Мұны Су ресурстары комитетінің мамандары растап отыр. Оған жол бермеудің қамын қазірден жасаған жөн. Әйтпесе, мысалы, Жамбыл облысында қалыптасқан ахуалды Экология министрлігі аса ауыр деп бағалап отыр. Себебі өңірге Қырғызстаннан су беру доғарылған. Ұқсас жағдай өзге өңірлерде байқалады.
Дүниежүзілік банк болжамынша, 8 жылдан соң Қазақстанда қажетті судың 15%-ы жетпейтін болады. 2040 жылға қарай елде суға деген сұраныс 50% артады, нәтижесінде ғасыр ортасында қазақ елі су тапшылығының шегіне жеткен елдердің санатына ауысуы ықтимал.
Бұл негізі, тым алыс перспектива емес, небары 26 жылдай ғана уақыт қалды. Проблеманы шешу жолында пәрменді шаралар қабылданбаса, қазіргі өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың көбісі сол зұлмат заманды бастан өткеруі мүмкін.
Халықаралық қаржы институтының сарапшылары соған соқтыратын кесірдің бірі сумен қамту және жылу беру жүйесінде белең алып жатқанын ескертті. Бұл жүйелердің құбырының жартысына жуығы әбден тозған: тот басып, шіріген, шұрық тесік құбырлардан су тұтынушыға дейін жетпей, жолай ысырап болады.
Су құбырлары желілерінің жалпы ұзындығы – республикада шамамен 98 мың шақырымдай. Бұл – әлемдегі ең ұзын желілердің бірі. 2022 жыл қорытындысында ел бойынша оның орташа тозуы 43%-ды құрады. Кейбір өңірлерде жетпіс пайызға дейін жетеді. Салдарынан, ауызсудың 40%-ына дейінгісі босқа рәсуа болады.
Сарапшылар бұл ысырапты тоқтату үшін Қазақстанның сумен жабдықтау желілерінің кем дегенде 41,9 мың шақырымын дәл қазір күрделі жөндеу немесе мүлдем ауыстыру керек деп отыр. Бұл көлем тек өсе береді. Күрделі жағдай Алматыда, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Абай және Қарағанды облыстарында қалыптасқан.
Қоғамдық саясат институты жүргізген әлеуметтік зерттеу қорытындылары көрсеткендей, қазірдің өзінде қазақстандықтардың 27,2%, яғни үштен бір бөлігіне жуығының ауызсу сапасына көңілі толмайды. Наразылардың басым көпшілігі – Қарағанды (62,9%), Маңғыстау (50,5%) және Ақмола (56,4%) облыстарының тұрғындары. Ал орталықтандырылған ауызсумен жабдықтаудың жоқтығына шағым көп түскен өңірлердің тізімін Абай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бастады.
«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына 2022 жылы сумен жабдықтау проблемаларын көтеріп, 2 мыңнан астам адам жүгінген. Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне былтыр ауызсудың сапасыздығына қатысты шамамен 900 арыз түскен. Яғни, суға қатысты проблемалар тау басынан құлаған жентек қардай өсіп барады.
Ел коммуналдық салада қордаланған проблемалардың астында қалмауы үшін Үкімет «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын қолға алып, шетін қадамға барды: биылдан бастап, коммуналдық қызметтердің тарифтері 30%-ға дейін күрт көтерілді. Бұл қымбаттау тұрақты түрде, жыл сайын жалғастады. Мемлекет тек осал санаттағы отбасыларға ғана қолдау көрсетіп, коммуналдық төлемдерін бюджеттен өтейді. Басқа қазақстандықтардың отбасылық бюджетінің шығындары арта бермек.
Үкіметтің сендіруінше, жаңа тарифтік саясат жыл сайын халықтан артық жиналған кем дегенде 400 миллиард теңгені инженерлік желілерді жаңартуға бағыттауға мүмкіндік береді. Әрине, егер «бармақ басты, көз қысты» жолмен тағы талан-тараж етілмесе. Өйткені бұрынғы билік те «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын іске асырған. Соның барысында халықтан 1 триллион теңге жинап алды. Алайда желілер тек тоза берді.
Қазақтың дариялары таусылып жатыр
Онсыз да аз су ресурстарының елімізде орынсыз шашылатынын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті растады. Өткен отыз жылдықта республикада су үнемдеуге қатысты қаншама бағдарлама жүзеге асырылды, қыруар қаржы шығын болды. Қайтарымы жоқтың қасы. Экономика салалары мен халықтың қажеттіліктеріне су шығындау көлемі 2020 жылы – 24,6 км3, 2021 жылы – 24,5 км3, 2022 жыл қорытындысында – 24,9 текше шақырымды құрады. Яғни тек өсіп барады.
Ведомство суды қажеттіден артық шығындайтындарды атады, бұлар – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық сектор. Нақтылағанда, ауыл шаруашылығы салалары 2022 жылы – 14,2 текше шақырым су алған, оның 2,7 текше шақырымын ысырап еткен. Өнеркәсіп кәсіпорындары былтыр 5,9 текше шақырым су алған, оның 0,2 текше шақырымын босқа төкті. Коммуналдық-тұрмыстық сектор 1,3 текше шақырым су жұмсады, оның 0,2 текше шақырымы жол-жөнекей шіріген құбырлардан төгіліп, жерге сіңді, буға айналды. Басқалары 3,5 текше шақырым су тұтынып, оның 0,3 текше шақырымын рәсуалаған.
Осылайша, бір жыл ішінде Қазақстан өзен-көлдерден 24,9 текше шақырым су алып, оның 3,4 текше шақырымын текке құртты.
Салдарынан, Қазақстан жыл сайын тұтас бір су шаруашылығы бассейнін ысырап етеді деген сөз. Мысалы, су ресурстарының осы айтылған 3,4 текше шақырым өнімсіз шығындары тіпті, Жайық (Қазақстан аумағындағы су көлемі 3,13 текше шақырым), Есіл (2,68), Сырдария (2,16), Тобыл-Торғай (1,68), Шу-Талас (0,94), Нұра-Сарысу (0,87 текше шақырым) су шаруашылығы бассейнінің суынан да көп.
Егер зая кететін су көлемі едәуір қысқартылса, осы өзендердің ең құрыса біреуінің кәусарына тең көлемде су ресурстары үнемделер еді.
Су ресурстары комитеті мамандарының айтуынша, Қазақстанның су ресурстары басқа мемлекеттермен салыстырғанда аз. Жан басына шаққандағы тұщы судың көлемі бойынша Қазақстан әлем елдерінің тізімінің соңғы жағынан орын алады. Салыстырсақ, жан басына шаққанда су ресурстарының жалпы көлемі Қазақстанда небары – 6 миллион текше метр ғана. Ал халқы бірнеше есе көп Ресейде – 31,4, Бразилияда – 41,1, Канада – 83,2 миллион текше метрден келеді.
Мұның сыртында көршілер су беру көлемін жыл өткен сайын кемітуде.
«Гидрографиялық қағидат бойынша Қазақстан аумағы 8 су шаруашылығы бассейніне бөлінген: Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық-Каспий, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас. Елдің су ресурстарының негізгі орташа жылдық көлемі 102,3 текше шақырым. Оның басым көпшілігі, 50,4 пайызыҚазақстаннан тыс жерлерден, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан, трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл ретте 1895-1960 жылдар кезеңімен салыстырғанда Қазақстан аумағына жететін өзен ағысы 12,5 текше шақырымға азайды. Өзендер ағынының қысқаруы Балқаш-Алакөл және Тобыл-Торғай бассейндерінен басқа барлық бассейнде тіркелуде», – деді комитет мамандары.
Талас тартылып қала ма?
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидулла Азидуллин қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты Жамбыл облысына барды. Атап айтқанда, Қырғыз республикасы бізге жіберетін су көлемін тоқтатты. Салдарынан, 2023 жылдың 9 тамызындағы жағдай бойынша Талас өзенінің бассейні бойынша Киров су қоймасының көлемі 32,48 млн текше метрге дейін таязданды. Сөйтіп, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда алапат көлемге, 144,8 миллион текше метрге азайып кеткен. Бұл су қоймасында былтыр 177,28 млн текше метр су болған еді. Осынша құлдырау апатқа тең.
– Талас өзенінде былтырғы жылдың тамызындағы кестелік көрсеткіш бойынша Қазақстанның қажеттілігі секундына 45 текше метр. Іс жүзінде келгені – 0. Яғни, көрші су бермеді. Қазіргі уақытта «Жамбыл ГРЭС» АҚ жұмысын тоқтатпау үшін су қоймасынан кемінде 5 м3/сек су беру туралы Қырғызстанның Талас СШББ қызметімен арада келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Талас өзенінің арнасына экологиялық тазарту қарастырылып отыр, – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Сондай-ақ Талас өзенінің арнасына судың түсуін ұлғайту мақсатында «Қазсушар» РМК филиалы мемлекеттік шекара бойында коллекторлық-дренаждық желілерді тазартпақ. Бұл Талас өзеніне судың түсуін секундына 5-тен 8 м3-ге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл Таласты құтқара ма? Мамандар бас шайқайды. Бүгінде Талас су торабындағы су көлемі коллекторлық сулармен толтырылғанның өзінде 7,26 текше метрден аса алмайды. Ал Қазақстанның қажеттілігі секундына 45 текше метр. Және бұл қалыпты режимдегісі. Ал Қазақстанда қуаңшылық құбылыстары өрістеуде, салдарынан су да қалыптағыдан көбірек қажет етіледі.
Қазіргі кезде тұтас Талас ауданы суарудан толығымен ажыратылды, ол солай қала береді. Суармалы судың тапшылығын Байзақ, Талас және Жамбыл аудандары сезінді. Киров су қоймасынан судың жеткіліксіз жетуіне байланысты шамамен 4 мың гектар пияз бен қант қызылшасы алқаптарына қауіп төніп тұр. Су тапшылығына байланысты Қордай ауданының Сарыбұлақ, Бетқайнар, Қақпатас және Степное ауылдық округтері суарудан ажыратылды.
Тығырықтан шығарар жол қайсы?
Сумен қамтамасыз ету бойынша қалыптасқан ауыр жағдайды ескеріп және аталған аудандарда әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылған-тын. Комиссия 18-20 шілде аралығында Қордай, Байзақ және Талас аудандарының егіс алқаптарын тексерген. Тексеріс қырғыз елі тарапынан суармалы суды беруді азайту салдарынан, егістіктердің күйіп кетіп жатқанын көрсетті. Жұмыс тобы трансшекаралық көздерден суармалы судың жеткіліксіз берілуінен зардап шеккен шаруашылықтарға өтемақы төлеу туралы ұсыныстар енгізілетін болды.
– Су ресурстарының тапшылығы барған сайын артуда. Осыған орай біз жылда ылғал сүйгіш дақылдарды егуді қысқартуды, ылғал үнемдейтін технологияларға көшуді, ауыспалы егістерді, суару режимдерін және басқа да мелиорациялық шараларды сақтауды ұсына отырып, бұл мәселені көтереміз, – деп уәде етті өңір өкілдерімен кездесуде вице-министр Ғалидулла Азидуллин.
Су үнемдеу үшін қандай шаралар қабылданады? Біріншіден, ауыл шаруашылығы салаларының суды тұтыну көлемінің шектен тыс өсуіне байланысты енді егістік алқаптарына жаппай тексеріс жүргізілетін болады.
Екіншіден, қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы пилоттық жоба бастап, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ымен бірлесіп, келесі вегетациялық кезеңде қолданыстағы егістік алқаптарына су берудің қажетті көлемін есептеу үшін егістіктің нақты картасын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Үшіншіден, бұрын Қытай, Ресей, Орталық Азиядан келетін өзендер толтырған арналардың біразы тартылып қалды. Олардың орнын жерасты суымен ауыстыру қарастырылады.
Шаруашылық және ауызсу мақсатына жарамды 201 кен орны барланды. Тарата айтсақ, оның ішінде 50 кен орнының барланған су қоры – тәулігіне 50-100 мың м3. 55 кен орнының қоры – 100-500 мың м3. Небары 10 кен орнының қоры 500 мың – 1 миллион м3. Сонда бар-жоғы 8 кен орны ғана ірі саналады және қоры тәулігіне 1 миллион текше метрден асады.
Төртіншіден, ғалымдардың айтынша, су ресурстарымен жеткіліксіз қамтамасыз етілген өңірлерді шаруашылық – ауызсумен жабдықтау жерасты суларының ресурстарын қайта бөлетін топтық су құбырларын салу арқылы жүзеге асырыла алады. Мысалы, Көкжиде, Айшуақ және Солтүстік Айшуақ кен орындары есебінен Атырау және Маңғыстау облыстарының едәуір аумағының кәусарға деген сұранысын өтеуге болады. Батыс Қазақстан облысында сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін Тоқпай, Январцев және Көшім жерасты суларының кен орындарын пайдалануға тартуға болады.
Бірақ ең бастысы, әрбір қазақстандық суды барлық жерде үнемдеуге, оның әрбір тамшысын тек орнымен, ұтымды жұмсауға үйренуге тиіс. Мысалы, көшедегі колонканың тұтқасын басып тұруды қиынсынып, тығын тығатын тәжірибе бар. Алайда кейбір адам шелегі суға толған соң тығынды алып тастауға ерініп, суды сарқырата ағызып кете береді.
Қалаларда бүгінде көлік жуу бизнесі кең өріс алды, алайда олардың көбі суды орталықтандырылған ауызсу жүйесінен алады. Бұл да ысырап. Дамыған елдер тек техникалық суды, сондай-ақ жаңбыр суын қолданады. Бумен жуу технологиялары дамуда. Қазақстанда алып өнеркәсіп кәсіпорындары да суды босқа шығындаудан аулақтамады. Қазақстан шөл далаға айналмауы үшін осындай көптеген кесір істен арылу қажет болады.
Айхан ШӘРІП