Қазір тұрмысқа шығатын қыздардың той алдында құр­­­быларымен бас қосып, hen party кешін өткізуі трен­д­ке айналды.
Hen party қайдан шыққан?
1,073
оқылды

Бірі бұл жиынды клубта атап өтсе, енді бірі караоке-барларда, табиғат аясында, Spa-са­лондар мен лимузиндерде ұйымдастырады. Осы­лайша, сауықкеш өткізу жарысқа айналып барады. Бұл салттың қайдан шыққанын, біздің қоғамға қа­лай әсер етіп жатқанын сарапшылардан сұрап көр­дік. 

Бұлбұл КӘПҚЫЗЫ, 

этнограф: 

Ысырапқа жол берген дұрыс емес

– Жалпы тұрмысқа шы­ғатын қыздың туыс­қан­дарымен, құрбылары­мен, ауылымен қоштасуы бұ­­­рыннан бар. Қызға жа­қын­дары дастарқан жайып, қимас дү­ниелерін сыйға тартқан. Қазіргі жас­тар­дың бетін қайтара беруге болмайды. Егер hen party-да, яғ­ни «құрбы шайда» қыздар әдептен аттап кетпесе, бәрі ор­ны­мен болса, неге қарсы боламыз? Дәстүрдің озығы да, то­зы­ғы да бар. Жастардың жаңашылдығын қолдауымыз керек. Бұрын қыздарымыз алысқа ұзатылған. Ал бүгінде қыздар күйеуге шыққаннан кейін өз ортасынан алыстап кетпейді. Әлеу­меттік желі де, байланыс та дамыған. Мұндай жағдайда тұр­мысқа шығатын қыз еркін өмірімен қоштасып, достарымен әде­мі сырласу кешін жасап атап өтсе артық емес. Бірақ шеттен шығып, алкогольді ішімдік ішіп, ысырапқа жол бергендері дұ­рыс емес. Кейбір қыздар hen party жасауда «бір-бірімізден аса­мыз» деп жарысады. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып се­кіреді» деген сөз бар. Нen party өткіземіз деп астамшылық пен ысырапқа жол берген дұрыс емес. Ежелгі қазақ қоғамы «қыз­ды қырық үйден тыю керек» деген. Қазір қыздың қылы­ғын бүкіл әлеуметтік желі аңдып отыр. Сондықтан «құрбы шай» өткізудің де өз талабы болуы шарт. 

 

Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ

Халықаралық құқық маманы:

Hen party  – жаһанданудың тенденциясы

– Нen party жасауды қа­зақ­тың «бастаңғы» дәс­түріне ұқсатып жатады. Бірақ бастаң­ғы­ның өткізілуі мен тәртібі бөлек. Ал hen party-дың тарихы әйелдердің құқығын қор­ғаумен тікелей байланысты. Жалпы АҚШ-та, Канадада бұл жиын­ды Bachelorette party деп атаса, Ұлыбритания, Ауст­ра­лияда hen party дейді. Яғни бойдақтықпен қоштасу кеші. «Нen» деген сөз ХVII ғасырда «әйел» деген сөздің сленгі ре­тінде қолданыла бастаған. Бұл – жазылмаған дәстүр, қоғамда қалыптасқан мә­дениет. Сондықтан бұған мемлекет те, заң да дұрыс немесе бұрыс деп баға бере алмайды. Адамдардың таң­дау құқығы бойын­ша өзі өткізетін қалауларының жиынтығы. Мен осын­дай hen party-ге қарағанда бастаңғыны немесе ежел­де қа­зақтарда той күні белгіленгеннен кейін жеңгелері күн­де кешке қыз­ды шайға шақыратын дәстүрді қалпына кел­тірейік деген әртүрлі пікірлерді оқыдым. Бірақ hen party  жаһан­данудың тенденциясы болғандықтан, біз оны бастаң­ғы­мен алмастыра ал­маймыз. Медиаларда hen party-ды «қы­зойнақ» деп те ауда­рып қолданады. Алайда бұлай аудару дұрыс емес. Себебі «ой­нақ» деген сөз негативті жа­ғынан қолданылады. Ал hen party – той алдында қыздың құр­быларымен сырласу кеші. Гендерлік зерттеулерде hen party-дың тарихын зерттеген кітап 1998 жылы басылып шықты. Бірақ антрополог ғалымдардың айтуынша, ежелгі Грекияда той ал­дында тек әйелдер жиналып, ойын-сауық кешін өткізген. Бұл ХХІ ғасырда қайта жанданған тен­денция болып санал­ғанымен, АҚШ-та және Батыс ел­дерінде 1980 жылдардан бастап зерттеле бастады. Үрдістің за­манға сай тойлану сипаты да өзгере бастаған. Тойдың эва­люциясы адамзаттың дамуы­мен, кез келген елдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуымен тік­елей байланысты болғандықтан, мұны той мәдениетінен, әйел құқығы тұрғысынан бөліп қарау дұрыс емес. Орта ғасырда hen party ұзатылатын қыздың «ер­кін­дігімен» қоштасу кеші болған. Яғни әйел тұрмысқа шық­қан кезде өзінің еркіндігін жоғалтқан. Екінші жағынан қара­сақ, құрбылары ұза­ты­латын қызға «жаңа өмірге қадам басып жа­тырсың, ба­қыт­ты бол» деп тілек айтып, кеш өткізеді. Сон­дықтан тырнақ асты­нан кір іздеудің қажеті жоқ. Той ал­дын­дағы жиын, әр мем­лекетте әртүрлі сипатта қолданылады. Қа­зақстанда біреу­лер арнайы тақырып аясында өткізеді. Бұл – әр қыздың өз таңдауы. 

Дайындаған К.ЕСІМ