Қайраткерлігі мен білімпаздығын, адалдығы мен әділеттілігін, мәмлегерлігі мен шешендігін айқын байқататын Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы алғаш екі томдық болып 2006 жылы жарық көрген болатын. Оған 276 хат еніп еді.
Мұстафа Шоқай мұрасының саяси деректемелік мәні
1,168
оқылды

2012-2014 жылдары шыққан он екі томдық шығармаларының толық жинағының жекелеген томдары мен соңғы он екінші томында 215 хат жарияланды. Ал 2021 жылы ҚР БҒМ, Ғылым комитеті, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Қазақстан Республикасы  Орталық мемлекеттік архиві шығарған «Эмиграцияда: Мұстафа Шоқайдың эпистолярлық мұрасы. 1919-1941» («В ЭМИГРАЦИИ: эпистолярное наследие Мустафы Шокая 1919-1941») атты еңбекке 261 хат еніпті. Жинақтардағы хаттардың бір-бірін толықтырғанын,  қайталағандарын ескерген жағдайда барлығы үш жүздей хат жарық көрді. Бұлай деуіміздің өзіндік себептері бар. Көп хат Совет үкіметінің Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының   қолына түсіп, бізге жетпей қалған сияқты. Бұл хаттар мазмұнынан байқалады.

Мұстафа Шоқайдың бұл эпис­то­лярлық мұрасын эмиграциядағы Ресей, Әзербайжан, Грузия, Кавказ, Ук­раина, Еділ-Орал, Ресей өңірі халық­та­ры­ның жетекшілерімен, Қытай, Ауғанстан, Иран, Жапония, Сауд Арабиясы, Ұлыб­ри­та­ния, АҚШ, Италия, Голландия, Фран­ция, Германия, Польша, Мысыр және тағы басқа елдердің саяси, қоғам қайраткерлері жә­не шығыстанушы ғалымдарымен, Өз­бек­стан мен Қазақстандағы туыстары және жол­дастарымен, барлығын есептегенде жүз қаралы кісімен түрлі тілдегі, түрлі дең­гей­дегі, түрлі наным сенім мен ұстанымда жа­зысқан хаттары құрайды. Хаттар маз­мұны өз иелерінің әлеуметтік өресін, саяси қы­з­метін, салт санасын, әдет ғұрпын, дәс­түрін көрсетіп қана қоймайды, сол кез­дің тарихи шындығын, замананың сая­си сипатын да айқын танытады. Ал Мұстафа Шоқайдың өзімен елдегі пікірлес, мұраттас адам­дармен алысқан, ағайын туғандармен жазысқан хаттарынан халықтың саяси ахуалы, сұрықсыз өмір жағдайы, күнделікті шаруа­шылық күйзелісі айқын танылады. 

Мұстафа Шоқайдың шетелге кетуі, он­да тұрақтауы болмаса елге оралып, бұ­рын­ғы азаттық үшін күресін оппозициялық сипатта жалғастыруы, бірақ оған кеңестік жүйе жағдайында ешқандай сенімнің жоғы сияқты мәселелер оның жақын достарын қатты ойландырып, талай толғандырған бо­латын. Бұған социал революционер (эсер­лер) партиясы орталық комитеті мен Уа­қытша үкіметтің Түркістан комитетінің мү­шесі, Бірінші жалпықазақ съезінің жұ­мы­сына қатысқан, Грузияға бірге барған, кейін жолы айырылысып, Мәскеуге орал­ған В.Чайкиннің хаттары дәлел бола ала­ды.

Біздерге В.Чайкиннің 1920 жылдың 5 тамызынан 1924 жылдың 7 тамы­зы­на дейінгі 6 хаты ғана жеткен, бірақ ол хат­тарға қайтарылған жауаптар жоқ. Олар тиіс­ті органдардың назарына түсіп, қолды болған сияқты. Бізге жеткен алғашқы хатта (бұл үшінші хат, екеуі белгісіз – Ә.Б.) Түр­кістан, Қазақстан және Башқұртстанда бо­лып жатқан жағдайды, ортақ таныс кі­сілер­дің және Мұстафа Шоқайдың туыс­тары мен достарының пікірлерімен санаса отырып, мынадай қорытындыға келеді. Бірінші – Мұстафаның елдегі (және тек Мәс­кеудегі) қызметінің ойлағандай бол­мауы, Түркістанда өз алдына мемлекет құру мәселесі әзірше тек жай арман дең­гейін­де қалуы. Екінші Мұстафаның елде болуының қажеттігі, бірақ ондай шешімді оның өзінің қабылдау керегі. Содан соң Түріккоммисияның бұрынғы төрағасы, енді «Түркияға елші ретінде бара жатқан» Ш.Элиаваның Мұстафаның өзінің сүйікті ісіне белсене араласу үшін Мәскеуге шұғыл келуіне кеңес беруі, алайда В. Чайкин оның Мұстафа Шоқайды Түркістанға ша­қырмай, Мәскеуді ұсынғаны «күдік пен қар­сылық» тудырғанын ашық білдіреді. Осы­ларды айтып келіп, ол: «Сіз менің ша­қыруым­ды күтіңіз немесе (хабарласу қиын­­дап кететін болса, үзіліп қалса т.б.) келу жайында өзіңіздің нақты шешіміңізді қабылдаңыз. Әзірше Сіздің достарыңыздың пікірі осыған саяды» деп қорытындылайды. Ал 1920 жылы 20 тамызда жолданған екін­ші ха­тын­да автор Шоқайдың елге оралуы жө­нін­де бірнеше ресми кісімен, атап айт­қанда, Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Л. Караханмен, РК(б)П ОК хат­шысы Н. Крестинскиймен сөйлескен­нен кейін оның қауіпсіз болатындығына күмән келтіреді. Сол себепті шақыру жауап­­­­кершілігін өз мойнына ала алмай­ты­нын айтады. Бұл хаттар Мұстафа Шоқай әлі Тифлисте тұрып жатқанда жеткен бола­тын. 

В.Чайкиннің хаты Мұстафа Шоқай Па­­рижге келгеннен соң да жалғасады. 1922 жыл­ғы 22 наурыздағы хатында Мұстафа Шо­қайдың елге оралу мәселесін тағы да кө­те­ріп, оның Ресейге келуін қалайтынын, алай­да сенімнің аздығын, Түркістандағы дос­тары мен таныстардың бұған түгел қар­сы екенін айтады. Олардың ішінде Алаш қоз­ғалысының қайраткері Жанша (Жаһан­ша) Досмұхамедовтің, 1922 жылдары Таш­кент­тегі «Талап» мәдениет көркейту қауым­дастығының қызметкері, бұрынғы Мұс­тафаның көмекшісі Ескендір (Искандер) Көпжасаровтың да бұл істі қостамайтынын жеткізеді. Сонымен автор елдегі партиялық аппарат арқылы қуғындаудың кең қол­данылуынан қайтудың қажеті жоқ деген қорытындыға келеді. 

Мұстафа Шоқай да, В. Чайкин де боль­шевиктер ту еткен пролетариат диктатура­сы­ның тапқа бөліну мен тоталитарлық жүйе­ге негізделуі халықтарды ұлттық езгі­ден құтқарып, бостандыққа жеткізе ал­майтынын толық түсінген, саяси сипаттары жағынан типтес тұлғалар болатын. Мұның аяғы В.Чайкиннің 1923-1933 жылдары айдауда болып, 1938 жылы куғын сүргінге ұшы­рап, 1941 жылы Орел түрмесінде атылуы­на алып келді. 

Сонымен, Францияда тұрақтанған, Түркістанның тәуелсіздігі үшін күресті бір сәт тоқтатпаған, алайда барлық өмір­лік мəні бар буынын өз қолында ұстап отыр­ған кеңестік Ресейдің тым күшті ек­е­нін жақсы білген Мұстафа Шоқай мақсатқа жетудің бір ғана жолы бар екенін, ол жол тəуелсіздік жолындағы барлық күрескердің күш біріктіруі деп санады. 

Осы мақсатта ертерек құрылған «Түр­кі­стан Ұлттық бірлігі» ұйымын нығайту, ха­лықтардың тәуелсіздігі үшін саяси күрес бағытындағы іс әрекеттер бір топ мұсылман эмиг­ранттықтардың хаттарының мазмұ­нын құрады. 1929 жылғы 27 ақпанда кешегі Әзер­байжан Демократиялық Респуб­ли­ка­сының бірінші басшысы, «Мусават» («Тең­дік») партиясының төрағасы М.Ра­сулза­деге жазған хатында Мұстафа Шоқай: «Біз жер жерде тәуелсіздік идеясын дамытуға күш салуымыз керек және осы жолға түс­кен­дерді өз қатарымызға тартып, оларды қол­дауымыз қажет. Қазіргі күрес жалыны үдеп тұрған кезеңде бұл – аса маңызды нәр­се» деп жазды. 1931 жылдың 16 қаза­нын­да Поляк Бас штабының париждік ре­зи­денті Г.Роллинге арналған хатында Түр­кістанның ұлттық мәселесі нәтижелі болуы үшін елдің ішінен де, одан тыс жер­лер­дегі түркістандық эмигранттардың ара­сынан да мықты ұйымдасқан қолдау керегін, ұлттық мәселеде эмиграцияның рөлін жай ғана «қосымша» деп қарауға болмайтынын ескерте отырып, Мұстафа Шоқай эмиграциялық қызметтің түпкі мақсатын былайша ашып берді: «Қазіргі жағдайда эмиграцияның міндеті әртүрлі жағдаймен Шығыс елдерінің мыңдаған шақырымында бір бірінен бөлектеніп, ша­шылып кеткен эмигранттық топтар ара­­сындағы ұлттық тәуелсіздік идеясын на­сихаттау, идеялық байланыс пен ұйым­дас­қан бірлікті орнатуға үгіттеу істерімен шектеледі. Эмиграцияның міндеті – Түр­кі­стан мәселесін «интернационалдық» («ха­лықаралық» деп айтқан жақсырақ бо­лар) ортаға шығару (қозғау) екені өзінен өзі түсінікті нәрсе». Автор бұдан ары Еуро­па­­ның да, бүкіл әлемнің де қазіргі әлеу­мет­тік экономикалық жағдайы бейбітшілік пен тыныштықты қалайтынына тоқталып, Еу­ропа түркістандықтардың әдемі көзде­рі­не бола немесе «қаналушылардың тап­тал­ған құқықтарын қорғаймын» деп бо­ль­ше­виктермен қызыл кеңірдек болмайты­нын және соғысуға бармайтынын айта ке­ліп: «Бізге қарсы жүз миллиондық ұлы орыс халқы тұр. Оның ұлттық үстемдігіне қар­сы күресті біз барлық «шет аймақтар» кав­каздықтар, украиндық және басқалар ты­ғыз байланыста ғана жүргізуіміз керек. «Интернационаландыру» тек осы мәнде маңыз­ды және сөзсіз қажет. Ол іске асатын жұ­мыс және біз оны ұйымдық жағынан жү­зеге асырамыз...» деп жазды. 

Хаттар толқыны Мұстафа Шоқай­дың ұлт-азаттық күрестің көреген стра­тегі, тамаша тактигі болғанын толық рас­­тай алады. 1929 жылғы 5 сәуірдегі поляк бар­лау органдарының Париждегі рези­ден­тура қызметкері В.Дабровскийге жазған хатында Түркістан жағдайында жергілікті ұлт­шыл коммунистердің билікке ұмты­лы­сын пайдалану және билік басында отыр­ған Мәскеудің үстемдігіне қарсы күрестің қажеттігін айта келе: «Ішкі партия күштері сырт­қы Мәскеу үстемдігіне қарсы күрес­пей, біз ұлттық ісімізді аз болса да алға жыл­­жыта алмаймыз. Бізде бұрыннан қа­лып­тасқан кадрлар жоқ. Қатты айтсақ, ұл­т­тық күрестің дәстүрі де, ұйытқысы да жоқ Ескінің барлығы қиратылды. Кеңес жағ­дайында біздерді жас өскін ұрпақ қана аман сақтап қалады. ...Оларды өз елінде би­лік­ке ұмтылуға, өздерінің заңды орнын­да «заңсыз» отырған мәскеуліктерге қарсы күреске итермелеу арқылы ұлттық тәуел­сіз­дікке ұмтылысымызды едәуір жеңілде­тер едік» деп жазды. 

Эмиграциядағы түркі ұлттық қоз­ғалыс өкілдерінің өзара жазысқан хаттарымен танысу олардың арасында күр­делі мәселелердің болғанын да байқа­тады. Түрік әлемі тағдыры туралы көз­қа­рас­­тардағы айырмашылықтар, кейбір бас­­­шылардың жеке менмендіктері, кеңес­тік құпия органдардың араласуы тағы басқа Совет үкіметіне қарсы күресте күш­тер­дің бірігуіне мүмкіндік те бере бермеген бола­тын. 1929 жылы 21 ақпанда Краковтан Мұс­тафа Шоқайға жазған хатында О.Тене­ре­к­ұ­ғ­лы: «Түрік зиялылары арасындағы бір бі­ріне қастық жасау, ұрыс керіс, айыптау – өте жағымсыз құбылыс. ... Соншама аз түрік зия­лылары барлық жағынан біртұтас болып бірігулері керек қой» деумен шек­тел­мей: «Мен де Сіз сияқты жалпытүріктік көзқарасты ұстанамын, Түркістан туралы мә­селеге немқұрайлы қарай алмаймын, Ре­сейде түрік ұлттық мәселесі тәуелсіз Түр­кістан болғанда ғана шешілетініне се­не­мін» дейді. 1932 жылғы 12 наурызда Ыстан­бұлдан жазған хатында «Прометей» басшыларының бірі, эмиграциядағы әзер­байжандық қайраткер Мұстафа Векилли ат­тасын: «Сіз мәселеге соншалықты сақ­тық­пен және абайлап қарағаныңызға қара­мастан Париждегі «біздің көшелердегі» жағ­дай жөнінде көп нәрсеге көзімді аш­тыңыз, оны егжей тегжей түсіндірдіңіз» дейді. Ал Мұстафа Шоқай 1932 жылғы 29 нау­рызда оған жазған жауабында былай деді: «Сіз дұрыс айтасыз, біздің «түрік май­да­нында» олқылық көп. Бұл олқылықтарды жөндеу, дұрысын айтқанда, бүтіндеу – ең бірінші міндет...» [1, 227б.].

«Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымында қо­лайсыз жайлар да аз болған жоқ. Әсіресе, Ахмед Заки Валиди бастаған топтың іс әре­кеттерінен хабардар Уфа губерния­сы­ның тұрғыны, саяси қайраткер, заңгер О.Те­нерекұғлының 1929 жылғы 10 сәуірдегі Мұстафа Шоқайға жазған хатында көтер­ген аса бір мәнді мәселеге назар сала ке­тейік. Сол кездері «Түркістан Ұлттық Бір­лігі» басындағы түркістандық емес 

А.  Ва­лиди мен Абдулқадыр (Инан) мүше­лері болған Түркістан комитетін (ТҰБ айтып отыр Ә.Б.) Түркістан саяси ұйымы деп атауға болмайды, оны қайта құру үшін жұ­мыс істеу бірінші және қажетті шарт дей келіп, О.Тенерекұғлы: «Бұл ұйым, ең ал­дымен, Түркістан саяси ұйымы болатын­дық­тан, Сіз келіссеңіз, осы істі Өз қо­лыңыз­ға алуды ұсынамын. Сіз тек қана түр­кістандық емессіз, бұрынғы Түркістан автономиялық үкіметінің басшысысыз. Түр­кістан азаттық қозғалысын Сізден басқа кім басқаруы керек?» деген болатын. Сон­дай ақ эмиграциядағы әзербайжан қай­раткері, «Прометей» ұйымы басшы­лары­ның бірі М.Векилли 1938 жылғы 17 ма­мырдағы хатында «Кавказ бірлес­ті­гін­дегі» жікшілдіктерге тоқталып: «Біздің ұлттық күштерімізді біріктіру туралы мәсе­леде Сіздің көмегіңіз бен қолдауыңызды кү­темін. Себебі біздің ісімізге Сіздің жа­ныңыздың ашитынын білемін» деп жазуы жайдан жай емес еді. Шынында да кейін Мұстафа Шоқай эмиграциядағы мұсылман эмигранттарының көшбасшысы болды.

Көптеген хат мазмұнынан эмиг­ра­ция­дағы замандастарының Мұс­тафа Шоқайды Орталық Азияның бірден бір маманы ретінде одан кейбір дереккөз­дер­ді анықтағысы, тереңірек білгісі келгені байқалады. 1937 жылы 24 наурызда Стэн­форд университетінің Орыс зерттеушілері комитетінен жіберілген, өте қызықты және ке­ректі хаты үшін алғыс білдіруден бастал­ған хатта 1919 жылғы Осипов көтерілісі және ағылшындардың Түркістандағы қыз­меті, Большевиктердің Бұхара әмірімен кү­ресі және Бұқарада Кеңес режимінің ор­науы т.б. тақырыптардың қызық­тыра­тынын, Т.Рысқұловтың «Революция және Түркістанның тұрғылықты халқы» кітабын атап, осы мәселелерде көмектесуін сұрай­ды. Ал Пенсильванияда (АҚШ) тұратын Д. Федоров Уайт 1936 жылы 28 ақпанында жаз­ған хатында орыс отарындағы Түр­кі­стан тарихы туралы кітап жазумен шұғыл­да­нып жүргенін, соған байланысты мате­риал­дар, кітаптар сұраған болатын. Мұс­тафа Шоқай 1936 жылы 19 наурыздағы жауап хатында Түркістан туралы кітаптар­дың барлығы, бірақ отарлық жағдайдағы қарым қатынастардың субъектісі ретінде Түр­кістан туралы кітаптың табылмай­ты­нын, көтеріліп отырған тақырыптың өте қы­зық екенін атап көрсете отырып, күн­де­лікті жұмысының көптігіне қарамай, мүм­кіндігінше хат иесінің талабын қана­ғат­тандыруға тырысатынын айтқан еді. 

Көптеген хаттан Мұстафа Шоқай­дың тынымсыз тірлігіне таңғалмау мүмкін емес. Аса көрнекті саяси тұлға, та­маша тарихшы, халықаралық дәрежедегі саяси сарапшы ретінде Мұстафа Шоқай­дың Ұлыбританияға, Польшаға т.б. елдерге арнайы тақырыптарда баяндамалар жа­сауға шақырылуы, АҚШ, Германия, Фран­ция, Италия, Румыния, Жапония, Қытай, Ауғанстан, Голландия, Түркия т.б. елдерден келген хаттарға жауап жазумен қатар «Түр­кістан Ұлттық Бірлігін» ұйымы мен «Яш Түркістан» журналына басшылық жасау, ма­қалалар дайындау, зерттеулер жүргізу, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасау, Түркістан ұлт азаттық қозғалысының мақсат мұраттарын түсіндіру, Германияға оқуға келген түркістандық жастарға қам­қорлық, саяси топтар мен ұйымдардың же­тек­шілерімен, коғам қайраткерлерімен кез­десулер, олармен пікір алысу, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының мақсат-мүд­десін түсіндіру сияқты сан салалы қызмет Мұстафа Шоқай сияқты Түркістан десе ру­хы шабыт алатын, ой қиялы шыңға өр­лей­тін, қаламы қайыспас қайсар қайрат­кер­дің ғана қолынан келетін тірліктердің түр­лері болатын. Осы сәтте Германиядағы Жо­ғары техникалық мектебін докторлық дәре­жемен бітіріп, кейін Түркияда Түр­кістан жастары одағының хатшысы болған, Ыстанбұл университетінің профессоры, Мұстафа Шоқаймен достық қарым қаты­настағы Ахмеджан Ибрагим 1936 жылдың 10 қазанында жазылған, түркістандық түрік жастары бірлігінде жұмыс істеп жүр­ген бір түркіменстандықты Германияға оқу­ға ұсынған хатында былай депті: «Бұл жайт Сіздің қарауыңыздағы мәселе бол­ған­дықтан, әрине, өзіңіз білесіз және кімді алып, оқуына жағдай жасасаңыз да, мен өз атымнан ризашылығымды айтып, қолдау көрсетемін».

Елдегі саяси жағдайды, әлеуметтік ахуал­ды, сол заманның саяси лебін, әлеу­мет­тік күйін Мұстафа Шоқайдың ағайын туыстардан, әсіресе інісі Мұртаза алған хат­тар да айқын танытады. Мұртаза алғаш­қы кезде ағасының аман-саулығын 

В.Чай­кин арқылы да біліп тұрған. 1924 жыл­ғы 7 наурыздағы хатында ол: «Брату Ва­шему тюркское письмо, как помните, я передал давно» дейді. Кейін Мұртаза ше­тел­де жүрген ағасымен оның Ташкенттегі жол­дастары арқылы байланысады. Мұр­таза Шоқайұлы 1923 жылғы 4 наурыздағы ағасына арналған хатын «қыпшақ бала­сына» жіберерсіз деп жұмбақтап Ә.Ора­заевқа жазған хатында: «Өткен жылы Таш­кенттен қырқүйек айында тұрған же­ріне (әңгіме Мұстафа туралы болып отыр – Ә.Б.) бір екі хат жазып едім, тиген тиме­ге­­нін қайдам» дегеннен соң елдің аманды­ғы туралы ғана хабарлап, «Сіздердің жай­ларыңызды естідім», «Мұнан басқа сөз жазуға болмайды» деген қысқа сөйлемдер­ден сол кездегі елдегі саяси ахуалды 

аң­ғаруға болады. Жеті айдан бері егесіне ти­ме­ген хаттардың тағдыры белгілі. Келесі ха­тында (1923, 19 сәуір) Мұртаза: «Таш­кент­тегі Сұлтанбек, Санжарларға барып, сіздің хаттарыңызды алып қайттым» деген. Мұн­да аталып отырғандар Сұлтанбек Қо­жанов пен Санжар Аспандияров еді. 

Мұртаза мен ауылдастарының 1923 жыл­ғы 19 сәуірдегі бізге жеткен алғашқы ха­тында осының алдында бірнеше хат жаз­ғанын, олардың тиген тимегенінен ха­бар­сыз екенін жазып, елдегі, ағайындарының арасындағы өлім жітімді мәлімдеп, жай күйлерінің шамалы екенін жазады. Ал 1923 жыл­дың 2 қыркүйекте жазылған хатта Мұр­таза ағасынан бірнеше хат алғанын, елдің хал жағдайынан хабардар болғанын білгенін жазған. Ауылдың тұрмыс күйінің на­шарлағанын, аяқты малдың күн өткен сайын азайып бара жатқанын, өзінде сауын сиыр, жұмсарлық өгіз ғана қалғанын, негізгі тіршілігі диқаншылық екені, бірақ мұның да мардымды емесі айтылған. Ел ішін­де түрлі ауру жайлап, екі жылдан бері шегіртке шығып, егінді жесе, қой ешкі қо­тырдан қырылып, ауылдар малсыз қал­ғаны жазылған. 

Мұртазаның бізге жеткен 1924 жыл­ғы 16 қаңтарда жазған соңғы ха­тында ағасының 4 қыркүйек, 3 қазан, 6 жел­­тоқсанда жазғандарын алғанын, соң­ғы­сында ағасының «неге хат жазбайсың?» деген сөзінің жанына жаман батқанын айта келіп, өзінің жұмыстағы жағдаймен екі ай қамауда отырып шыққанын, соның се­бебінен еккен егіннен өнім ала алма­ғанын хабарлайды. Осы хатта «Еш туыс­қан­нан жақындық көріп жүрген жоқпын» деген жолдар да бар. Бұл кезде Мұстафа ағайындары Кеңестің қырына алына бас­тал­ған еді, сол себепті олар ол өскен шаңы­рақтан аулақ болуға тырысты. Бұл хаттар­дың аяғы Мұртаза Шоқайұлының тағды­рын де шешкен болатын. Ол 1937 жылдың 1 қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі істер Халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» қаулысы бойынша ату жазасына кесілді. 

Мұстафа Шоқайдың өзі тікелей ре­дакторлық еткен «Яш Түркі­стан» журналының жауапты хатшылары Ә.Оқтай және Т.Шағатаймен жазысқан хат­тарын талдау Мұстафа Шоқайдың бас­шылық өресін, баспагерлік ұйымдас­тыру­шылық қабілетін, журналистік қуатын анық байқатып, басылымдағы күнделікті тір­лікке байланысты көп нәрсені аң­ғар­тады. Мысалы, журналдың жауапты хат­шысы Абдулуақап Исхақұлы Оқтай 1934 жылдың 16 наурызындағы хатында Әзер­байжан эмигранттарының қоғамдық саяси «Истиклал» («Тәуелсіздік») газетінде ба­сылған «Тәуелсіздік құрбандары» атты ха­бардың қорытындыланғаны, Мұстафа Шоқайдың тапсырмасы мен ескертуі бойынша қандас оқырмандарды Құрбан мей­рамымен құттықтағаны, тағы басқа мә­селелер қозғалған. 1938 жылдың 20 қаң­тарындағы хатында Ә. Оқтай 19 қаңтар күнгі елден келген «Қызыл Өзбекстан», «Со­циалистік Қазақстан», «Совет Түрік­мен­станы» т.б. газеттерді алғанын, алайда 6-7 қаңтарда жіберілген ел газеттерінің әлі келмегенін айта отырып, газеттер жүйелі түрде алынбаса, баспа ісіне қаншалықты залал келетінін жазған. Осы жылдың 1 ақ­панындағы хатында ол бас мақала орнына басылуы көзделген «Совет парламентінің бірінші сессиясы» атты мақала әзірленіп, баспаханаға жіберілгені айтылған. Соны­мен қатар «Қызыл Өзбекстан» газетінде Түркістанның тұңғыш әйел докторы Гүл­сім Асфандияр ханымның қайтыс болғаны туралы хабар басылғанын, соны көшіріп, Мұстафаға жібергенін, кейбір мағлұматтар қосып қайта жіберуін сұраған. «Яш Түркі­стан» журналының 23 тамыздағы 104-105 сандары 90 бет болып, бас редактордың соң­ғы түзетулерімен шығып жатқаны жө­нінде ақпарат берілген.

Соңғы хаттар өздеріңіз көріп отырған­дай, бірнеше жыл бірге қызметтес болған­дар­дың шынайы пікірлері, шын ықылас­тары. Ал авторы белгісіз хаттың мына үзін­­дісінің мазмұнына қарайық: «Сіз бар­­­лық ізгі ниетті отаншылдардың сүйіс­пен­­шілігі мен ризашылығына бөлене оты­рып, еш нәрсеге қарамастан, алдағы уа­қыт­та да Өзіңіздің адал және тура бағы­тыңызбен жүретініңізге сенемін». Бұл хат 1939 жылдың 28 шілдесінде жазылған. 

Тамаша тарихшы, энциклопедиялық білімдар кешегі Түркістан Мұқ­та­рия­тының басшысы, Түркістан Құрылтай жиналысын өткізу жөніндегі комитеттің тө­рағасы Мұстафа Шоқайдың эпистоляр­лық мұрасы оның жалғыз қазақ халқы емес, бүкіл түрік халықтарының көрнекті қай­раткері екеніне көз жеткізеді, өмірі мен қыз­метінің бұрын бимағлұм жақтарын аша түседі. Бұл хаттарды талдау адамгершілік пен ізгілік, әділеттілік пен адалдық, ше­шен­дік пен көсемдік, парасат пен пайым, қа­жырлылық пен қайсарлық, кішіпейілді­лік пен кешірімділік, түсіністік пен тағ­лым­дылық сияқты толағай тұлғаның әлеу­­меттік һәм саяси қайраткерлік қыр­ларын айқындауда таптырмас дерек көздер бола алады. Бұл сан салалы адами қасиеттер эмиграциядағы түрлі деңгейдегі, түрлі мақсаттағы ұлт өкілдерімен қарым қаты­нас­та да айқын аңғарылады.

Сонымен жалпы хаттар мазмұны Кеңес Ода­ғы мен Түркістан тарихын зерттеуде сая­си дереккөздік қызмет те атқарады. Олар сол кезеңдегі ел ішінде саяси әлеу­мет­тік ахуалды, саяси қуғын сүргіннің адам жа­нын түршіктірер сиқын көрсетеді. Ол қиын­шылықтар күшейе түсіп, Екінші дү­ниежүзілік соғысқа ұласқаны белгілі. 

Әбдіжәлел БӘКІР,

Қорқыт ата атындағы

 Қызылорда университетінің профессоры, 

саяси ғылымдар докторы