Арқадағы Қоянды жәрмеңкесіне биыл – 175 жыл. Сау­да­ның ғана емес, өнердің көрігін қыздырған өлкенің тари­хы қазақ жерінің тарихында алтын әріппен жазылып қал­ды. Өткенді зерделеген жазушы мен тарихшы, өлке­тану­шылардың қаламына іліккен дүниелер қайта жаңғыруда.
Қоянды жәрмеңкесіне – 175 жыл
1,123
оқылды

– Қоянды – қазақ даласының тек сауда-экономикалық орталығы болып қа­на қойған жоқ. Бұл – қазақ әнінің, қай­таланбас өнерінің, тіпті театрдың алтын бе­сігі болды. Жақұт жырдың жәрмеңкесі еді. Әсем ән әуеледі, балуандарымыз бел­дес­ті, тұлпар тұяғы атырапты дүбірге бө­ле­ді. Талай игі жақсының ізі қалды, талай мық­тының танылуына ықпал етті, жұл­дызын жақты. Жәрмеңке батыс пен шығысты, солтүстік пен оңтүстікті жалға­ған алтын көпір болды. Сауда қызып жат­ты. Тіпті банк пен телеграф жұмыс іс­теп тұрды. Қоянды – қазақ даласы үшін маңызды елдік шешімдер қабылданған, саяси санасын оятқан орталық болды. Әйгілі Қарқаралы петициясы 1905 жылы осында жазылды. Бір деректерде он төрт мыңнан аса адам қол қойды делініп жүр, – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

«Базарың құтты болсын, ардақты елім,

Қоянды ту көтерген думан жерім.

Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы

Сарыарқа – алтын асу, асқар белім», – деп Біржан сал жырға қосқан Қоянды жәр­мең­кесі ел тарихынан алатын орны ерек­ше. 

Жәрмеңкенің негізін қалаушы – Се­ра­­фим Ботов. Ол Ресейдің Ялуторов қа­ла­­сындағы Демидовтар зауытындағы жұ­мысын қойып, саудамен айналысқан. Сера­фим қартайып дүниеден өтеді. Әке­сінің жолын Варнава Ботов жалғас­тыра­ды. Алғашқы кезде ол Омбы, Қызылжар қалаларына, 1847 жылы Қытайдағы Құл­жаға дейін барған. Саудасы жүрген ол басқа байлармен келісіп, келер жылы Қарқаралы маңына Талды өзені бойында кездесуге уәделесіп кері қайтады. 1848 жылы он лауға көп дүние тиеген Варнава мамыр айының ортасында Қарқаралы қаласынан санағанда екінші бекет болып табылатын 50 шақырым жердегі Қояндыға жетіп тоқтаған. Алдымен айна, тарақ, иіс май, ине-жіп, түйме, аттың тағасы мен шегесі тәрізді ұсақ-түйектерін сатып, күткен адамдары көрінбеген соң үлкен теңдерін ашқан. Онда қыр қазақтары үшін қат, қомақты заттар, ыдыс-аяқ, қазан, самауыр, шөп шабатын, іс тігетін маши­на­лар, киім-кешек, кездеме маталар, кілем­дер болған. Саудасы қызып, келесі жы­лы тағы келуге уәде беріп аттанған 

В. Ботов­тың есімі халық арасында Барнай, Бо­тап деген атпен жайылады. Оның келуі жыл сайын қайталанып, жәрмеңке қа­лып­тасу кезеңінен өткен. Алғашында 15 мамырдан 15 маусымға дейін жұмыс істе­ген. Базарға түскен басты тауар мал бол­ған. 

1 айда мұңда жарты миллионға дейін қой, 200 мыңға дейін жылқы мен сиыр әке­лінген деген деректер бар. 1869 жылы Қояндыға «Ботов жәрмеңкесі» деген рес­ми атақ беріледі. Жәрмеңке барысында ұзын­нан төрт қатар сауда орындары сап түзейді. Ішкі қатарда орыс көпестері мен Сібір саудагерлері, бұлардың сыртында қы­тайлар мен өзбектер сауда жасаған. Шет­тегі киіз үйлерде қазақ байлары қы­мыз сатқызады. Жәрмеңкеге басшылық жасайтын комитет, телеграф, почта, банк, полиция, сот, адам және мал дәрігерлері де осы жерде болған. Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық атқару комитеті 1918 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен жәрмеңкені «Қоянды жәрмеңкесі» деп атап, оны Кеңес өкіметінің қарамағына беру және сауданы маусымның басынан шілденің басына дейін жүргізуге шешім қабылдаған. 5 жылдай жәрмеңке өтпей қалған. 1923-1930 жылдар аралығында қай­та жұмыс жасаған. Жәрмеңке тек сауда ор­талығы ғана емес, исі қазақтың өнер мен рухани дүниесінің гүлденген ша­ғы­ның көрмесі болып танылған. Мұн­да Әміре, Қали, Ғаббас, Майра, Мәди, Жа­қып­бек, Жүсіпбектер ән шырқаса, Біржан сал жәрмеңке думанын ашқан. Қалибек, Иса, Балуан Шолақ пен Қажымұқандар өнер көрсеткен. Арқа өңірінде 82 жыл дү­рілдеген жәрмеңке үлкен нәубет алдын­да 1930 жылы жабылған. 

Қоянды жәрмеңкесіне қатысты дерек­ті тарих ғылымдарының докторы, профес­сор Жамбыл Артықбаев Франк ванс Агньюдің «Life with the Kirghiz in KAZAKHSTAN, (1903-1906)» тарихи-этног­ра­фиялық кітабынан тапқан.

– Тарихи дегеннен көрі әлеуметтік деген дұрыс болар, ағылшын концес­сио­нер­лері қазақ әлеуметтік топтарымен (жұ­­­­мысшылар, саудагерлер, болыстар мен билер) жақын араластықта болған және әр топқа қатысты сипаттамалар қалдыр­ған. Осы сипаттамаларды пайдалана оты­рып біз ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамына қатысты объективті баға бере аламыз. Бұл деректер ХХ ғасыр басында қа­зақ экономикасы, оның ішінде сауда-саттығы, ішкі және сыртқы байланыстары туралы мәлімет алуға мүкіндік береді, – дейді ғалым.

Frank Vans Agnew Баянауылдан Қоян­дыға баратын жолда бекет бар екенін, ол жер­де көліктерін тың аттарға ауыстырға­нын, жолға деп аздаған сүт, нан, қымыз ал­ғанын жазады. Жол бойы орасан зор керуендер мен мал табындары (great caravans and herds) деп сипаттайды, яғни тек концессионерлер ғана емес, толып жат­қан басқа ел де жәрмеңкеге бара жатыр деген сөз. «Жәрмеңке алаңына жақындай бере, қырдан төмен құладық, «Aidah-Aidah-Aidah-dah-dah!» деп ащы айқаймен көшір атқа шыбыртқы басты» дейді. 

Біздің үлкендеріміздің қаладағы тоқ­тайтын үйлерін «постоял» деп атайтыны есіме түседі. Бұл ағылшынның «Post-house» сөзінен шықса керек. 

Сонымен концессионерлер Қоянды жәрмеңкесіне келіп «Post-house»-ға түседі. Концессионер «бізге қонақ үйден он­шақты ярд (1 ярд – 0,914 м) жерге тігіл­ген киіз үйді берді» дейді. 

«Жәрмеңкеге ең жақын Қарқаралы қаласы 32 миль (1 км – 0,621 миль) қа­шық­тықта, Транссібір темір жолынан жәр­меңке 600 миль жерде» деп жазылған деректе. 

Frank Vans Agnew «Жәрмеңке ұлан-бай­тақ жерді алып жатыр, жүздеген мың мал басын жайу, суару үшін арнайы жер­лер бөлінген. Бұл жер өте жақсы таңдал­ған» дейді. 

Сонымен бірге «Қояндыда Ташкент­тен, Бұхарадан, Қытай шекарасынан келген керуендермен бірге Санкт-Петер­бург, Мәскеуден келген саудагерлер бар» – дейді ағылшын инженері. 

«Тіпті Еуропадан келген чиновниктер де жүр, олар өздерінің армияларына осы жер­ден жақсы аттарды сатып алады. Бір сау­дагер маған 6 500 кұйрықты қой сатып алға­нын айтты», – деп те жазған екен Frank Vans Agnew. 

Осы жазбалардан Қоянды жәрмеңкесі қазақ даласында алыс, жақын шетелдерді сау­дамен ғана емес, өнермен жалғаған кө­пір болғанына тағы да көз жете түседі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы