Полиция – қорғаным

Келісесіздер ғой. Адамнан машина көп. Есіктің алды тұтасқан машина. Кейде жаяу жүргінші өтетін бір аяқ аттам қалдырмайды ғой бәрі. Тіркесіп тұрғаны. Ойпырым-ай, бұл байлық па? Әлде кедейлік пе?

Өзім тұратын «Сұлушаш» комплек­сіндегі  тұрғындардың машина нөмірін тіпті жатқа біліп алдым. Сырттан келетін  бөтен машиналарды  да   аңға­рам. Қойшы, машина көп бола берсін ғой... Бірақ сол машина әрі-бері жүрген  ойын балалары үшін қауіпті. Дөңгелек астына түсіп қала ма екен деп  қорқасың.  

Дүкеннен  кешке қарай екі сөмкемді азық-түлікке толтырып үйге келе жатсам бір  түсі бөлектеу екі  адам,  көршінің күнде тұратын машинасының қасында айналшықтап жүр екен. Түстері күдікті көрінді.

– Әй, жігіттер,  кімсіңдер сендер, ол машинаны неғып қарап тұрсыңдар? – демеймін бе? (Нем бар десейші?!)

– Бұл  сіздікі ме? – деді олар маған қарсы сұрақ қойып.

– Менікі болса, мінбеймін бе, осылай жаяу салпақтағанша, – дедім.

– Апай, онда шаруаңыз болмасын. Жүре беріңіз, – деді екеудің біреуі.

–  Неге болмайды? Бір нәрсесін ұрлап алайын деп тұрған шығарсыңдар.  Әйт­песе, машинаның баллонын тесіп тастағалы тұрсыңдар ма? Кім біледі сендерді? Түстерің бөлек жансыңдар. Бұл жердегі машиналардан аулақ жүріңдер. Қазір полиция шақыртам, әйтпесе.

Екі жігіт маған жақындады. Қалта­ларынан документтерін шығарды.

– Сіз шақыртар полиция алдыңызда тұрмыз.  Құжатымызбен танысыңыз.

Мен олардың құжаттарын   көзім көзілдіріксіз көрмейтін болған соң қарап та жатпадым.

–  Иә,  не боп қапты бұл машинаға? Соншама үңіліп жатырсыңдар?

Мина қойылыпты дейді осы маши­­наға.  Сосын тексеріп жатырмыз.

– Астапыралла?!  Не дейді? Тура  тұрғын үй  алдында  мина жарылса не болды?

–  Апай, шу көтермей тұра тұрыңыз. Әлі толық анықталған жоқ. Абыржы­маңыз. Тексереміз. Сіз аты-жөніңізді айтыңызшы. Қай күннен бері тұр бұл машина?

– Үнемі тұрады ғой. 66-19.

– Егесін білесіз бе?

– Ойбай, полициядан болсаңдар,  егесін осы нөмір бойынша базадан тауып алмайсыңдар ма? Менен сұрағанша.

– Апай грамотный. Бәрін біліп тұр, – деді бірі.

– Мені аспаннан осылай кемпір боп түсе қалды дейсіңдер ме? Біз де қызмет істегенбіз. Оқығанбыз, тоқығанбыз дегендей.

–  Машина  қашаннан бері осылай тұр?

–  Бағана бір сағат бұрын дүкенге шыққанда тұрған.

–  Машинананың   қасында  бөтен біреуді байқамадыңыз ба?   

–  Жо-жоқ!

Құдай-ау, нем бар еді осы машинаға араласып. Сұрақтың астында қалдым. Мен де тыпырши бастадым.

–  Сендер өстіп тұрғанда  «минасы бар» деп тұрған машина жарылып кетсе қайтесіңдер? Бәріміз кетеміз ғой. Мына үйлерге де қауіпті. Менің тереземнің нақ алдында тұр. Бір шара жасасаңдаршы тездетіп.

Асығатын олар жоқ.

 – Бізде қызмет осындай. Жай жүрген жоқпыз. Өлсек өлеміз, жарылсақ жарыламыз, – деді олар еш әбіржіместен.

– Қарақтарым, мен айтарымды айттым. Енді кете берейін бе? – дедім.

– Мына қағазға қол қойыңыз. Сосын нөмірі 12-ші полиция  бөлімшесіне шақыртқанда келетін болыңыз, – деді екінші жігіт. Олардан  және «мина бар» деген  мына машинаның қасынан тезірек құтылғанша асығып «иә, иә» деп мен де кеттім. 

Подъездің ішіне кіре бергенімде  жаңағы машина гүр етіп оталғанын байқадым. Келіп, терезеден қарағанымда машина зым-зия жоқ болды.

– Е, машинада мина болмаған ғой, – деп мен де қуандым.

Артынша көршінің  есік алдына қойып кеткен  машинасы ұрланған хабары естілді. Өзі іссапармен шетелде болған кез екен. Нағыз тергеу  енді бас­талды. Маған кенеттен жұмыс табылды. Полиция бөлімшесіне шақыртады.

–  Сол күні  сізбен сөйлескен жігіттер  мынау ма,  әлде мынау ма? Жүз сурет көрген шығармын.

–  Қандай қағазға қол қойдыңыз? Мынадай ма, анадай ма?

–  Көрсеткен  полиция құжаты  есіңізде ме?  Мынаған ұқсай ма?

Әбден шаршап,  екі айдан астам бөлімшеге сандалдым. Қазір ой түйдім. «Айналаға қарамау керек. Еш нәрсе бай­қамау, көрмеу керек. Еш нәрсе естімеу керек. Артық бір нәрсе білмеу керек. Айт­пақшы, ешкімге жаны ашымау ке­рек». Көр, соқыр, мылқау болсаң  бәрінен  жақсы. Өйтпесең, саған полиция да қорған бола алмайды. 

Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ