Он сегіз жас. 1977 жылы орта мек­тепті тәмамдап, бала кезден ар­ман­даған Қазақ мемлекеттік универ­ситетіне оқуға түсіп, ертегінің шәрін­дей болған Алматыға бауыр баса бастаған кезде 1978 жылдың көктемі – мен үшін қайырылмастай болған 18 жастың көктемі келіп жетті.
Жайсаң жан
5,437
оқылды

Иә,  менің он сегізінші көктемімде, дәлірек айт­сақ, 1978 жылы сәуір айының соңын­да Қазақ университеті тарихын­да бұрын-соңды болмаған бір ғажап оқиға болды. Бірнеше күн ішінде қалашық Кеңес Одағы сияқты алып империяның алуан түрлі жоғары оқу орындарынан келген студент жастар­ға толып кетті. Алтын шаштары жел­біреген Балтық жағалауынан келген ақкербез қыздар, Кавказдан келген қошқар тұмсық жігіттер, өзбек пен тәжіктің кермеқас сұлулары – бәрі-бәрі онсыз да жайнап тұрған қалашық­ты одан сайын жарқыратып жіберді.  

Кейін білдік, арыстан ректор Өмірбек Жолдасбеков ағамыздың қолдауымен комсомол комитеті сол жылы жазда өтетін Жастар мен студенттердің ХІ Бүкіләлемдік фестиваліне дайындықты алға тартып, университет тарихында тұңғыш рет студент жастардың «Достық» фестивалін өткізуді қолға алған екен.

Университет стадионында өткен жиын­да жұрт алдына еңсегей бойлы, қапсағай денелі жас азамат шығып, қағазға қарамай, жігерлене сөз сөйледі. 

 – Бұл кім? – деймін жанымдағы топ комсоргы Ләззат Сүйеуоваға қарап. 

– Бақытжан Жұмағұлов. Университет комсомол ұйымының хатшысы. Математик, – дейді ол әлгі жігіттен көз алмаған күйі құлағыма сыбырлап. Алабұртқан өңінен әлдебір ризалық аңғарылатын сияқты. 

Мәшһүр ғалым, үлкен мемлекет қайрат­кері, менің 45 жыл бойғы сырлас досым Бақытжан Тұрсынұлымен алғашқы таныс­тығым осылай басталған еді.  Кейін білдім, ол «Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл», – деп қазақ жырының дүлдүлі Ілияс Жансүгіров жырлайтын Жетісу өлкесіндегі Алакөлдің күнгейінде, мен теріскейінде туып-өскен екенбіз. Ежелден ауылымыз аралас болған соң Бақытжан екеуіміздің әп-сәтте әңгі­меміз жараса кететін.

Бақытжан да мен секілді көпбалалы отбасында өсіпті. Әкесі Тұрсын ағамыз 18-ге толмай, өзі сұранып Ұлы Отан соғысына аттанған екен. Сталинград шайқасы, Днепрден өту, Украинаны азат ету, Польша жеріндегі шайқастарға қатысып, әскер қызметін 1946 жылы Кенигсбергте аяқтаған Тұрсын аға «жаға-жеңі жарқылдап» аман-есен туған ауылына оралыпты. 

Бейбіт заманда Жетісу өңірінің бірқатар шаруашылығында жауапты қызмет ат­қарып, балаларының ұядан қанаттанып ұшып, аяғынан тік тұрғанына куә болады. 

Бақытжанның анасы Кенжетай апа­мыздың сөйлеген сөзі, өзін ұстауы, маңғаз қалпы оның текті атаның тұқымы екенін бірден сездіртіп тұратын. Шындығында солай болып шықты, апамыз бүкіл қазақ қауымына аты мәлім, Алаш арыстарын демеген, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасыр ба­сындағы қазақтың ең ауқатты адамдары­ның бірі, әйгілі меценат Маман бидің әулетінен екен. 

Маман би – даңқы шекараның арғы-бергі бетіне тұтас жайылған, қабырға жетпес қалың найманның құты саналған тұлға. Оның ұлы Тұрысбек екі рет қажыға барып, 18 жыл болыс болып, әкеден қалған, өзі молайтқан мол дәулетті оқу-білімге, ха­лықты ағартуға жұмсаған екен. 

Құт қонған, кие дарыған әулеттің игілікті ісін Тұрысбек қажының балалары Құдайберген, Тәңірберген, інісі – есімі Жетісуға кеңінен белгілі Есенқұл қажымен бірлесіп, Қарағаш деген жерде 1909 жылы әйгілі «Мамания» мектебін салады. 

Маман би, Тұрысбек қажы әулетінің өнегелі ісін кезінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті талай мәрте насихаттап, қазақ қауымына, әсіресе оның дәулетті тобына  үнемі үлгі еткен. 

Кенжетай апамыз – Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім ақсақалды өнегелі, ғибратты істерімен таң-тамаша қалдырып, атақ-даңқы қазақ жерінің төрт тарабына бірдей жеткен сол Маман бидің төртінші ұрпағы. 

Апамыз өмір бойы кітапханада қызмет істепті. Анасының ізгілікті мамандығы арқасында Жұмағұлов әулетінің балалары түгелдей кітап ортасында өсті. Сол себепті апамыздың жеті бірдей ұл-қызының бәрі жоғары оқу орнын тәмамдап, арасынан ғылым докторы да, кандидат та, академик те, министр де шықты. 

Аяғын апыл-тапыл басқан кезден-ақ анасымен кітапханаға ере баратын Бақыт­жан мектепке бармай тұрып қара таныды. 

Бақытжанның балалық шағы өткен Қапал ауылы 1921 жылға дейін Жетісу өлкесінде Верныйдан кейінгі екінші үлкен уездік қала болды. Болашақ министр 1961–1971 жылдары осы Қапалдағы орыс мектебінде білім алып, оны қатарластарынан оза тәмамдайды.

8-сыныпқа дейін үздік шығып, спорттық жарыстардың алдын бермеген Бақытжанды сыныптас досы үгіттеп, аяқастынан Новосібір­дегі спорт техникумына түсуге көндіреді. Жер жәннаты Жетісуда арқасын кеңге салып өскен, әлі 16-ға да толмаған жасөспірім сақылдаған сары аязы сүйектен өтетін алып қаланың қоңторғай тірлігіне шыдай алмай, бір қыстан кейін Қапалға қайта оралып, өзі оқыған мектебінде білімін жал­ғас­тырады. Әйтсе де, дәл осы үзіліс оның оқу үлгеріміне әсер етіп, алтын белгіге бітірсем деген бала күнгі арманынан алыстатып жіберді. 

Мектепті үздіктер қатарында тәмам­даған Бақытжан ата-анасына демеу болып, септігін тигізу үшін ауылда қалып, бір жылдай өзі оқыған мектепте математика пәнінен сабақ береді.

Ол заманда әскерге алу тәртібі де қатал еді. Денсаулығы мықты, спорттық дайын­дығы мығым, психологиялық жағынан ұстамды, орысшаға жетік сарбаздар ай­рықша таңдалып, социалистік елдерде орналасқан әскери бөлімдерге жіберілетін. Дәл осындай талаптарға толығымен сай келетін Бақытжан Германиядағы кеңес әскерлері орналасқан таңдаулы бөлімнен бір-ақ шығады.

Старшина шенімен қызметін аяқтар сәтте әскери және саяси қызметтің үздігі Бақытжанға аға досы Рахман Алшанов университет ректоры Ө. Жолдасбеков қол қойған шақырту жібертеді. Достар арасында жиі-жиі еске алатын бұл оқиғаны да әң­гімелей кетсек артық болмас.

Сол кезде университет комсомол ұйы­мын басқаратын Алшанов старшина Жұмағұловқа арналған шақырту қағазына қол қойғызу үшін ректорға кіреді. Маңызды құжаттарға ғана қол қойып үйренген Өмірбек Арыстанұлы Рахманға: «Ректор қол қоятындай бұл қандай солдат?» – деп ежірейе сұрақ қояды. Ол да салған жерден: 

– Бұл жай солдат емес – старшина, солдаттардың маршалы, – дейді табан ас­тында сөз тауып кетіп.

Жауапқа әбден риза болған ректор: 

– Маршалға арналған құжат болса, әкел бері, – деп шиырлата қолын қойған екен.  

Старшина Б. Жұмағұлов бір жыл сол заман студенттері «рабфак» деп атайтын дайындық бөлімінде білімін пысықтаған соң жаңашыл ректор Жолдасбековтің пәрменімен ашылған «Механика және қолданбалы математика» факультетіне оқуға түседі. Студент жылдары сан мәрте республикалық, одақтық математикалық олимпиадаларда топ жарып, ғылыми конференцияларда баяндама жасайды. 

Студент бола жүріп қоғамдық қызметке белсене араласты. Жатақханадағы студент­тер кеңесінің төрағасы, студенттік құрылыс отрядының командирі, университет ком­сомол комитеті хатшысының орынбасары деген сияқты жас жігітті шыңдап, ширық­тыратын қоғамдық қызметтерді  абыроймен атқарды. 

Оқу бітіретін жылы 5 жыл бойы сабақ берген ұстазы, әрдайым қанатының астына алып, демеп келе жатқан ардақты ағасы, ректор Ө. Жолдасбеков шақырып алып, оған университет комсомол ұжымын бас­қаруды ұсынады.

Комсомол мүшелерінің саны жөнінен университет Қазақстанның көптеген ауданынан әлдеқайда алда тұрған болатын. Ғылымға аңсары ауып тұрса да, аға-ұс­таздың бірауыз сөзін жерге тастай алмай, жаңа қызметіне білек сыбана кірісіп, 12 жыл бойы абыроймен атқарды. Біз білім алған 70-80-жылдардағы ұлттық университетте 12 мыңнан астам студент оқыды. Оларға 30-дан астам академик пен корреспондент-мүше, 122 ғылым докторы мен профессор, 616 ғылым кандидаты мен доцент сабақ бе­ріпті. Мұндай ғылыми әлеует оны одақта­ғы ең беделді университет қатарына шы­ғарды. 

Сексен екіде біз университет тәмамдап, Қазақ кеңес энциклопедиясының Бас ре­дакциясында академик Манаш Қозыбаев­тың басшылығымен аға ғылыми редактор қызметіне кірісіп кеткенбіз.

Академияда өткен кезекті бір жиында Бақытжанды жолықтырдым. Өмірінде өзгеріс бар екен. Арыстан ректордың ал­қауы­мен, министр Т. Қатаевтың қолдауымен проректорлыққа жоғарылапты. Бұл кезде Б.Жұмағұловтың жасы тұп-тура 30-да болатын. Орда бұзар шақтағы жас проректор министр мен ректор сенімін молынан ақтады. 

Сексен төртінші жылы ұлттық универ­ситет өзінің 50 жылдық тойын өткізуді жоспарлады. Қалашық енді ғана салынып жатыр. Биіктігі жөнінен Қазақстандағы екінші үлкен ғимарат саналатын оның бас әкімшілік корпусы – ректораты әлі аяқталмаған еді. Есепке жүйрік, мамандығы математик проректорға ректор  құрылыс, шаруашылық мәселелеріне қосымша қаржы-қаражат пен экономиканы қоса тапсырады.

Жас проректор бұл жолы да абырой биі­гінен табылды. Университет тойы дүркіреп өтті. Оған республиканың бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі қатысты. Ала­таудың етегінде, еркелей аққан Есентайдың жағасында 17 қабатты ректорат ғимараты бой көтерді. Университет студенттерінің білек сыбана кірісуімен бітпеген құрылыс жұмыстары да түгелдей аяқталып, КазГУ қалашығын салудың бірінші кезеңі зор табыспен аяқталды. Сол қыруар жұмыстың басы-қасында маңдайы жарқырап жас проректор Бақытжан Жұмағұлов жүрді.

Сол жылдың күзінде Бақытжан доспен тағы да ұшырастық. Қызметінде тағы өз­геріс болыпты. Университет партия ұйымы хатшысының орынбасарлығына жоғары­лапты. Құлықсыздау айтты. «Ғылымнан алыстап барамын. Сол жағы өкініштілеу болып тұр», – дегенді қосып қойды. Маған көзінде – мұң, көңілінде  алаң бар сияқты көрінді.

Арада екі жыл өткенде желтоқсанның дауылы соқты. Ұлттық университетті одақ­тағы ең үздік төрттіктің қатарына қосқан арыстан ректор, академик Ө. Жолдасбеков қызметінен алынып, партиядан шығарыл­ды. Ректордың оң қолы болған Б.Жұма­ғұлов­тың да басына бұлт үйірілді. Оны да ешбір себепсіз қызметінен алып, тіпті пар­тиядан шығаруға әрекет жасалды. Әдетте сыпайы, сырбаз көрінетін, бірақ қатуланса қаһарланып кететін, академик Зейнолла Қабдоловтай университеттің ұстаздар қауымы жас азаматты қорғап, анталаған арамза топтың талауынан құтқарып қалады. 

Небәрі 33 жасында жұмыссыз қалған жас ғалым әуелі ниеттес досы Жақсыбек Құлекеев қызмет істейтін Нархозға қатар­дағы оқытушы болып қызметке тұрады. Соңына шам алып түскендер оны бұл жерден де кетіріп тынады.

Алматыға дайындық курсының тың­даушысы болып келген күннен бастап, бір ғана мекеме – Ұлттық университетте қыз­мет істеген оның басқа барар жер, басар тауы қалмаған соң сол баяғы қара шаңыра­ғына қайтып оралады. 

Бұл жерде механика және қолданбалы математика факультетінің дифференциалды теңдеулер кафедрасын КСРО Ғылым ака­демиясында қызмет атқарып, одақтық деңгейде танылып үлгерген қазақтың аса талантты математигі Шалтай Смағұлов басқаратын. Ол университет басшылығы­ның қарсылығына қарамастан қуғындағы математикті өз кафедрасына инженер қызметіне қабылдайды. 

Бақытжанның көңілі байыз тауып, ғылымдағы берекелі жылдар басталады. Ол талай рет басталса да, үнемі кейінге ысырыла берген өзінің сүйікті математикасы бойынша кандидаттық диссертациясына алаңсыз кіріседі.

Математика дегеннен шығады. Осы саладағы әлемдегі ең беделді ғылыми-зерт­теу орталығы АҚШ-тағы Клэй математи­калық институты бас болып, әлемнің аузы­мен құс тістеген математиктері 2000 жылға дейінгі адамзат тарихындағы математика саласында жұмбағы әлі шешілмеген есеп­тердің тізімін анықтайды. Барлығы 7 есеп. Оның әрқайсысын шешкен адамға 1 мил­лион АҚШ доллары көлемінде сыйлық белгіленеді. Орайы келгенде айта кетейік: әзірге соның біреуі – Пуанкаре гипотезасы ғана шешілді. Оның жұмбағын әйгілі ресейлік математик Г. Перельман тапты, бірақ сыйақыны алудан бас тартқан. Өйтпесе математик бола ма?! 

Жеті жұмбақтың бірі  Навье-Стокс тең­деулері – гидродинамика саласында ерекше маңызға ие. Бақытжан Одақтағы ең талант­ты математиктер қатарындағы ғылыми же­текшісі, профессор Ш. Смағұловтың ұсынысымен «Көпбайланыс саласындағы Навье-Стокс теңдеулерін шешудің сандық методтары» деп аталатын,  азулы ғалым­дардың батылы бара бермейтін күрмеуі көп, аса қиын мәселені өзінің кандидаттық диссертациясына тақырып етіп алып, оны 1990 жылы ойдағыдай қорғап шығады. 

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді халық даналығы. Бақытжан досы әрі ұстазы Шалтай Смағұлов  пен әріптесі Нарғозы Данаев үшеуі Навье-Стокс теңдеулерін шешудің цифрлық әдістері төңірегіндегі есептеу теориясын жетілдіру тақырыбына қатысты бірнеше ғылыми еңбекті жария­лайды. Олардың бұл жұмыстарын ғылыми қауым жоғары бағалап, 1994 жылы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Шалтай Смағұлов пен ғылым кандидаттары Бақытжан Жұмағұлов және Нарғозы Данаев сияқты ғалымдар тобына еліміздің ең мәртебелі марапаты – Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріледі.

Жоғары марапат Жұмағұловтың басын айналдырған жоқ. Ол кандидаттық дис­сер­тациядан бастау алған есептеу техникасын математикалық модельдеу әдісіне ұштас­тырып, мұнай өндірісіндегі технологияны жетілдіруге арналған док­торлық диссер­тациясын аяқтауды жеделдете түсті. 

Математикалық модельдеу дегеннен шығады. Бізді қоршаған орта, жанды-жансыз табиғат, галактика, ғарыш әлемі, ғылым атаулының барлық саласын мате­матикалық тұрғыдан модельдеуге бола­тынын Әл-Хорезми бастаған шығыс ой­шылдары әлдеқашан түсінген. 

Осы күнгі интернет, әлеуметтік желі, күн сайын арындап келе жатқан ақпараттық технология дәл осы математикалық модель­деудің жемісі. Компьютердің ойлап та­былуы, жасанды интеллектіні жетілдіру математикалық модельдеуді компьютерлік модельдеуге ұластырды.

Б.Жұмағұлов енді математиканы тех­ника және технологиямен ұштастырып, мұнай-газ кеніштерін игеру барысында компьютерлік технология мен математика­лық модельдеуді пайдаланудың өзекті мәсе­лелеріне арналған докторлық диссертация­сын 1997 жылы Ресей Ғылым академиясына қарасты М. Лаврентьев атындағы Гидроди­намика институтында ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының докторы атанды.  

Б. Жұмағұлов диссертация қорғау алдында Каспий қайраңындағы мұнай кә­сіпорындары мен Қаражанбас газ кеніш­терінде болып, одан алынған нақты дерек­терді диссертациясына енгізіп, отандық ғылым саласында алғаш рет мұнай-газ өн­дірісінде ақпараттық технология мен мате­матикалық модельдеу әдісін пайдаланды. Қорғауға дейін жарияланған қырықтан астам мақаласында оны ғылыми тұрғыдан негіздеп шықты. 

Академик Б. Жұмағұлов – Қазақстанда тұңғыш рет мұнай-газ саласын математи­калық және компьютерлік модельдеудің жаңа ғылыми мектебін негіздеген ғалым ретінде мойындалған тұлға. Ол бүгінге дейін осы тақырыпты өзге де қырынан зерттеп, толықтырған 3 докторлық, 12 кандидаттық жұмысқа жетекшілік жасап, өзі қалыптас­тырған ғылыми мектепті одан әрі нығайта түсті. 

Тәуелсіздікпен бірге Бақытжанның да тасы өрге домалап, жолы кеңінен ашылды.

Ұстазы Ө. Жолдасбековтің бастамасы­мен, қия жолда қолтығынан демеген аға­лары А.Абдулин, Т.Жүнісов, О.Бай­мұра­товтардың қолдауымен 1991 жылы қазақ тарихындағы тұңғыш Ұлттық инженерлік академиясының негізін қалады. Есімі Кеңес Одағына кеңінен танылған физика, қол­дан­балы математика, техника және инженерия саласындағы әйгілі ғалымдардан тұратын академия аз ғана уақыт ішінде дүниежүзілік деңгейде мойындалып, техника ғылымдары­ның докторы, академик Б. Жұмағұлов 2011 жылы Ислам елдері Инженерлік академия­лары федерациясының (FEIIC) ХІ Бас Ассамблеясында оның президенті болып сайланды.

Б. Жұмағұлов бір адам шүкіршілік ететін талай лауазымды қызметтер атқарды. Бізге оның бәрін санамалап шығу шарт емес. Екеуін ғана ерекшелеп айтсам жететін болар.

Үлкенді-кішілі біраз жауапты жұмыстың басын шалған соң 2008 жылы Қазақ ұлттық университетінің ректорлығы қызметіне тағайындалды. Ол университетке қайтып оралып қана қойған жоқ, ұстазы Ө. Жолдас­бековпен бірге бастаған университет қала­шығының екінші кезеңін, бір кездері Д.Қонаев ағамыз бекіткен бас жоспарға сәйкес толықтай аяқтады.

Арада екі жыл өткенде ол Білім және ғылым министрі атанды.

Министр Б.Жұмағұлов келе сала іске кірісті. Ол министрлікке келгенде педагог сияқты ізгілікті мамандықтың қадірін кетіретін жоғары оқу орындарының да қатары көбейіп кеткен еді. Б.Жұмағұлов Қа­зақстандағы мұғалім даярлайтын 89 жо­ғары оқу орнының 46-сының лицензиясын қайтып алды. Шала сауатты педагог даяр­лау­мен айналысып келген оқу орындарына қатысты мұндай ымырасыздық оның жау­ларының қатарын көбейте түсті. Сонымен қатар қаптап кеткен, саны бар, сапасы жоқ «университеттерді» жабуға кірісті. Әрқай­сысының артында бір-бір алпауыт тұрғаны­на қарамастан, министр Жұмағұлов үш жылда 17 жекеменшік университетті жапты. 

Министр Жұмағұлов әкелген тағы бір жаңалық – Қазақстанның жоғары білім саласындағы үш сатылы жүйеге көшуі болды. Бұл әлемнің ең дамыған, ғылым-білімі өсіп-өркендеген елдері әлдеқашан көшкен, заман сынынан өткен халықаралық стандарт болатын. Министр Жұмағұлов әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, «бака­лавриат – магистратура–PhD» жүйесін көп талқыға жібермей, бірден енгізіп жіберді. Мұның өте дұрыс шешім болғанын кейін өмірдің өзі дәлелдеді.

Дәл осы тұста өткенге бір шегініс жасап, Бақытжанның жан жары, өмірлік серігі Валентина туралы да айта кетудің реті әбден келіп-ақ тұр. 

Жасыратыны жоқ, аралас неке кешегі және бүгінгі қазақ қоғамында жиі талқыла­натын тақырып. Ата-ана ретінде бәріміз де перзенттеріміздің өз ұлтымыздан теңін табуын қалаймыз, бірақ Бақытжан мен Валентинаның махаббатының жөні бөлек еді.

Валентина – қазақи тірліктің қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің қызы. Ата-анасы да заты орыс демесең, қазақ дәстүрлерін өте жақсы білетін зиялы жандар еді. 

Валентина Иванқызы Жұмағұлова – өмір бойы Бақытжанның тілеуін тілеумен келе жатқан жан. Күйеуі Желтоқсан оқи­ғасынан кейін қуғын-сүргінге түскен кезде авторефераты шығып үлгерген кандидаттық диссертациясын қорғайтын жер таппай қиналады. Ақыры жетекшісі профессор В.Исенғалиеваның кеңесімен 1988 жылы, Бақытжанның өзінен тура екі жыл бұрын, фи­лология ғылымынан кандидаттық диссерта­циясын Қазақстаннан  тысқары жерде – Ташкентте қорғады.

Шеті көріне бастаған докторлық диссер­та­циясын отағасының алдына түспеу үшін үнемі кейінге шегере жүріп, ақыр соңында Бақытжан доктор, профессор болғаннан кейін – 2001 жылы В.Жұмағұлова доктор­лық диссертациясын табыспен қорғап, әуелі филология ғылымының докторы, келесі жылы профессорлық атаққа ие болады. 

Әлемді коронавирус деген кесел тор­лағанда ол Бақытжанды да шарпып өтті. Жасыратын несі бар, атпал азамат қырық күн реанимацияда жатты. Өлім мен өмір арбасқан сәтте Валентина аузына су та­мызып, Бақытжанды баласындай-ақ күтті. Мұндай өз басын, денсаулығын құдай қосқан қосағы үшін құрбандыққа шалған жанпидалықты махаббаттан да жоғары тұрған сезім деп бағалаған жөн.   

Ғылым докторы, профессор, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов бүгінде өмір деген ұзақ жолдың жеті белесінен асыпты. Байырғы бабалары­мыз кемелдіктің белгісі ретінде «Жеті қыр­дан астың ба?» деп сұрайды екен. Бақытжан дос қазір ер-азаматтың кемел жасында. 

Біз кемелдік биігіндегі жайсаң жанға татар дәм, көрер қызығың, халқыңа берер берекетің таусылмасын дейміз. 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

заң ғылымдарының 

докторы, профессор, 

Ұлттық ғылым академиясының академигі, 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік 

сыйлығының лауреаты