Қымбат бағалы металды өндіруде мүдделер қақтығысы мен аса күрделі саяси жағдайлар да жиі болып жатады. Ақмола облысы Ерейментау ауданында да алтынның айналасында даулы оқиға туындап, қазір мүлде ушығып барады. Ресейлік «Росатом» компаниясының халықтың мал жаятын жерінде алтын өндіруге ұмтылысы халықтың наразылығын тудырған.
Ауданның Бестоғай селолық округіндегі Қызылту карьерінде сонау Кеңес Одағы тұсында-ақ молибден мен уранның аса мол қоры анықталып өндіру мақсат етіледі. Дегенмен ауыл тұрғындарының айтуынша, егер карьер қазылып, кен өндіру жұмыстары басталса, экологиялық ірі апаттық жағдай болуы мүмкін екенін болжаған сол кездегі белгілі ғалым Колбасин мемлекет басындағы Дінмұхаммед Қонаевқа арнайы хат жазып, кен өндіруге тоқтау салған деседі.
Бірақ кейіннен 2010 жылдары ресейлік «Росатом» компаниясы Бестоғайдағы Қызылту кен орнынан сирек кездесетін бағалы металдарды өндіре бастаған көрінеді. Шикізаттың қоры азайған соң ресейлік компания сол маңдағы жерлерге тағы барлау жасаған. Жан-жақты зерттеу жүргізген «Росатом» компаниясының өкілдері Новомарковка ауылының жанынан алтынның басқа да бағалы кен түрлерінің қорын анықтаған.
Ауыл халқының үзілді-кесілді наразылығына қарамастан компания Экология, сондай-ақ Индустрия министрліктерінің келісімдерін де алып алған. Дегенмен тұрғындар соңына дейін күресіп болмаса, өз күштерімен компанияны қуып шығуға ниеттенгенін жасырмады. Жергілікті қоғам белсенділері аталған мәселеге аудан әкімінің де қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Өйткені осы даулы оқиғадан кейін аудан әкімі Абай Әлжанов жұмыстан босатылыпты.
– Мен осы Новомарковка ауылында туып-өскен азаматпын. Қыстыгүні «Росатомға» осы жерлерден кен қазуға халықтың қарсылығына қарамастан рұқсат берілген көрінеді. Ақпан айында карьер қазамыз деп келді. Бұл жерде талай уақыттан бері халық малын жаяды. Халық малын баққан 400 гектар жайылым жерді карьерге беріп жібермек. Ал ол жерде карьер қазса, халық күн көріп отырған малын қайда апармақ? Халық 100 пайыз қарсы шыққан. Дегенмен олар Новомарковка емес, Бестоғайда қоғамдық тыңдау өткізіп, соны Экология, одан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің рұқсаттарын алып қойған. Халық наразылық көтеріп ақыры 29 тамызға тағы қоғамдық тыңдауды бекітіп отырмыз. Аудандық прокурорға мәселені жеткізгенбіз. Бірақ ол кен орнын ашпаса, Степногорда алған кенді өңдеу кәсіпорнында 2 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалатынын айтып отыр. Сонда біздің өз ауданымыздың халқының жайы не болмақ? Біз соңына дейін күресеміз! Бұл жайылым ғана емес, экологиялық жағдайды да ушықтырады. Онсыз да өндіріп жатқан уран, молибден, басқа да металдан мұнда онкологиялық ауру түрлері өршіп барады. Степногорда 2000 мың адам жұмыссыз қалады дейді. Аталған жағдайдан облыс прокуратурасы да, облыс әкімдігі де хабардар. Мәслихат сессиясында облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжановқа өзім айтып бергенмін. Халық соңына дейін баруға бекініп отыр, – дейді Ерейментау аудандық мәслихатының депутаты Ержан Биекенов.
Ауданда халық наразылығын білдіріп жатқанымен, облыстағы тиісті құзырлы басқармалар аталған мәселеден еш хабарсыз екенін айтып ақталмақ болды. Ақмола облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров Ерейментаудағы аталған жағдай 1-санатты болғандықтан, Экология департаментіне тиесілі екенін, дегенмен қоғамдық тыңдауға қатысатынын айтты.
Облыстық Экология департаменті де жағдайдан хабарсыз екенін, аталған ауданнан мұндай арыз-шағым түспегенін айтып, дегенмен мәселе бойынша анық-қанығын тексеретінін жеткізді.
– Ерейментау ауданынан мұндай мәселе бойынша ешқандай шағым түскен жоқ. Қоғамдық тыңдау өткізіліп, алтын өндірудің қаншалықты қауіпті екенін анықтамай, еш нәрсе айта алмаймыз. Толық зерттеп, жағдайды анықтау керек. Қоғамдық тыңдауға қатысамыз, – дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Базарбекұлы.
Облыстың Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов та аталған жағдайдан хабарсыз екенін жеткізді.
– Мұндай ақпаратты алғаш рет естіп тұрмын. Қазір сұрастырып, анықтап, сосын хабарласамын, – деді басқарма басшысы Кенеш Әлімжанов.
Облыстық құзырлы ведомстволардан тұшымды еш жауап ала алмаған соң Ерейментау ауданы әкімдігінен мәселе жөнінде пікір беруін сұрадық. Алайда аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ербол Құттыбаев үзілді-кесілді ресми хат жолдауымызды талап етті. Бірақ хат жолданғанымен, аппарат басшысы да сол күйі хабарсыз кетті. Хат ресми түрде жолданғанымен, арада үш күн өткенде барып қана тіркелді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Баттал Ыбыраев бұрынғы аудан әкімінің не үшін қызметінен кеткенін білмейтінін, басқа сауалдарға толыққанды, бірақ кейіннен жазбаша жауап беретінін жеткізді.
– Бізге келіп аудан әкімінің жұмыстан босатылғанын айтты. Не үшін кеткені бізге айтылмайды. Ол біздің құзыретімізде де емес. Ресейлік «Росатом» компаниясының алтын өндіруі бойынша заңмен бекітілген мерзімде толыққанды жауап береміз, – деді Ерейментау ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Баттал Ыбыраев.
Бір кен орнын тауысқан ресейлік «Росатом» компаниясының 6 мың басқа жуық мал жайылатын жайылымының карьерге айналуына қарсылық қос тарап арасындағы жағдайды ушықтыруы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктер мен Үкімет мәселені түбегейлі қарастырып, жылдамырақ тиісті шешім қабылдағаны жөн. Алда 29 тамызда қоғамдық тыңдау өткізілмек. Түйін бұл жолы тарқатыла ма? Жергілікті тұрғындар қанша алтын болса да, жайылымсыз қалмау үшін күресетінін айтып отыр. Өзекті жай біздің де назарымызда болмақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы