Сұлулық ұғымының ауқымы әсте кең. Оның үстіне, адамзат мекен ететін ортада түрлі адам, түрлі талғам бар. ХХ ғасырдан бері әйел заты сұлу болуы үшін шашының, қасының түсін, түр-сипатын өзгертіп, боянудың түрлі тәсілін ойлап тауып, «сұлулық символын» сан құбылтқаны баршаға мәлім. Ал әсемдікке ұмтыламын деп дене тұрқын аяусыз өзгерткен, о бастағы физиологиясын бұзғандар жайлы естігеніңіз бар ма?
Титтей аяққа тамсанған
Х ғасырда ежелгі Қытайда ақсүйек әйелдердің арасында «алтын лотос» деп аталып кеткен титтей аяқ сұлулық символы саналған. Қыздардың ес білген жасында төрт саусағын табанына қарата байлап тастайтын болған. Бұдан аяқтың үстіңгі сүйектері сынып, тіпті жүру мүмкіндігін шектеген. Ол кезде жоғарғы лауазымға ие әйелдерге өздігінен жүру қажет деп саналмаған. Кейбір әдебиеттерде титтей аяқ тек ақсүйек әйелдерге тән болған деседі. Ал денінің саулығы мен аяғының дұрыстығы қара жұмысшы мен шаруаларға тән деген түсінік қалыптасқан. Қалыңдықтың болашағы табанының көлеміне байланысты болған.
Аяқты таңып байлау дәстүрі туралы жеткілікті тарихи деректер бар. Ертеде Шан әулетінің императоры бір қызды құлай сүйіп, өз әулетіне әкеледі. Әлгі сұлудың аяғы маймақ болған деседі. Сол тұста императордың сүйіктісі өз аяғының кемістігінен қысылып, ханға барлық елдегі әйел аяғын мүгедек қалыпқа келтірсін деген тапсырма бергізеді. Келесі бір мәлімет көздерінде, Сяо Баоцзюань императордың сүйіктісінің аяғы табиғатынан титтей болған делінеді. Сол сұлу ханға жалаңаяқ билеп береді екен. Әрі биіне, әрі титтей аяғына тамсанған хан «аяғы тиген жерден лотос гүлдейді» деген екен. Сол сәттен бастап, кішкентай аяқ «алтын лотос» деп аталып, ақсүйек әулеттен шыққан барлық қыздар хан ұрпағына тұрмысқа шығу үшін аяғын аяусыз кішірейткен.
Аяғы байлаулы әйел өздігінен қозғалуға қауқарсыз болған. Ол үнемі отбасы мен күйеуіне тәуелді, тіпті, күтушісінің көмегінсіз ешқайда шыға алмаған. Саясатқа, әлеуметтік-қоғамдық жұмыстарға араласпайтын болған. Сол себепті әйелдердің аяғын байлау дәстүрі ер-азаматтың билігінің белгісі іспеттес.
Әлем тарихындағы сұлу болуға ұмтылған жандардың ішіндегі ең аяусыз тәуекел – осы лотос аяқтылар. Мінсіз аяқтың көлемі 7 сантиметрден аспауы керек деп саналған. Мұндай аяқты – «алтын лотос», 10 сантиметрден асқанын – «күміс лотос», көлемі одан ұзынын «темір лотос» деп атаған. Ежелгі Қытайда өмір сүрген мұндай қыздар бүгінде тек тарихи кітаптарда кездеседі. Бұл дәстүр Қытайға моңғол шапқыншылығынан кейін алынып тасталған. Десек те, кейбір дерек көздері аяқтарын әлі күнге дейін байлап, өзіне «лотос-аяқ» жасайтын әйелдер бар деседі.
Мойнын сақина арқылы созады
Дене тұрқын өзгерту арқылы әсемдікке ұмтылған әйелдер бүгінгі қоғамда да кездеседі. Тайланд пен Мьянманың шекарасында «Каян» деп аталатын кедей тайпа мекен етеді. Тау арасында өмір сүретін бұл тайпа кедей болғанымен, мұндағы әйелдердің дені мойнына құнды мыстан жасалған сақиналар тағады. Бұл тайпаны кейде «ұзын мойындылар» деп те атайды. Тайпаның Мананг есімді матриархы бес жасынан бастап 50 жылға жуық уақыт мойнына темір тағады екен. Қазірде 25 сақинадан тұратын ұзындығы 30 сантиметр Мананг соңғы темірін 16 жасында киген. Мұндағы балақайлар 5-6 жасынан бастап мойнына жезді алқа таға бастайды. Әр 3 жыл сайын жаңадан сақиналар қосылып тұрады. Дененің ауырсынуы мен жайсыздық – бұл тайпа үшін өмірдің бір бөлшегі. Каян тайпаларының арулары «ұзын мойындылар» деп аталғанымен, мұндай сақиналар мойын омыртқаны ұзартпайды. Әрқайсысының салмағы 2 келі болатын сақиналар тек иықты төменге жылжытады. Соның есебінен мойын ұзын көрінеді. Бірнеше жыл мойнына сақина тағып жүрген әйелдер темірді шешетін болса, мойны сынып кетуі әбден мүмкін. Мойын мейлінше ұзын болуы үшін мұндай жезді алқаны ерте бастан тағу керек. Бірақ тайпадағы жас қыздар тағу яки тақпау мәселесін өздері таңдай алады. Сырт көзге мойынға тағылған темірлер құлдықтың көрінісі сияқты. Каян тайпасындағы бұл дәстүрдің мағынасы мен мәні, тарихы әлі күнге дейін белгісіз. Бес ай бойы каян тайпасының ортасында өмір сүрген зерттеуші антрополог Лора Макмилан «бұл тайпадағы мойынға сақина тағу дәстүрі ертеде жаратушыға деген құлшылық деп түсіндірілген. Бірақ бүгінде әйелдің мойны қаншалықты ұзын болса, ол соншалық әдемі деп қабылданады» дейді.
Каяндықтар сән үшін балаларының мойнына жас кезінен ауыр сақина тағып жатса, кейбір африкалық тайпаларда 5-6 жасар баланың бетін тілгілеп, түрлі тыртықтар мен татуировкалар жасайды. Ал Индонезияның Суматрасында жастардың тісін қасқырдікіне ұқсатып егейді екен.
Сырғалығың кең болса сыйлысың
Сырға – кез келген елдің сән әлеміндегі маңызды әшекейлердің бірі. Сол себепті де бұ заманда құлақ тестіру таңғаларлық нәрсе емес. Тіпті қазақта он үшке дейін қыз баланың құлағын тесуді ата-ана өзіне парыз санаған. Бірақ кей мәдениеттерде құлақтың сырғалығын мейлінше кеңейту сұлулықтың символы саналады. Мәселен, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде сырғалығы кең немесе ауыр әшекей тағатын әйелдер көп кездеседі. Зерттеушілер мұндай құбылысты Буддаға еліктеумен түсіндіреді. Масаи тайпасында қыз баланың құлағын 7 жасында тесіп, кеңейту үшін ағаштың бір бөлігін салып қояды. Қыздар балиғат жасына толғаннан кейін түрлі ауыр сырғалар тағып, сырғалығын иығына дейін кеңейтеді. Бұл тайпадағы қыздардың сырғалығы қаншалықты кең болса, ол өз ортасында соншалық әдемі әрі сыйлы.
Мұндай құбылыс даяк тайпасында да кездеседі. Олар балаларына тіпті темір сырғаларды ертерек таға бастайды. Жасы ұлғайған сайын сырғалардың қатарын көбейте береді. Тайпа көсемдерінің әйелі мен жасы үлкен әйелдердің құлағында сырғаның саны көп болады. Сәйкесінше, бұл кісілерге құрмет те басымырақ.
Ерні үлкеннің қалыңмалы қымбат
Ал эфиопиялық мурси тайпасында астыңғы ернін кеңейту – әдеміліктің белгісі. Мурсиліктер 15-16 жасында астыңғы ернін пышақпен тіліп, онда таяқша қояды. Тілінген жараның орны жазылғаннан кейін орнына табақша тәрізді ағаш салады. Уақыт өте табақшаның көлемін ұлғайта береді. Әлгі дөңгелек ағаш тіске кедергі келтірмес үшін, тіпті, астыңғы 4-6 тісін жұлып тастайды екен. Тамақтану мен ұйықтар кезінде табақшаларды шешіп қоюға болады. Мурсиліктерде ерніндегі ағаштың көлемі қаншалық үлкен болса, сол қыз ең әдемі, әлеуметтік мәртебесі жоғары саналады. Сәйкесінше, ол қызға төленетін қалыңмал құны да қымбатқа түседі екен. Мурси тайпасындағы мұндай құбылыстың пайда болуының екі себебі бар көрінеді. Біріншісі, бұл тайпа жер бетіндегі барлық қауіпті жын-перілер адамның ағзасына ауыз арқылы кіретін болғандықтан, мұндай ағаш табақшалар содан қорғайды деп санаған. Екінші себебі, мурсиліктер өздерін құлдыққа әкетіп қалмау үшін астыңғы еріндерін әдейі жарақаттайтын болған.
Айта берсек, әр елде әсемдік ұғымы әр алуан. Заман ағымы ауысқан сайын сұлулықтың символы да өзгере береді. Бірде бойы ұзын, бірде бойы қысқа, енді бірде толық яки арық қыздар сұлу саналуы мүмкін. Десек те өркениетке жақын елдердің басым бөлігінде дене бітімін аяусыз өзгерту еш уақытта сұлулықтың белгісі болған емес. Ал әлемдегі бірқатар тайпада бәрі керісінше. Табиғат берген кейпіңді мейлінше өзгерту көріктілік деп саналады. Каян тайпасының қыздары сияқты өмір бойына ауыр алқаны мойынға тағып жүру, я болмаса, құлағының сырғалығын иығына дейін кеңейту және тағы басқа дене бітімінің аяусыз өзгерісі расында әдемілік үшін құрбандыққа бару ма, әлде тайпалық дәстүрге тәуелділік пе?
Асыл ТҰМАР