Қылмысты ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.
Павлодарлық полицейлер құны 2,5 миллион  доллардан асатын есірткі тәркіледі
1,314
оқылды

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан арқылы өткен героиннің ірі партиясы «транзитінің» жолын кесті, – деп хабарлады Polisia.kz.

– Биылғы шілдеде Павлодар – Омбы бағытындағы жолда арнайы жасақтың көмегімен жүк көлігін тізгіндеген 54 жастағы Қырғызстан азаматы ұсталды. Жүк көлігінің Volvo маркалы тіркемесінде Қырғызстаннан Ресейге жеткізілуі тиіс қарбызбен қоса, 59 келі «героин» салынған 21 полиэтиленді орама және 10 келі «гашиш» салынған екі орама анықталып, тәркіленді, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Бұл шамамен 250 мың бірреттік доза, оның қара нарықтағы құны 2,5 миллион доллардан асады. ҚР ҚК-нің 286-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды (Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы). Қылмысты ұйымдастырушыға мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

– Қазір осы есірткі қылмысының өзге қатысушылары мен ұйымдастырушыларын, сондай-ақ есірткі жеткізудің басқа да ықтимал арналарын анықтау бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Асқар Мұхаметқалиев.