Біреуден алда, біреуден кейін, бірде бар, бірде жоқ бола жүріп ішімізден шыққан екі-үш баланы әупірімдеп өсіріп, оларға жоғары білімді қызыл дипломдарын алып беріп ес жиямыз ба деген едік. Қ-а-й-д-а-ғ –ы. «Атаңның басы!» деген бір құрдасымыз. Расында, соның айтқаны келді. Мына қу түлкі заман қаңбақтай дөңгелентіп есімізді әлі жиғызбай келеді.
С-о-д-а-н әлгі дипломының қызылын көрсетіп, біраз жерге кіріп шыққан Оңғарбай меселі қайтып, жұмысқа орналаса алмаған соң амалсыздан пара беретін сара жолға түстік. Жоқаш деген күйеуімнің курстасы Боқаш деген жоғарыдағы жездесіне шықты. Ол таможня бастығының орынбасары боп істейтін жездесі Тоқаш дегенмен сөйлесті. «Бір ай күтіңдер» деді. Күттік. «Бір апта күтіңдер» деді. Күттік. Оған не беріп не қойғанымызды айтпай-ақ қояйын. Ақыры қайыр боп Оңғаржан таможняға тұрды.
Енді табақтай дипломын күнде жалап отырған екінші ұл Аңғарбайды салық полициясына орналастыру жорығы басталды. Анда бардық, мұнда бардық. Каналдың көзін іздеумен шаршадық. Арадағы кісінің арасына кішкентай жол көрінгенде мұндай қуанбаспыз. «Анша беру керек» деді, аншасы берілді, «Жоқ, ол аз, мұншаға көтеру керек» деді. Мұншаға көтердік. Ол мұнша жетіңкіремей, тағы да жоғарылады. Сәті түсті. Екінші ұл бірден салық полициясы бастығының төріне жақын жерден орын алды.
Қырық жыл коммунистіктің қызыл галстугін мойнына қылғындырып таққан, қазір де жүрегі лүп-лүп етіп коммунист деп соғуын тоқтатпай тұрған менің отағасым жұмысқа орналасудың мұндай қитұрқылығынан шаршап, дүниеге жаңа келгендей күйінді, пісінді. Бірақ қолынан келері жоқ. Қарадай әлдекімдерді боқтап, боралап барып басылды да, есіне әлдене түсіп кеткендей жұмысқа тұрған балаларды алдына шақырып, бүй деді:
– Оңғарбай, Аңғарбай, сендер енді азамат болдыңдар, Тазажүреков деген пәмиләларыңды давай таза ұстаңдар. Армиядан алып қал дедіңдер, алып қалдым. Осы жұмысқа тұрам дедіңдер, тұрдыңдар. Пәленшекеңнің баласы сондай екен деген жаман аттарың шықпайтын болсын. Тазажүрековтер әулеті таза жүру керек. Талай жыл зауытты басқарғанымды білесіңдер. Тинамдай нәрсе жеп көрген емеспін. Таза жүрдім, таза тұрдым…
– Бәрібір, Қазақ энциклопедиясында ең таза Адам деген ешкімнің есімі жазылған емес. Мен оны сөзінен бөліп жібердім. Аңғарбай ұлым мырс етіп, бетін бұрып әкетті. Оған қараған әкесі жоқ, сөзін жалғастырып жатыр.
– Содан соң ба, жалтағым болған жоқ. Кісінің бетіне тура қарадым, тура сөйледім. Сендер де арам дүние-мүлік жинауды мақсат тұтпаңдар. Қызметтеріңе әрқашан адал болыңдар. Бұл орындарың өздеріңе құт болсын. Тек адалдықтан айнымай жүріңдер. Пара-сара алу дегенді исключить! Қазіргі сен сияқты жастардан адам шошиды. Қу құлқындарын ойлайды да тұрады. Жүзге, мыңға бас қатырмай бірден миллиондап жегісі келеді де тұрады. Безабразие бәрі. Все, осындайдан қашық болыңдар, ақылым осы! – деді. Кіші ұл:
– Пап, өзіміз де пара бердік емес пе, осы жұмысқа тұрарда, бұл заман басқа ғой…, қай тіл басым болса, сол тілде сөйлесу керек. Пара алу тілі сумаңдап тұрса, оны жалғыз мен тоқтата алмаймын, – деп келе жатыр еді , әкесі:
– Кәнчат! Мен саған не айтып тұрмын! – деп ақырды.
Үлкені үндеген жоқ. Зейінімен тыңдағансып тұрды да, «мейлі, айтып болыңыз» дегендей, басын төмен салбыратты. Мен де жапсарласа кеттім.
– Аңғаржан-ау, Оңғаржан-ау, байқап жүріңдер. Ана наркомандармен күрес бөлімінде істейтін әлгі кім еді, Жәпектің баласы Тәпек құсап тапа тал түсте ұсталып қалмаңдар, біреуге сеніп деген ғой. Жұрттың бәрі дұшпан, қазір дос жоқ. Байқаңдар. Адалдық керек қой… Расында, адалдығымыздан аштан қатқан жоқпыз…Жұрт құсап бір ауданның жерін сатып алмадық, 2-3 зауытты жекешелендірмедік демесек. Сонда да қатардан қалған жоқпыз..… Әкелеріңдікі дұрыс қой… деп көзіме жас алдым. Балаларым мені аяп-ақ кетті.
– Уһ! – деді сол күні отағасы маңғазданған қалпы, маған көзінің арғы жағынан талай жылғы өшіп, сөніп қалған болар-болмас бір ұшқынның шетін көрсетіп ыржың етіп. Менің де езуім күлімсіруге илікпей, қатып-сеніп қалған екен, еріндерімді әрең деп қозғап күлімсірегеннің рәсімін жасадым. Екеуміз де иығымыздан салмақ азайғандай жеңіл күрсіндік. Бала-шағаның қамымен сүргіндеп жүргенде бір-біріміздің төлқұжаттағы атымызды ұмытып, қай ғасырдың қай жылында тұрғанымыз да еске келмеген екен. Мезгіл мен уақытты да сұрастыра бастадық. Сөйтсек, жиырма бірінші ғасырдың басына көтеріліп барады екенбіз ғой. О, тоба десейші. Егемендіктің есік ашқанына бір қуанғанымыз есімізде, содан бері уақыт шіркіннің жөңкуін қарашы.
…Томожныйдағы үлкен ұл арсалақтап алғашқы айлығын әкелді.
– Балам-ау, мынауың көп ақша ғой, – деп мен әлденеден сезіктеніп, аса сақтықпен сыбыр ете қалдым.
– Ну, мам… неменеге сыбырлайсың…Ұрлаған жоқпын, шамалы левыйлар болады енді.. Онсыз болмайды.. Жұртпен бірге көретін нәрсе... Ешкімнен тартып алынған жоқ, – деп ұлым күлімсіреген соң «шүкір, құдай шүкірлеп» ақшаны дәмәшній халатымның қалтасына сүңгіттім, ел қатарына жетті деген осы.
Екінші күні салық полициясына орналасқан ұлым айлығын әкелді. Өзі сәл-пәл қызулау ма, беті нарттай қызарып кетіпті.
– Алғашқы айлығымызды жу деген соң…жудық. Мынау, жуғаннан қалғаны… бірден дөңгелектеп долларға айналдырып алып келдім…
– Ойбай-ау, не дейді… балам-ау… таза айлығың осындай ма еді. Қалбалақтап, қолым қалтылдап сала берді.
– Туу, мама, үндемей ала берсеңізші енді… Кіші ұлдың дауысы жарықшанып кетті. Папам екеулерің бізді не үшін өсіріп, оқыттыңдар….. бақтыңдар...
– Иә, рас-ау, баланы не үшін өсіріп, оқыттық. Олар енді ақша тауып жатса неміз бар-ей… Мен де ойландым.
Обалы нешік, балаларым жарты жыл сыр бермей жұмыстарын істеді. Үлкен ұл астына бір машина мінді. «Мама, бір сделкадан алдым» деді. Кіші ұл жер сатып алып, үш қабатты үй салып бітіруге жақын. Коммунист әкесіне айтқан жоқпыз. Коттеджге көшерде бір-ақ білсін бәлем. «Балам-ау, байқап жүрсіңдер ме, өзі» деп мен де сақтықпен сұрап қоямын.
– Мама, қорқа бермесей, бізге енді болады, жұрттың бәрі де осыны жасап жатыр, – дейді екеуі де.
Туған күніме екі ұл бірігіп саусағыма бриллиант жүзік таққан күнді айтсайшы.. Дүниенің тап үстінде қалықтап жалғыз өзім ғана тұрғандай болдым ғой.
Балаларымның бұл ісіне отағасы не істеді де. Қуанудың орнына ер тоқымын бауырына алып, ашуланып айқай көтерсін.
– Әй, айт ана ұлдарыңа. Қызметтерін пайдаланғанды қойсын. Тегіннен- тегін дүние шашылып жатқан жоқ. Айтпады деме, бір күні.. қызметтерінен босайды да, түрмеде шіриді. Әкелерінің аузын… кімге ұқсаған өздері…
– О, жағың қарысқыр! Тілің қалай жаман. Замандары солай болса, біздің балалар қайтпек енді?! Көп емес, ептеп-ептеп жұрттың жегеніндей оларға да болады ғой.
– Қойсын дедім ғой мен оларға, қойсын!
Отағасының бұлқан-талқаны шықты. Мейлі, айқайлай берсін. Жұрттан бөлініп қайда барады Аңғарбай мен Оңғарбай. Басқаларға болады да, біздің балаларға неге болмайды? Айтыңдаршы, а? Ана біздің отағасының миы шіріп кеткен! Кебірсіген ерніміз енді майлана бастағанда кім тоқтатады. Мен де дауыс көтере бастадым:
– Сен басқарған зауытты бас инженерің бар, бас бухың бар жекешелендіріп байып, сонау Ресейге бір-ақ көшкенде осы мінезіңмен өзіңе де қимадың, өзгеге де қимадың. Тақырға отырып қалдың. Күшті болсаң өз заманыңда соларды неге тоқтатпадың? Тиіспе балаларға…заманымен өмір сүрсін! Көппен көрген ұлы той. Қара, айналаңның бәріне… О, несі-ей келіп…
Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ