Түс – адамзат баласына құпиясы толық ашылмаған тылсым дүние. Ежелден бері түс біздің тұрмыс салтымызға енген. Түске қатысты түс садақасы, түсті көшіріп алу секілді ұғымдар қалыптасқан. Әлі күнге дейін түс ғалымдардың зерттеу тақырыптарына арқау болуда.
Түс – тылсым құбылыс
1,103
оқылды

Ғылыми жаңалығын түсінде көрген

Ғалымдар түстің бірнеше түрін ажы­ра­тады. Біріншісі – физиологиялық түстер, бұл ұйықтап жатқан адамның сыртқы жағ­дайларымен тікелей байланысты. Мәселен, жау­рау, шөлдеу, аштық сезімі түске тікелей әсер етеді. Екіншісі – күнделікті түстер, яғ­ни күн сайын адамда не қайталанатыны туралы түс. Бұл түстің түрі әдетте есте онша анық қалмайды. Келесісі – өткен шақтан қалған естеліктер, бұрын болған оқиғаларды қай­та бастан кешіретін түстер. Одан кейін­гісі – адамға өмірінде туындаған мәселені ше­шуге мүмкіндік беретін түстер. Мұндай түс­тер біздің өмірімізде саналы түрде не ше­шетінімізді түсінуге көмектеседі. Мы­са­лы, тарихта осындай түстер арқылы жаң­а­лық ашқан біршама тұлға бар. Атап айтсақ, орыс химигі Д.Менделеев өзін әлемге та­нымал еткен кестесін, яғни химиялық эле­­менттердің периодтық жүйесін түсінде кө­ріп, дереу қағазға түсірген. Ал неміс хи­мигі Ф.Кенуле бензолдың құрылымдық фор­муласын түсінде көрген. Жазушы Ф.Дос­тоевскийдің «Жасөспірім» атты рома­ны­ның негізгі сюжеті ең алдымен түсіне кір­ген. Осындай тұлғалар қатарында көр­нек­ті орыс ақын-жазушылары А.Пушкин, В.Маяковский, А.Фетте де бар. Олардың да шығармашылығында түс көру, соңынан оларды жырға қосып, поэмаға айналдыру кез­деседі. Соңғысы – көпшілігіміз көретін қай­таланатын түстер. Зерттеушілер егер түс­тер жиі қайталана беретін болса, бұл ше­шілмеген мәселенің көрінісі екенін ай­тады. 

Сүзгіленген ақпарат түсімізге кіреді

Мамандар жалпы түс көрудің бес түрлі се­бебі барын айтады. Олар – ерекше әсер қал­дырған, күндіз өңде көрген жайлардың, оқи­ғалардың әсерінен түс көру, күндіз істе­ген шаруаларға, жұмыстарға байланысты түс, ауырған себепті көрген түс, аян беру жә­не жанның мазасыздануына байланысты түс көру. Түс көру туралы сөз қозғағанда Зиг­мунд Фрейдті атап өтпеуге болмайды. Әлем­ге әйгілі америкалық психолог 1900 жыл­ғы «Түс жору» еңбегінде түс көрудің ай­қын мазмұнымен қатар тылсым астары да барын, сондықтан түс адамның бей­са­на­лық деңгейіндегі ойларының символдық бей­несі екенін жазады. Ол өз еңбегінде түс көру­ді екі топқа бөледі. Біріншісі – адам­ның түйсігінің осы шақта немесе өткен шақ­та болған оқиғаларына түс арқылы шо­лу жасауы. Мұндай түстерді ол бола­шақ­қа қатысы жоқ деп санады. Екіншісі – бола­шақты түс арқылы көру немесе жора­мал­дау. Фрейдтің теориясы бойынша түс – адам са­насында ішкі (арман-тілектер) және сырт­қы (күнделікті тіршіліктегі түрлі жағдай­лар­дың) әсерден туындайтын адам жаны­ның реакциясы. 

Сомнолог Әділ Бейсенбаевтың айтуын­ша, түс – адам қабылдаған ақпараттың ай­­­насы. 

– Біз күнделікті өмірде өте көп ақпарат ала­мыз әрі оны өңдейміз. Қарапайым, кө­шеде кездейсоқ көрген адамдарды да ми өзі­не ақпарат ретінде есіне сақтап қалады. Біз ол адамды танымасақ та, сөйлеспесек те, миға ол да «керек». Осылайша, мил­лиард­та­ған ақпараттың барлығы мида бір-бірімен жалғасып, байланыс құрады. Осы байланыстар арқылы электр сигналдары пайда болады. Сол электр сигналдарын есте сақтау қабілеті дейміз. Адам ұйықтап, ақ­паратты қабылдай алмайтын күйде бол­ған­да ми ішкі жұмысына кіріседі. Күні бойы жиналған ақпаратты сүзгілейді. Біз ұйықтап жат­қанда, ми нені сақтау керек, ал нені ұмы­ту қажет екенін «шешеді». Осы сәтте, яғ­ни миымыз ақпаратты сүзгіден өткізіп жат­қан кездегі сигналдардан пайда болған об­раздарды түс деп атаймыз, – дейді ол.

Жаман түсті жоруға бола ма?

Түс жору – халқымыздың ежелден бері жал­ғасып келе жатқан ерекше ғұрып­тары­ның бірі. Халық нанымы бойынша кез кел­ген адам түс жори алмайды. Тек түс жо­ри алатын қабілетке ие дана адамдарға жо­рытқызған. Көрген түсті дабыра қылып жұр­тқа айтуды да құп көрмеген. «Бабалар сөзі» атты көптомдық еңбекте егер адамның көрген түсін біреу: «Мына түсті менің басы­ма көшір, жақсылығын маған бер» деп ті­лей­тін болса, түстің бақыты сол кезде ана кісі­ге ауып кететіні айтылған. Мұны қазақ «Түс­ті көшіріп алу» деп атаған. Бұған қоса, «Ке­рі жорыған түс түбіңе жетеді», «Түс – тәңір­дің аяны», «Түс мәтінін білмесең жо­ры­ма, білмеген дұғаны оқыма» деген тәм­сіл сөздер де қалған. Түс жоруға қатысты ең кең тараған «Түс – түлкінің боғы» деген сөз бар. Кейбір күрделі, қорқынышты түс­терді беталды жори бермейді. Жаман түс көр­ген адамды шошытып, үмітін үздіріп ал­мауы үшін «Түс – түлкінің боғы» деп жа­ман түсті жорымай қоятыны осыдан. 

Түс жоруға қатысты Абылай ханның тү­сін өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақ­талуы деп Бұқар жыраудың жоруы, қайда жерге барса да өз көрін қазғандарды көрген Қор­қыттың түсі, Асан Қайғының қазақ же­рін орыстың басып алу қаупіне алаңдап: «Бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспе­сең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деуі және осы секілді басқа да аңыз-әңгімелер хал­қы­мыздың түсінігінде түс жорудың маңызы бө­лек екенін білдірсе керек. 

Қазақта «түс садақасы», «түс құдайысы» де­ген ұғымдар да бар. Әсіресе, түс сада­қа­сына қатысты оқиғалар қазақ хандарының, ба­тырларының өмірлерінде көп ұшырас­қан. Мысалы, Абылай ханның өз сар­дар­ларының бірі Жә­нібектің түсін оңға жорып, түс садақа­сын жасау арқылы жеңіске жет­кені жайлы аңыз-әңгіме кімді болса да қы­зықтырары хақ. Бұл аңызда түс жорудың екі түрлі шар­ты ескерілген. Бірі – қандай түс­ті де жақсы­лық­қа жору, екіншісі – келер қауіпті құ­дайы, садақа беру арқылы бол­дырмау. 

Дін түсті қалай түсіндіреді?

Ислам дінінде де түс жоруға ерекше мән бе­рілген. Мұны бізге дінтанушы Мәдина Жұмаділлаева былайша баяндап берді:

– Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Мұ­хаммед Пайғамбар (с.а.с.) түс жору­шы­ларға мынандай кеңес берген: «Түсте көр­ген заттардың атауларын түстің жорылуына не­гіз етіп алыңыз. Олардың тұспалды ма­ғы­наларын жорамалға салыңыз. Түс ал­ғаш­қы жорушыға қарай шынға айналады», – дейді ол.

Дінтанушының айтуынша, түс жоруға қа­тысты біршама діни еңбекте де зер­де­лен­ген. Мәселен, Имам Құртуби «Дәл-Жамиу ли ахкамил-Құран» атты еңбегінде Имам Мәліктен «Кез келген адам түс жори ала ма?» деп сұрағанда, ол «Түсті жақсы жори ала­тын адам ғана жоруы керек. Егер түсті жақ­сы деп ырымдаса, жақсыға жорысын, жақсыға ырымдамаса да жақсыға жорысын яки үндемесін» деп жауап бергені жазылған. «Жаман түс болса да жақсыға жору керек пе?» деген сұраққа Имам Мәлік: «Жоқ! Түс – пай­ғамбарлықтың бір бөлігі, онымен ойнауға болмайды!» деп түсіндірген екен. 

Ибн Сирин Мүнтәхабул-Кәлам өз ең­бегінде әуелі түс жорушы түсті тыңдағанда не­месе оның жаман екенін ырымдап оны жо­рымағанда я болмаса түсті жеткілікті түрде түсінбегенде былай деп дұға оқуы тиіс­тігін айтады: «Жақсылығы – өзіңе, жа­ман­дығы – дұшпаныңа, жақсылығын өзің көр, жамандығынан сақтан!». Егер түстің жора­малы түс көрушіге ғана қатысты болса, осылай дұға оқиды. Ал ол түс баршаға қа­тыс­ты деп есептесе, «Жақсылығы – бізге, жа­мандығы – дұшпандарымызға, жақсы­лы­ғын біз көрейік, жамандығынан сақта­найық» деп дұға оқуы тиіс делінген.

 

Түйін: 

Қысқасы, түс көру – біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналған тылсым құбылыс. Ал түстің сырын ашуға ұмтылатындар әлі де көп. Әр саланың зерттеушісі әртүрлі  пікір айтады. Демек, адамзат болмысындағы осынау құбылыс пенденің көп құпиясының бірі болып әлі біраз уақыт сырын бүгетін шығар. 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ