Құқығы аяққа тапталып, агрессордың ашса алақанында, жұмса жұдырығында отырған жәбірленушілердің құзырлы орындардан көмек сұрауы жиілеген. Бұл да елдегі көзі ашық, көкірегі ояу әйелдердің санасы өзгеріп, зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою шараларының жемісін беріп жатқанының көрінісі де шығар. Қазір жәбірленуші «102» каналына, не болмаса ұялы телефоннан SOS мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жіберуіне болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жұмыс істейтін осы сенім телефондарында бір минут тыным жоқ. Оның сыртында шарасыз қалған әйелдер әртүрлі дағдарыс орталығы мен қорларға, психологтердің сенім телефондарына қоңырау соғады.
Алайда батылы жетіп басындағы қайғысымен бөліскенімен, үйдегі «ұртоқпақтан» құтылу қиын. Себебі қоңырау шалғандардың көбі қорлық көрсеткен күйеуінің үстінен арыз жазудан бас тартса, қозғалған істердің дені сотқа жетпейді. Мұны Ішкі істер министрлігі де мойындайды. Ал ведомствоның мәліметіне сүйенсек, отбасылық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен 10 адамның екеуі ғана полицияға шағымданады. Демек, одан да көп әйел жуан жұдырықтан жәбір көріп келеді. Сорақысы, олардың шешімін әулеттің үлкендері оң бағалайтынында болып отыр. Мәселен, былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға 120 501 рет қоңырау соғылған. Осы қоңыраулардың жартысы тергеп-тексеруге жіберілмеген. Өйткені жәбірленушілердің 68 023-і арыз жазудан бас тартқан көрінеді. Сотқа бар-жоғы 52 478 іс жолданған. Бірақ бұл істің барлығы жәбірленушінің пайдасына шешіліп, отбасындағы қорқыныш сейілді деп айтуға тағы ерте. Себебі соттың тараптарды татуластыру рәсімінен кейін бұл сан одан сайын қысқарады. Айталық, бір ғана Астанада сенім телефонына қоңырау шалған 11302 адамның 7403-і арыз жазудан үзілді-кесілді бас тартқан. Сотқа 3899 істің 2109-ы татуласу негізінде тоқтатылған. Алматы қаласында да шалынған 11161 қоңыраудың 8 425-інде арыз жазудан бас тартылған. Сотқа жеткен 2736 істің 409-ы сотта қаралыпты. Бұл істердің арасында агрессорға әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, санаулы тәуліктен кейін қайта үйіне оралатыны тағы бар.
Аяқсыз қалған арыз, шикі шешім көп
Бүгінде жәбірленушілердің жазған арызы аяқсыз қалып жатқан оқиға аз емес. Ал өз өмірі үшін емес, өзгелердің көңіліне қарайлайтын ауылдық жердегі қыз-келіншектердің әр күні ажалмен бетпе-бет келіп жатады. Себебі қоғамның көзқарасына салсақ, «ажырасып келген қыз жаман». Отбасы «құндылығы» мен әулеттің «абыройын» ойлайтын туыс-туғанның берген бәтуасы да тирандардың тепкісіне жылдар бойы төзуге мәжбүр етеді. Арызданған күннің өзінде құқық қорғау қызметкерлерінің қарекеті қарын аштырады. Осылайша, арзан абыройдың артында адам тағдыры тұрғанын тым кеш ұғынып, опық жеп жатқанымыз өкінішті.
Белгілі заңгер Айман Омарова да тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тіркелген істердің көбіне ашылмай, аяқсыз қалатынын айтады. Тіпті, жәбірленуші нақты қылмысты көрсетіп, заңсыз әрекеттерді жасаған адамның атын атап, түсін түстеп берсе де, құқық қорғау органдары қызметкерлері қылмысқа көз жұма қарайды екен.
«Шынымды айтсам, көбісі заңсыз әрекет жасайды. Оларды прокуратура да қадағаламайды. Мысалы, ауыл-аймақтағы әйелдерге өте қиын. Шағын ауылдағы тұрғындар бірін-бірі біледі. Оның үстіне прокуратура мен тергеуде жұмыс істейтін қызметкерлер – ер адамдар. Сондықтан олар да агрессорды қолдайды. Яғни гендерлік мәселе де бар. Арызды қабылдамас бұрын тараптарды татуласуға үгіттейді, әулеттің үлкендерін шақыртады. Сөйтеді де туған-туысқандары өлердегі сөзін айтып, сыйлығын беріп, арызды кері қайтарып алуға барын салады. Мысалы, Алматы облысы Қарасай ауданында алты баласы бар Айжан Сырғабаеваның оқиғасын алайықшы. Оны қайын ағасының баласы тепкінің астына алған. Соққының ауыр болғаны соншалық, әйелдің көк бауырын дәрігерлер алып тастады. Осы іс сотқа әрең жетті. Соның өзінде қайын ағасына қарсы іс тіркелген жоқ. Тек оның баласы ғана сотталды», – дейді адвокат.
Жәбірленушілердің құқығын қорғау үшін тергеушілер мен прокурорларға том-том шағым жазған күннің өзінде әйелдердің құқығы құқық қорғау органдарының өзінде де жиі бұзылады екен.
«Полицейлердің арасында арызды тіркемейтіндері бар. Тіркесе де нақты қылмысты негізге алмайды. Оның себебін сыбайлас жемқорлықпен байланыстыруға болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тіркелген істердің 50 пайыздан астамында полиция қызметкерлері өздері заңсыз әрекеттер жасайды. Әйелдерді ұрып-соғып, тепкілеп өлтіріп жатады. Олар жасырып жауып, дәлелдерін жойып, жалған айғақ тауып, әйтеуір күдіктінің құқығын қорғауға атсалысып кетеді. Осы әрекеті арқылы олар әйелдің өзі ғана емес, қалған отбасы мүшелерінің де өмірін қауіп-қатердің ортасына тастап отыр. Себебі қадағалау жоқ. Мұндай істерге шешімді көбіне алқа билер шығарады. Шешімнің шикі болуы сол, онда бірнеше тараптың келісімі бар. Тіпті, әйелін әдейі асқан жауыздықпен өлтіріп жатқаны анық көрсетілсе де, көзімізді бақырайтып қойып күдіктіге 1,5 жыл жаза беру – соның айқын дәлелі», – дейді Айман Омарова.
Сондықтан заңгер аппеляциялық сот сатысы күшін жойғаны дұрыс деп санайды. Айтуынша, сол себептен отбасындағы қылмысты дәлелдей алмайтын әйелдер көп.
«Гүлнәр Темірбаева деген әйелдің ісін қарадым. Сол істе үш адам жәбірленушіні зорлаған, қорлаған, өлтірген. Осы істі сотқа жіберген кезде «адам өлтіру» деген бапты қоспаған. Әлгінде айтқандай, әр есікті жағалап, бірнеше шағым жазып әрең дегенде «адам өлтіру» бабын қостырдық. Бірақ біреуі ғана жаза арқалады, екеуін жеңіл баппен соттады», – деп отыр.
Қорғанамын деп қылмысқа барады
Агрессорға берілетін жеңіл жаза жәбірленушінің жарық дүниемен қош айтысуына немесе түбі түрмеге тоғытылуына әкеледі екен. Мәселен, елдегі әйелдерге арналған колонияда күйеуін өлтіргендер көп. Оның себебін адвокат былай түсіндіреді:
«Біздің елде әйелін артынан қуып жүріп өлтірген еркекке жеңіл жаза сұрайтын прокурор немесе қисынсыз үкім шығарған судья әйелдерге келгенде тым әділетті. Өзін-өзі қорғаймын деп күйеуін өлтіріп алғаны анық дәлелденсе де кемі 9-10 жылға үкім кеседі. Сондай «әділ» жаза арқалағандардың бірі – Баян Кенганова. Бес баласы бар әйелді сот омыраудағы жаңа туған баласымен бірге жауапқа тартқан. Сол кезде тергеушілердің істеген қитұрқылығын айтайын. Омыраудағы баласы бар әйелді «Қағазға қол қойсаңыз, қамалмайсыз» деп алдап бүкіл құжатқа қол қойдырып алған. Бұл әйелдің көрген күні қорлықпен өткен. Таңның атысы, кештің батысы күйеуінің тепкісін жеген. Жылдар бойы ұрып-соғып, балаларына да күн бермеген. Қақаған суықта әйелі мен балаларын көгала етіп сабап, үлкен баласын тыржалаңаш шешіндіріп, далаға шығарып жазалайды екен. Кезекті ұрып-соғудың үстінде агрессор күйеу әйелін қылқындырып өлтіргелі жатқанда өз-өзін қорғау үшін әйелі ас үйдегі пышақты сұғып алады. Бірақ пышақ жарақатын алған күйеуі үйден кетіп қалып, артынан ауруханаға түседі. Осы оқиғада «адамды нақты өлтіру» деген бап болмау керек. Алайда сот өзі мен балалардың өмірін қорғап қалғысы келген әйелді де «адам өлтіру» бабымен соттап жіберді. Мұндай жағдай Түркістан облысында да болды. Ол әйелді де күйеуі ұрып-соғып, білгенін істеген. Өзін қорғау үшін абайсызда күйеуін өлтіріп қойған. Негізінде сол кезде әйелдің үсті-басында сау-тамтығы қалмаған. Бірақ сот сараптамасы әйелдің денесіндегі жараларды дұрыстап көрсетпеген. Біз қазір әйелдердің өміріне көз жұмып, агрессорды арашалап алуды жалғастыра берсек, Жауғаштыдағы колонияда күйеуін немесе жігітін жазым еткен әйелдер артады. Ал әйел-баласына күн бермей, соңынан қуып жүріп өлтірген еркектер жазадан құтылып кете береді», – дейді Айман Омарова.
Яғни елдегі ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскер артады. Ең ауыры, отбасындағы қылмыстың куәсі болған балалардың болашағына балта шабылады. Өйткені, біздің елдің адам құқығын қорғауы тиіс құзырлы органдары себеппен емес, салдармен күрескен сыңай танытудан танбай келеді.
Жауғаштыдағы әйелдер колониясына бірнеше рет барған журналист Гүлнәр Тазабекова: «Адам өлтіріп сотталған әйелдердің өмір тарихына үңілсеңіз, көбісі өзін-өзі қорғау кезінде адам өлтіреді. Маскүнем күйеуін кезекті жанжал үстінде немесе үнемі зорлық көрсетіп, соққыға жығатын, тиран күйеуін ашу кезінде өлтіріп алғандар. Оларға «Неге өлтірдің?» деген сұрақ ең ауыр болып естіледі. «Егер мен оны өлтірмесем, ол мені өлтіретін еді» деген жауапты жиі естимін», – дейді.
Істің бір ұшы жемқорлықта жатыр
Заңгер Кәшима Есмұхамбетқызы тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмысын табыс көзіне айналдыру белең алып кеткенін жеткізді. Яғни зәбір көрсеткен тарап құзырлы органдардың жауаптан жалтару мақсатында ұсынған кез келген келісіміне көнуге бар. Осылайша, заңгерлік аспектілерді айналып кетуіне немесе екі тарапты келісімге келтіруге үлес қосу көп адамдардың өміріне балта шауып келеді.
«Барлық тергеушілер емес, бірақ соңғы кездері зорлық-зомбылық бойынша қозғалған істің ары қарай жылжуы үшін міндетті түрде қоғамдық резонанс тудыру керек секілді. Сонда ғана жоғары жақтан бақылау жасалады, іс сол кезде ғана сотқа жетеді. Бақылау жасалмаса, тиянақтылық болмайды. Бақылау жоқ жерде әртүрлі қитұрқы әрекеттер жүреді. Жәбірленушінің құқықтық сауатсыздығын пайдаланып қысымға түсіреді. Дегенмен кейбір зорлық істерде әйелдердің де түрлі әрекеттерге барып, бопсалау арқылы еркекті қылмысқа итермелейтін, отбасынан айыруға дейін баратын оқиғалар бар», – дейді ол. Дегенмен көп жағдайда жәбірленушілер жәбір көріп жатқанын жеткізген заңгер «зорлық құрбандарымен тек қана әйел тергеушілер жұмыс істеуі керек» деп отыр.
Жылы жабылған істің бір ұшы сыбайлас жемқорлықта жатыр. Заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, полиция, оны «қадағалайды» деген прокуратура да заңды белшесінен басып, істі қысқартып тастауға құзыры жетеді. Әсіресе шалғай ауыл-аймақтардағы әйелдердің мәселесі қатты алаңдатады. Әйелдерге арнайы тергеу кабинеттері ашылып және онда әйел тергеушілер жұмысқа кірісуі керек болған еді. Алайда қазір бұл жоба ешбір тергеу органдарында орындалып та, жүзеге асып та жатқан жоқ. Бұл олқылықтың кесірінен тергеу әрекеттері дұрыс жүргізілмей, нәтижесінде адам құқықтары, оның ішінде әйелдердің құқықтары мен мүдделері өрескел бұзылып жатқанын жеткізген ол: «Өз тәжірибемде кездескен істерде зорлық-зомбылық деректеріндегі тергеу әрекеттері біржақты бұрмалана жүргізіледі. Ер-азаматтарға басымдық беріліп, олардың заңсыздықтары қолдау тауып кететін жайттарға куә болып келемін. Себебі істі тергеп-тексеретін – ер адам. Тіпті, аудандық полиция бөлім-басқармаларындағы тергеу құрылымдарында психологтар жоқ. Бар болғанның өзінде, ол психологтар жеке құрамға бекітілген, өздеріне жетпейді. Зорлық құрбаны болғанын дәлелдеу қиындаған соң, әйелдер бәріне төзеді», – деп отыр.
Заңгер Түркістан облысы мен Шымкентте мұндай іс жиі тіркелетінін тілге тиек етті.
«Отбасын құрған күні әйелін ұрып өлтірген оқиғада полиция істі созбалаңға салып, барынша жауып жібергісі келді. Сол кезде халықаралық іздеу жариялағандар қоғамда үлкен резонанс туғызған күні ғана табылмай жатқан күдіктіні бір күнде тапты. Одан кейін де істі мейлінше бұрмалауға тырысты. БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділері араша болмағанда «жуынатын бөлмеде өзі құлап өлді» деп қорытынды шығарып, қылмыскерді бостандыққа жіберуі әбден мүмкін еді», – дейді ол.
Біздің елдің заңында қызметін асыра пайдаланған, жемқорлыққа жол беріп, өз ісіне жеңіл қараған полиция, прокурор, сотқа да заң бар. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана екен. Осылай деген Айгүл Орынбек:
«Мәселен, құзырлы органдарға арыз-шағым жазсаң, көбінесе заңға сай қаралмайды. Басшылықтағы лауазымды тұлғаларға жазған шағымыңды сол әрекетсіздігіне шағымданып отырған мекеменің өзіне қайтарып береді. Бұл – халықты басыну, мазақ ету», – деп отыр.
Қарап отырсақ, жанұядағы жанжалқойға жауапкершілікті қатаңдатудан кенде емеспіз. Құқық қорғаушылар мен заңгерлердің өзі біздегі заң нормалары өзге елдермен салыстырғанда анағұрлым қатты екенін айтады. Мәселе сол заңның дұрыс жұмыс істеуінде және қылмыскерге тағылатын айыптың соңына дейін жеткізіліп, тирандарды тәртіпке келтіруде болып тұр. Осындайда «Заң – өрмекшінің торы, әлділер құтылып, әлсіздер тұтылып қала береді» деген Шерхан Мұртазаның сөзі бүгінгінің ақиқатын айнытпай жеткізген бе дерсің...
Жадыра МҮСІЛІМ
© коллаж: Елдар ҚАБА