АҚШ-тың Бостон қаласындағы жарылысқа байланысты 6 жылға сотталған Диас Қадырбаев 2018 жылдың күзінде Қазақстанға оралған болатын.
АҚШ түрмесінің карцерінде 2 жыл жатқан Диас Қадырбаев шындығын айтты
18,751
оқылды

Содан бері 5 жылға жуық уақыт өтсе де Диас Қадырбаев ешқандай БАҚ-қа не болмаса подкасттарға сұхбат бермеген.

Жақында Диас Қадырбаев YouTube арнасындағы Қанат Бейсекеевтің «Замандас» подкасына қонақ болып барып, басынан өткен оқиғаларды баяндап берді.

«Түрмеге түстім. Мені 6 адам жетектеп барып камераға қамады. Жолай түрмеде жатқан басқа қылмыскерлер, қылмыс жасады деген күдіктілер «USA, USA, USA!» деп айқайлап қарсы алды. Олар мені Бостон террактісіне қатысым бар деп есептеп, наразылық білдірген түрлері болды.  Кейін білгенімдей мені қамаған бөлме карцер екен. Аумағы 2х3 метр ғана, жоғарыда кішкентай терезе болды, оның шынысын бұлыңғыр пленкамен қаптап қойған екен. Даланың тек жарық не түн екенін ғана бағамдауға болады.

Алғашқы екі апта мен үшін ауыр өтті. Қорқынышты, елеске толы түс көрдім. Еңіреп жылаған кездерім де болды. Көктем болғандықтан, камера суық болды. Ішінде темірден жасалған кереует, әжетхана, су ағызатын кран ғана бар. Темір есіктің төменгі жағында тамақ беруге арналған кішкентай саңылау ғана болды. Міне, осындай жағдайы бар камерада 2 жылдан астам уақыт өткіздім», – деді АҚШ түрмесінде жазасын өтеп келген Диас Қадырбаев.