Өйткені дәстүрлі медиа негізін сақтап қалса да, цифрлы технологияның әсерінен күн санап өңін өзгертуде. Осындай жаңа заманның ақпараттық өнімінің бірі – подкаст.
«Подкаст» дегеніміз не?
Қарапайым сөзбен айтқанда, подкаст – бұл белгілі бір тақырыпқа арналған аудио блог, бір адамның монологі немесе бірнеше адамның әңгімесі. Оны арнайы сайттарда онлайн тыңдауға да, құрылғыға жүктеуге де болады. Ондағы әр шығарылым жеке тақырып немесе оқиғаға арналады. Негізінде, оны аудио форматындағы YouTube деп қарастыруға да болады. Бірақ бүгінде тыңдарман тарту мақсатында видео форматындағы подкасттарды да кездестіруге болады.
Шын мәнісінде, «Подкастинг» терминінің өзі 2004 жылы Ipod және broadcasting, яғни «радиохабар» деген сөздерден қысқартып алынған. Алайда подкасттың радиодан басты айырмашылығы – жанр мен тақырыпты өз бетінше таңдау еркіндігі мен кез келген уақытта тыңдау мүмкіндігі. Яғни, тыңдаушылар нені және қашан қосу керегін өздері таңдайды. Подкасттың жанрлары (ауызекі, деректі, көркем) және тақырыптары бойынша ерекшеленеді. Қазір маркетинг, кино, музыка, саясат, спорт, сән, әзіл, ойындар туралы подкасттарды кездестіре аласыз. Мұндай контентті жасаушылар қатарынан бұқаралық ақпарат құралдарын, брендтер, белгілі бір сервис өкілдері мен кәсіпкерлерді, блогерлер және қарапайым пайдаланушыларды көруге болады. Подкасттар бірреттік немесе мерзімді, яғни эпизодтары тұрақты түрде жарияланып отыратын болып бөлінеді. Ұзақтығына келер болсақ, бірнеше минуттан бірнеше сағатқа дейін созылуы мүмкін.
Подкаст аудиториясы бүкіл әлемдегі секілді елімізде де дамып келеді. Яндекс зерттеулерінің мәліметтеріне сүйенсек, пайдаланушылардың подкастингке деген қызығушылығы соңғы жылдары 4 есе өсіп, тыңдаушылар саны ондаған миллионға жеткен.
Осы орайда нарықтағы алғашқы қазақтілді подкастерлердің бірі Айнель Әмірханның пікірімен бөлісуді жөн санадық.
«Сандық микрофонның» салмақты міндеті
Подкасттың әу бастағы функциясы – телефон, микрофон немесе диктофоны бар кез келген адамға өз ойымен бөлісуге мүмкіндік беру. Қазір біз айтып жүрген медиасауаттылық, ақпаратты тұтыну мәдениетін алар болсақ, адамдар ақпаратты тексере бермейді. Аудитория кез келген жазылушысы көп немесе тыңдармандары бар адамдарға сенеді. Сондықтан біздің қоғамда подкаст жүргізуді мойнына алған кез келген адамның журналистік білімі болуы керек немесе өз саласының маманы болуы қажет. Пайда табудан бұрын білгенімен бөлісу немесе қандай да бір өзекті мәселеге қоғам назарын аударуды негізге алған жөн. Бұл, әрине, адамның жеке жауапкершілігінің шеңберіндегі дүние. Бірақ конституциямыз сөз бостандығын шектемейтіндіктен және сөз еркіндігі бар қоғам қалыптастырғымыз келгендіктен, біреуге жаса немесе жасама деп талап ете алмаймыз.
Мен подкаст саласына 2019 жылы келдім. Бастапқыда бұл мен үшін хобби болатын. Кейіннен қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеру және өз ойыңды жеткізу маған жақын болғандықтан, 2022 жылы толық фрилансқа шығу туралы шешім қабылдағанда, осы подкастинг саласын кәсіби деңгейде жүргізуді таңдадым. Қазір өзімді кәсіби подкастермін деп айта аламын. Оған менің бэкграундым рұқсат береді, себебі мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргенмін. Сондай-ақ «Саясаттану» мамандығы бойынша магистрантпын. Жақында Роберт Гордон университетінде PR саласы бойынша оқуымды тәмамдадым. Жалпы, подкастымның дүниеге келуіне де осы жерде алған білімім әсер етті.
Интернет «толқынында»
Бүгінде подкаст толыққанды медиа құралы болып қалыптасты дегенмен келісе қоймаймын. Өйткені подкаст дегеніміз – аудио форматта шығатын ақпараттық медиафайл. Бірақ біздің қоғамда оны көбіне YouTube форматында елестетеді. Яғни, құлаққап киіп алған бірнеше адамның мемлекеттік арналар мен басылымдарда көтеріле бермейтін тақырыптарда әңгімелесуі, сөз арасында емін-еркін эмоциясын білдіруі деп қабылдайды. Бірақ шынтуайтында мұның негізгі форматы – RSS арқылы таралатын аудиофайл. Бізде бүгінде нақты статистика жоқ, дегенмен елімізде подкаст тыңдайтын адамдардың қатары соншалықты көп емес. Танымал тұлғалардың өзінде тыңдармандар саны 2000 немесе 5000 болуы мүмкін. Әрине, біз қазір қазақтілді аудитория туралы айтып жатырмыз. Бұл жерде нақты статистика бойынша корреляция жасау қиынға соғады. Ал орыстілді контентті қазақстандықтардан бөлек сол тілді меңгерген өзге де ұлт өкілдері тыңдайды. Сол себепті біз ауқымды кең аудиторияға шықтық, бұл да бір телеарнамен, YouTube-пен немесе белгілі бір басылыммен бәсекеге түсе алатын медиа құралына айналды деп айта алмаймын. Сондықтан оны қазір медиа құралына қосымша ретінде ғана көре аламыз.
Мысалы, шетелдік подкаст саласын қарайтын болсақ, онда ірі медиа ресурстардың жеке подкасттары бар. Бұл – толыққанды бөлек редакция жұмыс істейтін ақпарат құралы. Ол жерде сапалы дүниелер айтылады, журналистік зерттеу жүргізіледі, қандай да бір ғылыми тақырыптарға, жаңалықтарға байланысты дүниелер туралы сөз қозғалады. Яғни, ол сапалы журналистік еңбекті талап ететін дүние. Ал бізде кейде дайындықсыз дүниелер кездесіп қалатынын көреміз. «Бұл – еркін формат, рефлексия дегендей, біз ойымызды ғана айтамыз немесе белгілі бір сарапшыға сұрақ қоямыз, ол бәрін айтады» деген көзқараспен қарауға болмайды. Осы себепті бізде бұл сала кәсіби деңгейден гөрі әлі әуесқой форматта дамып келеді деуге болатын шығар. Көптеген адам үшін ойын еркін жеткізу құралы ретінде өз жолын тапқанымен, медиа құралы ретінде өзінің формасын, форматын тапты немесе «жұлдызды шағын» өткеріп жатыр деп айта алмаймыз.
Тобықтай түйін
Меніңше, подкаст саласына үш жолмен келуге болады. Біріншіден, мен секілді жеке қызығушылықпен, қандай да бір ізденіспен келу. Өз нишаңды, аудиторияңды табу және оны монетизацияға дейін жеткізу ұзақ уақыттық шабысты, ізденісті талап етеді. Себебі сен шақыратын қонақты зерттейсің, сұрақтарыңды әзірлейсің, тақырыпты тереңірек зерттейсің, үлкен командаң болмағандықтан, осындай жұмыстың барлығын жалғыз жүзеге асыруыңа тура келеді. Сондықтан бастапқыда басқа табыс көзің болмаса, ұзақ уақыт подкаст жасауға мүмкіндігің бола бермейді. Екінші жол – үлкен корпорациялар арқылы келу. Бізде «Мәншүк медианың», Vlast.kz-тің подкасттары бар. Сол секілді бюджеті, талабы, адамы бар үлкен медиа корпорациялардың подкастын дамытуға болады. Үшіншіден, танымал тұлғалар арқылы келу. Осыған дейін олар кітап жазды, Instagram арқылы монетизацияға шықты. Енді көбіне адамдар құлаққап тағып алып, жүгіргенде немесе автобуста кетіп бара жатып, жалпы кез келген жерде тыңдайды деген оймен подкаст жасайды. Бұл топқа жататын адамдар пайда таба бастағанға дейін бұл ресурсты ары қарай да қолдануы мүмкін. Яғни, монетизацияға шықса, командасын бағуға және өзі көздеген қаржылық деңгейге жетуге мүмкіндік берсе. Бірақ бұл санаттағы подкастерлер подкаст қай күні ақша әкелуді тоқтатады, сол күні ресурстан шығып кетуі мүмкін.
Мен жаңадан подкаст саласына келгенде, достарыма, Instagram-да сұрайтын адамдардың бәріне «подкаст жасау оңай, телефоның, айтар ойың болса болды, жаса, тырысып көр» деп айтатынмын. Қазір бізде нарық шағын болғанына қарамастан, бәсеке тым жоғары. Себебі подкаст жүргізуді бірнеше жыл бұрын бастаған адамдарға қарасаңыз, оларда дыбыс сапасы да, шақырылатын қонақ деңгейі де жоғары. Бұл YouTube-қа шығу, инстаграм немесе Telegram-да парақша ашып, жаңа аудиторияны бағындыру секілді ауқымды жұмыстарды талап етеді. Сондықтан қазіргі подкастинг бұрынғыдай кез келген адам дөңгелетіп әкете алатын дүние деп айта алмаймын. Өйткені бұл осындай ұзақ шабысты талап еткенімен, жылдам табыс әкеле бермейтін сала. Аудиторияңды қасықтап жинайсың, оны толықтай зерттеп, тыңдарманның талғамына сай дүние ұсынуға тырысасың. Сондықтан қазір менің пікірім осыдан төрт жыл бұрынғы пікірімнен өзгеше.
Жазып алған
Камила ЕРКІН