2 наурызда оңтүстіккореялық Синчхонджи діни сектасының лидері Ли Ман Хи жұрт алдында тізерлеп, коронавирус таралғаны үшін кешірім сұрады, – деп жазады Rappler басылымына сілтеме жасаған Tengrinews.kz.
Оңтүстік Корея билігінің мәліметінше, елде коронавирустың таралуына дәл осы Синчхончжи жолын қуушылар себеп болған.
10 ақпанда шіркеуге келуші 61 жастағы әйелдің қызуы көтерілген, бұл коронавирустың белгілері болып шыққан.
Мұның алдында ол төрт бірдей шіркеуге барған, осылайша, Синчхонджи діни сектасы Тэгудағы эпидемияның ошағы болған. Бұл – елдегі ең ірі мегаполистердің ішіндегі төртінші орындағы қала, 2,5 миллион адам тұрады. Бүгінде сектадағы адамдардың жақын отырып діни рәсім орындауынан COVID-19 жұқтырғандардың саны ел бойынша 4 мың адамнан асып отыр.
Енді Сеул қаласы үкіметі прокурорлардан Ли Ман Хиге және сектаның тағы 11 лидеріне қатысты әріптестікке ниеті жоғына байланысты айып тағуды сұрап отыр. Кей мәлімет бойынша, ауру жұқтырған сектанттар медициналық мекемелердің айтқанын тыңдамаған, ал туыстары мен достары дәрігерлерді үйге кіргізбей қойған.
«Шіркеу мүшелерінің атынан халықтан шын көңіліммен кешірім сұраймын. Қасақана істемедік. Барымызды салуға тырыстық, бірақ эпидемияны тоқтата алмадық. Халықтан, үкіметтен кешірім сұраймын», – деп мәлімдеді сектаның 88 жастағы лидері Ли Ман Хи камера алдында екі мәрте тізерлеп отырып.
Ол шіркеудің барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектесетінін, тіпті зардап шеккендер мен үкіметке рухани да, материалдық та көмегін аямайтынын мәлімдеді.
2 наурыздағы жағдай бойынша Оңтүстік Кореядада коронавирусты 4212 адам жұқтырып, 26 адам қайтыс болған. Ауыр халде жатқандары да бар.
Айта кетейік, Кореяда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, 35 мыңға жуық қазақстандық бар.