Қаланы басқан түтін мен күлімсі иіске қапырық ауа қосылғанда, далада жүру тұрмақ, тыныс алудың өзі мұңға айналады.
Жылдағы апатқа кім кінәлі?
Әріге бармай, шілденің басындағы жағдайды мысалға алайық. 6 шілде күні басталған өрт салдарынан алғашқы үш күннің ішінде Каспий жағалауындағы 450 гектардан астам аумақтағы өскін күлге айналды. 50 гектар жер ашық от құрсауында қалды. Тілсіз жаумен күреске 70-ке жуық маман, 20 шақты техника жұмылдырылды. Бірақ бұл да отты ауыздықтауға жеткіліксіз болды. Қызылордадан тікұшақ көмекке келді. Өрттің шығу себебі белгісіз қалды.
Бір аптаға созылған өрт салдарынан «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты жалпы ауданы 910 гектар жер жанып кетті. Өрт сөндірушілер 7 күн бойы отпен арпалысты. Күннің аптап ыстығы мен қызыл жалын жайлаған аумақтың сулы, батпақты жерде болуына байланысты, қамыс өрті ауыздықтауға қиындық тудырды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, қамыс өртін сөндіру үшін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 80 адам мен 14 техника, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері тікұшақпен 167 рет 500 тоннадан астам су төгілді.
Қамыс неге жиі өртенеді? Айдалада жатқан Каспий жағалауындағы батпақты жерге кімдер өрт қояды? Атырауда қамыс өртенген сайын тұрғындар тарапынан қойылатын басты сұрақ – осы. Халық арасында осы мәселеге байланысты алып-қашпа әңгімелер де көп. Ел ішінде тараған әңгіменің дені «өртті заңсыз балық тасымалын ұйымдастыру үшін адамдардың белгілі бір тобы әдейі қояды» дегенге саяды. Ресми деректерге қарасақ, былтыр қамыс өртіне себепкер болған 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Оның үстіне, «Ақжайық» резерватының аумағы тым үлкен – 115 500 гектар. Желдің екпіні күшейіп, теңіз суы көтерілгенде, жағалауда да ылғал көбейіп, батпақты жерге автокөлік бара алмайды. Сондықтан өртенген қамысты сөндіру қиындық тудырады. Жасыратыны жоқ, қазір облыста сулы, батпақты жерде жүретін техника жетіспейді, – дейді Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержанов.
Техника тапшы
Осы жерде қамыс өртінің алдында неге сонша қауқарсызбыз деген заңды сұрақ туындайды. Біз осы сұрақты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевке қойдық. Ол «Ақжайық» резерватындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатқанын хабарлады.
– «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтің тапсырмасымен, өрт сөндіру қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 2 жол тағамайтын көлік, жедел әрекет етуге арналған 2 көлік, 1 автосаты және басқа да қауіпсіздік техникалары алынады. Орман шаруашылығы мекемелеріне 38 қосымша техника бөлінді, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі «Ақжайық» резерватын коммуналдық балансқа алу мәселесін көтерген болатын. Алайда Экология министрлігі резерватты әкімдік балансына беру ерекше қорғалатын аумақтар туралы заңға қайшы келетінін айтты. Дегенмен министрлік қорықтың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 285 млн теңге бөлген.
Сондай-ақ атыраулық мамандар өрттің жайылуының алдын алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүйесін қолдана бастады.
– Мәселен, 28 шілде күні бұл жүйе алғашқы нәтижесін беріп, қамыс өрті тұтанған бойда өшірілді. Бұл қадамдардың барлығы резерваттағы қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алуға оң әсерін тигізеді деп сенемін, – деді Жасұлан Бисембиев.
Тағы бір мәселе – Атырауда қамыс өртін өшіруге қолданылатын тікұшақ жоқ. Бұған дейін қызмет етіп келген тікұшақ осыдан біраз бұрын апатқа ұшырап, экипаж мүшелері көз жұмды. Сол апаттан кейін Атырауда екі рет қамыс өртенді. Апталап созылған қамыс өртін өшіруге Маңғыстау, кейін Қызылорда облыстарынан тікұшақ көмекке келді. Өкініштісі сол, «Ақжайық» резерватына тікұшақ алу әзірге жоспарда жоқ.
Себеп – тікұшақ құнының қымбаттығы. Нарықтағы бағада бір тікұшақты сатып алу үшін 9-12 миллиард теңге шамасында қаражат керек. Сондықтан сала мамандарына қазір беріліп жатқан мүмкіндіктермен ғана амалдай тұруға тура келеді.
Қамысты қажетке жаратудың жолы көп
Биліктегілер техникалық жабдықтау, кадр тапшылығы мәселелерін алға тартып жатқанда, атыраулық оқушы күл боп жанып кетіп жатқан қамысты кәдеге асырудың жолын ұсынып отыр. Жанель Шайдолла – 10-сыныпқа көшкелі отырған оқушы. Атырауда үнемі қайталанатын қамыс өрті проблемасынан құтылу жолын іздестіре келе, оқушы қыз қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың жолын ойлап тапты.
Оқушының мұндай ерекше жоба жасап шығаруына Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алуы ықпал еткен. «Биохимия» жазғы қарқынды курсында білім алған Жанель қамысты тұрғын үй салған уақытта құрылыс материалы ретінде қолдануды ұсынып отыр. Қамыстан үйдің шатырын, тіпті, бетон қабырға макетін де жасап көрген.
– Дамыған елдерде қамысты құрылыс саласында кеңінен қолданады. Нақты айтқанда, цементті үнемдеу үшін арасына қамыс қосылады. Қамыс араласып құйылған бетондарды үйдің қабырғасын тұрғызуға қолдануға болады. Қамысты үйдің төбесін жабатын шатыр ретінде де қолданады. Қамысты құрылыс материалы ретінде қолданудың экологиялық тұрғыдан тиімділігі бар. Қамыс қыс мезгілінде үй ішінде жылуды ұстап тұрады. Жазғы мезгілде үйде қоңыр салқын температура сақталып тұрады. Осылайша, қамыс құрылыс материалы ретінде адам өмірін қолайлы ете түседі. Бастысы, қамыс пен сабанды ажырата білу керек. Құрылыс материалы үшін сапалы қамыс қажет, – дейді жас зерттеуші Жанель Шайдолла.
Біз Жанельден басқа емес, дәл осы қамыс тақырыбын таңдап алуының себебін сұрадық. Сөйтсек, ол Атырауда үнемі қамыс өрті болатын Дамбы ауылында тұрады екен.
– Қамыс өртінің денсаулыққа зияны үлкен. Әсіресе, тыныс алу жолы ауыратын адамдар қиналып қалады. Өкпе аурулары, бронхит, астма сияқты дерттер өрт кезінде адамды тұншықтырып, жағдайын нашарлатады. Қамыс өртенген уақытта өзіміз де үйдің есік-терезесін аша алмай не сыртқа шыға алмай тұншығып қаламыз, – дейді Жанель.
«Биохимия» қарқынды курсының тренері Нұргүл Имамұратованың айтуынша, қамысты құрылыс материалы ретінде қолдану – әлемдік өнеркәсіп нарығында бар технология.
– Әдетте, қамыстан жасалған шатыр қалыңдығы 20-30 см болады. Қамыс су өткізбейді. Оның үстіне, қамысқа жәндіктер жиналмайды. Қамыс құрамында ақуыз болмағандықтан, шыбын-шіркей сияқты жәндіктердің жиналу мүмкіндігі – 0 пайыз, – дейді тренер Нұргүл Имамұратова.
Тағы бір қызығы, металл плиткалардан жасалған шатырлар 20-25 жыл қызмет ететін болса, қамыстан жасалған шатырдың кепілдігі 30 жылға дейін жетеді. Тағы бір айта кетерлігі, қамыстың ағашқа қарағанда ылғалға төзімділігі 48 пайызға дейін жоғары. Кезінде ата-бабаларымыз шаруашылықта қамысты кеңінен қолданған. Малға азық ету, ши тоқудан бөлек, қамыстан тіпті, үйді де тұрғызған. Шетелдерде қамыстың сабағынан қантты да өндіріп жатыр.
Жас ғалым Жанель Шайдолла мен ұстазы Нұргүл Имамұратова бұл жобаны әрі қарай дамытуға ниетті екендерін айтып отыр.
Айналып келгенде, қамыс та, өртеніп жатқан аумақ та өзіміздікі. Көк түтіннен зардап шегіп жатқан да біз. Сондықтан қамыс өртін болдырмау шараларымен бірге, қамысты кәдеге асырудың амалдарын да қолға алғанымыз болашақ үшін игі шешім болатындай.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ