Көз салайық. 27 шілдеге қараған түні Балқаш қаласы мен Шашубай кентінің арасындағы тасжолда қайғылы оқиға болды. Toyota Camry көлігін тізгіндеген 38 жастағы ер адам рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кеткен. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген көлік қоршауды бұзып өтіп, саяжайдың ауласына кіріп кеткен.
«Салдарынан көлік жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты, ал көлікте болған 33 жастағы әйел басы, кеудесі және қабырғасы сынып, ауруханада көз жұмды», – деп хабарлады Балқаш қалалық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерғазы Артықбаев.
Ал 20 маусымда республикалық маңызы бар Алматы–Екатеринбург тасжолында, Қарағанды қаласына 20 шақырым жетпей Toyota Camry және Nissan автокөліктері соқтығысты. Салдарынан 6 адам, оның ішінде екі көліктің жүргізушілері алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Екі кәмелеттік жасқа толмаған бала әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
28 маусым күні Нұра ауылынан 4 шақырым жерде «Жараспай-Нұра» автожолында екі автокөлік соқтығысты. Полиция департаменті хабарлағандай, «Хонда Одиссей» автокөлігінің 58 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, 25 жастағы жүргізушінің басқаруындағы «Фольксваген Гольф» автокөлігіне соғылған.
Апат айтып келмейді, Қарағанды облысында соңғы алты айда жол үстіндегі апаттан 47 адам жан тапсырған. 131 апаттан 152 адам түрлі жарақат алыпты. Жол-көлік оқиғасының 56,4 пайызы, яғни 74 оқиға елді мекендер маңында болған. Онда 13 адам көз жұмып, 87 жолаушы жарақаттаныпты.
Полиция республикалық жолдағы апаттың да аз еместігін жасырмайды.
– Республикалық жолдардағы жағдай да күрделі. Ондағы 46 жол апатында 27 адам қаза тауып, 54-і жарақат алды. Облыстық маңызы бар жолдарда тіркелген 11 оқиғада 7 адам қаза тауып, 11 адам жарақаттанған, – дейді ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Оспанов.
Осындай оқиғалардың алдын алу үшін «Автомобиль», «Рульде ұйықтама» акциясы секілді түрлі шаралар өтіп жатыр. Бұдан бөлек, апат болған жерлерде ескерту баннерлері де орнатылған. Патрульдік көліктің 5 муляжы, апаттың ақыры қайда апаратынынан ақпар берер тас-талқаны шыққан 6 көліктің қаңқасы қойылған. Республикалық жолдың апаттық-қауіпті учаскелерінде 32 стробоскоп шам бар.
Қарағанды облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысына қатысушыларға алдын ала тоқтап, шаршаған жағдайда жүргізушілерді демалуға шақырды. Олардың айтуынша, облыстың республикалық автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының өсуіне ықпал ететін фактордың бірі – жүк көлігі мен жолаушылар көлігі жүргізушілерінің еңбек және демалыс режимін елемеуі болып табылады. Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес, көлік жүргізудің күнделікті ұзақтығы 9 сағаттан аспауға тиіс. Бір апта ішінде максимум 10 сағатқа дейін бұл нормадан көп дегенде екі асуға жол беріледі, ал автокөлікті басқарудың апталық ұзақтығы 45 сағаттан аспауы тиіс. Төрт сағат бойы көлік жүргізгеннен кейін жүргізуші демалыс кезеңі болмаса, кем дегенде 30 минут үзіліс жасауы қажет. Қауіптісі, көлікті ұзақ уақыт үзіліссіз жүргізген жағдайда жүргізушіде реакция нашарлап, жылдамдық сезімі жоғалады, көру өткірлігі төмендейді және зейіні төмендейді.
Түйін: Жақында Жаңаарқа жаққа досымыздың анасының жаназасына бардық. Сол күні суыт хабардың куәсі болдық. Көрші ауылдың бес баласы жеңіл көлікпен жылдамдықты 190-ға дейін асырып, ауыр жүк көлігінің астына кіріп кеткен екен. Ертеңіне марқұм апамызды жерлеп қайтып бара жатқанда, сол қорымда бес баланың қабірі қазылып жатты. Бес шаңырақ қара жамылды. Білетін жұрт «төрт сыныптас бала 20-21-де, бір бала 16 жаста ғана, үшеуі отбасындағы жалғыз ұл еді» десті...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы