Әсіресе, Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда бұл мәселе тіпті күрделі десек болады. Жалпы, елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Былтыр жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 89 мыңнан асса, биыл жатақхана тапшылығы 70 мыңға жуық орынды құрап отыр. Яғни, осыншама студент пәтер жағалайды деген сөз. Осы ретте жатақхананың биылғы «жырын» анықтауға тырыстық.
Министрлік не дейді?
Былтыр еліміз бойынша 89 мың студентке жатақхана жетіспеген. Тұрғын жайдың тапшылығы рейтингін Алматы мен Астана қалалары бастап, Алматыда 37 мың, бас қалада 14 мың студентке жатақхана керек болған еді. Сондай-ақ солтүстік көрші мемлекетте жаппай мобилизация жарияланып, елімізге келген мигранттардың аса көптігінен пәтер құны аспандап, студенттердің далада қалып, олардың көшеде, метроларда түнегені туралы ақпарат желдей ескен болатын. Жатақханадан орын жетіспей, пәтер жағалаған студенттерге бұл өте ауыр соққы болған. Ал биылғы жағдай қалай болмақ? Жауапты құзырлы мекемелер жаңа оқу жылына қаншалықты дайын?
Осыған орай жаңа оқу жылына жатақхана тапшылығы қаншалықты деңгейде екенін білу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Ведомствоның хабарлауынша, биыл еліміз бойынша жатақханалардағы орындарға қажеттілік 69 236 орынды құрап отыр. Оның ішінде Алматы қаласында 30 328 орын, Астанада 13 834 орын, Ақмола облысында 3 049 орын жетіспейді. Ал қажеттілік 109 ұйымда, оның ішінде 48 жоғары оқу орнында 61 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында бар. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін 10 949 орындық 37 жатақхананы іске қосу жоспарланған, оның ішінде 3 060 орындық 9 жатақхана ендігісі пайдалануға берілген. Астана мен Алматыға халықтың, оның ішінде студенттердің көптеп ағылатынын ескерсек, министрлік берген мәліметтер көңіл көншіте ме?!
Мәжілісмендер мәселе төңірегінде...
Жалпы, мәжіліс мінберінде жатақхана мәселесі аз көтеріліп жүрген жоқ. Әсіресе, жыл сайын бұл туралы Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтардай-ақ айтып келеді. Өткен айда да осы мәселе төңірегінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған депутат жатақхананың жайы көңіл көншітерлік емес екенін алға тартқан еді. Оның айтуынша, осы жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ бұл процестің өте баяу әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары. Жыл бел ортасына жетсе де,
6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 пайызы ғана іске қосылған. Сонымен қатар сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұрған көрінеді. Депутат жатақхана төңірегінде бірқатар мәселенің мәнісін атады. Біріншіден, аймақтағы университеттерде сол мамандықтарға берілетін грант санының жоқтығы болса, екіншіден, университеттер студенттерді қабылдау кезінде аудитория, жатақханасы жеткілікті ме, асханасы бар ма, оқытушы сағаттары жете ме деген сияқты мәселелерді ескермейді. Кейбір университеттер студенттерді мүлдем шамадан тыс қабылдауының салдарынан студенттері метро мен вокзалда түнеп, көше кезіп, арзан пәтерлерді қаланың шеткері аудандарынан іздеп кеткенін тілге тиек еткен депутат білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырмау керегін айтты.
Осы ретте біз талай жыл Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ректор болған, бүгінде Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовқа хабарласқан едік. Оның айтуынша, жатақхана мәселесін аз уақытта шешу оңайлыққа соқпайды. Себебі демографиялық өсімге байланысты алдағы бес жылда студенттердің саны бірнеше есеге артпақ. Яғни, жатақхана тапшылығы алдағы уақытта күшейе түсуі мүмкін. Осы ретте жатақхана мәселесін мемлекеттің қолдауынан бөлек жоғары оқу орындары жекеменшік серіктестіктер арқылы, сонымен қатар мекеменің табысынан түскен қаржыға және Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржы орталығынан несиелер алып, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жатақханаларға айналдыру арқылы да шешу керегін алға тартты. Сонымен қатар Ерболат Бай- ұзақұлы студенттерге тек үлкен мегополистегі университетті таңдамай, өңірлік оқу орындарды да таңдауға кеңес берді.
«Көптеген студент мамандықты таңдамай, тек гранттар мен үлкен қалалардағы танымал университеттерді таңдайтыны рас. Үлкен мегаполистердегі білім беру мекемелеріндегі білім сапасы өзге өңірлерде де бар, тіпті кей жағдайда артық. Бірақ осыған мемлекет те мүдделі болып, білім беру гранттарын бөлу кезінде осыны ескеріп, еліміздің басқа аймақтарындағы оқу орындарына мақсатты гранттарды көптеп беруді қарастыруы керек», – дейді депутат.
«Өзіңіз ректор болып тұрғанда бұл мәселені қалай шештіңіз?» деген сұрағымызға депутат институттың үнемделген қаржысымен Тараздағы кезінде «Тараз» қонақүйі болған үлкен ғимаратты сатып алып, реконструкция жасап, күрделі жөндеуден өткізіп, жатақханаға үйлестіріп шешкенін айтты.
«Қазір өзіміздің шығарған қаржымызды министрлік қайтарып жатыр. Жалпы, жатақхана мәселесінде жоғары оқу орнының басшылары тек Үкіметке аузын ашып қарап отыруға болмайды. Жоғарыдағы біз жасаған үлгіні басқа да жоғары оқу орындары пайдаланса, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктегі несиелер арқылы да бірқатар мәселені шешуге болады», – дейді ол.
Сондай-ақ мәжілісмен шетелдегі тәжірибелерді тілге тиек етті.
«Маңайымыздағы көршілерде де біздегі мәселе өзектілігін әлі жойған жоқ. Ал батыс мемлекеттерінде бұл мәселе жолға қойылған. Біріншіден, ондағы университеттердің бірнеше жүз жылдық тарихы бар. Ұзақ жылғы дамуды бастан өткергендіктен, бұл мәселе оларда түбегейлі шешілген. Ал біз дамушы мемлекет қатарына жатқандықтан, бізге де біршама уақыт керек. Ал Еуропа немесе АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында бірінші келісімшартта студенттің гранты немесе ақылы оқуы туралы көрсетілсе, екінші келісімшартта жатар орның мен тамағың көрсетіледі. Мысалы, Американың Маями қаласында Халықаралық қатынастар университеті бар. Сонда егер ақылы оқуға түссең, оқу ақысынан бөлек қосымша ақы төлеп жатақханаға орналасасың. Сол сомаға үш мезгіл тамағың да кіреді. Яғни, онда сенің білім алуыңа барлық жағдай жасалған. Грантқа түссең де, ақылы оқуға түссең де жатақхана мәселе емес. Тағы бір айта кетерлігі – біздегі жатақханалардың сапасы. Біздегі көп жатақхана кезіндегі кеңес дәуірінен қалған, сол кезеңдегі стандарт бойынша салынған. Яғни, ортақ дәретхана, ортақ душ бөлмелері деген сынды. Қазіргі уақыт талабы басқа. Мысалы, біз Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында қонақүй сатып алған кезде сол қонақүй стандартын сақтадық. Әр бөлмеде жеке душ бөлмесі мен дәретхана болды. Биыл екінші жатақхананы іске қостық. Ол жатақхана тіпті халықаралық заманауи стандартқа сай келеді. Онда әр бөлмеге жеке дәретхана мен душ бөлмелерін қоспағанда, тіпті тамақтанатын бұрыш жасадық. Арнайы демалатын коворкинг орталықтары мен демалатын, уақыт өткізетін бөлмелеріне дейін қарастырылған», – дейді ол.
Қыркүйекке дейін мәселені шешуді тапсырды
Жалпы 2018-2022 жылдар аралығында 40 662 орындық 168 жатақхана пайдалануға беріліпті. Жыл сайын көші-қон мен миграцияның, демографиялық өсу қарқынына қарағанда бұл көрсеткіш тым аз емес пе?! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде студенттік жатақхана мәселесіне бейжай қарауға болмайтынын айтып, жастардың білімге ден қойып, болашақ мамандықты толыққанды меңгеруіне осындай тұрмыстық сұрақтардың кедергі келтіретінін ескерткен болатын.
Осы ретте күні кеше Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін талқылаған болатын. Онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орындық 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған – 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға берілетінін, бірақ 1,4 мың орындық 4 нысан жоспарлы мерзімінде пайдалануға берілмеуі мүмкін екенін де айтты. Бұл – «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасын күрделі жөндеу, Алматы қаласында 400 орындық жатақхана салу және 450 орындық екі жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу сынды жобалар.
Сондай-ақ министр жатақханалар құрылысы кезінде инвесторлар кезігетін негізгі проблемалар қатарында нысандардың мақсатын өзгерту, заттай гранттар беру және коммуналдық желілерге қосылу мүмкіндігінің шектелуіндегі қиындықтарды атаған болатын. Өз кезегінде Үкімет басшысы бұл мәселе уақытылы шешілмейтін болса, жағдай одан сайын қиындай беретінін ескертіп, бұл жөнінде бірқатар проблема барын айтты.
«Көптеген университет басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар», – деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, оқуға қабылданған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ біледі. Сосын оқуға дайындалудың орнына олар өз бетінше тұратын баспана іздеуге мәжбүр болады.
Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, сондай-ақ биылға жоспарланған 37 нысанның барлығының мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Ол үшін Ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрлері, облыс әкімдері тікелей жауапты екенін атап өтті.
Аймақтардағы ахуал қалай?
Статистикаға сәйкес, жатақханаға мұқтаж студенттер саны бойынша бірінші орынды Алматы, екінші орынды Астана, үшінші орынды Түркістан обысы, төртінші орынды Ақмола облысы алып отыр. Алматының бірінші орыннан көріну себебі белгілі. Өйткені онда еліміздегі студенттердің шамамен үштен бірі тұрады. Жылдан-жылға мегаполиске келетін студенттер саны артып келеді. Осыған байланысты шаһарда студенттік жатақханаларға деген сұраныс жоғары. Алматыда 35 оқу орнында білім алатын 180 мыңнан астам студент бар. Қалада қазір жалпы саны 98 жатақхана қолданыста, бірақ тағы 37 мыңға жуық студентке орын жоқ. Ақмола облысы Білім басқармасының дерегінше, студенттік жатақханаларда орын тапшылығын шешу үшін облыс орталығында 4 студенттік жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Жатақханаларда осы орындарды енгізу кезең-кезеңмен іске асады. 2023 жылы – 600 орын, 2024 жылы тағы 600 орын қолданысқа беріледі делінген.
Ал Қызылордада 2022-2023 оқу жылында облыстағы жоғары оқу орындарында, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 36 238 студент білім алса, оның ішінде 5 793 студент жатақханамен қамтылған. Аймақтың 30 колледжіндегі 20 672 студенттің 3646-сына жатақхана берілген екен.
Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Есбол Муханбетқалиевтың айтуынша, университетте жатақхана мәселесі шешілген. Студенттерге арналған 2 200 орынды 3 студенттер үйі мен Жастар үйі бар. Студенттер үйіне орналасу үшін ашықтық пен айқындықты сақтау мақсатында Smart Arsu мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады екен. Студенттер үйіне білім алушылардың әлеуметтік категориясы бойынша жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер тегін орналасады.
Биылғы оқу жылында студенттер үйінде белсенділігі үшін 20 студентке осы оқу жылында тегін тұруға рұқсат берілді. Студенттердің қажеттілігі туындаған жағдайда «Эрудит бизнес» (300 орын) және Salem Space (150 орын) студенттер үйлерімен меморандум жасалды. Сонымен қатар «Зерек» балаларды дамыту орталығы жабылып, студенттерді орналастыруға 50 орын дайындалып жатыр екен.
Елордадағы Назарбаев университетіне хабарласқанымызда 2023-2024 оқу жылындағы жағдай бойынша Назарбаев университетінің жатақхана қоры 4 796 төсек-орынмен қамтылғанын білдік. Бұл қазіргі докторантураны қоспағанда, барлық бағдарлама бойынша студенттердің жалпы санының 71 пайызын орналастыруға мүмкіндік береді. Ал өткен оқу жылында (2022-2023) жатақханада 4 400-ге дейін адам тұрған, бұл сол кезеңдегі жалпы төсек-орын санының 98 пайызын және докторантурадан басқа барлық бағдарлама бойынша оқитын студенттердің жалпы санының 63 пайызын құраған.
«Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық (Foundation) және бакалавриат бағдарламалары бойынша оқитын аймақтардан, басқа қалалардан келген студенттің барлығы жатақханадан баспанамен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Студенттер оқу жылына байланысты екі, үш және төрт орынды бөлмелерде тұрады.
«Бакалавриат пен магистратура бағдарламасында оқитын, Астана қаласының тұрғыны болып табылмайтын (Астана қаласында жылжымайтын мүлкі жоқ, тұрғылықты тіркелмеген және ата-анасының елордада жұмыс орны жоқ) барлық студент NU жатақханасына тұруға өтініш бере алады», – дейді университеттің баспасөз қызметі өкілі.
P.S.
Өкініштісі, тәуелсіздік алғалы 30 жылдан астам уақыт өтсе де бұл мәселе түбегейлі шешімін таппай келеді. Қиналатын – қара халық, студент пен оны күндіз-түні уайымдайтын ата-анасы. «Еліміздің болашағы – жастар» дегенді жиі айтамыз. Сол жастардың көп бөлігін құрайтын студенттердің сапалы білім алуы үшін жатақхана болса, ел болашағы да баянды болмақ.
Наурызбек САРША