Жасырған семсер жеңіме,
Қасың болсам пышақта.
Тілеген бақыт еліме,
Досым болсаң құшақта.
«Сөзінен қаны сорғалап тұрады» деген тіркесті еститінбіз. Сөзден де қан сорғалайтын, тер тамшылайтын көрінеді. «Таңдайынан шаң шығатын, жүрегінен жалын шарпитын» дей ме? Осындай шумақтарды айтса керек. Ары қарай:
Жем таппаған шымшықтай,
Далпылдап құр ұшпаймын.
Маңдайымнан дым шықпай,
Бақытымды құшпаймын, – деп түйеді.
Бұл ақын Серік Нүсіптің жиырмаға толар-толмас шағында, бұдан 40 жыл бұрын оқитын өлеңі болатын. Ешкім айтпаған тіркес, таппаған теңеуге сол шақтан-ақ талпынатын, таусыла сөйлеп, төңкеріле төгілетін, басқаның сөзін қайталамайтын. Мінсіз өлең жазатын мінез Серікте әу бастан бар ұстаным еді. Біздер 1980 жылдардың басында Шәуешекке топтасқан «Жалынды жас ақындар» болатынбыз.
1. СЕРІКТІҢ СЕРТІ
1993 жылы Шәуешектен кеттім. Кеткенде де қайтып қайырылмастай Қабдеш ағаның ізімен азат Қазақстанға кеттім. Бір топ жігіт қаладан 10 шақырым ғана жердегі Бақты кеденіне дейін шығарып салды. Қаумалап келіп қоштасқан топтың арасынан қолымды қысып, көзіме тіке қараған Серік ақын Нүсіпұлы:
– Алмас, мен де кетемін. Барған бетте шақыру жібер, – деді. Бұл топта бұндай өтініш айтқан жалғыз кісі осы Серік қана болған. Көзінде қимастықтың жасымен бірге, батыл бекімнің оты ұшқындап тұрды.
Алматыға әбден орнығып, «Жас Алашқа» тілші болған кезім. Одан оншақты жыл бұрын Жұмекен, Оралхандар отырған әдебиет-өнер бөліміндемін. Араға жыл салып Шәуешекке қайырылдым. Онда да туған жеріне бармағалы 32 жыл болған Тұрсын Жұртбайды Шәуешегіне бастап барамын. Серік қарсы алды. Шақыруды қолына беріп жатып:
– Қазақстанда жағдай қиындау. Паспортың шыққан соң қатын-балаңды қалдыра тұрып, өзің салт барып, жер шалып қайт, – дедім. Ол шамданған кейіппен мырс етті.
– Алмас, сен мені қорлап тұрсың, – деді бәсеңдеу, бірақ нығыз тонмен. – «Тәуелсіздігін енді ғана алған Қазақстанның қазіргі жағдайын көріп, айнып қалады» деп тұрсың ғой, ә?! Мен бір-ақ рет көшемін. Бала-шағаммен кетемін. Қазақстан еңсе көтереді. Ел болады. Егер басқаша болса, бірге құрып жоғалуға бармын, еш өкінбеймін! Менде басқа таңдау болмайды, – деді.
Осы сөзді айтқандағы дауысынан, жүзінен, көзқарасынан оның қатайып алғанын көрдім. Тас жұтатын тәуекел деген сол шығар.
Көре жүріп, тауқыметін қыспағын,
Тірлігіңді өз қолыңа ұстадың.
Тосырқама, шаң жұқпасын шашаңа,
Көк байрақты менің Қазақстаным! – деп жазатыны сол уақыт.
Қиырдан қайта шалқып, Қазақстан топырағына табаны тиген қаймана қазақтың Көк туға қарап көз жасын төкпегені жоқ шығар. Қара өлеңге жақын қазақ болса, Көк туды желбірете, желпінте жырлап мауқын басар еді.
Тәуелсіздік алған шақта Қазақстанға қандай бір сертпен, сеніммен келдік. Қандай бір қайсар, қандай бір қайталанбас қайратпен келдік. Қылыш жүзіндей қиып түсер өткір рухпен келдік десеңші. Жастықтың жалыны ғой шіркін, ештемені ойлатпаған. «Тісің барда тас шайна» дейтін тәуекел біздің халықта ғана шығар.
1962-де Қабдеш, Қажытайлар көш бастап, Несіпбек, Тұрсындар тай мініп, Секен күйші бесікте келетін жолғы көш те сол Бақтыдан құйылған. Ол жолы «62 мың қазақ өтті» дейтін. Сол ұлы көштен соң келесі бір «ақтабан шұбырындының» басында біз келе жатыппыз. Маған Серік айтқан сөз серт еді. Бәрін тәрк етіп, соңымыздан шұбырған жүз мыңдаған ұл-қыздың жүрегінде осы серттің ұлы тұқымы көктей бастаған шақ.
Одан бері отыз жыл өтті. Серік сертінде тұрды. Сергек қалпы. Тоңмойын қалпы. Пәлен жыл Шәуешек радиосында өзі редактор, өзі дитор болған Серіктің дауысындағы тон да сол баяғы қалың қалпы.
Айтпақшы әлгіндегі өлеңде
«Маңдайымнан дым шықпай,
Бақытымды құшпаймын» деп пе еді.
Осы отыз жылда Серік майдай терін төгудей-ақ төкті. Қазір де тура мағынасында «бақытын құшқан» шағы.
2. ШӘУЕШЕК ШАРАПАТЫ
Біз 1982 жылы таныстық. Мен Іле Педагогика Иниститутының филология факультетін тауысып, «ақын болып» Шәуешекке келгенмін. Серік сол жерде кәсіптік техникалық колледжде оқиды екен. Шәуешекте өлең оқудың, өлең талдаудың – жалпы өнердің, мәдениеттің бейресми топтары бар екен. Олардың ұйытқысы – қырықтан асқан кісілер. Ескі Шәуешек мәдениетінің сарқыттары – Қабдеш Жұмаділдің, Қажытай Ілиястің сыныптас достары болды.
Екінші лектегі жас буын Қытайдың аты шулы «мәдениет төңкерісі» деп аталатын онжылдық тоқырауынан кейін оқуға келген таланттар екен. Тілеухан Затыбай, Жеңіс Шәкен, Кәрім Дүйсенбай, Еркін Құрманғали, осы Серік Нүсіп бастаған жастар Шәуешекте тұратын. Шетінен газет-журналдарға өлеңдері шығып, «мықты ақын» болып алған кезі екен.
1930-40 жылдары Алаш зиялылары шоғырланған, Алаш рухын қайта жаңғыртқан қазақ қаласы. Сауықшыл қала. Кемінде апта сайын кездесу болады. Жатақханада кездесеміз. Ал кейде бағанағы қырықтан асқан кісілер үйлеріне қонаққа шақырады. Оның ішінде жазушы Жұмабай Біләл, ақын Серік Қапшықбай, Задақан Мыңбай, сыншы Мырзахан Құрманбай, Сейіт Сейдахмет және Имамдәди Байғали, Мүлік Иманбатыр, Рамазан Байбоз бастаған біраз ақын жазушылар бар. Барлығының бағыт ұстар маягы түрмеден 30 жылда кезекті рет босап келген Қажығұмар Шабданұлы болатын. Қажықұмар Шәуешек мәдениетінің белгісі, әдебиеттің пайғамбары сияқты еді. «Қылмыс» романының екі томы 30 000 тиражбен екі қайтара басылып, Шәуешек халқы Қажекеңді желпінтіп алақанында ұстап отырған кез. Жастарға жаны тартып тұратын аса кішіпейіл кісі болатын.
Қарапайым сөзбен айтқанда, Шәуешектің дүрілдеп тұрған кезі. Әншілер бар – Тұран, Қауария деген апайлармен қоса, біз қатарлы Ақын Бақшай, Әлихан Әділбек, Болат Бимаш, Асхат Әблахат, Жанат Тоқтасынқызы, Гүлнәр Абдолла сияқты бұлбұлдар тобы да болды, мықты еді. Ол кезде Шыңжаңда дуэт, квартет топтар тек Шәуешекте ғана болатын.
Серікке сол жерде тап болдық. Мінезі нығыз, қол-аяғы шапшаң әрі епті, бірбеткей, жағынып сөйлеу дегенді білмейтін орнықты жігіт. Юморға бейім, езуі мен көз қиығында мысқыл, кекесін ұйыған. Өлең жазса қорғасыннан құйғандай ауыр сөз қолдануға, бойыңды тітіркендірер теңеулерге, шымыр ұйқастыруға талпынатыны шумақтарынан көрініп тұрады. Әр кезіккенде әрқайсымызда жаңа өлең болуы керек сияқты. Мына апта оқыған өлеңімізді келесіде оқымаймыз.
Біз бір-бірімізге тілеулес, таза бәсекелес болып өстік. Бір-біріміздің жақсы өлеңдерімізге қуандық және Шыңжаң деңгейінде мықты өткір жас ақындар тобын құра алдық. Сөз жоқ, өз оқырмандарымызға, бүкіл Шыңжаңдағы өзіміз қатарлы әдебиет әуескерлеріне жаңаша өлең, тосын ойлар ұсынып, өлеңмен ойлаудың ұжымдық үлгісін көрсеттік. Бұл Шәуешекке тән дағды, Шәуешекке тән құбылыс еді.
1985-те мен «Тарбағатай» әдеби журналына редактор болып бардым және журналды шығарушы негізгі кісі болдым. Біздің қолымызға баспа сөз тиді деген сөз. Маңайымдағы ақын жазушылардың өлеңі журналға жиі шығады, қаламақы да жоғары төленді. Журналда Серіктің өлеңдері ғана емес, серік поэзиясы туралы мақала, карикатуралар шығып жататын. Бас редакторымыз жазушы Жұмабай Біләл бізді мықты қолдады. Жаза алмаса Серіктерге серт, жарияламасақ бізге серт болған күндер еді.
Шәуешектегі ең тәуір бес жас ақынның өлеңдерін топтастырып, «Астынан алты қырдың» деген атпен «Шыңжаң Халық баспасынан» топтық жинақ шығарған едік. Ол да өзінше сенсация болған. Себебі: ISBN мемлекеттің қатаң бақылауындағы елде ешкім де өз бетінше кітап шығара алмайтын. Сол топтасқан бесеуде – Жеңіс Шәкен, Серік Нүсіп, Кәрім Дүйсенбай, Азат Әшімбай және мен бар едім.
Тірлік қымбат қымбат одан тіпті де,
Тыныштықта жеген наның бір асам.
Дала жаны әлде неге күпті ме,
Зарланады құлақ күйін бұрасаң.
Өлем бе деп қатты қорқам күйіктен,
Жал басында жалғыз тұрып жыласам.
(Тағы да сол Жоңғар жайлы өлеңі ғой)
Пенделікпен айтылған,
Қойныңда қалды мекендеп,
Қисапсыз жалған-шындарым.
Ол-дағы ақын екен деп,
Тәкаппар тарлан шыңдарым.
Жібітер ме екен кеберсіген ерніңді,
Тау құрсаған Жоңғарым.
Жалпақ Жоңғардың «кеберсіген ерні» оңайға жіби қоймас. Әйтсе де, көркем сөзге, тұнық өлеңге сусаған әлдекімнің мына өлеңді оқып отырып өз-өзінен жұтынатыны – таңдайына мөлдір тамшы тигендей, соның салқынын сезе тамсанатыны анық.
3. ДУБЕК АНСАМБЛІНДЕ
Серіктің жастық шағы қалған сонау Шәуешек тура мағынасында өнерпаздар қаласы болатын. Бір сәтте бес жүз кісі бірге тұрып, сайратып баян тартар еді. Туристер үшін «баянистер қаласы» атанғаны да шын. Іргесіндегі Толы ауданында 10 150 кісі стадионда домбыра тартып, әлемдік Гинес рекорттар кітабына кіргені бар.
1980 жылдардың басында Дубек Шалғынбаев атымен халық театры сипатты топ құрғанымыз бар. Репертуарды қазақстандық «Тамаша» ойын-сауық отауына ұқсатып сценарий жазамыз. «Досмұқасанға», «Айгүл» вокалдық тобына, «Алатау» триосына еліктейтін топтар бұрыннан дайын еді.
Сценаристің және «драматургтің» бірі – Серік Нүсіпұлы. Жазып қана қоймай, өзі сахналайды, өзі де рөлге шығады. Аңқаусып, тосын сөйлегенде сахнадағы кейпі Мейірман Нұрекеевке келеді. Тірі әртіс, жанды театрды көп жылдар бойы көрмеген, өнерге сусаған жұрт жапырылып келеді. Өнерпаздар арасында қазақтан бөлек ағайынды Асхат, Фархат Әблахаттар, Исмар Рабби, Ризуан Ажыахұн, Асқар Рса деген тегі ұйғыр, дүңген, бірақ жүрегі қазақ әуенімен қағатын, жан дүниесін қазаққа берген талантты қыз-жігіттер де бар болатын.
Бұл да Шәуешек феноменінің бір қыры еді. Қала қазақша сөйлейтін. Қаншама ұлт пен ұлыс мәдениетінің бастаулары жиналып келіп, қазақ мәдениетінің өзеніне құятын.
Өнер тобының атауы Дубек дедік қой. Ол – өткен ғасырдың 30- жылдары Шәуешекте алғашқы халық театрын құрған кісі. Шәуешекке барған Алаш зиялыларының ізбасары, саяси күрескер тұлға болған жан.
Дубек ансамблі 8 жыл табысты (қаржылай да) қызмет еткен. Бүкіл қытайлық талай фестивальдардың жеңімпазы болған таланттар ұжымы еді. «Дубек ансамблінде» Қуантай, Серік Нүсіп, Серік Әубәкір, Еркін Ерген, Ерболат Қызыкен, Бақыт Бешен, Бақыт Қажытай қатарлы өнерпаздарының көбі тәуелсіз ел шекарасынан бері өткен соң, күш-қайраты сарқылып барып тарады.
Секе, сені «ақын ғана емес, сценарист еді, әртіс еді, сонау Үрімжі сахнасында комедия ойнап еді. Сонда ұжыммен бірге фестиваль жеңімпазы болып еді» десе, бұл күнде біреу сенер, біреу сенбес.
«Қараған да өз жерінде дүрілдейді» деуші ме еді. Сенің де бір дүрілдеген жерің Шәуешек болыпты-ау шіркін.
4. ҚАСЫМ АҚЫНҒА ҰҚСАУ
– Қасым ағам 1945-тің басында самурайлармен соғысуға Доңбиға (Манжурия – Қытайдың шығыс терістігі) келді емес пе? – дейді Серік.
– Иә, – дейміз оған, әңгімеге үйіріле қалып.
– Сонда китаянкалармен қай тілде сөйлесті екен…?
Ду күлкі…
Ол – Қасым Аманжолдың өлеңдерін де, махаббат шытырманына толы өмірін де жатқа білер еді.
Серіктің келбеті Қасым Аманжоловқа дәлме-дәл ұқсайды және өзі Қасым суреттеріндегі бейнеге өзін ұқсатып, бейімделіп жүретін. Жұмекеннің «Киім ілгішіндегі», «Ашық бояуындағы» Қасым ақынның мінез-сипатына еліктеп, оқыс қимылдар жасауға әуес еді.
«Қасым ағам испанканы ұнатқан,
Ал мен жапон қыздарына ғашықпын», – дейтін.
Бұл да Жұмекеннің өлеңі, Жұмекеннің ұзақ лирикалық поэма тәрізді толғауындағы жолдар болатын.
«Испанкасы испанның қыздары болса керек. Қасым ағам ұнатқанына қарағанда сұлу халық-ау», – дейді жымың етіп.
Алыста жүрмін ауылдан, жаным, білесің.
Жас жырым менің жаныңда бір түн түнесін.
Жан-жүрегіңнің тербеліп уыз әнімен.
Сезінем сонда шынымен бақытты екен деп,
Өзімді, сені ғашықтардың бәрінен.
Бала кезіңнен ғашық емес шығарсың.
Көзім жетпес, сен емес, тіпті, менің де.
Қалған сояудай ішінде күңгірт мұнардың,
Не уәжің бар айта алатын сенімге.
Көсегесі көгерсін махаббатыңның,
Өзіңнің туған жеріңде.
Ақынның лирикасы да өзгеше осылай құрылады. Шымырлап жүректен шыққан сөздермен әсіресіз шындықтың шырайын салады.
Серіктің келбеті Қасымға ұқсайды дедік қой. Осы өлеңде оған тіпті, болмысымен ұқсағысы келетін шыншыл ақынның махаббат жайлы түйсінуі де былайғы жұрттан басқаша. Шындыққа және шынайы сезім, шын бақытқа өріледі.
«Ғашығымызды» ақын досымызға таныстыру, оларға арнаған өлеңімізді оқу жастық шақтағы ақеділ әдетіміз болатын. Олармен таныса салып, үнсіз отырған қызға танысқан жігіті туралы таңдандырардай тамсанып сөйлеу де бозбалалықтың қызықты бір сәттері.
Қалыңдығы Гүлжәкенді ертіп келіп, таныстырғаны да бүгінгідей есімізде. Қалың бұрымды, қазмойын, ажарлы, көзіңе тіке қарайтын өжет, қазақы бидай өңдінің келбеттісі болатын. Қайдан келген өжеттік дейсің? Сөйтсек, ол да 1950 жылдары кәмонестік Қытайға қарсы қару алып күрескен меркіт Боқылбек батырдың туған жиені екен ғой. Бұл өзі Қажықұмар Шабданның 6 томдық «Қылмыс» романында «Боқылбек блогы» деген атпен тарау ұстаған кейіпкер.
«Тартпай қоймас негізге» деген ғой. Қазақ еліндегі қым-қуыт кешуде де ол батырдың қызы екенін талай дәлелдеді.
5. ШӘУЕШЕКТЕН КЕТУ
Серіктің Шәуешектегі Қазақ радиосының бас редакторы қызметіндегі кезі. Менің оған Алматыдан шақыру апаратыным да сол уақыт – 1994-жылдың жазы. Сол жылы күзге қарай Серік те Алматыға жетті. Аянбай еңбек етті. Ересен еңбекшіл екен.
Шашасына шаң тимес шабыт ол Шәуешектің шарапаты екен деймін. Серіктің ақындығы бір кез каникул алды. Оның ендігі шеберлігі – ағашшы, темірші, құрылысшы, гранит кенін ашушы болып шықты. Қай-қайсысының да қас шебері. Оның тәуекелден тайсалмайтын батырлығы да басқаны қайдам, досы бізді таң қалдырды. Басқа бір қырынан көрінді. Кез келген жұмысты бастап кеп жібереді және икеміне келтіреді.
Бұл күнде бұрынғыдай жиі болмаса да, іздесіп, кісінесіп табысамыз – бас қосамыз. Біз баяғы әдетке салып, өлең оқимыз ғой. Ол да оқиды. Жұмекеннен, Серік Қапшықпайдан бастайды. Біздің «өзіңнен оқы» дегенімізге мысқылды жымиып, «Бұзық» екеніміз рас болса, бір айналып соғармыз» дейді сеніммен ақындығын меңзеп. Ал біз досымыздың «жынын» шақырып, ақын қалпын өлең етер едік.
Селтеңдеген сері едік,
Серік ақын сен едің.
Еріндерің кеберсіп,
Есіңді алған өлеңің.
Барлық таудың ұлы едің,
Иірі едің бұлақтың.
Жанын тіккен құлы едің,
Жалғыз арман мұраттың.
Досыңнан да жардан да,
Қалыс қалар бір сырың.
Бір қисайып қалғанда,
Морт кететін қырсығым.
Жол ортадан ауғаны-ай,
Өмір арбаң сүйреген.
Бұйра шашың қауғадай,
Сәні кетіп сиреген.
Сен шабытқа сенесің,
Сайгүлігін ерттеген.
Сыр алдырмай келесің,
Семсер жүзді сертпенен.
Ол да есесін жіберсін бе?
«Сен елуге келгенде» деп өлең оқиды маған.
Сен елуге келгенде,
Елу қатын мұңайды.
(Не болар деп күніміз
Енді бұдан былайғы).
Махаббаттан өлген бе?
Ұмытқан ба құдайды.
Тілін таба білесің,
Бұлттың (көкте Ай бұққан).
Қыздар тілеу тілесін,
Сен емессің қаймыққан.
Не асады, қызығам,
Махаббаттай байлықтан?!
Бұл өмірдің өзі де,
Сүйісуден құралған.
Әйелдердің көзінде,
Ұлы мақсат, ұлы арман.
Еркегіңді кем білем,
Әйел сертте тұра алған.
Екі жарты бір бүтін,
Жемісгүл 18-де.
Бір шаңырақ, бір түтін,
«Алмас қайда?» дегізбе,
Сансыз өзен сабылған,
Құяр түбі теңізге.
Айтары бар ма, бар. Әзілі ше, әлде қайдан тартады. Кезекші өлең емес, бүп-бүтін лирика. «Еркегіңді қайдам, сертте тұрса әйел тұрсын» дей ме? Баяғы жүрек, баяғы шабыт, баяғы тосын тәсіл, баяғы тілек, бітпейтін махаббат. Бүп-бүтін өлең.
Алатау төріне тамыр тартып, өмір арпалысына өгіз күшін арнаған дос байырғы жорғасына тайпалып тағы түскенін танытатын өлең ғой бұл.
«Қайран да менің Еділім!» дейтін Қазтуған жырау сияқты. Шабытты шақ десе, көз алдыңа Шәуешек келетіні рас.
Оншақты жыл бұрын Серік қыз ұзатып, біз білек сыбанып, «бәріне жауап беріп», асаба болып жүрген сәттерде туған, тойда оқыған мынау бір өлеңнен де сол баяғы алаң көңілдің аңсауы аңқиды.
ЖЕР АҢСАУ
(Серік Нүсіп қыз ұзатқанда)
Жастығыңа, қайратыңа сенуден,
«Нартәуекел» дедің 15 жыл бұрын.
Туған ана – Шәуешектің белінен,
Босатып ап тағдырыңның шылбырын.
Желтоқсанда қар кешіп, мұз төсеніп,
Ата-жұртқа жетіп едің төтелеп.
Нәресте ұлды қылтасынан көтеріп,
Сәби қызды білегінен жетелеп.
15 жылда еңбегіңді жандырдың,
Икемді еді ақылың да, қолың да.
Саған шексіз берген бағы, тағдырдың,
Елге жеттің қайратыңның молында.
Нәресте ұлың «Қазақстан» әнімен,
Топқа түсті, «Абылайлап», ұрандап.
Сәби қызың бой түзеді сәнімен,
Алматының аруы боп бұлаңдап.
Өз ойы бар, өз досы бар ұлыңның,
Отырасың сөйлесе алмай төмендеп.
Бойжеткен-ау, ботакөзің құлының,
Қарайлайды басқа жаққа елеңдеп.
Телефоннан хат жазады кешқұрым,
«Алаңдама, анау, кештеу келем» деп.
Анасынан уыз емді, бал емді,
Осы болар «Шеше көрген қыз» деген.
Бақытты үйде туып-өсіп ал енді,
Өз бақытын басқа ауылдан іздеген.
*
Жорға жүйрік құдалардың жетегі,
Қазір сенің қызыңды алып кетеді.
«Қыз ұзату» бақыт дейді білгендер,
Ал ақынның қайтып тұрды меселі.
Көңіл солай алабұртып тұрғанда,
Беу, Шәуешек бір кеп кетсең, не етеді.
Мойынына асылғандай анамның,
Бір құшақтап, искесем жетеді.
Беу, Шәуешек, атамыздың шалғайы,
Әжеміздің көлбіреген етегі.
2009 жыл. Алматы
Серік дос, сен Шәуешек феноменінің шабытты түлегісің. Азат Отаныңа айнымас антпен, семсердей сертпен келген жігітсің. Антыңнан айнымағаныңа, сертіңнен бір сәтке де таймағаныңа, тас жұтардай тәуекеліңе Тәңір куә, мен куә!
Топырағынан ауыстырған жеміс ағашы да, бір мезгіл тыныстап барып жапырақ жаяды. Сенде өзге ешкімнен кезікпейтін өлеңмен ойлаудың өнегесі бар. Еш ақын айтпайтын тіл, таппайтын теңеу бар.
Таяуда туған өлеңдеріңнен көңіл жайланып, шабытың ширай түскенін аңғарамын. «Көңілде алаң басылса…» дейтін Абай сөзін аңдаймын.
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ