Бурабай ауданында қарапайым халықтың жанайқайын тыңдар құлақ табылмай тұр. Әсіресе, аудан орталығы Щучинск қаласы тұрғындарының өк­песі қара қазандай.
«Жылудан» жылу болмай тұр
776
оқылды

Аудан орталығындағы жекеменшікке кетіп, ғимараты мен ақ халатты дәрігерлерінің жалақысы жыр болған «Авиценна–Бурабай» ЖШС-гі түйінді мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппаған. Мұнымен қоса, «Бурабай Жылу» коммуналдық кәсіпорнының жүзден астам жұмысшысы жалақыларын даулап жүргеніне екінші жылға кеткен... 

Жүзден астам жұмысшы алғашында еңбек шар­тымен «Термо-Транзит» коммуналдық кә­сіпорнына қабылданған. Кейін ұйымның атауы өз­гертіліп «Бурабай Жылу» коммуналдық кә­сіп­орнына ауыстырылған. Осыдан үш жылдай бұрын ғана жұмысын бастаған «Бурабай жылу» коммуналдық кәсіпорны 5 мыңға жуық аудан орталығындағы абонентті жылумен қамтиды. Бірақ осы үш жылдың ішінде ғана коммуналдық кә­сіпорынның жағдайы шатқаяқтап жұмыс­шы­лары алдында да, мемлекет алдында да қа­рызға белшесінен батқан. Кәсіпорын салық үшін 400 миллион қарыз болса, жұмысшыларына 68 миллион теңгеден астам жалақысын тауып бе­ре алмаған. Жалақыны төлейтін еш мүмкіндік те жоқ. Өйткені қарызға батқандықтан кәсіп­орын­ның барлық есепшоттары толықтай бұғат­талған.  

Компаниядағы жағдайды түзетуге мәжбүр болған аудан әкімдігі қаланы жылумен қамтуды «Жаңа тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігіне тапсырыпты. Бірақ бір қызығы «Бура­бай Жылуды» қарызға батырып, қу тақырға отыр­ғызған басшысы Зейнұр Әлібеков енді су жаңа жылу кәсіпорнының су жаңа басшысы бо­лып қайта тағайындалып шыға келген. 

Жалақылары мен зейнетақыларын жылдан астам уақыттан бері ала алмаған жұмысшылар жергілікті биліктен бастап, Бас Прокуратура, Мемлекет басшысына дейін хат жазса да,  түйіні тар­қатылмаған. Облыстық еңбек инспекция­сы­на арыз-шағымын жеткізіп, тексеріс жүргі­зілуін сұраған. Алайда қарапайым жұмысшы­лар­ға бұдан еш пайда болмапты. Осы жылдың көк­темінде тексеріс жүргізген инспекция онсыз да қарызға батқан кәсіпорынға 5 миллион тең­геге жуық айыппұл салып кеткен. 

Жалақыларын ала алмай зар илеп жүрген жұмысшылардың бәрі дәнекерлеуші, слесарь, от жағушы сияқты қарапайым еңбек адамдары. Ком­муналдық кәсіпорын жұмысшылары жер­гілікті биліктен берген уәдесіне әбден тойып болғандарын ашына жеткізді. Маңдай терімен ауыр еңбек етсе де, жалақысы төленбеген жұ­мыс­шылардың біразы кетіп қалған. Бірақ екін­ші жылға кеткен жергілікті билік пен ком­му­налдық кәсіпорынның «әләулайымы» енді «хә­­­лаулайымға» ұласыпты. 

– Жүзден астам адам жалақыларымызды ала ала алмай бармаған жер, баспаған тауымыз қал­мады. Жүзден астам жұмысшының әрқай­сы­сына 400 мың теңгеден 6 миллион теңгеге дейін алашақ қарызы бар. «Жаңа тұрмыс» «Бурабай жылудан» қалған дебиторлық қарыз­дың бәрін өзіне алғанымен жұмысшылардың жа­лақысын алмапты. Мен осы коммуналдық кә­сіпорында табан аудармай, 27 жыл қызмет ет­кен адаммын. Соңғы жылдары кәсіподақ ұйым­ының төрағасы болып еңбек еттім. Бас­тыққа халықтың жалақысын беру керек деп бір­неше мәрте дауласып қалдым. Соның кесі­рі­нен мені жұмыстан шығарып жіберді. Қазір Бура­бай кентінде дәл осындай жылу беретін ком­­муналдық кәсіпорында қызмет етемін. Бір­ақ онда жалақысы мен зейнетақысы, ме­ди­ци­на­лық сақтандырулары бәрі уақытында төле­не­ді. Осы уақыттан бері аудан және облыс әкім­­­діктеріне, прокуратураға, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жаздым. Бірақ құр­ғақ уәдені беріп келе жатқандарына екінші жылға кетті. Халық қашанғы шыдайды? Біз кімге керекпіз? Кәсіпорынның құрылтай­шы­лары Бурабай ауданы әкімдігі мен аудандық тұр­ғын үй-коммуналдық кәсіпорнын сотқа бер­дім. Басқа амалым да қалмады,  – дейді қа­рыз­ға батқан кәсіпорынның бұрынғы жұмыс­шы­сы Сергей Аксененков. 

Кәсіпорын жалақымен қатар зейнетақы, медициналық және әлеуметтік аударымдардың еш­қайсысын төлемей келген болып шықты. Жұ­мысшылардың зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандырулары өндіріліп алын­ғанымен ол есепшоттарға аударылмаған. Өткен жылдан бері «Жаңа тұрмыс» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне ауысқан жұмысшылар өт­кен жылдар жалақысын ала алмаса да басқа ба­рар жері болмаған соң жұмыстарын жал­ғас­тыруға мәжбүр болған. 

– Менің жеке басыма ғана 118 мың теңге қа­рыз. Зейнетақы қорыма қомақты қаржы ау­дарыл­маған. Жаңадан ашылған «Жаңа тұрмыс» ком­паниясы бұрынғы «Бурабай Жылуға» тө­лен­беген тұрғындардың қарызын жинап алған. Ал еңбекақымыз сол күйі қала берді. «Бурабай жылу­ды» сотқа бергенмен де ештеңе ала ал­май­мыз. Өйткені қазір шоттары бұғаттаулы, ие­лі­гінде де ештеңе жоқ. Мен денсаулығым сыр бе­ріп ауырған соң медициналық сақтандыруға бір жылға толықтай өзім төлеуге мәжбүр бол­дым. Өкпемде дақтар пайда болған екен. Қазір жұ­мыстан кетіп басқа жұмысқа ауыстым, – дей­ді коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы Леон­тий Тыщенко. 

Зейнетақысы мен медициналық сақтан­дыруы мүлде аударылмағандықтан жұмыс­шы­лар өз қалтасынан медициналық аударымдарды жасауға мәжбүр болған. Өйткені онсыз аурухана да қабылдамайтын болған. Бұрынғы «Бурабай жылу» қазіргі «Жаңа тұрмыс» коммуналдық кә­сіпорын басшысы Зейнұр Әлібеков пікір біл­діруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал аудан әкім­дігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімінің басшысы бір кәсіпо­рын­ды банкротқа ұшыратып, жұмысшыларын жыл­дар бойы жалақысыз қалдырған басшыдан ар­тық жұмысын жақсы білетін басшы маман тап­пағанын айтып ақталмақ болды. 

Өткен жылы жылу маусымы келіп қалғанда бұ­рын­ғы «Бурабай жылудың» есепшоттары бұ­ғат­талып, жағдайы аса өткір болды. Осы кез­де қаланы жылумен қамтамасыз ету «Жаң тұр­мыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тап­сырылды. Зейнұр Әлібеков – өндіріс үшін тап­тырмайтын маман. Оған тең келетін аль­тертанива болмады. Сондықтан әкім Зейнұр Әлі­бековты кәсіпорын директорлығына та­ғайын­дады, – дейді Бурабай аудандық ТҮКШ бө­лі­мінің басшысы Арман Әбдірахманов. 

Аудан әкімінің тұрғын үй және коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Би­да­нов та бөлім басшысының жауабын қайталады. 

– Жұмысшылардың жалақысы жөнінде бө­лім басшысы толық жауабын берді ғой. «Жаңа тұрмыс» ЖШС мамыр айынан бері жа­ла­қы­ла­рын ала алмай отырғаны жалған. Шілде айын­да­ғы жұмысшылары алдындағы жалақысы то­лық­тай берілген. Басқа айтатын ештеңе жоқ, – де­ді Ерлан Еркебайұлы. 

Сонымен қарызға батқан «Бурабай жылу­дың» жұмысшылар алдындағы жалақысы қ­а­шан әрі қалай төленетіні беймәлім болып тұр. Би­ліктің барлық сатысына шағымданған жұ­мыс­шылардың басым бөлігінің жалақы алудан үміт­тері де үзілген. Жүздеген отбасының асы­рау­шы адамның маңдай тері еңбекақысының осы­лай шырғалаңмен екі жылға жуық уақыт бе­ріл­меуі Бас Прокуратура, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сияқты басқа да қадағалау органдарының шұғыл назарына алынуы тиіс деген ойдамыз. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы