Бекзат өнер саналатын биді адам баласы көзбен көріп қана қоймай, ішкі жан дүниесімен сезініп, түсінетінін петропавлдық cаңырау бишілер он сегіз жылдан бері әлем сахналарында дәлелдеп жүр.
Тылсым тыныштықта мың бұралып билеген
1,167
оқылды

Sensitive би театры саңырау бишілерден құрылған. Театр мүшелері – Петропавл қаласындағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары мен түлектері. Құлағы естімесе де, олар осы жылдар ішінде көптеген халықаралық беделді би жарысына қатысып, талай жүлделі орынға ие болды. Толайым табыстарға жетіп жүрген еліміздегі осындай жалғыз және бірегей өнер ұжымы  бүгінде облыстың ғана емес, Қазақстанның мақтанышы.  

Sensitive-тің тарихы сонау 2006 жыл­дан бастау алады. Дәл сол жылы Өнер коллед­жінің хореография бөлімшесінің түлегі, бүгінде театрдың көркемдік же­текшісі Ольга Ростовщикова құлағының мүкісі бар балаларға би өнерін үйрету үшін мектеп-интернатқа жұмысқа қа­былданған болатын. Күмән мен күдік басым болса да, жас қыз өз күшін сынап көруге бел буды. Ол кезде тәжірибесіз ұс­таз есту қабілеті нашар және саңырау бала­лармен бірге бүгінгідей жетістікке жет­пек түгіл би үйрете алады дегенге сене­тіндер аз еді. 

«Шынымды айтайын, балалармен алғаш рет кездескенде абдырап қалғаным рас. Оларға хореография техникасын қалай түсіндірерімді, ырғақ пен му­зыканы есту сезімін қалай бойына сіңіретінімді, тіпті қалай сөйлесетінімді мүл­дем біл­медім. Мен үшін бұл кәдім­гідей сынақ болды, алынбас қамалдай көрінген-тін. Алайда ерекше білімді қажет ететін ба­лалардың қабілеті де ерек­ше болып шық­ты. Олардың ақ жар­қын қалпы мен асқан жауапкершілігі бірден өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде біз бір-бірімізді көзбен түсінеміз, тіпті менің тәрбиеленушілерім көзбен естиді дер едім. Олар маған әбден үйре­ніп алды, менің бет-әлпетімнің мими­касы мен артикуляциямнан-ақ барлығын түсінеді. Хореограф ретінде оларды бірде мақтап, бірде ұрысатын сәттер болады. Кейде тіпті қол қимылынсыз-ақ ұрысып жатсам, олар маған: «Неге сонша ай­қайлайсыз? Біз бәрін де естіп тұрмыз» дей­тін кездер бар», – деп ағынан жарыл­ды Ольга Ростовщикова. 

Бастапқыда ансамбль мүшелерімен жазбаша ғана «әңгімелескенін» бүгінде ол күле еске алады. Әрқайсысы сабаққа қойын дәптері мен қаламын ала келіп, сөзбе-сөз хат жазысқан. Бишіге қойы­ла­тын талап пен оның міндетін тек осы­лайша түсіндіру мүмкін болыпты. Бара-бара балалар мұғалімге ым тілін, мұғалім оларға би тілін үйретіп, оңай тіл табысып кеткен. 

«Қажымас қайрат пен тынымсыз ең­бектің арқасында біз биік белестерді бағындыра білдік. «Саңыраулар елінің» табалдырығын енді аттаған кезде мен мұндай жетістік туралы тіпті арманда­маған едім», – дейді көркемдік жетекші. 

ҚАНАТ БІТІРГЕН – АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

18 жылдың ішінде Sensitive қазақ­стан­дық қана емес, сондай-ақ халық­аралық жарыстарда керемет биіктерге жетті. Қазақстанның Ұлттық Дельфий ойында­ры­ның екі мәрте жеңімпазының қор­жы­нында 35-тен астам жүлделі орын бар. Олар Ресей, Болгария, Италия, Испания, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр елде­рінің сахнасында жарқ етіп көзге түсті. 

Соңғы кезде жеткен жетістіктерінің арасында АҚШ-та өткен 25-ші әлем чемпионатының Гран-приі бар. Шілде айының соңында өткен бұл додада әлемнің 72 елінен келген үш мыңнан астам кілең мықты биші бақ сынасқан болатын. Еліміздің намысын лайықты қорғаған Sensitive ұжымы АҚШ, Ир­ландия, Франция, Аустралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Ка­нада, Германия және басқа да елдердің он екі мүшесі сау бишілерімен қатар бақ таластырып, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – би ұжымының ең үлкен жетістігі. Көркемдік жетекші Қазақстанның Туы желбіреген кезде көзіне жас алғанын жасырмайды. 

Жуырда Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өткен халықаралық SEA SUN FESTIVAL фестивалінде өнер ұжымының жұлдызы тағы да жарқырады. Байқауға би тобының сегіз солисі қа­ты­сып, «Соло» аталымында Даниял Қанғо­жин «Спойлер» қойылымымен бірінші орынды жеңіп алса, «Дуэт» номинация­сында тағы да ол Милена Новиковамен бірге бірінші дә­режелі лауреат атанды. Өнер ұжымы спорттық бал биі аталы­мында бірінші дәрежелі, заманауи хо­реография бойынша Гран-при иегерлері атанды. Олар үшін әр жеңіс – қымбат, үлкен-кішісі жоқ. 

Бастапқыда мектепішілік іс-шара­ларға ғана қатысып жүрген балалар бір­тіндеп қалалық, одан соң облыстық байқауларда бақ сынап көрген. Бірде облыстық «Ка­блучок» байқауында олар дені сау балалар­мен қатар жарысып, бал биі бойынша бірінші орынға ие болғаны жас дарын иелеріне қанат бітіргендей бо­лыпты. Өз күшіне деген сенім пайда болғаннан кейін ғана би ұжымы басқа елдердегі байқауларда бақ таластыруды біртіндеп әдетке айнал­дырған. 2013 жылы Ресейдің Чебоксары қаласында өткен жарыста Sensitive-ке алтын жүлде мен Болгариядағы халықара­лық бай­қауға қатысуға сертификат беріл­ген бола­тын. Сол Болгария сапары бишілер­дің әлі есінде. Қазылар алқасының мү­ше­лері мен көрермендер олардың мыл­қау екенін тіпті сезбей де қалыпты. Ал білген кезде тү­регеп тұрып қол шапа­лақтап, құрмет-қошеметке бөлеген көрінеді. 

ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Ең өкініштісі, тілмен жеткізуге бол­май­тын дүниелерді бимен айшықтап жүрген Sensitive мүшелері көрерменнің ду қол шапалағын да, жаудырған ал­ғысын да, қиқуын да, тіпті музыканы да естімейді. Дегенмен хореограф түсін­діргеніндей, қандай да бір биді үйренбес бұрын олар, кез келген биші сияқты алдымен музы­камен танысады. Бірақ олардың музыка тыңдау әдісі мүлдем бөлек. Колонка ды­бысы бар дауысына қойылған кезде пайда болатын еден дірілінен музыканың ырға­ғын сезінеді, жылдам не баяу екенін түсінеді. 

«Жақсырақ сезіну үшін жалаңаяқ би­ле­ген кезіміз де болды. Бұған қоса, мен ыр­ғақты саусақпен санап көрсетіп тұра­мын», – деп хореограф өз құпиясы­мен бөлісті. Тіпті, байқауларға қатысқан кезде де Ольга Ростовщикова өз тәрбие­лену­шілері сахнаға шыққанда музыка­ның ырғағын залдан саусақпен санап тұрады. 

Оның айтуынша, құлағы еститін, он екі мүшесі сау адамдардың өзін билеуге үйрету оңай шаруа емес. Ал ерекше ба­лалармен жұмыс тіпті қиын. Бірақ ниет пен тынымсыз жұмыс өз нәтижесін бе­ре­­тініне бүгінде оның көзі әбден жет­кен. Олар аптасына 5-6 рет, 4-5 сағаттан жат­тығады, тіпті репетиция таңғы 4-5-ке дейін созылған кездері болыпты. Бай­қауға дайындық барысында күніне екі рет жаттығады. Бір биді үйрену үшін олар кейде алты ай уақытын сарп етеді. Бірақ мақсат қойғыш жастар шаршаса да, жұмыс істеуден ешқашан бас тарт­пайды. Сон­дықтан да көркемдік жетекші оларға бә­секелес жоқ деген ойда. 

«Кейде байқауларға барғанда, Sensitive келіпті, Гран-приді алып кетеді» де­генді естиміз. Шынымен де солай. Бір­де мен бәсекелестерге: «Жүйелі түрде жұмыс іс­тесеңіздер, сізде де осындай жетістікке же­­тесіздер» дедім. Біз үнемі жұмыс істей­міз: қажет болса – аптасына жеті күн, тәу­лігіне 24 сағат бойы жұмыс істеуге дайын­быз. Себебі біз жауап­кершілікті түсінеміз», – дейді Ольга Николаевна. 

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Sensitive-тің солисі Айнұр Саинова­мен жазбаша сұхбаттасудың сәті түсті. Ол 7 жасқа дейін дені сау бала болыпты. Есту мүшелерінің қабынуы оның тағ­дырын басқа бағытқа бұрған. Айнұр об­лыстық есту қабілеті бұзылған бала­ларға арналған арнайы мектеп-интер­натта оқып жүрген кезінде-ақ би өнерін меңгере бастаған. Бүгінде ол кәсіби биші ғана емес, сондай-ақ әнші! Ол саусақ, дене және бет-әл­петінің қиымылымен ән салады. 

«Ым тілімен ән салғанда би элемент­терін, актерлік шеберлікті қолдана білу керек. Көрерменнің қошеметін сеземін. Соған қарағанда тыңдаушыны дауыссыз-ақ өнердің терең тұңғиығына бойлатуға болады», – дейді ыммен ән салу аталымы бойынша көптеген байқаулардың жеңім­пазы. 

Өнерпаздың ойынша, құлағы еститін, сөйлейтін адамдарға би үйрену жеңілірек. «Себебі олар музыканы тыңдап, ақпаратты естиді. Біз болсақ Ольга Николаевнаның қолына, саусағына қарап, ырғақты се­зі­неміз. Мәселен, мен өз басым жалғыз би­леп үйренгендіктен, жұппен билеуді көпке дейін меңгере алмадым. Қиын болды, екеуміздің де құлағымыз естімейді, бір-бірімізді түсіне алмадық. Мұны үй­рену үшін бір жыл уақытым кетті», – дейді Айнұр. Айта кетейік, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау үшін құрылған халықтық коалицияның форумында Айнұр Саинова сахнада «сөз сөйлеген» кезде көпшіліктің көзіне жас үйіріліп, түрегеп тұрып қол шапалақтаған болатын. 

Көптеген байқаудың жеңімпазы Ай­нұр­дың арманы – мимикалық ым театрын ашу. Мұндай театр Мәскеуде бар көрінеді. Ол құлағы естімейтін актерлер пантоми­мадан бастап мюзиклға дейінгі барлық жанрды көрерменге паш еткенін қалайды. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ольга Рос­товщикова би театрын ашуды ар­ман­даған болатын. Түрлі мюзикл, хо­реогра­фиялық спектакль қою, ыммен ән салуды паш ету, басқа да салаларды мең­гертіп, тәрбиеленушілер жаңа қы­рынан таныту оның арманы еді. 2020 жылдан бастап оның 9 тәрбиеленушісі Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жұмысқа қабыл­данды. Бүгінде театрдың штатында ресми түрде жұмыс істеп жүрген Sensitive мү­шелері жаңа ба­ғыттарды меңгеруде. Кіші және орта топ мүшелері – облыстық есту қабілеті бұзыл­ған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың тәрбиелену­шілері. Дегенмен 40 адамнан құрылған ұжым – тұтас бір отбасындай. 

«Мен өз балаларымды ешқашан тастап кете алмаймын. Олармен бірге өсіп-өніп, дамып-жетілуді қалаймын. Тәрбиелену­шілерім мені ерекше ынталандырады әрі шексіз шабытқа бөлейді. Әлемдегі ең әдемі тіл – би тілі арқылы көрерменмен қауы­шып, қуанта берсек деймін», – деп өз ойымен бөлісті «Құрмет» орденінің иегері Ольга Ростовщикова. 

Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, басқа өңір­лерде филиал ашуға да дайын. Тек ол үшін бұл іске жан-тәнімен берілген, саңы­рау балалармен жұмыс істеуге дайын хореограф қажет. 

Бүгінде Sensitive орындалған арман деуге болады. Кезінде мектеп-интернат табалдырығын имене аттаған жас қыз жобаның сәтті болатынына іштей сенген еді. Табысқа жетелейтін шексіз идеяла­рының арқасында көркемдік жетекшінің ойы іске асып, Sensitive барлық қырынан әлемге танылып, толыққанды, жұлдызы жарқыраған ұжымға айналды. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы