Елімізде әлеуметтік салаға ай­рықша көңіл бөлініп келеді. Зайыр­­лы, әлеуметтік мемлекет ре­тінде оның қымбат қазынасы адам екені белгілі.
«Қамқорлыққа» мұқтаж жандар көп
1,329
оқылды

Осы тұрғыда мем­­лекет көмегіне мұқтаж әрбір жан­­ға қам­қорлық шаралары қа­рас­­тырылған. Шымкент қаласы жұ­мыспен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқарма­сының басшысы Балмаржан Нар­бекова 1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік кодекс күшіне енгенін атап өтті. «Әлеу­мет­тік кодекстің мүм­кіндігі шек­теулі жандар үшін тиім­ді тұстары көп. Тәжірибе көр­сет­кендей, оңал­­ту жұмыстары ке­зін­де жақын адам­­дардың қолдау біл­діруінен оң нә­тижелерді жиі кез­дестіреміз», – дейді басқарма бас­шысы Балмар­жан Полатқызы. 

Үшінші мегаполисте соңғы 5 жылда бірнеше әлеуметтік орталық пайдалануға берілген. Олардың қатарында стацио­нарлық жағдайда бірінші және екінші топтағы мүгедектерді және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға әлеуметтік қызмет көрсететін 50 орындық орталық бар. Сонымен бірге психоневрологиялық ауытқулары бар 18 жасқа дейінгі ба­лаларға арналған және 18 жастан кейінгі I-II топтағы мүгедектерге арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсететін орындар да жетерлік. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа тап болғандарға қорған болатын мекеме де қазір тағдыр тәлкегін көрген талай жанға қамқор болып отыр. Біз әлеуметтік орталықтардың бірқатарына барып, біраз жайттың куәгері болып қайттық. 

Жүрегі жаралы жандарға қамқор болған орталық

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға арнайы әлеуметтік қыз­меттер көрсететін орталықта қызмет алу­шылардың тыныс-тіршілігімен таны­сып жүргенде қолында емізулі сәбиі, тағы 4-5, 7-8 жас шамасындағы үйелмелі-сүйелмелі 4 баласы бар келіншек кіріп келді. Сүп-сүйкімді балапандар көздері жәутеңдеп, үрпиісіп тұр. Ал көзі үрей мен мұңға толған келіншек айналасына алақ-жұлақ қарайды. Жүйкесіне қатты салмақ түскені көрініп тұр, қолындағы бөбегі жыламаса да оны арлы-берлі тербетіп, бір орында байыз тауып тұра алмады. Сырттағы 41 градустық аптап ыстықта осынша баламен мұнда келу де оңай болмағаны белгілі. Одан бөлек, қазақтың қаракөздері үшін мұндай жерге келу қатты намыс саналады. Әбден зорыққанда, шешімін таба алмаған қиын сәтте қана мұндай жерге табан тіреуді ойлайды. 

Демек, бойын физикалық шаршаудан гөрі, моралдық-психологиялық шаршау басып тастаған. Тұрмыстың тауқыметі­нен езілген, қажыған, бауыр еті балапан­дары үшін тұяқ серпіп қалар жер іздеп сабылған ана осы жерге сонау Астанадан келіпті. Келіншекті сөзге тартқанымызда, булығып сөйлей алмай, жылап жіберді. Жарылуға шақ болып келген ананың мейірімге мұқтаж екені айтпаса да тү­сінікті. Оншақты жыл бұрын Тараз қа­ласына келін болып түскен ол біраз жыл Алматы қаласында пәтерде, одан соң ата-енесінің қолына келіп тұрыпты. Күйеуі үнемі жырақта, өзге қалаларда жұмыс істеген. Жақында балалары есейген соң әкесінің жанында болсын деп, Астана қаласына барған екен. Қолындағы сәбиінің өмірге келгеніне бар-жоғы 2 ай ғана болыпты. Әйелдің айтуынша, бойына шарана біткен соң жолдасы бұрынғыдан бетер өзгеріп кеткен. Отбасына мүлдем назар аудар­май, ақша да бермейтін болған. Алко­гольдік ішімдікке сылқия тойып, үйінің берекесін алады. Айналасына шапағатын емес, зардабын тигізіп жүретін адаммен алысып-ақ шаршаған ананың соңғы үмітін арқалап келген жері осы екен. «Ішімдігін қойып қалар, жақсы болып кетерміз» деген үмітпен бірнеше жылын өткізген. Балаларының ақшасының жартысын тамақ пен киімге жеткізсе, жартысы күйеуінің дүкендердегі қары­зын жабумен кетеді. Астанадан қашып, Алматыда туыстарының үйін паналаған ана Шымкентте осындай орталық бар екенін естіп, осындағы құдашасының үйіне келген. Екі қызымен тұратын құда­шасы 5 балалы әйелді үйіне сыйғызатын мүмкіндігі болмағандықтан осында алып келіпті. 

Көмек сұрап келген ананы орталық мамандары жылы қабылдап, орналас­тырып жатты. «Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен аналарға арналған орталық. Біз сізге дұрыс көмек беруіміз үшін бәрін ашып айтыңыз. Ешнәрсе жасырып қалмаңыз, қажет бол­са жекелей сөйлесеміз», – деп келу­шінің көңіл күйін аулап жатты әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Гүлчехра Моминова. 

Ал орталық директоры Нұржан Асанов оларды арнайы қабылдап, са­бырға шақырып, мұнда қорықпай еркін жүріп-тұруына жағдай жасайтынын жеткізіп жатты. «Біз сізді балаларыңызбен 3 мезгіл тамақпен қамтып, алғашқы медициналық-психологиялық көмек көрсетеміз. Мұнда өзіңіз сияқты 70-ге жуық жан жатыр. Осындағы ата-ана­лармен бірге тұрасыз. Оның 80 пайызға жуығы – балалар. Балаларыңызды жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырып береміз, кішкентайла­рыңыз балабақшаға барады. Егер қа­ласаңыз, мемлекет тарапынан осында келген аналарға арналған тегін курс бар, сонда оқып біліміңізді жетілдірсеңіз болады», – деді орталық директоры. Орталыққа келушілер мұнда 6 айға дейін болуға мүмкіндігі бар. Әрине, мұндағы қызметкерлер барынша отбасымен та­быстырып жіберудің әрекетін жасайды. Дегенмен кейбір қыз-келіншектер әбден ушығып кеткен мәселемен қайта бетпе-бет келуден қашып, біраз уақыт осында тынығып, болашағын бағдарлап алады. Сол аралықта басқарма тарапынан ашылған «Бақытты жанұя» орталығын­дағы тігіншілік, кондитерлік, компью­терлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың ана­ларына тыныс алу және артикуля­циялық жаттығуларын үйренеді. Одан ары қарай жұмыспен қамтылып кетуіне екі орталық та ықпал жасайды. 

Аналардың 80-90 пайызында микронесие бар

Жыл басынан бергі 6 айда орталыққа 329 жан жүгінген. Оның 177-сі жатын орынмен қамтылса, қалғаны әртүрлі кеңес алған. Аталған 177 ананың 6-уы мамандардың көмегімен атаулы әлеу­меттік көмекке қол жеткізген. Ал 8 ана тұрақты жұмыспен қамтылған. Тағы 5-еуі жоғарыда атап өткен кәсіби ма­мандықтар бойынша білім алып, сер­тификатқа ие болған. Қызмет алып, от­басыларына қайтқан 28 ананың 22-сі күйеуімен татуласса, 6-уы бөлек тұруға ниет білдіріпті. Жалпы 70 орынға арнал­ған орталықта бүгінгі таңда 68 жан көмек алып жатыр. «Орталыққа жүгінгендерге әлеуметтендіру үйлестіру жұмыстарын толық өзіміз атқарамыз. Орталыққа жақын орналасқан №78 жалпы орта мектебімен келісіміміз бар. Балаларды уақытша сонда орналастырамыз. Кіш­кентайлары жақын жердегі 2 балабақша­ға барады. Ал колледждегі, жоғары оқу ор­нындағы мәселелері де толығымен біздің бақылауымызда болады. Ше­шілмей жатқан мәселенің түйінін тар­қатамыз. Талдау жұмыстарын жасағанда байқағанымыздай, негізінен мұнда күйеуі ішімдікке бейім, жұмыссыздық, сонымен бірге тек жолдасынан емес, енесі мен қайын апаларымен арадағы кикілжің, мүлікке талас жағдайларымен жиі жүгінеді екен. Келушілердің 90 па­йызы отбасымен жарасып кетіп жатады. Біздің мақсат – оларды татуластыру», – дейді Нұржан Нартажыұлы. 

Ал әлеуметтік жұмыс жөніндегі ма­ман Гүлчехра Моминова қазір мұнда келетін аналардың 80-90 пайызында микронесие барын еске салды. «Қазір бұл сәнге айналды десек те болады. Бұл әрбір келушінің басындағы бар жағдай. Олардың басым бөлігінде күйеулері те­лефоннан банк қосымшасына кіріп, әйелдің атынан несие алып жататын жағдайлар жиі кездеседі. Осындай мә­селелердің біразын қорғаушылар ар­қылы шешімін тауып бердік. Өзім отс­тавкадағы полиция қызметкері ретінде орталыққа жүгінушілердің мәселесін шешу үшін әріптестеріме өтінішпен шығып жатамын. Мәселен, естеріңізде болса, «Астарлы ақиқат» бағдарламасына анасы қайтыс болып, нағашылары 16 жасқа толмаған қызды тұрмысқа жі­беріп, өздері үйін тартып алған жағдай бойынша жүгінген Айсана есімді қыз туралы білетін шығарсыздар. Кәмелетке толмаған қыз бір балалы болған соң күйеуімен жараспай ажырасып кетеді. Үйіне барса, нағашылары кіргізбей, барар жер басар тауы қалмай, анасының бейітін жағалап жүреді. «Астарлы ақи­қат» күйеуін шақыртып, екеуін жарас­тырып жібереді. Айсана тағы бір балалы болады. Алайда сол баяғы жағдай тағы қайталанады. Күйеуі жалдамалы пәтерде бұларды қалдырып кетеді. Айсананың пәтерге төлейтін ақшасы болмай, оны үй иесі пәтерден қуып шығады. Наға­шылары тағы кіргізбейді. Сонымен 2 баласымен далада қалған Айсана бізге жүгінді. Балаларының да, өзінің де бірде-бір құжаты жоқ. Некеге тұрмаған, балаларына әкелік тану қағазы да беріл­меген. Сонымен барлығын басынан бастап, құжаттандыру шараларына кірістік. Өзіне тиесілі үйді сотқа жүгіну арқылы қайтарып бердік. Әрине, мұның бәрі де оңай болған жоқ. Талай мекеме­нің табалдырығын тоздырдық. Шүкір, Айсананың барлық мәселесін шешіп, үйіне кіргізіп бердік. Бізге талай тағдыр­лы жандар келеді», – дейді тәжірибелі маман.

Сонымен бірге осы орталықта өмір сүрген 5 балалы анамен тілдесудің сәті түсті. «Кредитімді жауып, оқып, білім алдым, жұмысқа тұрдым. Осында 6 ай болыппын. Бүгін-ертең шыққалы отыр­мын», – деп жүзінен қуаныш пен еркін­дік табы сезілген ана орталық қызмет­керлеріне айрықша алғысын білдірді. «Мұнда келгенде мүлдем басқа адам едім, шүкір болашаққа деген сенімді арттырып, бойыма шабыт сыйлаған, өмірге деген қызығушылығымды арт­тырған орталық басшылығына, маман­дарға, психолог Қатира апайға деген алғысым шексіз. Қаңтар айында 5 ба­ламмен өмірден түңілген, ешнәрсе қы­зықтырмайтын, айналам қараңғы түнек күйінде келіп едім. Күйеуіммен арадағы жылдар бойғы кикілжің мені өз-өзіме қол жұмсауға дейін апарған. Бір емес, екі мәрте оқталыппын. Қазір соның бәрі түс сияқты. Мұндағылар мені келгеннен жылы қабылдап, жанымның жарасын емдеді. Психологқа күн сайын кіріп, өмірге басқаша қарайтын болдым, ба­лаларым мектепке орналасты. 3 мезгіл тамақ, жайлы жатын орын бар. Балала­рымның жәрдемақысын жинап, не­сиемді жаптым. Массаж жасау курсын тегін оқып алдым. Қорғаныс істері жөніндегі басқармаға тұрақты жұмысқа кірдім. Енді бос уақытымда массаж жасап қызмет көрсетемін. Жұбайыммен толық некемізді бұздық. Ол туралы ата­ғым да келмейді, түрлі жағдайлар болды, одан үміт күтпеймін, ең бастысы, мені босатқанын қаладым. Балаларымен кездесіп тұра берсін. Пәтер жалдадым, сол жаққа шығамыз. Дәл мұндай орта­лық мен сияқты тағдырлы жандарға ауа­дай керек», – дейді қызмет алушы Ботакөз. 

Айта кетейік, орталықта адам сау­дасы құрбандарына арналған әлеуметтік қызмет көрсету бөлмесі де бар. Мұнда Шымкент қаласынан бөлек, Түркістан облысынан және өзге де өңірлерден көмек сұрап келетіндер көп.

«Қамқорлық» талайларға қамқор болды

 «Қамқорлық» қорының бастамасы аясында аутистік спектрдің бұзылуы және басқа да ментальды бұзылулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы елімізде алғаш рет Шымкент қаласында осы жылдың 2 сәуір күні ашылған. 

«Қамқорлық» қоры бастамасымен «Қазақстан халқына» және «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесіп орталыққа жалпы құны 165 миллион теңгеге қажетті жабдықтар, жиһаз жиын­­­тықтары және компьютерлік құ­рылғылар Финляндия, Жапония, Австрия мемлекеттерінен жеткізіліп орналастырылған. Орталық директоры­ның орынбасары Ақмарал Мырзабек­қызының айтуынша, ғимаратты жөндеу, әрлеу безендіру жұмыстары толығымен аутистік спектрі бұзылған және басқа да ментальды бұзушылықтары бар бала­ларға арнайы «Брендбук» бойынша жабдықталыпты. Жиһаздары да түгелдей дерлік АҚШ-дағы дәл осындай орта­лықтар негізінде құрылған. 

110 балаға арналған орталықта дәл қазір 92 бала түрлі қызмет түрін алуда. «Біз аутистік спекторы бұзылған бала­ларды арнайы құжаттар тізілімі арқылы порталға қойылғандарын қабылдаймыз. Біз оларды әлеуметтендіріп, ортаға бейім­деумен айналысамыз. Ол өте ұзақ­мерзімді қажет етеді. Олардың ең басты мәселесі қоғамнан алшақтағандар, өзі­мен-өзі болып, қоғамнан тыс қалғандар. Кейбір балалар терезе алдында сағаттап отыра береді. Ешнәрсеге мән бермейді, ойламаған жерден кез-келген әрекет істей салады. Сосын бұлар өте белсенді болып келеді. Бір орында тұра алмай секіретіндер, айналып жүгіре беретіндер де бар. Талап бойынша 1 тәрбиешіге 

6 бала жүктелуі тиіс. Дегенмен бұл стан­дарт бізге сай келмейді. Осындай қиын жағдайдағы балаларды 1 тәрбиеші алып жүре алмайды. Сондықтан осын­дағы қызметкерлер түгелдей атсалыса­мыз. Бастапқыда балаларды 2 сағатқа қа­былдадық. Себебі олар осы уақыттың өзінде шыдамай кетеді. Оларда шыдау және түсіну сияқты қабілеттер да­мы­маған. Қазір 3 сағатқа қалдырып жүрміз. Келешекте 4 сағатқа өтеміз», – дейді орталық директорының орын­басары. 

Аутист спекторы бұзылған балаларға қажетті барлық құрылғымен, оқу ме­тодикасымен қамтылған орталық бұрын болмаған деп атап өттік. Бұрын ата-аналар өте қымбат тұратын жекеменшік орталықтарға, оның өзінде де дефек­тологқа, АВА-терапияға, логопедке бөлек-бөлек барып жүретін. Қазіргі таң­да осынау орталықта аталған қызмет­терден бөлек, агрессияға түскен бала­ларды тынықтыратын сенсорлық ка­бинет, робототехника, құм, музыка терапиясы, топтық және жеке сабақ сенсорлық кабинеттер бар. Одан бөлек, мамандық алсын деген ниетпен заманауи үлгідегі Норвегия, Жапония мемлекет­терінен әкелінген тігін шеберханасы, ағаш, қыш шеберханалары да қамтылған. 

Кей диагнозды ата-аналар қабылдағысы келмейді

Орталық басшылығы бүгінде елімізде көп ата-ананың балаларына бұл диаг­нозды қабылдағысы келмейтінін айтады. Шымкент қаласында 200 бала осы диагнозды қабылдап, есепке тұрған. Алайда ата-аналар ашып алған чатта 500-ге жуық ата-ана отырады екен. Одан бөлек, мүлдем қабылдағысы келмей жүргендерді қосқанда жалпы 1000-ға жуықтайды дейді мамандар. «Балалар ешқашан шаршамайды. Олардың күш-қуаты өте жоғары. Қазір алғаш келген­дегіден едәуір нәтиже көрсетіп жүрген­дері бар. Көбісінде түсінік қалыптасып келеді. Киім киюге, шешінуге, есікті ашып жабуға, орындыққа отыруға дағдыланып қалды. Столдың үстін сүртудің өзін бір апта, тіпті 1 айлап зорға үйренетіндер де бар. Сондықтан мұндай диагноздағы балаларды дағдыландыру инемен құдық қазғандай қиын. Біз көмекшіміз, негізінен олардың жанында көп болатын ата-аналарының әсері мол», – дейді тағы бірде Ақмарал Мыр­забекқызы.

Ал орталыққа 8 жасар ұлы Дарханды сәуір айынан бері әкеліп жүрген Айгүл едәуір нәтиже бар екенін айтты. «Бұрын жекеменшік орталықтарға айына 120 мың теңге төлеп барып жүргенбіз. Қазір енді сол ақшаны баламның еміне жа­ратып жүрміз. Ал дағдылану әрекеттері бойынша осы орталыққа күн сайын келіп тұрамыз. Жалғыз баламыз бар. Дарханымыз 2,5 жасқа дейін сөйлеп, кәдімгідей барлығын түсінетін. Бірден өзгерді. Атын атап шақырсақ қарамайды. Алғашында еркелік пе деп те жүрдік. Кейін осы аутист спекторы бұзылған деген диагноз қойды. Емдейміз деп талай жерге бардық. Германиялық дә­рігер кішкентайында пневмония бо­лып ауырғанда дәрігерлер білместікпен 2 антибиотик салып жібергенін айтты. Антибиотик түсіну, сөйлеуге жауап беретін клеткаларды өлтіріп алған. Жал­пы аутистік спектордың бұзылу себебін әлем ғалымдары әлі таппады. Бұрын біз­ді де танымайтын. Қазір шүкір, аяқ киім­дерді реттеп қояды, тамақтанған соң ыды­сын жуып қояды. Сіздер үшін бол­ма­­шы шығар, ал бізге үлкен жетістік», – дейді Дарханның анасы. Ол баласы үшін массаж курсын оқып алыпты. Кейде Дарханды осында әкеп тастағанда тапсырыспен массаж қызметін де көр­сетіп келеді. 

«Бүгінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бас­қар­масына қарасты «Қамқорлық» №8 ба­лаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тә­жірибесі өзге өңірлерге үлгі болуда. Жуырда оңалту орталығына арнайы іс­сапармен Павлодар және Жамбыл об­лыс­тарының әлеуметтік сала бас­шылары келіп, шымкенттік әріптес­терінің жұмыс тәжірибесімен танысты. Алдағы уақытта «Қамқорлық» орталы­ғының емдік оңалту шаралары мен әдістемелерін өз өңірлерінде жүзеге асыруды көздеп отыр», – дейді басқарма басшысы Балмаржан Полатқызы. 

Айналамызда қамқорлыққа мұқтаж жандар көп. Шымкент қаласында соңғы жылдары осынау шаралар әлі де жалға­сын таба бермек.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы