Таяуда өрен-жаранымды тау бөктеріне демалдыру үшін апара қалдым. Көлігімді ойпаңдау жерге қойған едім, едіреңдеп біреу жетіп келді.
– Бұл жерге неге тоқтайсыз? – деді салған жерден.
– Тоқтаса не болыпты? – дедім мен де оған кісі екенімді көрсеткім келіп ежірейіп.
– «Не болыпты?» дейді тағы. Болды. Бояуы сіңді. Менің жекешелендіріп алған жеріме рұқсатсыз кірдің бе? Кірдің. Ендеше айып төлейсің, шырақ.
– Төлемесем ше?
– Онда әкеңді танытып тұрып сотқа беремін.
– Иә, сот ерігіп отыр деген. Басқа ісі құрып қалып па оның?
– Енді біреудің жекеменшік жеріне әй-шай жоқ, қырқыншы жылғы немістердей баса-көктеп кіріп келсе, сотқа бермегенде не істеуім керек?
– Досым-ау, бұл жердің жекенікі екені туралы ешқандай белгі көріп тұрғаным жоқ қой.
– Біріншіден, сен маған ешқандай да дос емессің. «Екіншіден, мынау менің жерім. Кіруге болмайды» деп айқайлатып жазып қою міндетіме кірмейді.
– Жарайды, – деп амалсыз келістім, – онда осы жердің сіздікі екенін растайтын қандай құжатыңыз бар?
Бәлемді састырдым-ау деп ойлағанмын. Сөйтсем, бұл сабаздың бес қаруы бойында болып шықты. «Қазір» деді де кір-қожалақ киімінің қалтасынан әлденені іліп алып шығып, орауын жазды. Мынаны қара, карта сияқты қағаз.
– Міне, мына қызыл сызықтың іші түгелдей маған қарайды. Сенің тұрған жерің – мынау. Енді көзің жетті ме?
– Жетті, жетті. Ат-шапан айып менен. Көке, бір келіп қалған екенбіз, табиғаттың мынадай әсем жерінде демалып қайта-
йықшы. Қатекеңнен де, бала-шағамнан да ұялып, кірерге тесік таппай тұрмын, – деп мәймөңкелей жөнелдім.
Басқа жол жоқ та еді.
Қожайын менің сықпытыма сұқтана ұзақ қарады. Ну орманда жабайы адамдардың ортасына түсіп қалғандай бала-шағам қорқыныштан дір-дір етеді. Біздің осы сұрықсыз түрімізден ләззат алғысы келгендей қожайын қақырынып қойып, ұзақ мелшиді. Меңіреу ме дерсің. Өзінің де аты алты албасты қашып, жеті жалмауыз жылағандай екен. Қыңырбек. Енді сізге өтірік, маған шын, қыңырлығын қырық есек тарта алмайды-ау, тарта алмайды.
Етжеңді, епетейсіз бір адамдар болады, ұйқыға жатқанда шошқаша қорылдап, торайша шыңғырып, маңайына кісі жолатпайды, қыр-қыр етіп барып демі үзіліп, шейіт кеткен жандай ұзақ уақыт тыпыр етпей жатып алады. «Сорлы үзіліп кеткен екен-ау» деп ағайын-туыстарына хабар жібермек болып жатқаныңда денесінен ток жүріп өткендей дір ете қалып, қорқынышты қорылына қайта басады. Қыңырбек те солардың сортынан сыңайлы. Көздері көкшиіп, бетіндегі безеулері бедірейіп, жанары бір нүктеге қадалып, сүт пісірімдей мезгіл мыңқ етпей тұрды. «Жүрегінің талмасы бар болып шықпасын. Өліп кетсе құн төлеп жүрмейін» деп зәрем кетіп тұрғанда тіршілік нышанын танытып, құрғап қалған еріндері арасынан леп шыққандай болды. Бұған қуанғаным сондай, театрда отырып тамаша қойылым көргендей қол шапалақтап жібергенімді байқамай қалыппын.
Селк етіп оянғандай болған Қыңырбектің езуінің арасынан қисынды сөз шықты.
– Енді жер менікі болған соң демалуларың ақылы. Біз мұнда сендерге ақылы қызмет көрсетеміз. Мәселен, атқа мінгендерің үшін екі мың теңге төлейсіңдер. Тауға шығып, долана тергендерің де тегін емес. Так что, бір сағат демалсаңдар 5 мың теңге, екі сағатқа 10 мың теңге, үш сағатқа 15 мың теңге, – деп барып зорға тоқтады.
Маған тау жаңғырып, «теңге, теңге» деп тұрғандай болып естілді.
– Жарайды, – деп еріксіз келістім.
Жүгермектерім мәз-мейрам. Көліктен түсе-түсе салысымен тау-тасқа өрмелеп кете барды.
– Кетерлеріңде күл-қоқыстарыңды шашып кетпей, жинап, мына қоқыс жәшігіне салыңдар. Егер айналаны ластасаңдар, айыппұл саламын, – деп қоқыраңдады Қыңырбек.
Қыңырмен қыңыр болып ит емеспіз. Жөн сөзге тоқталдық. Ақылы қызметтің артықшылықтары айтарлықтай екен. Е, мейлі, жанторсығым, жүгермектерім бір мәз болып қалды.
«Самарханда бір әпкем бар, менен де өткен сорақы» деген екен бір бейбақ. Тау етегіндегі сатылып кеткен жерге өкпем ұмытыла бастағанда ойламаған жерден тағы бір кедергіге тап болдым. Көпқабатты үйіміздің алдындағы бір жерді меншіктеп, машинамды қойып жүруші едім. Бір күні жұмыстан оралып, үйреншікті орнына қойғаным сол, қолында кішкентай жалауы бар біреу қасыма жетіп келді.
– Бұл жер ақылы. Тұраққа көлігіңізді қойғаныңыз үшін
500 теңге төлейсіз, – дейді әй-шайға қарамай.
– Оу, бұл жерге көлігімді қойып жүргеніме он жыл болды. Қайдағы ақы? – деймін берілгім келмей.
–Міне, қалалық әкімдіктің шешімі. Біз бұл жерді жекешелендіріп алғанбыз. Демек, сіздерге ақылы қызмет көрсетеміз. Таңертеңге дейін көлігіңізге көлденең көк атты ұрынбайды. Ұры-қары машинаңыздан машайық көргендей қашып жүреді, – дейді таңдайы тақылдаған тұрақ қожайыны.
Күйіп кеттім. Қайтейін. Анда барсаң да ақылы, мұнда барсаң да ақылы. Жә, бұларға көндік-ау. Мені мертіктіргені қаланың қақ ортасындағы саябақ болды. Бір топ құрдас демалыс күндері таңертеңнен кешке дейін осында серуендеуші едік. Соңғы кезде саябақта да ақылы қызмет түрлері көбейді. Көлеңке екеш көлеңке де сатылады. Мына дүниеде сатылмаған не қалды өзі?
...Келіншегім кешке алабұртып жүрді де қойды. Бала-шағаны ұйықтатып, жұмсақ төсегіне қисайғаны сол, әлдене айтпақ болып жалаңаш иығына қолымды салғаным сол, бері аунап түсті.
– Бүгінде тегін жатқан ештеңе жоқ. Дүкенге әдемі көйлек түсіпті. Соны әперсең... – дейді үздігіп.
Қанымның басыма шапқаны-ай!
– Сен немене, ақылы қызмет көрсететін көшенің қағынған қызы ма едің? – дедім ашудан қалш-қалш етіп.
Төбелес төсектен шықты.
Мұның соңы келіншегімнің төркініне көзі көгеріп кетуімен аяқталды.
Енді енеме еңіреп барып ақысын төлеп, қалыңдығымды қайтарып алуға қамданып отырмын.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ