Олардың айтуынша, бұл бір жағынан, жемқорларға арналған кезекті жемсауға айналды. Екінші жағынан, ол таңбалауға іліккен тауарлардың күрт қымбаттауына соқтырды. Мысалы, аяқкиім бағасы бірден 9,7%-ға көтерілген. Бизнес зар илеп, безек қағуда. Ал билік болса, міндетті түрде таңбаланатын тауарлардың жаңа тізімін енгізді.
Одақ аясында тауарларды маркировкалау жаңа қарқынмен жалғасатын болды. Ресей енді ұйымға мүше 5 елде таңба басылмаған киім-кешекті, өзге өнімдерді сатуға тыйым салғызбақ. Бұл халықтың ең көп тұтынатын тауарларын бұқараға қолжетімсіз етеді. Онда одақтық қысымға қарсылық білдіріп жатқан ұлттық бизнеске халық қосылуы мүмкін.
Бірақ Үкімет тыңдайтын емес. Сауда және интеграция министрлігі «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі. Құжат таңбаланатын тауарлардың тізімін жаңартады.
Бұл жаңасы – 1 287 тауар түрінен тұратын өте ұзын тізім болмақ. Онда не жоқ дерсіз? Дәрі-дәрмектер, адамның қаны, емдік, профилактикалық немесе диагностикалық мақсаттарда пайдалану үшін дайындалған жануарлардың қаны, вакциналар, токсиндер, микроорганизмдердің дақылдары, сабындар, рентгенографиялық тексерулерге арналған контрастты препараттар, диагностикалық реагенттер, органотерапияға арналған заттар, гепарин және оның тұздары, темекінің қарапайымы, алмастырғышы, сығындылар мен эссенциялары бар саналуан түрі және басқалары биылдан бастап таңбалауға жатады деп күтілуде.
Таңбасы болмаса, контрабанда есептеліп, тәркілеуге жатады. Ондайды сатуға тыйым салынбақ. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұның бәрі көршіні байытады. Себебі Еуразиялық одақ аясында енгізілген таңбалардың жапсырмаларын негізінен ресейлік компания жасайды. Ол мысалы, әрбір жұп аяққкиімге жапсырылатын таңбаны 2,68 теңгеден сатып отыр.
Отандық «Lomuang» компаниясының директоры Лобар Абдуғапарованың мәліметінше, 2022 жылы Қазақстанда 41 миллион жұп аяқкиім сатылған. Оның 1,7 миллионы ғана елімізде жасалған. Салыстыратын болсақ, 90-жылдардағы тоқырау кезінде де республикамыз жылына 18 миллион жұп аяқкиім өндіретін. Енді ел мүлдем отандық аяқкиімсіз қалуы мүмкін.
Қалай болғанда, Data Мatrix кодын генерациялап, марка басатын компания Қазақстандағы бір ғана аяқкиім саласынан жылына 110 миллион теңгеден астам қаражат «сауады». Одақ осылай өндіруші мен тұтынушы арасында делдалды таңды.
Жазаның ауыры – нақақтан жазалау
Үкімет сонымен бірге жазалау шараларын күшейтіп жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Мәжіліске енгізуге дайындалуда.
Ол қабылданса, салдарынан елде жаңа жаза енгізіледі. Атап айтқанда, «бақылау (сәйкестендіру) белгілері немесе материалдық жеткізгіштері жоқ, бақылау (сәйкестендіру) белгілерімен немесе материалдық жеткізгіштермен таңбалануға жататын тауарларды сатқан», яғни затын таңбаламаған кәсіпкерге алдымен ескерту жасалады.
Егер бір жыл ішінде қайта сау ете қалған тексерушілер таңбасы жоқ бір тауарды тауып алса, онда шағын кәсіпкерлерге – 100, орта кәсіпкерлерге – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылы 1 млн 725 мың теңге) айыппұл салынады. Сонымен бірге қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Өзге де жазалар енгізілмек. Егер кәсіпкер одақтық тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарларды қабылдау-беру актілерін ресімдемей тауарларды берсе, бірінші жолы ескерту алады. Содан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаса, шағын кәсіпкерлікке – 100, орта кәсіпкерлікке – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК айыппұл салынады.
Жаза атаулы мұнымен бітпейді. Бизнесмендер таңбалануға жататын әрбір тауарды сатқан соң, оны тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінен шығарып тастауы қажет. Сонда Мәскеудегі одақ ол тауардың саудадан шығып қалғанын біліп отырады. Ал егер қазақстандық кәсіпкер «тауарларды белгіленген тәртіппен айналымнан шығармаса», 500 АЕК-ке немесе 1,7 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалайды.
Отандық кәсіпкерлердің де, «Атамекен» ұлттық палатасының да тауарларды таңбалауға қатысты ұстанымы айқын: ол өндірушілерге де, саудагерлерге де, түпкі тұтынушыларға да теріс әсерін тигізеді. Бұл процесс қымбатқа түседі, тым күрделі және машақаты көп.
Өйткені әрбір ішік пен тонға, былғары өнімдеріне, дәрілік заттарға, аяқкиімге, темекі қорабына және басқасына бірегей нөмірлерден құралған Data Мatrix QR кодтарын алып, тиісті жапсырманы жапсырумен іс бітпейді. Олардың әрқайсысының ары қарайғы қозғалысын тиісті ақпараттық жүйеде көрсетіп отыру қажет. Көтерме саудадан бөлшек саудаға, дүкендерге түсіп, кәсіпкерлік ортада қолдан қолға өтіп, ақыры түпкі тұтынушыға сатылғанда, оны айналымнан шығару рәсімін жүзеге асыру қажет. Мұның қандай бюрократия екенін осыдан бағамдауға болады.
– Бүгінде елде қымбатшылыққа қарсы күрес жүріп жатқанда, таңбалау керісінше жағдайды ушықтыра түседі. Тұтынушыларға, әрбір қазақстандыққа қосымша шығын болады. «Ашкөз кәсіпкерлер халық есебінен байып жатыр» деп айтылады. Ал мемлекеттік реттеу халық тұтынатын тауарлар бағасының өсуіне жағдай жасайтынын түсінуміз керек. Таңбалауды жақтаушылар бұл құрал қоғам үшін де, мемлекет үшін де пайдалы деп дәлелдеуге тырысады. Қазақстанда осы процесті ілгерілету үшін көптеген консультант пен көмекші пайда болған.
Ал импорттаушылар да, бөлшек саудагерлер де таңбалаудың орынсыздығын айғақтайтын, нақты практикадан алынған дәлелдерді келтіріп әлек. Мәселені тыңдайтын, шешетін ешкім жоқ. Халық үніне құлақ асатын мемлекет жұмыс істейді ме екен деген сауал туындайды, – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сауда департаментінің басқарушы директоры Әсет Айтбаев.
Контрафактті қалқан еткен коррупция ма?
Биылғы 1 сәуірде мысалы, 2021 жылдың 1 қарашасына дейін әкелінген және таңбаланбаған аяқкиім қалдықтарын сату мерзімі аяқталады. Ары қарай оларды сату автоматты түрде заңсыз іске айналды. Қазірден елде аяқкиімдер бағасы көтеріле бастады.
Таңбалауды жақтаушылардың, яғни Еуразиялық одақтың, биліктің және таңбалау операторы, содан комиссиялық табыс тауып отырған «Қазақтелеком» АҚ-ның дәйектемесі бір. Олардың сендіруінше, тауарларды таңбалау, біріншіден, нарықтағы нақты көріністі көрсетеді. Яғни, әрбір тауардың қанша данасы елде сатылатыны, қаншасы шетелге шығарылатыны анықталады.
Алайда сарапшылар бұған сенбейді: мысалы, былғары өнімдерін таңбалау 2016 жылдан бастап енгізілді. Содан бері ішік, тон, былғары бөрік және басқасының қанша бірлігі сатылғаны туралы нақты, өзекті дерек жарияланған жоқ.
Екіншіден, таңбалау әр нарыққа қатысты «оңтайлы басқару шешімдерін қабылдауға ықпал ететін болады». Дегенмен, таңбалау арқасында нақты қандай оңтайлы шешім қабылданғанын да құзырлы органдар айта алмады.
Үшіншіден, таңбалау нарықты жалған өнімнен, контрафактіден тазартуға, салық және кедендік төлемдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Әйткенмен, Қазақстанда контрафакт тауарларға сол бойы тосқауыл қойылмады. Кәсіпкерлердің айтуынша, контрабандамен күрес кеден органдарына жүктелген: ол адал бизнестің күшімен шешілмеуі тиіс.
Жалпы, Қазақстан одақтың таңбалауынсыз-ақ әрбір тауарды қадағалаудың төл жүйесін енгізуде. Қазіргі кезде тауар айналымын бақылау жүйесі онсыз да іске асырылған. Салық органдары контрагенттердің электронды шот-фактураларын камералдық салыстырып тексереді. Демек, көтерме нарық айқын бола түсті, мемлекеттік кірістер органдары тауар ағындарын қазірдің өзінде қадағалап отыр.
Таңбалау шағын бөлшек сауда орындарына да зиянын тигізеді. Мәселен, аяқкиімдердің бөлшек саудасымен айналысатын кәсіпкерлердің мәліметінше, аяқкиімді таңбалау жөніндегі талаптарды орындауға байланысты негізгі шығындар орташа айналымы 5 мың жұп өнімді құрайтын 1 сауда орнына шамамен 1 194 500 теңгеге түседі.
Таңбалаудың отандық өндірісті қолдауға еш пайдасы жоқ. Себебі, шетелдік, қытайлық өнімдер отандықтан арзан: олар таңба шығынын жеңілірек көтереді. Контрафакт өнімдерінің тасқынын да тоқтата алмайды: таңбалау арқылы, керісінше, контрафактілі аяқкиімді заңдастыруға болады. Ақысын төлесе болғаны, сәйкестендіру құралы саналатын таңбаны қандай аяқкиімге жапсырса да, ешқандай айырмашылық жоқ.
Мұның сыртында мамандар таңбалауда және ақпараттық жүйеде қарастырылған мәліметтердің халық үшін пайдасы шамалы дейді: ол ақпарат, мысалы, аяқкиімнің қораптарында көрсетілген.
«Confidence & law» заңгерлік консультанттар палатасының басшысы Айнұр Қайдарова биылғы сәуірде енгізілген аяқкиімді таңбалауды коррупциялық схема деп атады.
«Мен аяқкиім өндірушілердің мүддесін қоғаумен айналысамын. Бүгінде біздің бәрімізді әр өнімді маркалауға мәжбүрлеп жатыр. Бірақ оның не үшін керектігін, қандай пайда беретінін ешкім білмейді. Мұның контрафактпен, контрабандамен және көлеңкелі экономикамен күрес үшін қажеттігін айтты. Кешіріңіз, Қазақстанда мұның бәрімен күресетін органдар өте көп: мемлекеттік кірістер органдары, кеден органдары, Әділет министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі және басқасы бар. Неге онда екі жыл қатарынан осы күресті кәсіпкерлер мен қарапайым халық қаржыландырып отыр?», – деп кәсіпкерлердің наразылығын білдірді А.Қайдарова.
Сондықтан бизнес ортаның пікіріне құлақ қойған «Атамекен» палатасы таңбалауды мүлдем жоюды немесе оны ең құрыса, ерікті негізге аударуды ұсынып отыр.
Айхан ШӘРІП
© коллаж: Елдар ҚАБА