Біләл Сүлеевтің туғанына биыл 130 жыл толады. Өкінішке қарай, жаппай қу­ғын-сүргін­нің нағыз қызған шағы 1937 жылы өзімен за­мандас бас­қа да қазақ зиялыларымен бірге жа­зықсыз жаза­лау­дың құрбаны болған тарихи тұл­ғаны Жетісу жерінде іздеу-сұрау салып жатқан, елі мен жерінің ертеңі үшін еңі­реп өткен азаматтың атын әспеттейік, 130 жылдығын жұрт жадында қа­ла­тындай қылып атап өтейік дейтіндер қатары си­рек болып тұр.
Алаш арысы атаусыз қала бере ме?
2,958
оқылды

«Алаштың намысын сақтаймыз,

Отанды жат жұртқа сатпаймыз», – деп жалаулатқан Алаш­тың атпал азаматы Біләл Сүлеевтің туғанына биыл 130 жыл толады. Өкінішке қарай, жаппай қу­ғын-сүргін­нің нағыз қызған шағы 1937 жылы өзімен за­мандас бас­қа да қазақ зиялыларымен бірге жа­зықсыз жаза­лау­дың құрбаны болған тарихи тұл­ғаны Жетісу жерінде іздеу-сұрау салып жатқан, елі мен жерінің ертеңі үшін еңі­реп өткен азаматтың атын әспеттейік, 130 жылдығын жұрт жадында қа­ла­тындай қылып атап өтейік дейтіндер қатары си­рек болып тұр. Аудан, облыс басшылығы тара­пынан да беделді сұраушы табылмайтын сыңайлы. Жал­пы Жетісу облысындағы мәдениет саласына жауап­­тылардың жауапсыздығы, өткенді жете білмей­тін­дігіне бірнеше мәрте куә болған едік. Осыдан бірер жыл бұрын жазушы Сайын Мұратбековтың 85 жыл­ды­ғын атап өтуге қатысты түсінбестіктер туындаған­да, сол кездегі Алматы облысы мәдениетіне жетек­ші­лік етіп отырғандардың аузынан «ол кім еді?» де­генді ес­тіген­біз, жағамызды ұстағанбыз. Одан кейін об­лыс екіге бө­лінді. Басшылар ауысты. Соған қара­ғанда, руханият са­ласындағылардың Біләл Сүлеевті жете білмей­тін­дігіне таң қалудың да қажеті шамалы деп ойлайсың.

Жетісу өңірінің ғана емес, қалың қа­зақтың өткенінен ойып тұ­рып орын алатын Біләл Сүлеевтің атын­да Талдықорғанның жанындағы Еркін де­ген ауылда кішкене ғана шолақ көше бар. Бұдан басқа облыста, елімізде, оның ішін­де туған жері Ақсу ауданында мем­ле­кет және қоғам қайраткері атында бір­де-бір көше немесе мектеп, кітапхана, ме­кеме жоқ. Еркіндегі көшеге 1997 жы­лы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құр­бан­да­рын еске алу, тағзым ету күні болып ал­ғаш белгілеген кезде өлкетанушы Же­­­­­місбек Толымбеков пен сол жылдары об­лыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров мұ­ражайын басқарған Кәмила Қо­қы­мова шапқылап жүріп, Біләл Сүлеевтің атын қойғызған еді. Кейін 2015 жылы осы қысқа көшеден де айырылып қала жаз­­дағанымыз тағы бар. Жергілікті пы­сы­қайлар «Біләл Сүлеев деген кім?» де­­­генді қоздатып, көшені басқалай атау­ға тырысқан. Оларды қалалық әкімдік қол­дап, ақырында Сүлеевтің іздеушілері жеңіп шыққаны есте қалыпты. Бірақ ат­қарушы билік тарапынан сол сал­ғырт­тық пен мұрынның астындағыдан бас­қаны көрмеу әлі күнге жалғасып келе жат­қандай. 

Енді өлкетанушы Жемісбек То­лым­бековтың біздің бүгінгі кейіп­кер туралы жиған-тергеніне кезек бе­рейік. 1893 жылы Қопалдағы Баян­жүрек тауында туған Біләл Сүлеев (1893-1937 ж.ж.) – ағартушы, педагог, методист, дра­матург, журналист, ақын, сатирик, юморист, фельетоншы. Қазақ әдебие­тін­дегі фельетон жанрының негізін қа­ла­ған. Оның «Картаға салынған қатын (пье­са)», «Қайтсең көсем боласың? (са­­­тира)», «Қабанбай мен Сазамбай» (өлең), «Жұт жеті ағайынды (өлең)», «Қазақ мұғалімі» (өлең), «Қыз бен жігіт» айтысы, «Қазақтың 24 бас алқа дыбысы (сатира)», «Жолың болсын материал!» сияқ­ты туындылары газет, журналдарға жа­рияланған. Әкесі Сүлей Майлин 1860 жы­лы Алматы облысы, Бүйен-Ақсу ау­даны, 11 ауылда өмірге келген. Сол кез­ге лайық бастауыш білімі болған, со­ған қара­мастан Кеңес дәуірінде кол­хоз­да мал баққан. 1927 жыл 1 қаңтардағы са­­нақ тізімінің отырықшы елді мекен­дер құ­жатында: «Талдықорған уезі, Жетісу гу­берниясы, Қопал болысы, ІV – ауыл/со­веті, ауыл атауы – Сүлей. Шаруа­шылық са­ны – 5, орналасқан жері – Сарелітөбе», – деп жазылған. Сүлей Май­линді 1930 жылы 10 қазанда Бүйен-Ақсу ауданы ОГПУ бөлімі тұтқындап, ПП ОГПУ үштігі сол жылы 30 желтоқ­сан­да 3 (үш) жылға жер аударған. 1990 жы­лы 30 сәуірде ақталған.

Біләл Сүлеев Қарағаштағы «Ма­ма­ния» мектебін үздік бітіріп, Есенқұл Мамановтың көмегімен Уфа­да­ғы «Ғалия» медресесінде оқиды. Орын­бор­дағы Мұғалімдер семинариясында бі­лім алады. Осында оқи жүріп, Орын­бор­да шығатын «Қазақ» газетінде қызмет іс­тейді. Сол кездегі көзі қарақтылар ара­­­­сында беделді болған, татар тілінде шық­қан «Садақ» қолжазба журналына, «Шура» журналы мен «Уақыт» газетінде ғы­лыми-танымдық мақалалар жазып тұр­ған. 1917-1918 жылдары Қопал мек­те­бінде мұғалім, оқу ісін басқарушы қыз­метін атқарады. Осында жүріп кейін­нен қазақтың үш бірдей тұлғасына жар болып, өнегелі ұрпақ қалдырған Фатима Ғабитовамен кездесіп, екеуі 1919 жылы отау құрады. Ел ішінде екеуінің жара­сым­дылығына қызыққан жұрт оларды «Қос қарлығаш» деп атаған.

«Жаным сүйген жарым бол» деп,

Ғашықтығын ол білгізді.

Қыз да мұны сынап бақты,

Жігіт те оған шыдап бақты.

Ақырында қол ұстасып,

«Қос қарлығаш» қанат қақты.

Кездестірген екі жасты,

Қопал, сенің жолың жақсы.

Мың тоғыз жүз он тоғызда,

Отау тікті басын қосты», – деген өлең жолдары сақталған.

Екеуі үш бала көреді. Жәнібек, Азат, Фа­рида (Пәку). Пәку 12-13 жасында Ақ­­­төбеде қайтыс болады. Жәнібегі Ұлы Отан соғысында шейіт кеткен. Түлкібек Құрақбаев өзінің «Фатима» поэмасында: 

«Ең үлкені – Жәнібек,

Он бестегі бозбала.

Азат – биыл сегізде,

Біләлдан қалған қос бала», – деп жаза­ды. Азат Сүлеевті қазақ елінің зиялылары жақ­сы біледі.

1918 жылы Жетісу облысы қазақтары­ның ІІ-ші Алашорда облыстық съезі өте­ді. Облыстық Алашорда құрамы 8 адам­­­­нан тұрған. Ақсу ауылы, Қопал уезінен № 6 болып семинарист, мұғалім Біләл Сүлеев сай­ланады. Дербес «Алаш» атты отрядын құру­ға қатысқан. 1920 жылы Ақсу өлке­сін басып алған ақтардың бір полк әске­рін үгіттеп, Қызылағашқа алып кетеді жә­не сол аралықта қазақтарды Бөрілі мен Балқаш құмдарына қашырып, аман алып қалады. Сол жылы Талдыда «Са­дыр-Матай» қорын құрып, елді аштық­тан құтқаруға ат салысқан. Алғаш рет әр­бір ауылда екі жылдық бастауыш мек­теп, аудан орталықтарында төрт жыл­дық мектеп, облыс орталықтарында же­ті жылдық мектептер аштыртуға ық­пал етіп, қазақ жастарының білім алуына жол ашады. 1921 жылдың қазан айында Ал­маты қаласында Жетісудағы қазақ-қыр­ғыз ұл-қыз балаларына арнап үш жыл­дық педагогика мектебін аштырып, жа­тақхана, киім-кешек, үш мезгіл та­мақ­ты қазынадан бөлдіртеді. 

1920-1921 жылдары Жетісу облысы­ның халық ағартуының басшысы болған. Әбубәкір Диваев экспедициясына халық ауыз әдебиетін жинауға көмектескен. 1923 жылы Жетісу білім басқармасының сая­си бөлімін басқара отырып, облыстық білім тексеру инспекторы қызметін қоса ат­қарады. Босқындарды игеру мен орна­лас­тыру облыстық комиссиясының құра­мына енеді. 1924 жылы НарКомПрос білім басқармасының Жетісу облысы бойынша инспекторы, «Қосшы» ұйымы­ның мүшесі, 1925 жылы Жетісу губер­ния­сының білім басқармасының инс­пек­торы болып, Жетісу губерниясының пар­тия ұйымын басқарады. 

1926 жылы наурызда Баку қаласында І-ші Түркологтар съезі өтеді. Қазақ Ав­то­номиялық Республикасының атынан Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Қа­зақ театрының жетекшісі А. Байсенов, Қаз АССР НарКомПрос коллегиясының мү­шесі Біләл Сүлеев сол съезге делегат ре­тінде қатысқан. Съезде араб немесе ла­тын әліпбиіне көшуге қатысты талас туын­дайды. Жеті дауысқа қарсы 101 дауыс­пен латын әліпбиін жақтағандар жеңе­ді. Түркологтар жиыны туралы 26 ақ­пан мен 5 наурыз аралығында түсіріл­ген 8 минуттық фильмді 2022 жылы 

А.Бай­тұр­сынов атындағы тіл білімі инс­ти­ту­тының қызметкерлері Ермұхамбет Ма­рал­бек (директор орынбасары) пен оно­мастика бөлімінің кіші қызметкері Жерекен Сейтбақты тапқан. «О переводе казахского алфавита на латиницу в 20–30 гг. ХХ века» деген материал 1927 жы­лы 24 ақпанда «Советская степь» га­зе­тінде де басылыпты.

Біләл Сүлеев 1926-1928 жылдары Же­тісу губерниясының халыққа білім беру басқармасына басшылық ет­кен. 1927 жылы Жетісу губерниясының 5 съезінде Біләл Сүлеев, Мұхамеджан Ты­нышбаев, Шамай Шынасылов Жетісу губерниясы атқару комитетінің құра­мы­на мүше болады. Сол жылдары Ташкент­тегі жерлестер қазақ ұйымының ұйым­дас­тыру бюросына да жетекшілік жаса­ған. 1928 жылы Жетісу губерниясы бойын­ша қазаққа латын әліпбиін енгізу пре­зидиумына мүшелікке сайланады жә­не Алматы округінің білім басқарм­а­сын басқарады.

Ілияс Жансүгіровтың «Балдырған» қол­жазбасын қазақ-қырғыз білім ко­мис­сиясына ұсынып, оқушыларға оқулық кітап ретінде жобаға енгізіп, Ташкент қа­­ла­сындағы қазақ-қырғыз институ­ты­ның қолдауымен баспадан шығартады. «Қазақ ұл-қыздарын қараңғылықтан құт­қару қолдарыңнан келеді», – деп Ха­лел Досмұхамедовке «Жануарлар», Кә­рім Жәленовке «Физика», «Есеп құра­лы», Иемберген Табынбаевқа «Педаго­ги­ка», «Психология», Файзулла Ғылым­жа­­­новқа «Есеп амалдары», Сұлтанбек Қожановқа «Арифметика» оқулықтарын жа­зуға тапсырыс беріп, олардың еңбек­те­рін баспадан шығартады. Қазақстанда ең алғашқы болып кәсіптік білім жүйесін өр­кендетуге қозғау салған. Ақсу ауда­нын­да Қарағаштағы мектеп іргесіне же­тім­дерді жан-жақтан жинатып, кәсіп­тік мектеп аштырған. Ақтөбеде облыс­тық білім басқармасының меңгерушісі болған. НарКомПростың Қазақстан бойын­ша жоғарғы оқу орындарын ұйым­дастыруға да белсене қатысқан. Орын­бордағы мұғалімдер институтын Орал­ға, Ташкенттегі мұғалімдер инсти­ту­тын Семейге көшіруге атсалысқан. Өзі сол институттарда ректор міндетін ат­қарады. 

Түлкібек Құрақбаев «Фатима» поэ­масында Біләл Сүлеевтің қысқа ғана ғұ­мырында елі үшін атқарып кеткен ұшан-теңіз еңбегін төмендегіше тол­ғайды: 

«1930 жылдары, әсіресе, Біләлдің,

Ұшатынын жел біліп, қонатынын сай біліп.

Сая таппай, сай таппай, 

орнығуға жай таппай,

Құйын қуған қаңбақтай, 

мынау байтақ даланы.

Ақтөбеден – Орынбор, 

Орынбордан – Оралды,

Орал асып Тәшкенді, Тәшкен өтіп Семейді,

Кезіп жүрген кез еді, көшпендінің өзі еді.

Ақыр келіп Семейге, орныққаны сол еді.

НКВД-ді келді де, ұстап алып жөнеді», – деп сипаттайды.

1931 жылдың 27 наурызынан 1932 жыл­дың 20 сәуіріне дейін Біләл Сүлеев Ал­матыдағы НКВД-ды түрмесінде оты­ра­ды. «Айыбы жоқ» деп ақталып шы­ға­ды. Одан қазақ даласынан пана таппай, Мәс­кеуге кетіп, өндірісте мәдени-ағарту са­ла­сында қызмет істейді. 1934 жылы Мәс­кеуден Қарақалпақ НарКом­Про­сы­ның жоғарғы оқу орындарын басқаруға жі­беріледі. Ақыры аңдыған жау алмай қой­майды. 1937 жылы НКВД үштігі қа­мауға алып, Өзбек ССР бойынша НКВД-ның «Сталин тізіміне» енгізіп, бі­рі­нші категориямен соттап, ату жаза­сы­на кеседі. Қаз ССР жоғарғы соты оны 28.02.1958 жылы ғана ақтады. 

Мақаланы жазу барысында Же­ті­су өңірі үшін ғана емес, бар­ша қазақтың болашағы жарқын, тұр­мы­сы бақуатты болуы жолында басын бәй­геге тігіп, небәрі 44 жасында жала мен жаппай жазалаудың құрбаны болған та­рихи тұлғаның есімі қаншалықты елен­­гені жайлы облыстық тілдерді да­мы­ту, мәдениет басқармаларына ха­бар­лас­қан едік. Тілдерді дамыту басқарма­сын­дағылардың мәлімдеуінше, дәл қа­зіргі кезде Біләл Сүлеевке біз жоғарыда айт­қан, Еркін ауылындағы шолақ көше­ден басқа ештеңе бұйырмапты. Бірде-бір мек­теп немесе кітапхана, мекемеге есі­мін беру жайлы ауданды қоса алғанда, еш­бір жерден ешқандай ұсыныс түс­пеп­ті. Соған қарағанда, басқаны айтпағанда, Ақсу ауданындағылар Біләл Сүлеевтің есі­мін мүлде ұмытқан сыңайлы немесе ол жақ­та өткенді өнеге тұтатындар қал­маған. 

Мәдениет басқармасы біздің сұ­рауы­мызға биылға белгі­лен­ген салақұлаш тізім жіберді. Оның ішінде атқарылғандарымен бірге, алдағы кезге жос­парланғандары да бар. Бірақ соның ішінде дәл қазіргі кезде Жетісу өңірінің бас қаласы, облыс орталығы, мәдениеті мен әдебиетінің, руханиятының ордасы Тал­дықорған қаласында өтетін, елді елең ет­кізетін, республикадағы зиялы қауым­ды жинайтын жиын жоқ десек артық айтқандық бола қоймас. 

Биылғы ақпан-шілде айларында Жетісу облыстық мемлекеттік ар­хивінде 31мамыр «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай өткен «Жетісудағы қы­зыл қырғын құрбандары» атты дөңгелек үст­елде М. Тынышбайұлы атындағы Же­тісу облыстық тарихи-өлкетану му­зейі­нің ғылыми қызметкері Алаш қай­рат­кері – Б.Сүлеевтің өмірі мен қызметі жай­лы баяндама жасап, сол күні Алаш қай­раткері Біләл Сүлейұлының туға­ны­на 130 жыл толуына орай тақырыптық экс­курсия ұйымдастырылыпты. С.Сей­фул­лин атындағы облыстық кітап­хана­ның ұйымдастыруымен «Ақиқатқа ай­налған ата-баба арманы» атты тарихи та­­­нымдық кеште М.Тынышбаев пен Б.Сүлеевтің өмірі мен қызметіне ар­нал­ған көрме безендірілген. І.Жансүгіров атын­дағы тарихи-өлкетану музейінде «Ақсулық алаш қайраткері» атты та­қы­рыпта дәріс оқылған. І.Жансүгіров атын­дағы тарихи-өлкетану музейінде «Же­тісулық ағартушы Біләл Сүлейұлы» атты тақырыпта өмірбаяны мен еңбек жо­лына арналған тақырыптық экскур­сия өткен. 

Облыстағы кітапханалар алдағы айларға бірқатар шаралар жос­парлап отырған көрінеді. Соның ішінде іліп алары қыркүйекте Ақсу аудандық кі­тапханасында ұйымдастырылатын «Ұлт мұратын ұлықтаған тұлға» атты об­лыстық конференция. Тағы бірнеше аудан­дық кітапханада кішігірім шаралар өткізілмек. Қалай болғанда да, Алаш ары­сының бұл жолғы мерейтойының да аудан­дық деңгейден аспайтыны қын­жыл­тады. Қысқа ғұмырында елі үшін ерін­бей еңбек еткен, басын қатерге тік­кен Алаштың атпал азаматы Біләл Сү­леев­тің есімінің мүлде елеусіз қалуы, ел кө­лемін айтпағанда туған жері Жетісу өңірінде лайықты ескерілмеуі бүкіл қа­заққа сын десек, артық айтқандық бола қой­мас. Бұған дейін де елі үшін еткен ең­бегі дұрыс бағаланбаған Алаш ары­сы­ның туғанына 130 жыл толып отырғанда, есімін жарқыратып, жұртқа таныстырар қадамдар болмай тұрғаны бүкіл Жетісу жұрт­шылығын, оның ішінде Ақсу ауда­ны­ның азаматтарын ойландыруға тиісті. Аты ауданнан аспағандарға, облыстан оза шаппағандарға беріліп жатқан кө­бедей көп көшелердің бірін Біләл Сүлеев­тің есімімен атасақ, мектептер мен кітапханаларға, мәдениет үйлеріне бер­сек, қалың қазақ «неге бұлай істедің­дер?» дей қоймасы анық. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы