Біреулер бұл бастамадан баянды болашақ күтсе, екіншілер ертеңіне күмәнмен қарағандығы рас. Алайда жоба өміршеңдігін дәлелдеп, Әулиеата жеріне өңір-өңірлерден асыраушы сала мамандары ағылды. Нәтижесінде, жоба «Ауыл аманаты» атауымен ел көлемінде көкжиегі кеңейе түсті.
Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2019–2020 жылдары қаржыландырылған 11 округ бойынша мал басы 57,3 мыңға немесе 121 пайызға көбейген. 2021 жылы болса, 3 округте төрт түлік саны 4 694 басқа немесе 112 пайызға артқан.
– Жоба алғашқы сәттен-ақ өз тиімділігін дәлелдеді. Биыл 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 26 округті қаржыландыру ұсынылып отыр. Аталған округтерде 69 514 адам тұрып жатса, аула саны – 13 157. Алдын ала жасалған скриниг нәтижесінде округтердегі 3 923 жобаға 18,6 миллиард теңге қажет екені анықталды. Биылғы 20 шілдеде жалпы сомасы 13 миллиард теңгеге 2 146 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгеге теңелген 323 өтінім қанағаттандырылды. Барлығы – мал санын көбейту бағытындағы жобалар, – дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков.
Өзге бағыттар бойынша тоқталсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағытына 412,9 миллион теңге қажет.
Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану бағыты бойынша 545,9 миллион теңге белгіленген. Дәл қазір кооперативтердің жер көлемдері нақтылануда.
Құрылатын 26 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 332 дана ауыл шаруашылығы техникаларын алу үшін 3,2 миллиард теңге бөлінген.
Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына келсек, 159 жобаға 1,2 миллиард теңге межеленген. Бұл бағытқа «эко чикен» және «гидропоника» жобалары да енгізіліп отыр.
Жалпы, жеке кәсібін ашу және жылыжай құрылысына 156,9 миллион теңгеге 23 өтінім келіп түссе, оның қазіргі таңда 8,5 миллион теңгеге 1 өтінімі қаржыландырылған.
2019–2021 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қаржыландырылған ауылдық округтерде зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құрамында ауыл шаруашылығы, ветеринария басқарамалары және «Тараз» ӘКК» АҚ мамандары бар жұмысшы топ құрылған. Осы жұмысшы топ 14 ауылдық округте мониторинг жүргізіп, қанат қақты жобаның барысын барлаған. Алайда жобаны жұртқа түсіндіру бағытында әлі де кенжелеп тұрған тұсымыз бар. Бұл жөнінде күні кеше Жамбыл ауданы Қарасу ауылдық округінің тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов баса айтты.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда жыл өткен сайын ағын су мәселесі күрделеніп барады. Сондықтан егістік алқабына су үнемдеу технологияларын енгізу, ұңғыма қазу жұмыстарын мықтап қолға алуымыз керек. Оның 50 пайызға дейінгі шығынын Үкімет төлеп береді. Біздің негізгі мақсат – тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылға қарай облыстағы барлық ауылдық округті қаржыландыру көзделуде. Алайда жобаның шарттарын тұрғындарға түсіндіру жұмыстары әлі де әлсіз, – деген аймақ басшысы аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларының жұмысын сын тезіне алды.
– Аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, басқарма мен бөлім басшылары халықпен жиі кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ түріп, мәселелерін шешуге күш салуы керек. Кері байланыс болмай, кеңседе отырып мәселе шешілмейді. Түсіндіру жұмыстарының жоқтығынан жергілікті жерде түйінді түйткілдер қордаланып қалған. Әкімдердің жұмысқа деген жаңаша көзқарасы керек. Шаруаларды ең өзекті болып тұрғын ағын сумен қамтудан бөлек, мал сатып алып ғана қоймай, оны асылдандыру керек. Сонда ғана біз жобаның жемісін көре аламыз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Қалай дегенде де, халық жобаның шарапатын көріп отыр. Сондай-ақ баянды бастамаға жаңа көзқарастың да керек екені рас. Сондықтан жауапты мамандар сыннан сабақ шығарады деп сенеміз. Ең бастысы, тұрғындардың тұрмысын арттыруға бағытталған жоба жүрісінен жаңылмай, толықтай өз функциясын орындайды деген үміт зор.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы