Жаз басталса Қызылорданың ми қайнатар ыстығына төзу мүмкін емес.
Тегін жағажай – құрғақ уәде
896
оқылды

Солай бола тұрса да, Сыр өңі­рінде тұрғындар мен қала қо­нақтары шомылатын жағажайлар­дың жағдайы мәз емесі белгілі.  Ал ақылы жағажайды қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. 

Мәліметке сенсек, бүгінде өңірде 12 демалыс орны мен екі жағажай жұмыс істейді екен. Соның ішінде қала орта­лығындағы «Сыр самалы» қалалық жа­ғажайы мен Белкөл кентіндегі демалыс кешені жаз мезгілінде тұрғылықты халықтың жиі демалатын орны саналады.

Қаланың орталығындағы «Сыр самалы» жағажайы көп жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет етіп келеді. Бұл демалыс орны алғаш ашылған кездері демалушыларға қызмет көрсету жоғары деңгейде ұйымдас­тыры­латын. Қайықпен серуендеп, спорттық шаралар өткізу жолға қойылған болатын. Оған барушылар қарасы да қалың болды. 

Алайда соңғы жылдары жағажайға жергілікті тұрғындар тарапынан жиі сын айта бастады. Бұл орыннан жанға сая іздеген жұрт шомылатын орындағы судың тазаланбайтынын, жиі лайла­натынын алға тартты. 

Ал Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс жағажайы 2017 жылы ашылып, халыққа қызмет көрсетуді бастады. Оның жалпы аумағы 27 гектарды құрайды. Жергілікті кәсіпкер, «Абай» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Нұрсайтовтың демеу­шілігімен ашылған жағажайдың 13 гек­тарын 3 бөліктен тұратын көл құрайды. Мұнда демалушылар мен балық ау­лаушыларға арнайы орындар ұйым­дастырылған. Жағажайда балалардың демалуына жағдай жасалған. 

Дей тұрғанмен, алғашында ақылы негізде қызмет көрсететін бұл жаға­жай­дың бағасы сұранысқа ие болғанымен, кейіннен құнының күрт көтерілуі де­малушылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірді. 

Қызылорда қаласының алдыңғы әкімі Ғанибек Қазантаев бір кездері осындай олқылықтарды ескеріп, қала аумағынан тегін жағажай ашуды қолға алған болатын. Алғашында қала аума­ғындағы «Эделвейс» саяжайынан тегін әрі қауіпсіздік шаралары жолға қойылған жағажай жұмысын іске қосу бастамасы көпшілік тарапынан қызу қолдау тапқан еді. Алайда екі жыл бұрын пайдалануға беру жоспарланған демалыс орнын іске қосу жобасы аяқсыз қалды. 

– Негізінен, «Эделвейс» саяжайынан тегін жағажай ашу ісі өзектілігін жойған жоқ. Қазір қаланың Жұмылдыру бас­қармасы осы мәселемен айналысып жатыр. «Атамекен» палатасы арқылы кәсіпкерлерге байқау жариялап, бір кә­сіпкер 5 жылға сенімді басқаруға алып, жағажай ашуға ниет білдірді. Жалпы, 2021 жылы жол салушылар сол аумақтың су беретін арнасын көміп тастаған болатын. Соған орай су айналымы бол­май, сапасы нашарлап, жағажай ашуға жарамсыз деп танылған еді. Одан кейін ол аумаққа шлюз қойып, бекітілген каналды аштық. Соған орай саяжайдағы судың қазіргі жағдайы талапқа сай. Алдағы жылы тегін жағажайдың игілігін ел көреді деген үмітіміз бар, – деп тү­сіндірді бұл жайында «Атамекен» кә­сіпкерлер палатасы жанындағы кәсіп­кер­лердің құқығын қорғау және сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңе­сінің төрағасы Болат Нұрқожаев.

Негізінен, күріштік алқапқа су бе­рілуі тоқтаған уақытта дарияда тіршілік нәрінің тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Сол уақытта шлюзді жауып, сая­жайдағы суды сақтап қалу қажет. Соған сәйкес облыстық қоғамдық кеңес мүшесі кәсіпкер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетінін де жеткізді. 

Дерекке сүйенсек, Сырдария өзені­нің ұзындығы шамамен 1 274 шақырым­ды құрайды. Бұдан өзге өңірде 19 ірі және 220 шағын канал, 207 көл орна­ласқан. Бұлардың ішінде 63 нысан қауіпті учаске деп танылған. 

Жылма-жыл өңірде су айдындарында адам өлімі тіркеліп, суға шомылу қаупі сейілмей тұр. Құзырлы орындар  мұндай қайғылы оқиғаның басым көпшілігі қауіпсіздік шараларын сақтамаған­дықтан болып отырғанын айтады. 

«Жазғы уақытта азаматтардың суға шомылу кезінде қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамауы салдарынан қайғылы оқиғалар жиі болып жатады. Соның ішінде қауіпті деп танылған аумаққа бару, масаң күйде суға түсу, ескертуге мән бермеу, балаларды қараусыз қалдыру деректері азаяр емес. Бүгінде мұндай келеңсіздікке жол бермеу мақсатында түрлі рейдтік шара ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде, су айдындарындағы 63 қауіпті аймаққа 310 ескерту тақ­тайшасы мен 68 билборд ілінді. Мұндай жұмыстар үздіксіз жүргізіліп отырады», – деп түсіндірді бұл жайында арнайы өткізілген брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Асхат Тоғызбаев.

Осы орайда айта кетерлігі, тиісті орындар тарапынан былтыр облыс аумағында 4 коммуналдық жағажай салу бойынша қаулының әзірленіп жатқаны мәлім етілген болатын. Оған дейін шо­мылу орнына зәру халыққа әзірше рұқ­сат етілген 2 жағажайда жанға сая таба тұруын айтқан еді. Бірақ тағы да тегін жағажай  құр уәде күйінде қалып қойды.

Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылындағы Қамбаш көліне де халықтың айтар уәжі аз емес. Бұған дейін келу­шілерге тегін қызмет көрсететін жаға­жай­дың соңғы жылдары ақылы негізде жұмыс істей бастағанына көпшілік на­разы. Бұл жайында талай рет айтылға­нымен, жергілікті әкімдік тарапынан тегін жағажай қызметін қалыптастыра алмай отырғаны көңілге күдік ұялатып тұр.

Қалай дегенде де, суға шомылу сақ­тықты қажет ететінін ескергенімен, ақылы жағажайды қалтасы көтермейтін халық амалы жоғынан рұқсат етілмеген орынға жиі барып жатады. Соның сал­дарынан сыр жағасында қайғылы оқи­ғалар жиілеген. Сондықтан қауіпсіз әрі тегін жағажай салуды жеделдету қажет­тілігі өздігінен сұранып тұр. Бұл тұрғыда қызылордалықтар арман болған комму­налдық жағажайды іске қосуда  қаланың қазіргі әкімі  Асылбек Шәменовке үміт­пен қарайды. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы