Біздің бүгінгі кейіпкер – Ольга Григорьева. Өзі журналист, ақын, әдебиеттанушы, Марина Цветаева атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың (2008), Павел Васильев атындағы республикалық сыйлықтың (2010) лауреаты. Еңбек жолын Павлодар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінде бастаған ол осында көп жыл жұмыс істеген.
«Салалық журналистика ақсап тұр» – Ольга Григорьева
891
оқылды

Бүгінде мәдениет қайраткері Павлодардағы Славян мәдени орталығының басқарма мүшесі әрі жазушы Анастасия Цветаева мұражайының жетекшісі. Осы күнде Павлодар, Омбы, Алматы, Мәскеуде жарық көрген 20-ға жуық поэтикалық кітаптың, балаларға арналған 12 кітаптың авторы.

– Ольга Григорьевна, ұзақ жылдар бойы облыстық газетте жұмыс істедіңіз. Басылым талай өзекті де өткір мәселелер көтерді, олар шешіліп те жатты. Содан бері ­не өз­гер­ді? Қазір облыстық басылым­дар өз сал­мағын жоғалтып алғандай емес пе?

– «Звезда Прииртышья» га­зетінде 30 жылдай еңбек еттім. Сол ара­лықта хат алмасу, ақпарат, мәдениет се­кілді түрлі бөлімде істедім. Басты мақ­са­тымыз – облыс жұртшылығын толған­дыр­ған мәселелерді қозғап, кез келген ушы­ғып тұрған жағдайдың басы-қасын­да болып, өзектілігін газет бетінде көте­ріп отырдық. Шынын айтқанда, сол уа­қытта облыстық басылымдарда проб­ле­малық және талдамалық материал­дар­дың болуы міндетті болатын. Міне, со­ның арқасында біз шынымен көп адамға кө­мектесіп, облыс көлемінде біраз мә­се­лені шешуге атсалыстық. Қазір де осын­дай материалдар қатты қажет. Бірақ ондай дүниелер күннен-күнге азайып барады. Оның бір себебі – қандай да мәселені кө­термес бұрын терең зерттеп-зерде­лей­тін білікті маманның болмауы. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын түсініп, ше­мішкеше шағатын маман саусақпен са­нарлық. Тіпті, қазір кез келген саланы те­реңінен тербей алатын тілші жоқтың қа­сы. Бүгінгі журналистика ақпарат та­ра­тумен ғана шектеліп отыр. Ал ақпа­рат­ты сараптау, оны жан-жақты сара­лаудан мүлдем қалдық. 

– Бұрын облыстық басылымда жұ­мыс істесе, журналистік ортаны сезінуіне, яғни мықты тілші болып қалыптасуына маңызы зор деп есептелетін. Тіпті, кезінде мерзімді баспасөз мемлекет құрылымының жасақ­талуына ықпал еткен. Бүгінде сол нәрсе әлі бар ма? Әлде әшейін көзбояушылық па?  

– Кез келген журналист үшін облыс­тық газетте жұмыс істеу – үлкен мектеп. Мұнда ең алдымен жазылған әрбір сөзге жауап­кершілікті сезінуді үйретеді. «Қа­лам­мен жазылғанды балтамен шаба ал­майсың» деп бекер айталмаған ғой, осын­дай қайнаған ортада тілші нақты, же­дел, ауқымды жұмыс істеуге машық­тан­дыра түседі. Бұған облыстық «Звезда Приир­тышья» газеті жақсы дәлел. Өйт­ке­ні басылым қаншама жас журналис­тер­дің жолын ашып, олардың бағын жақ­ты. 

Ал енді мерзімді баспасөздің қоғамда алар орны қашан да зор. Бұл кеңестік кезеңдегі журналистикамен баяғыда дә­лелденген. Сондықтан қазіргі жаңа де­мок­ратиялық Қазақстан құрып жат­қанымызда осыны халықтың ақыл-ойы мен жүрегіне әсер етудің тетігі ретінде пай­далану қажет. Әрине, бұл үшін мем­ле­кеттің қолдауы керек. Сонымен қатар мер­зімді баспасөзге ұстаздарды тарта оты­рып, оқушылар мен студенттерді қы­зықтырамыз.  Сөйтіп, газет-журнал оқи­тын ұлтқа айналу үшін қайта білек сы­бана күресуіміз тиіс. 

– 2007 жылы «Үздік балалар тіл­ші­сі» ретінде марапатталдыңыз. Шынын айт­сақ, қазір бізде балаларға арнап жазатын тілшілер бар ма? Біз­де бұл жайында сөз қозғалса да, не­гізінен балалар әдебиеті ғана айтылады емес пе?  

– Иә, бұл – еңбек жолымдағы есте қа­лар жағымды сәттің бірі. Себебі есіл ең­бегім еленген марапат. Өйткені «Звез­да Прииртышья» басылымында  «До­мо­ве­нок» парақшасын шығарып, ұзақ жыл­дар бойы жүргіздім. 90 жылдар ғой, ба­лалардың жазбалары мен өлеңдері об­лыстық басылымға, яғни салмақты газет­ке шығуы таңсық еді. Ең қызығы, біз балалардың өлеңдерін, әңгімелерін жа­риялаумен ғана шектелмедік. Сол жаз­балардың арасында талай байқау да жа­рияладық. Тіпті, балалардың шығар­малары жинақталған екі тамаша жинақ шығардық: «Добрый друг Домовёнок» деген бір әріптен басталатын кітапша мен «Село моё родное» атты балалардың өз ауылы жайында жазған әңгімелер жи­нағы болды. Осылай балалар парақ­шасы арқылы газеттің таралымы да арта түсті. Газетті үлкендер ғана емес,  балалар оқи бастады. Оның үстіне, әр ата-ана ба­ла­сының шығармасын көру үшін га­зет­ке жаппай жазыла бастады. 

Әрине, бүгінде көп газет-журналда ба­лаларға арналған айдарлар жоқ емес, бар. Бірақ біздің «Домовенок» парақ­ша­сы әлі де өмір сүріп жатқаны және жас оқыр­мандардан қол үзбегеніне қуаныш­тымын. Бұл парақшаны қазір балалар ақы­ны, Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі Елена Игнатовская жүргізе­ді. Ал енді облыста балаларға арналған арнайы басылым болмағандықтан бү­гінде балаларға арнап жазатын тілшінің бар-жоғы бел­гі­сіз. Бірақ  «Дружные ребя­та» респуб­ли­калық балалар газетін­де мықты жур­налистер жұмыс істейді. 

– Бір емес, бірнеше мамандықтың ие­сісіз. Тілші, фотограф, пуб­ли­цист, әде­биет­танушы, балалар жазу­шы­сы­сыз, осы­ның қайсысы жаныңызға жа­қын? Жалпы, қартайған шағында тілші кім бола алады?

– Ешқайсысын бөліп-жарып айта ал­­­маймын, жаныма бәрі жақын. Суретке тү­сіргенді де, балаларға өлең жазғанды да ұнатамын. Әуелде балаларға арнасам, қазір немерелеріме арнап шығарамын. Шы­нын айтқанда, бәрі бір-біріне сабақ­та­сып жатқан дүние ғой. Мысалы, Пав­ло­дардағы Славян мәдени орталығында орыс жазушысы Анастасия Цветаева мұражайын ашып, жетекшілік еткеніме 9 жылдан асты. Ал оның шығарма­шы­лы­ғын зерттеуге түрткі болған тілшілік қыз­метім еді. 90 жылдардың аяғында «Анас­тасия Цветаева Павлодарда» деген үл­кен очерк жаздым. Артынан Цветаева жүр­ген жолмен жүріп, тақырыпты то­лық­­тыра бастап, қалай зерттеп кетке­нім­ді түсінбей қалдым. Осыған байла­ныс­ты түрлі ғылыми конференцияға қа­тысып, экспонаттарды жинап кеттім. Нә­тижесінде, Цветаева атында мұражай ашып, жаным қалаған дүниемен айналы­сып жүрмін. Сондықтан егер тілшінің жаны шығармашылықтан алыс болмаса, зей­нетке шықса да бос отырмайтыны бел­гілі. Бірі шәкірт тәрбиелесе, енді бірі Сер­гей Горбунов, Юрий Поминов секіл­ді өзін жазушылықтан тапса, көбісі қо­ғам­дық жұмыстармен айналысып, қоғам қайраткеріне айналады. 

– Қазақ тілін қаншалықты жақсы бі­ле­сіз?

– Мектепте де, жоғары оқу орнында да қазақ тілін оқыдым. Сондықтан да қа­зақша білемін. Бірақ ортамыз, ойымыз орысша болған соң қазақша сайрай ал­маймыз. Өкініштісі осы. Алайда осының ор­нын толтыру үшін балаларға арнап мем­лекеттік тілді үйренуге арналған бір­аз кітап шығардым. Атап айтсам, «Са­моу­читель казахского языка для малы­шей» оқулығы бір емес, бірнеше рет шы­ғарылды. Сондағы мақсат – балаға қа­зақшаны ойын түрінде үйрету. Яғни, қыс­қа әрі жеңіл түрде өлең жолдармен жа­зылған. 

– Новосібірдің тумасысыз, туған же­ріңіз­ге оралғыңыз келмей ме?

– Рас, сол жақта дүниеге келгенмін. Қа­зақстанға 14 жасымда көшіп келдік. Ар­тынан университет бітірген соң Алма­ты­дан Павлодарға көшіп бардық. Өмі­рім­нің басым бөлігі, яғни 45 жылым осын­да өтті. Аз уақыт емес. Әкем де, ше­­­шем де осын­да жерленді. Балаларым да осында дү­ниеге келді. Кітаптарым да осында жа­зылды. Өз қаламды жақсы көремін, бұл жерден кету ойымда да жоқ. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Анар ҚОНЫС