамандандырылған орталықтар да құрылды. Алайда бұл орталықтар мәселені толығымен шеше алмады. Кеселге тоспа қою үшін Үкімет, қоғам және бизнестің бірлескен жұмысы қажет.
Бәс тігем деп бас тіккен
Ресми деректер бойынша, Қазақстанда қазірдің өзінде шамамен 350 мың азамат ойынқұмарлыққа салынған. Бұл ретте бір адамды лудоманиядан емдеу орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Тиісінше, 350 мың ойыншыны емдеуге 140 миллиард теңге шығын шығару қажет болады. Мұндай ауыртпалықты мемлекеттік бюджет те, отбасылар да көтере алмайды. Мұның сыртында құмар ойындарға тартылған қазақстандықтар саны жоғары қарқынмен өсіп барады.
Тағы бір жаншошырлық дерек бар. Ойыншылар жалақысын, бар тапқан-таянғанын бәске тігеді. Одан қалды, үйіндегі құнды дүние-мүлкін комиссиялық дүкендерге сатып, ломбардқа салады. Сонымен қатар банктерден, микроқаржы ұйымдарынан сыйақы ставкасы аса қымбат тұтынушылық кредиттер рәсімдейді. Мәдениет және спорт министрлігі анықтағандай, ойынқұмарлардың әрқайсысының мойнында орташа мөлшері 10 миллион теңге қарыз бар. Көбісінде бұдан да көп. Яғни, 350 мың адамға шаққанда, лудомандар 3,5 триллион теңге несие алып, букмекерлер мен казиноларға салған.
Салдарынан, құмар ойынға шатылғандар қатігезденіп, адам айтса нанғысыз ауыр қылмыстарға баруда. Ақшасын ұтқызған шымкенттік азамат айдың-күннің аманында анасы мен атасын құрбан етті. Оңай олжа таппақ болған астаналық жігіт қаржысынан қағылған соң өзінің азаматтық некедегі әйелін мерт қылды. Биыл Маңғыстау облысындағы бейнеулік тұрғын, төрт баланың әкесі 20 жылда 200 миллион ақшасынан айырылғанын айтып, соған соқтырған букмекерлік кеңсені өртеп, оның видеосын өзі әлеуметтік желіге салды.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы елімізде жалпы саны 157 мыңнан астам қылмыс жасалған. Соның ішінде 20 пайызы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындармен байланысты болды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы 3 676 суицид фактісі тіркелді. Сонда әрбір бесіншісі ойынқұмар адам болып шыққан.
Қаншама отбасы ойрандалды, перзентінің не отағасының күйігіне шыдамаған қаншама шаңырақ күйреп жатыр? Елдегі ажырасқан әрбір 10 жұптың 7-еуі отбасының ойрандалуының бір себебі ретінде құмар ойындарды атаған.
Сондықтан Қазақстанда әлемдегі көптеген ел сияқты казинолардың, букмекерлік кеңселердің, басқа да ойын бизнесінің қызметіне толық тыйым салып тастаған жөн. Алайда билік оған бармай отыр. Елімізде құмар ойындарға тыйым салынбағанын ескеріп, Мәдениет және спорт министрлігі олардың жарнамасына тыйым салатын заң жобасын әзірлеп шықты.
Жарнаманы шектеу жағдайды құтқара ма?
Бұл қадамды Мәжілісте басымдыққа ие «AMANAT» партиясының фракциясы қолдап отыр. Парламент каникулға тарқардың алдында аманаттық депутаттар Үкіметке депутаттық сауал жолдап, онлайн-казиноларды және басқа құмар ойындарды жарнамалауды заңмен қудалауды ұсынды. Бұған қоса, супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және билеттерін таратуға қатаң тыйым салу туралы ұсынысы да бар.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, құмар ойынға әуестердің онлайн-казинолар мен букмекерлік компанияларға шығындайтын қаражатының көлемі жаға ұстатады. Азаматтар бір ғана 2022 жылы оларға 553,6 миллиард теңге салған. «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтардың 73 пайыздан астамын лудомания қатты алаңдатады және олар букмекерлік кеңселердің жұмысына толығымен әрі қатаң тыйым салу қажет деп санайды.
– Бүгінде букмекерлік кеңселер халықты құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары букмекерлік кеңселерді жарнамалауда. Қоғамдық орындардағы лотерея терминалдарын жауапты органдар бақыламауы себебінен буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терминалдардың құрсауында жүр. «AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында жарнамасына толық тыйым салу арқылы қазақстандықтарды қаржы пирамидаларынан, онлайн-казинолардан және басқа да қауіпті құмар ойындардан қорғауды жауапкершілігіне алған, – деді депутат Ж.Әшімжан.
Депутаттық сауалға жауабында Үкімет құмар ойындарға қатысты заң жобаларының топтамасы әзірленгенін қаперге салды.
«Заң жобалары аясында, біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Екіншіден, ақпараттық, телекоммуникациялық желілерді, оның ішінде интернетті, байланыс құралдары мен лотерея терминалдарын пайдалана отырып, лотерея билеттерін таратуға тыйым салынады. Үшіншіден, 21 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға тартқан және бәс қабылдаған заңды тұлғаларды әкімшілік жазаға тарту бойынша түзетулер көзделген» делінген Үкіметтің қысқа ғана жауабында.
Мұның егжей-тегжейін салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі айтып берді. Ведомство жаңа заңнамалық түзетулер аясында халық арасындағы әлеуметтік кернеуді азайту мақсатында букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың жарнамасын таратуды реттеуді ұсынады.
Біріншіден, букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың көшедегі сыртқы, көрнекі жарнамасына тыйым салынады. Әйткенмен, министрлік оларға жеңілдік жасап, букмекерлік кеңсенің және тотализатордың орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында жарнама орналастыруға рұқсат беруді сұрап отыр.
Екіншіден, көлік құралдарында букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады.
Үшіншіден, заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде газет-журналдарда, телеарналарда, радиоарналарда, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, сонымен қатар кинода, бейнероликтерде және анықтамалық қызметтерде букмекерлік кеңселерді, тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынбақ. Бірақ мұнда да Мәдениет министрлігі шегініс жасады: толығымен тек спорттық оқиғаларды жариялауға мамандандырылған коммерциялық және ұлттық спорттық телеарналарда, радиоарналарда, спорттық интернет-ресурстарда оларды жарнамалауға рұқсат етпек.
Төртіншіден, актерлерге, әншілерге, спортшыларға, блогерлерге, журналистерге, бизнес өкілдеріне және басқа да танымал, табысты тұлғаларға құмар ойындарды жарнамалауына шектеу қойылады.
Бесіншіден, букмекерлік кеңселердің спорттық арналар мен сайттарда және ғимарат ішіндегі теледидарда көрсететін жарнамасында тек тауар белгісінің атауын, элементтерін, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың орналасқан мекенжайын және интернет-ресурсын насихаттауға ғана жол берілмек.
Жеңілдік те жеңілудің белгісі
Министрлік не себепті жеңілдікке барып отырғанын түсіндірді.
«Құмар ойындарға барлық адам емес, біріншіден, спорттық оқиғаларды болжаумен кәсіби түрде айналысатын, екіншіден, моральдық және психологиялық тұрғыдан санасы бекіген ересек халық аудиториясының белгілі бір бөлігі ғана қатысуы қажет. Осыған байланысты букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасының таратылуы шектеледі. Ол жарнаманы тек салалық кеңселерге, спорттық іс-шаралар өткізілетін орындарға, спорттық іс-шараларға баратын, сондай-ақ спортқа толығымен мамандандырылған арналар мен сайттарды қарайтын адамдар көреді. Осылайша, бір жағынан, халықтың құмар ойындарға құштарлығы азаяды, екінші жағынан букмекерлік кеңселер мен жарнама саласының мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етіледі», – деп мәлім етті министрлік.
Бұл талапты бұзғандар, яғни ойын бизнесі туралы заңнаманың ережелеріне сәйкес келмейтін букмекерлік кеңсенің, тотализатордың жарнамасын таратқандар немесе орналастырғандар жазаланады. Нақтыласақ, лицензиясы тоқтатыла тұрып, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 мың айлық есептік көрсеткіш (3 450 000 теңге) айыппұл салу ұсынылды.
Бірақ бұл жартыкеш шаралар елдегі эпидемияға айналған лудомания проблемасын шеше алмауы мүмкін. Бәс тігу – адам тіршілігінің басты қажеттілігі емес. Сондықтан сарапшылар букмекерлік кеңселердің, тотализаторлардың, онлайн-казинолардың қызметіне қатаң тыйым салуда табандайды.
Себеб Қапшағай мен Щучинскіде орналасқан казиноларға тек қалталылар ғана барады. Ал букмекерлік кеңселерге және онлайн-казиноларға тұрақты табысы жоқ, қалтасы тесік студенттер де, қарыз алған тақыр кедейлер де бас сұғады. Миллиондаған қарыз батпағына батқан олардың бір бөлігі болашақта қиындық қамытынан құтылу үшін не кеңселерді өртеуі, не қаңтар оқиғалары кезіндегідей, банкоматтар мен сауда орындарын шабуылдап, тонауы әбден мүмкін.
Букмекерлік кеңселер мемлекеттік бюджетке 2022 жылы жалпы сомасы – 109 миллиард теңге, ал тотализаторлар – 47,8 миллиард теңге салық төледі. Үкімет осыған малданып жүргенде жас ұрпақты тегіс лудоман етіп, ұлттың болашағына балта шауып, елге орны толмас шығын келтіріп алмаса жөн.
Елдос СЕНБАЙ
© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ