Газетімізде бұған дейін Жетісу облысындағы ежелгі елді мекен, заманында уезд орталығы, кейіннен аудан орталығы болған Қапал ауылындағы талай тарихи оқиғаға куә болған, кезінде сәулетімен таңдай қақтырған құнды ғимараттардың жай-күйі туралы бірнеше рет дабыл қаққан мақалалар жарияланған еді.
Қапалдағы қос ғасырдың куәсі
1,252
оқылды

Қазақ зиялыларының ізі қалған, танымал тұлғаларға қоныс болған үйлер мен ескі мешіттің мүшкіл жағдайын жазып, тез арада жанашыр табылмаса немесе мемлекет қамқорлығына алынбаса, баға жетпес құндылықтардан айырылып қалатынымызды жеткізуге тырысқанбыз. Содан бері мемлекет тарапынан немесе облыстық, аудандық әкімдік жағынан нақты істер қолға алынды деп айта алмаймыз. Дегенмен жергілікті қалталы азаматтар арасынан тарихи нысандарды қайта қалпына келтіруге бірқатар қадам жасала бастады. 

Мешіт мәселесі түбегейлі шешілмеген­мен, жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Ал елді мекендегі ең еңселі әрі сәулетті ғимараттардың бірі болған, ХІХ ғасырдың өзінде сол замандағы қазақтың беткеұстар тұлғаларының табаны тиген, салынғанына 200 жылға жуықтаған еңселі жеке үйдің қазіргі қалпы көңілге үміт сыйлап, елдің өткенінен өнеге алып, болашаққа үлгі ретінде ұсынатын жанашыр жандардың барлығына көз жеткізеді. 

Екі ғасырдың куәсі болған үйдің жағдайы ХХІ ғасырда тым нашарлап кеткен еді. Қараусыз қалып, оқшауланып, ешкімге керексіздіктен күйі қашқан ғимарат құлауға айналған шақта жақсы істерге жаны ашып, елдің қамын күйттеп жүретін өңірге белгілі кәсіпкер әрі белсенді қоғам қайраткері Алмасбек Садырбаевтың көзіне түскеннен кейін барып, қайта түледі. 

«Қапалдағы тарихи ғимараттардың жай-күйі көптен бері толғандыратын. Сол жаққа жолым түскенде, көз алдымызда құрып бара жатқан өткен ғасырлардың куәсіндей, заманында сәулеті мен дәулеті келіскен, талай тұлғалардың табанының ізі, қолының табы қалған үйлерге ішім ашып, амалсыздықтан бармақ тістей­тін­мін. Соның ішінде жылдар бойы қараусыз қалса да сыны кетпегендіктен, назар аудартпай қоймайтын көпес Шаяхмет Абсаттаровтың үйіне көңілім қатты құлады. Жалпы Қапалдағы ескі нысанның барлығында осы өлкенің тарихы тұнып тұр. Егер оларды бастапқы қалпына кел­тіріп, дұрыс насихаттай білсек, туристердің алыс-жақыннан ағылары анық», – дейді Алмасбек Жұмабекұлы. 

Елге есімі белгілі кәсіпкердің ғима­рат­қа қатысты ұсынысын жергілікті атқарушы билік қуана құптады. Өйткені ондағы­лардың да тарихи нысандарға жаны аши­тын, алайда қолдары қысқа еді. Өз бетімен шешім қабылдауға да бара алмайтын. Екі жақ келіскеннен кейін қайта қалпына келтіру жұмыстары да кешікпей басталып кеткен. Ел игілігі үшін істелер ортақ іске атсалысқысы келетіндер аз болмай шықты. Бірінші кезекте үй орналасқан аумақ қоршалып, ескі үйлерді ойнайтын жерге айналдырып алған жергілікті балалардың құрылыс алаңына кірмеуі қамтамасыз етілді. Одан кейін ғимараттың салбырап кеткен төбесі аршылды. Барлығы қолмен атқарылыпты. Осыдан 150-200 жыл бұрын салынған бөренелі құрылысқа негізінен диаметрі 70 санти­метрлік бөренелер пайдаланылыпты. Өте ауыр құрылыс материалдарын сол кездегі құрылысшы­лардың қалай көтеріп, қалай қиюлас­тыр­ғанын қазір тап басып айту қиын. Қалай болғанда да, қазіргідей арнайы техника жоқ кезде, осындай үлкен үйді тұрғызған құрылысшылардың шы­дамы мен шебер­лігіне тәнті боласың. 

ХІХ ғасырда Қапалдың аты да, заты да басқа елді мекендерден озық болған. Шын­дығында, ол Жетісу өңірінің орта­лығы міндетін атқарған десек артық айта қоймаспыз. Ауқатты қазақтар мен татарлар көптеп қоныстанған. Басқа ұлттың да зиялылары осында тұрақтаған. Сол заманға сай үлкенді-кішілі кәсіпорындар жұмыс істеген, оқу орындары орналасқан. Әсіресе, көпестердің шаруасы шарықтап, алыс-жақынмен байланысы өркендеп тұрған. Сол ауқатты қапалдықтар арасын­дағы Шаяхмет Абсаттаровтың есімі Жеті­су­­дағы ғана емес, сол уақыттағы қазақ дала­сындағы ең бай адамдардың қатарын­да аталған. «Бүгінгі замандағы Forbes журналының баламасы сол кезде шығып тұрғанда, қапалдық атақты көпестің есімі ал­ғашқы ондықта тұруы мүмкін еді» де­генді тарихшылар да жоққа шығармайды. Ресей империясының бірінші гильдиялы көпесі патша сарайына мал мен аң-құстың сапалы етін, жел жетпес сәйгүліктер мен алтынмен апталып, күміспен күптелген ат әбзелдерін, қару-жарақ және тағы басқа құнды жәдігерлерді жеткізіп тұрған. Байлығы жөнінде жергілікті байлардың бірі­мен бәсекеге түскенде, ақшамен самаурын қайнатқаны жайлы да айтылады. Алайда бұған қарап, көпес даңғой, шашпа, мақтаншақ болыпты деген пікір ой туындамауы керек. Сол заманда Жетісу өңіріндегі елге ғана емес, қалың қазаққа аты мәшһүр белгілі тұлға, ағартушы болған Тұрысбек қажы Маманұлымен тығыз байланыс орнатып, Ақсу аймағында алғашқы ашылған білім ошағы «Мамания» мектебіне материалдық қолдау көрсетіп тұрған, сирек кездесетін кітаптарды тарту етіп, білімді мұғалімдердің келуіне ықпал еткені жайлы тарихи деректер бар. Өзі де сол заманға сай жақсы білімді болған көпес Қапалдағы мектепке де тұрақты қамқорлық көрсеткен. Орта деңгейдегі меценаттар мектепке деп 500 рубльден жәрдем жасаса, Шаяхмет Абсаттаров 2 мың рубль атап отырған. Осылайша, жергілікті балалардың оқуына, жастардың алған білімдерін одан ары жетілдіруіне жағдай жасауға өзінің үлкен үлесін қосқан. 

Қапалдық көпес қонақжайлылығымен де дараланған. Шаяхмет көпестің үйіне Абай Құнанбаев аялдап, Шоқан Уәлиханов қонақ болған. Қазақ даласына саяхаттау барысында Жетісу жеріне де жолы түскен әлемге белгілі ағылшын саяхатшысы, жазушы, суретші әрі сәулетші Томас Аткинсон қосағы Люсимен бірге Абсаттаровтың үйіне қона жатып, деректер жинаған. Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірге арнайы келген сол Аткинсонның ұрпақтары да ата-бабасы су ішкен Тамшы­бұлаққа тоқтап, мөлдір суға мейірлерін қандырып, Қапалдағы тарихи ғимарат­тарды тамашалаған. 

Томас Аткинсон сапарларының бірінде өзі тоқтаған үйдің бірнеше суретін салыпты. Архивтерде үйдің кейіннен түсірілген бірнеше фотосуреті де сақталыпты. Осынау тарихи ғимаратты қалпына келтіруге бел буған Алмасбектің арнайы шақыруымен игілікті әрі сауапты істі қолға алған белгілі фотограф, қолөнерші, ағаш шебері Жеңіс Ысқабай сол суреттерді үлгі ретінде ұстанып, басты назарға алады. Үш жылға жуық уақытта біраз шаруа атқарылған. Сызбаларға сүйенген, сақталып қалған фотосуреттерді басшылыққа алған шебер көпес үйінің сыртқы кейпін сол бойы сақтап қалуға тырысқан. Ол үшін байырғы құрылыс технологияларын қолданыпты. 

«Негізгі жұмыстың барлығы коро­навирус індеті кезінде істелді. Оқшау­ланудан, жұмысты үйде отырып атқарудан шаршаған шақтар еді. Қалпына келтірудің қаншаға созылатынын болжай алмадық. Карантин талаптарын сақтау үшін жұ­мысты шағын құраммен жүргіздік. Көбіне таза ауада жұмыс істегенімізге қарамастан, бетпердені тастаған жоқпыз, сақтық шараларын ұстандық. Ақыры еңбегіміз ақталды», – дейді Жеңіс Ысқабай. 

Қазір қалпына келтірілген үйдің сырт­қы көрінісі көз қуантады. Аздаған жұмыс­тары қалыпты. Бірер айдан кейін толық аяқталады. Бастапқы ұсыныстар бойынша үлкен бөлмелердің біріне музей орналас­тырылады. Кезінде Қапалда тұрған тұлға­лардың қазір әлемнің әр түкпірінде тірлік ететін ұрпақтары мен жергілікті жұрт болашақ музейге деп тапсырған алғашқы жәдігерлер де жинала бастапты. Олардың ең бастысы – ақшамен шай қайнатқан әйгілі мыс самауыр. Сонымен бірге ХІХ ғасырда қолданыста болған суық қару түрлері бар. 

«Шаяхмет көпестің үйін қалпына келтіруге Ақсу ауданының фермерлері де көмектесті. Олардың көбі елге ортақ игілікті іс – мәдени әрі тарихи құндылықты қалпына келтіруге шама-шарқынша үлес қосты. Жергілікті билік үйді мемлекетке өткузді ұсынып отыр. Алайда біз алғашқы кездері өз тарапымыздан тұрақты түрде қаржыландырмақпыз. Туризм нысаны ретінде өзін-өзі ақтайтын дәрежеге жеткен кезде көре жатармыз. Бұдан табыс табайық деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, түсетін қаржының үйді осы қалпында ұстап тұруына жеткілікті болатын деңгейге жетуі. Музей қорын тарихи жәдігерлермен, құнды құжаттармен толықтырам деуші­лерді қуана қарсы аламыз», – дейді кәсіп­кер меценат Алмасбек Садырбаев. 

 Мақаланың басында жазғанымыздай, Қапал ауылы уезд орталығы, кейіннен аудан орталығы болып тұрғанда көркімен көз тамсандырып, мәдени, әдеби, рухани тірлігімен елді тәнті еткен. Шаруашылық­тары да өз заманында алдан көрініп, дамудан кенжелемеген. Халық саны да тұрақты болған. 1997 жылы аудан орталығы мәртебесінен айырылғаннан бері елді мекеннің еңсесі пәс тартып, басқа ғима­рат­тарды айтпағанда, тарихтан тамыр тартатын нысандардың да күйі кетіп, қараусыздықтан тозып кетті. Тұрғындар саны азайды. Өндіріс өшіп, ауыл шаруа­шылығы кері кетті. Респуб­ликаға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі болған «Қапал-Арасан» шипа­жайы­ның шипасы біткен. Талайларды тамсандырған, қыстың көзі қырауда да буы бұрқырап жататын Тамшыбұлақтан да ажар қашып, сұрықсызданып барады. Дәл қазір «Қапал ауданын қайта құру қажет» деген пікірлер жиі болмаса да, айтылып қалады. Аймақ­тың Қытаймен арадағы мемлекеттік шекараның бойында орналас­қа­нын ескерсек, бүгінде сол шекара сызы­ғын бойлай қоныстанған елді мекендердің тарқап, жабылып жатқанын ойласақ, жергілікті жұрттың бұл ұсынысын құптау қажет. Әзірге өңірге инвестиция тарту және жоғары жақтан нақты жанашырлық керек. Сонда ғана Қапалдың бір кездегі даңқы қайта оралып, еліміздегі ең танымал туристік өңірлердің біріне айналады.

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы