Ішкі туризмді дамыту бағытында кейбір бастамалар сәтті жүзеге асып келеді. Ең бастысы, отандастарымыздың елдегі табиғаты ерекше жерлерді аралап, тамашалауға ниеті күшейді.
Ішкі туризм ілгерілесін десек...
2,274
оқылды

Алайда бұл саладағы әттеген-айлар аз емес. Осы тұста біз ішкі туризмнің өзекті мәселелеріне мән беріп, осы бағытта жаңа бағдарлама құру бастамасын көтеріп жүрген, тәжірибе жинақтаған сарапшылардың пікіріне құлақ түрдік. Отандық туризмнің оң және олқы тұстары мен жүзеге аспай жатқан әлеуетіне үңілдік. 

Инфрақұрылым сын көтермейді

Туризм индустриясының дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға, жергілікті шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Туризм саласында жұмыс іс­тейтіндер қатарының артуы шалғай өңірлердегі жұмыссыздықтың азаюына, бюджетке салық түсімдерінің көбеюіне ықпал етеді. Өз кезегінде ЖІӨ туризмнен түскен табыстың артуы экономикаға қарқын беріп, әлеуметтік жүктемені азайтады. Алайда ол үшін мемлекет сапалы бағдарлама жасап, жергілікті туризм саласын ортақ мүддеге жұмыс істете алуы тиіс. Сонымен қатар инфра­құрылымды жоспарлап, іске асырып беруі керек. Ал бұл қыруар қаржыны талап етеді. 

Туристерге аса тәуір сервис көрсетуді жолға қойған теңіз жағалауында орна­ласқан елдердегі қызмет біздің елде бір күнде қалыптаса қоймайтыны түсінікті. Оған солтүстік өңірлердегі климатты қосыңыз. Жаздың жылы болатын екі айында ғана жұрт ағылып, қыстың суы­ғында қаңырап қалатын локациялар оған салынған инвестицияны ақтамай­тыны түсінікті. Сондықтан осы салада шетелдік инвесторды күтпейміз. Сарап­шылар, экотуризм немесе саяхатшылық туризм, кейбір тұста белсенді туризм белгілері бар ішкі туризмнің дамуында түйткіл бар екенін жасырмайды. Бұл тұс­та турист және бизнес қаржысы мен мүм­кіндігінің өзара теңдігі орнаса бол­ғаны, ішкі туризмнің әлеуеті арта түсе­тінін көреміз. Жергілікті билік пен кә­сіпкер демалушыға жайлы жол, қажетті азық-түлік, керек-жарағын оңтайлы бағада ұсынатын сауда орындары, жол­бастаушы қызметін, көлік трансферін, жеке көліктер тұрағын, шалғай емес, қолжетімді қашықта медицина және төтенше көмек қызметін ұйымдастырса жеткілікті. 

Тарихи-өлкетанушылық, этногра­фиялық-танымдық экспедициялар ұйымдастырумен айналысатын, ішкі туризмнің жағдайын көзбен көріп жүрген саяхатшы Амандық Дәулетбек­ұлы еліміздің ішкі және сыртқы туристік әлеуеті әлі дұрыс ашылмай отыр деген пікірде. Ол мемлекетке пайда әкелетін сала болғандықтан, жалпы туризмді ішкі-сыртқы деп бөлмеу керек деп санайды. 

«Қазақстан аумағындағы турпакет өз азаматымызға және шетелдікке деп емес, орташа чек бойынша бөлінсе, сол тиімді деп ойлаймын. Ал жалпы, Қазақ­станның ішкі де, сыртқы да туристік әлеуеті әлі дұрыс ашылмай отыр. Оған мемлекеттің саланы қажет деңгейінде қолдай алмауы немесе турбизнес сала­сының қалай жұмыс істейтінін ұқпайтын тұлғалардың шешім қабылдау тетіктеріне жақын отыруы себеп деп есептеймін. Ел ішіндегі туризмнің қарқындап дамып кете алмай тұрғанының меніңше екі себебі бар. Бірінші – кәсіпкерлердің және жергілікті халықтың турбизнес концепциясын түсінбеуі. Екінші – инфрақұрылым құру мен оны дамыту бойынша мемлекеттік жұмыстардың жоқтығы не тиімсіздігі», – дейді Аман­дық Дәулетбекұлы.

Саяхатшының пікірінше, мемлекет инфрақұрылым мәселесін жылдам ше­шіп отыруы тиіс. Табиғаты тұмса, мә­дени колориті жақсы сақталған, тарихи зор маңызға ие локациялар көп. Бірақ табиғи парк аумағында орналас­қан­дықтан, онда кәсіпкердің іс жүр­гізуіне, табиғатына қол тигізуіне болмайды. 

«Ал мемлекеттің бұл аумақта өзі бір­деңе істеуі үшін пәлен уақыт бұрын бюджетке өтініш жазып, бастама көп­теген деңгейден бекітіліп мақұлданып болғанша бірнеше туристік кезең өтіп кетеді», – деп қынжылады Амандық Дәулетбекұлы.

Ал туризм саласының сарапшысы, бірнеше авторлық турды жүзеге асырған Амандық Әмірхамзин ішкі туризмді ақсатып тұрған басты мәселе ретінде инфрақұрылым олқылықтарын атайды. 

«Жолдағы әжетханалардың жайы қынжылтады. Өз азаматтарымызды елеп-ескермесек те, шетелдіктерден ұялуы­мыз керек шығар. Олар мұны көріп, көзі атыздай болары анық. Ең ал­дымен, әжетханаларды жөнге келтіру­ден бастау керек. Инфрақұрылымның сын көтермейтіні бесенеден белгілі. Келе жатқан турист аялдап демалатын, тамақ ішетін, көлігін қоятын орындар жасақталуы тиіс. Инфрақұрылымның осы мәселесі айналып келгенде бізде туристі әбден шаршатады», – дейді ол. 

Алайда сарапшы мемлекеттен қолдау шаралары жасалып жатқанын, бірнеше көмек тетігі қарастырылғанын да атап өтті. 

«Жолдың бойында әжетхана салып, оны күтіп ұстайтын кәсіпкерге мемлекет 84 мың теңге береді. Ал шетелден турист тартсаңыз, мемлекет шығынның 17 мыңын төлейді. Содан кейін қысқы шаңғы базасын дамытатын болсаңыз, оған да көмек көрсетеді. Сондай кө­мектің бірнеше тетігі 6-7 бар», – дейді Амандық Әмірхамзин.

Әлі танылмаған әдемі локациялар көп

Жетісу өңірінде экотуризм басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы да­мыған. Қазақстандықтар Көлсай, Қайыңды көлін, Шарын шатқалын, Іле Алатау ұлттық паркін жақсы біледі. Адамдар табиғатта демалу үшін барады, онда мінуге ат ұсынылады, қымыз бері­леді, яғни экотуризм элементтері бар. Шығыс Қазақстан облысында жатын, тынығу орындарының барлық жерлерде жасақталмауы байқалады. Қа­тонқарағай ұлттық паркіне қызығушылар көп бол­ған соң даму қарқыны енді басталды. Экотуризмді дамытуда Маңғыстау облы­сында әлеует зор. Онда сафари түріндегі саяхатшылық туризмді қолға алуға қолайлы.

Дегенмен бұл бағыттың барлығы – аса танымал бағдарлар. Туризм сала­сының сарапшысы Амандық Әмірхам­зиннің пайымдауынша, отандық турист жыл сайын көбейіп, еліміздің әр өңірінен демалатын жаңа орындар тауып жатыр. Алайда астаналықтар Бурабайға, алма­тылықтар Алатаудың етегіне барудан аса алмайды. Ал бір облыстан екінші об­лысқа деген секілді саяхат, белсенді туризм әлі жолға қойылмай тұр. 

Амандық Дәулетбекұлы да табиғаты тамаша жерлер, тарихи ескерткіштер отандық туристердің назарынан тыс қалып жатқанын атап өтті. 

«Отандық туристер сол баяғы Боз­жыра, Ақсу-Жабағылы, Шарын шат­қалы, Алакөл, Қатонқарағай, Бура­бай, Баянауыл секілді жерлерге қайта-қайта бара береді. Сосын жалығады. Тұтынушы инфрақұрылымның кемші­ліктері мен сервис деңгейінің төменді­гінен, қызмет бағасының сәйкес кел­меуіне байланысты шет елді таңдайды», – дейді ол. 

Амандық Әмірхамзин отандық ту­рис­тер ішкі туризмге бағытталмағанын, көбіне шетелге шығатынын мойын­дайды. 

«Шамамен жыл сайын 400-600 мың адам шетелге шығады. Пандемия кезін­дегі жағдай қазақстандық туристерді өз еліміздегі қызықты, кө­рікті жерлерді іздеуге мәжбүрледі. Со­ның нәтижесінде туристер жаңа нысан­дарды ашты», – дейді ол.

Оңтүстік өңірде, елдің батысында туризм локацияларында тарихи орындар мен діни ескерткіштерге сапарлайтындар қатары өте көп. Олардың сапарын ұйым­дастыру да біршама жолға қойылған. Алайда туризм ұйымдары елімізді ор­талық, солтүстік және шығыс өңірлерін­дегі тарихи ескерткіштер мен орындарды өз турларына қосуды естен шығарып ала­ды немесе ол бағыттың табыс әкеле­тіне сене бермейді. 

Амандық Әмірхамзиннің айтуынша, қазіргі тартымды орындар отандық туристер үшін жеткіліксіз екен. 

«Тек қана ірі қалаларды алсақ, басты 50 локация бар. Соның онын ғана біле­міз. Ол жерлерде де проблема көп. Табиғи тамаша жерлерге келсек, мен өзім барған орындарды санап отырсам, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыста­рында туристер әлі аяқ баспаған лока­циялар жеткілікті. Өкініштісі, бізде табиғаты көрікті жерлерге туристердің баруына шектеу бар. Менің ойымша, керісінше туристерді табиғи объектілерге көбірек апарып, сафари сияқты ұйым­дас­тыруға болады. Осы мәселені ой­ластыру керек», – дейді сарапшы. 

Саяхатшы табиғатқа зиян келтірмеуі керек

Жоғарыда айтып өткен өңірлерді алып қарасақ, экотуризм мен саяхат­шылық туризмнің қосарлана дамуы байқалуда. Бір жақсысы, саяхатшылық табиғатқа соншалық зиян келтірмейді. 

Амандық Әмірхамзин ішкі туризмнің тынысын ашпай отырған келесі екі мәселені тез арада шешу керектігін айта­ды. Ол отандық туристердің мәдениетін көтеріп, жүктемесі артып кеткен орын­дардағы артық адамдарды жаңа лока­цияларды таныстыру, қызықтыру арқылы азайтуды ұсынады. 

«Ішкі туризмде өте өзекті екі мәселе бар. Біріншісі – туристердің мәдениет­сіздігі, яғни барған жерін ластау, қоқыс тастау деген сияқты. Екіншісі – кейбір туристік объектілердің туристерді ша­мадан тыс қабылдауы. Мысалы, Бура­байды алатын болсақ, туристерді қа­былдау әлеуеті шамамен 200, әрі кетсе 500 мың адам. Алайда қазір онда 800 мың немесе 1 млн-нан астам демалушы ба­рады. Адамның шамадан тыс көп болуы табиғатқа кері әсерін тигізеді», – дейді сарапшы.

Амандық Әмірхамзиннің пікірінше, экомәдениетті қалыптастыру үшін айып­пұл салуды немесе түсіндіру жұмы­сын жүргізуді қолға алу қажет. Туристерге қоршаған ортаны ластамау жөнінде түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда оның нәтижесі аз. Сондықтан жауапкершілікке тартып, айыппұл өндіру керек. «Адам қалтасы қағылатын болса ғана тәртіпке мойынұсынады, түсінеді. Сондықтан осы мәселеге де назар аудару керек», – дейді сарапшы. 

Кейбір сарапшы экологиялық мә­дениетті, сауаттылықты көтеріп, демалу­шы санасын түземей, мұндай шектеулер үлкен деңгейде әсер ете алмайды деген пікірде. Әрбір адамға ол осы табиғаттың қожайыны емес, бір бөлшегі екенін тү­сіндірілуі, ол соны сезінуі тиіс. Сон­дық­тан адам табиғатты сақтау жауапкер­шілі­гін мойнына алып, өзін-өзі міндеттесе, ол адамның саналы түрде табиғатқа жанашырлығынан туындаса ғана қазіргі келеңсіз жағдайдан арыламыз. 

Елімізде туристік бағдарға ілікпеген, инфрақұрылым жетпеген, назардан тыс қалған табиғаты әсем немесе ерекше орындар көп. Осы орынның орталықтан қашықта болуына байланысты оған жайлы жол салу тиімсіз, онда баратын адамдар аса көп емес. Сондықтан эконо­микалық табысы жеткіліксіз болуына байланысты сол орынға инвестор тар­туға, оның шығыны ақталып кетуіне сенім аз. Міне, осындай орындар мем­лекеттің, жергілікті биліктің, табиғат жанашырларының назарынан тыс қалып жатыр. Осындай көрікті табиғат нысанын іздеп бара қалсаң, ондағы орынның қоқыс басып кеткені, түрлі қалдықпен ласталғанын көреміз. Қоқыс жәшігін қойды дегеннің өзінде оны алып кетуді ұйымдастыру оңайға соқ­пайды. Сондықтан табиғи қа­зынамызды осы күйінде сақтап қалу, оны ұрпаққа өз­геріссіз жеткізу мәселесі қазір көп­шілікті алаңдатып отыр. Мамандар соның бір шешімі ретінде экомәдениетті дамытуды ұсынылады. 

Экобелсенді Ғани Назарбек қор­шаған ортаны күтіп ұстау мәселесі экобілімге келіп тірелетінін, оны дамыту үшін елімізде осы саладағы ғылым жоқтығын, дамуы кешеуілдеп қалғанын айтады. Сондықтан бізде азаматтар экоқұқығын білмейді, ол қолданылмай жатыр. 

«Адамның экологиялық құқығы болуы тиіс. Бұл – таза ауа, таза су алуына деген құқығы. Сізді біреу ұрса, балағат­таса, құқығымызды талап етеміз. Ал ауаңызды, суыңызды, жеріңізді ластап жатса, ештеңе жасамаймыз. Өйткені «жер мемлекеттікі» деген жаңсақ ұғым қалыптасқан. Оның негізі елге, жерге деген жанашырлық, отанға деген махаб­баттан туындайды. Елін-жерін сүйетін адамдар қоршаған ортаны қорғау үшін күреседі. Бұл – өте ауыр күрес. Себебі үлкен қаржылық ұйымдармен, олигарх­тармен, латифундистермен күресуге тура келеді. Шын мәнінде, ең негізгі ауамызды, жерасты байлықтарымызды, суымызды ластаушы, қоқыстарды кез келген жерге тастаушы компаниялар – елдің жауы. Бірақ адамдар оны әлі түсінген жоқ. Ең бірінші қажеттілік – таза ауа мен су. Ауасыз сусыз қанша өмір сүре аласыз, ойлап көріңіз», – дейді ол. 

Сөз соңында айтарымыз, ішкі туризм әлеуеті жоғары, оның қарқынды дами беретіні даусыз. Тек туризм индустриясы қазақ тарихы, мәдениеті, дүниетаны­мымен байланыса отырып ілгерлеуі кешеуілдеп тұр. Сонымен қатар табиғат жәдігерін таза күйінде сақтап, оны құрметтеп, кие тұтатын турист тәрбиелеу міндеті де аса өзекті.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ