Соңғы жылдары арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсететін мекемелер мен ондағы қызмет алушылардың саны жылдан-жылға көбейіп келеді.
Жақыннан жәрдемақы қымбат
874
оқылды

Сондай-ақ оларға бөлінетін бюджет қаражаты да өсіп, жәрдемақы көлемі де артқан. Қамкөңіл жандардың қам­қорлыққа алынғаны жөн-ақ. Тек соңғы сағаттары соққанша мемле­кет­тің қарауында қалған сырқат жандардың жылдар бойы жиналған қаражаты кімдерге тиесілі болғаны дұрыс?    

Сырқаттан «сыбаға» дәметкен

Былтыр Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету ор­талығы» коммуналдық мемлекеттік меке­месіне барған едік. Орталықта 370 емделуші бар екен. Олардың барлығы – психо­не­вро­логиялық аурулармен ауыратын, күтімге, тұрмыстық және медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж жандар. Оның ішінде 85 қызмет алушыдан жақындары толықтай бас тартқан. Қызмет алушылардың ара­сында бір емес, бірнеше сырқаты барлары да кездеседі. Шизофрения, эпилепсия, аутизм, ақыл-есі кем, даун, альцгеймер. Әрбір диагноз сатылап бөлінеді. Сон­дықтан әр емделушіге бір-бір күтушіден керек. Мәселен, қазір осынша қызмет алушыға 270 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Ал олардың арасында төсек тар­тып, арбаға таңылған 40-қа жуық емделуші бар. Осы жылдар ішінде 3  қызмет алушыны өз отбасы қамқорлығына алыпты. Бұл 100-дің тек 0,08 пайызы ғана.

Сол сапарымызда мекеме директоры Назарбек Көкен «Әлеуметтік салада жұмыс істейтін санитаркалар ересектердің жөр­гегін уақытылы ауыстырып, жуындырады. Кейбірі өзге түгілі өз баласының жөргегін ауыстырғанға жиіркенеді. Ал олар осының бәрін істейді, көндігеді. Төсекке таңылып, арбаға түскен қаншама қызмет алушының көңілін бағып, тәулік бойы күтім жасайды» деген болатын. Оның айтуынша, әрбір емделушіге бір күтушіден керек. Өйткені оларды бақылау қиын. Оның үстіне, әрқайсысының мінезі әртүрлі. Негізінде, емделушілердің басым көпшілігінің ата-анасы, туған-туысы бар. Алайда бірі жақынын анда-санда іздеп келсе, көбі мүлдем хабарсыз кетіп, ат ізін салуды ұмытады. Мысалы, 2005 жылдан бері орталықтың тұрғыны атанған Констан­тиннің жағдайын біліп ешкім хабарлас­пайды. Ал ағайынды Вова, Оксана, На­дежданың жақындарына өздері емес, оларға бөлінетін мемлекеттің жәрдемақысы ғана қажет секілді. Өйткені  мемлекеттің қызмет алушыларға беретін жәрдемақысы арнайы қолма-қол ақшаны бақылау шо­тына түседі. Ондағы қаржының 70 пайызы  емделушінің дәрі-дәрмегі мен киіміне жаратылады. Қалған 30 пайызы есепшо­тында жылдар бойы жинала береді. Кейбір қызмет алушылардың жәрдемақыдан бөлек, атына тіркелген дүние-мүлкі бола­ды. Өкініштісі, өз туғанын өзекке теп­кен­дер жақынының осы жиналған жәрде­мақысы мен дүние-мүлкіне иелік ету үшін өлер алдында іздей бастайды екен. Себебі қолданыстағы заңға сәйкес, қызмет алу­шыдан туыстары бас тартып, жерлеу жо­рал­ғысы да мемлекеттің мойнына артыл­ғанымен, мүлкі жақындарына 100 пайыз берілуі тиіс. Мәселен, осы орталықта 2-3 жылда 4 қызмет алушы аяқасты қайтыс болған. Туыстары мүлдем жоқ немесе жақын­дары біржола бас тартқан емделу­шілер орталықтың зиратына жерленеді екен. 

Осы күні есімі елге танымал көптеген кісінің ұрпағы көп болса да қаусаған қарттық келгенде төрт қабырғада қамалып, жападан жалғыз қалатынын естіп жүрміз. Бірі әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне зәру, енді бірі қарттықтың соңғы күндерін қарттар үйінде өткізуге мәжбүр. Ал сыр­қаты дендеп айналасына қажеті болмай қалған кезде әлгіндегідей орталықтың қызмет алушылар санын көбейтеді. Сол жолы «Қамқор» орталығының тар төсегінде таңылып, адам танымастай өзгерген театр зерттеушісі Маргарита Иоглева-Жан­төринаны көрдік. Иә, есімі көпшіліктің еміс-еміс есінде қалғанымен, тегіне кел­генде көптеген спектакль мен фильмде ойнап, актерлік шеберліктің озық өрнегін көрсетіп, талант-танымымен жарық жұлдыздай ағып өткен саңлақ актерлердің бірі Нұрмұхан Жантөрин бірден еске түседі. Бұл дәл сол Сұлтан Бейбарыстың рөлін ойнаған актер Нұрмұхан Жантөрин­нің жұбайы, өнер ғылымдарының кан­дидаты, театр сыншысы Маргарита Иовлева еді. Оны 2013 жылы орталыққа қызының достары әкелген. Содан бері 9 жыл ішінде артынан іздеп ешкім келмепті. Тек соңғы жылдарда ғана сұраушысы табылған. Алайда биыл жарық дүниемен қоштасқан Маргарита Иовлеваны орталық қызметкерлері жер қойнына тапсырыпты. Ал өнер иесінің дүние-мүлкі мен мемлекет­тен бөлінген қаражат түгел Мәскеудегі жиендеріне берілген. 

Қолданыстағы норма қайта қаралуы керек

Былтыр елдегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар саны артты. 2021 жылы мұндай ұйым саны 272 болса, қазір 281-ге жетті. Оның ішінде ста­цио­нарлық үлгідегі – 172, жартылай ста­ционар – 75, уақытша қабылдайтындар – 31, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бірнеше шарттары бар 3 ұйым бар. Ал осы ұйымдарда тұра­тындардың саны 40 321 адамды құраған. Оның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет­тер көрсету жөніндегі ұйымдарда тұра­тындардың негізгі контингенті – мүгедек­тігі бар адамдар. Олардың саны – 24 724 адам немесе қызмет алушылардың жалпы санының 61,3%-ы деген сөз. 

Әлеуметтік саясаттағы қордаланған мәселелерді тиімді шешудің маңызы зор. Бүгінде әлеуметтік саладағы жинақталған проблемалардың көпшілігі кідіріссіз және ұзақмерзімді шешуді талап етеді. Осылай деген Қазақстанның әлеуметтік қызмет­керлері қауымдастығының басшысы Динара Ғабиболлақызы «Соңғы жылдары мемлекеттің әлеуметтік бағдарлануына және әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаражатының өскеніне қарамастан, елі­мізде халықтың әлеуметтік осал топтары­ның саны артып келеді. Сонымен қатар республикалық бюджеттің әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстары­ның жыл сайынғы өсуі байқалады. Мә­селен, 2021 жылдың қорытындысы бойын­ша тек әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыз­дандыруға – 3 883,8 млрд теңге бө­лінген. 5 жыл ішінде әлеуметтік көмек пен әлеу­мет­тік қамсыздандыруға арналған бюд­жеттік шығыстар 2 есеге жуық артқан», – дейді.

 Сондай-ақ ол қазір елімізде 5 мил­лионнан астам адам әлеуметтік осал топқа кірсе, мүгедектігі бар адамдар саны да тұрақты өсіп отырғанын айтты. Зерттеу­лерге сәйкес, өңірлердегі халықтың мүге­дектік деңгейі бүгінде орташа респуб­ликалық деңгейден асып, 3,9-дан 4,7 пайызға жеткен. Қазір елде мүгедектігі бар адам саны 714,2 мың адамды құрайды екен. Ал осы мүгедектігі бар адамдарға бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі ұсынылады. Осы бағдарламаларды іске асыруға былтыр мемлекеттік бюджеттен 600 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Демек, бүгінгі әлеуметтік ахуалды ескерсек, кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің тап­шылығы байқалады. Дәл қазіргідей айлық мөлшерімен салаға мамандар тартып, кә­сіби қызметкерлер даярлау қиын. Сон­дықтан әлеуметтік саясатта жаңа тәсілдерді қабылдау маңызды екенін жеткізді. 

Бұл орайда әлеуметтік орталықтағы жақындары біржола бас тартқан қызмет алушылардың жәрдемақысын сала ма­мандарының жалақысын өсіруге пай­даланып, кәсіби біліктілігін арттыруға жұмсаудың тиімділігін қарастыру қажет пе? Депутат Аманжол Әлтай:

 «Мемлекет қарауына алынған ден­саулығының кінәраты бар адамдардың ақшасына ортақтасуды ойлайтын ар-ожданы төмен адамдардың саны артып отырғаны өкінішті. Қолданыстағы заңнама осыған мүмкіндік береді. Сондықтан осы мәселені қайта қарау керек деп есептеймін. Көзінің тірісінде туғанына қарамай, толық бас тартып, іргесін аулақ салған адамдардың тек қана қаржылық мақсатпен  дүние үшін іздеу салуы ешқандай әділеттілікке, адам­шершілікке де сай келмейді. Керісінше, осы қаржыны жалақысы ең төмен болып саналатын әлеуметтік сала қызметкерле­рінің жалақысын өсіруге, жағдайын кө­теру­ге бөлу керек. Яғни, заңнамадағы осы нормаларды қайта қарап, әділеттілікті қайта қалпына келтіру керек деп ой­лаймын», – деп отыр. 

Байқап отырғанымыздай, арнаулы орталықтарда қызмет көрсететін кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің тапшылығы да бар. Себебі мемлекеттің әлеуметтік қызметкерлерге түрлі материалдық көмек көрсетуге күш салғанына қарамастан, бұл мамандық әлі де беделді емес. Себебі ма­шақаты көп маман иелерінің айлығы елдегі ең аз жалақы алатындардың тізімінде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің деректері бойынша әлеу­меттік қызметкерлердің орташа жалақысы 220 мың теңгені ғана құрайды. Алайда Mojazarplata.kz порталының ақпаратына сенсек, әлеуметтік қызметкердің ең тө­менгі және ең жоғары жалақы диапазоны айына 34 847 теңгеден 111 384 теңгеге дейін  екен. Олай болса, мемлекет қаржысынан бөлінетін жәрдемақыны «жақындардың» қолына емес, қамкөңіл жандарға қарайла­сатын сала мамандарының жоғын түген­деуге жұмсаған жөн болмас па екен?!

Жадыра МҮСІЛІМ