Нұр-Сұлтанда мандариннен шыққан құрттың көзін жою үшін өртеуден басқа амал жоқ

Нұр-Сұлтанда мандариннен шыққан құрттың көзін жою үшін өртеуден басқа амал жоқ

«Мандарин жемеңіз, ішінде індет бар». Әсіресе, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында әлеуметтік желілерде, мессенджерде елді дүрліктіретін жалған хабарламалар бой көтеріп қалады. Мамандар мандаринмен «ВИЧ-инфекция жайылмайтынын» айтады. Бірақ бұл жемістің өзге дерті бар. Соған бола АШМ инспекторлары тоннадан астам қауіпті мандаринді өртеп жіберді. Елордалық өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор фитосанитарлық бақылау барысында Грузия елінен жеткізілген мандариндердің ірі партиясы «Комсток сымыры» зиянкесін жұқтырғанын анықтаған. «Карантиндік зиянкестердің таралып кетуінің алдын алу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары 1210 келі қауіпті мандаринді тәркіледі. Зиянды жемістер экополигон аумағына апарып өртелді. Сонымен қатар аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен өнім иесіне 53 мың 25 теңге көлемінде айыппұл салынды» деп хабарлады ведомство. Министрліктің түсіндіруінше, Комсток сымыры (Pseudocaccus comstocki) зиянкесі негізінен көкөністер мен жемістерге, тұт ағашы, бақша, орман және үйдегі декоративті өсімдіктерге жұғып, нұқсан келтіреді. Әсіресе, алмұрт, алма, анар, шабдалы, өрік, банан, інжір, жүзім, долана, катальпа, цитрустар, картоп, қарбыз, қауын, бұрыш және басқа да 300-ден аса өсімдік түрін зақымдайды. Комсток сымырының колониялары тез таралып, өсімдіктің жаппай қурауына, ал көкөніс-жемістің тез шіруіне соқтырады. Жатжұрттық бұл зиянкестен қазіргі кезде Өзбекстан мен Қырғызстан диқандары қатты зардап шегуде. Олардағы ұзақ жылдар бойы жүріп жатқан күрес әрдайым сымырдың жемісімен аяқталады. Зиянкестің колониялары бір егістіктен екіншісіне көшіп, көршілердің халқын асырап отырған ауыл шаруашылығына жойқын соққы беріп жатыр. Өзбек, қырғыз басылымдары шабдалы, алма, алмұрт, жүзім, қарбыз бақтары жойылып жатқанын дүркін-дүркін жазып, көрсетеді. Жеңсік асты шірітіп жіберетіні болмаса, бұл зиянкестің адам денсаулығына айтарлықтай қаупі жоқ. Алайда бүлінген көкөніс пен жемісті қоқысқа лақтырумен іс бітпейді: Комсток сымырының дернәсілі Қазақстанның қақаған аязына да шыдап жата береді де, жердің тоңын күн ерітісімен, топыраққа енеді, сонда ұсақ шыбын-шіркей түрінде өріп, өсімдіктер тамырына жабысады. Олардың жаппай өнуін тоқтату қиын. Улы химикатпен улау көп нәтиже бермейді. Күрестің ең сенімді тәсілі – шекарадан бері өткізбеу, өтсе уақытылы тауып, өртеп жіберу. 2019 жылғы қарашада АШМ инспекторлары 61 тонна залалды жеміс-жидек пен көкөністің импортына тосқауыл қойды. Бұл тауарлар Ресей, Қытай және Өзбекстаннан жеткізілген. Алайда жабық қораптарда тексерілмей өтіп кеткені қанша екені белгісіз. АҚШ-қа саяхаттаған, іссапармен барған қазақстандықтар жақсы біледі: әуежайда инспекторлар барлық чемодандар мен қол жүгін ашып тексеріп, ас атаулының бәрін тәркілейді. Тіпті, баланың қолындағы алманың өзін тартып алып қоқысқа тастатқызған. Әлемдік ең ірі алпауыт өзіне туристермен бірге келуі мүмкін жатжұрттық зиянкестерге қарсы осылай қуатты қорған құрған. Айхан ШӘРІП