Атырауда соңғы кездері бала­бақшаларда оқыс жағдай кө­бейді. Соңғы екі ай ішінде бала­бақшаға барып жүрген бүлдіршіннің бірі саусағынан айырылды.
Аманаттаған бала аман жүрсе екен...
929
оқылды

Екінші сәби дене жарақатын алды. Атап өтер жайт, оқиғаның екеуі де ән­шейін­де мақтағанда жарнамасы жер жаратын жекеменшік балабақ­шаларда болған.

Бұған дейін белгілі болғандай, 26 маусым күні Атыраудағы «Нартайлақ» жекеменшік балабақшасында бүлдіршін саусағынан айырылған еді. Оқиға қо­ғамдық резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде ата-аналар құзырлы органдар­дан жеке балабақшалардың бірін қал­дырмай тексеруді талап етті. Біз зардап шеккен баланың әкесіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын анықтап сұрадық. Аяқастынан қиын жағдайға тап болған әке оқыс жағдай туралы ата-анаға бала ауруханаға жеткізілгеннен кейін ғана хабарланғанын әлі түсіне алмай жүр.

«Біз барған уақытта дәрігерлер ба­ланың қолын тігіп, медициналық көмек көрсеткен екен. Баламның саусағының тырнаққа жалғанған буыны үзіліп кеткен. Дәрігерлер үзілген буынды қайта жалғап, тігу мүмкін емес дейді. Тәрбие­шілердің айтуынша, бала әткеншекте ойнап отырып, оқыс құлаған. Салдары­нан осындай жағдай болған. Бірақ балабақшадағы әткеншек қауіпсіз. Тап осы әткеншектен мұндай жағдай болуы мүмкін емес», – дейді баланың әкесі Ержан Елеуұлы.

Айтуынша, баласы 2 жылдан бері осы балабақшаға барып жүрген.

«Бұған дейін де кейде денесінің бір жері көгеріп, жырылып келіп жүрді. Бірақ оған мән бермейтінбіз. Қанша дегенмен, бала ғой, сүрініп, құлауы мүмкін. Бұл жағдай балабақшаның ба­лаларға жауапкершілікпен қарамайты­нын көрсетіп отыр», – дейді ол.

Қазір бүлдіршіннің ата-анасы поли­цияға шағым түсірді. Төрт жасқа енді толған бүлдіршін қазір жарақат алып, үйінде жатыр. Атырау облысының По­лиция департаменті аталған дерек бо­йынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Өткен аптада Атырауда тағы да же­кеменшік балабақшада сәби зардап шекті. Бұл туралы Самал Тұқпатова есімді атыраулық ана әлеуметтік желіде­гі парақшасына жазып, көптен көмек сұрап дабыл қақты. Дамуында тежелу белгісі бар ерекше баласының балабақ­шадан арқасының зақымданып келгенін жазған ананың жанайқайы лезде көптің қолдауына ие болды. 

Сәбидің анасы Самалдың айтуынша, баласы «Зейнеп – Әмина» балабақша желісі филиалдарының біріне барып жүрген. 

«Үйге әкелгеннен кейін киімін шеш­кенімде балам қатты жылады. Басында түсінбедім. Кейін арқасын қарағанымда зақымданғанын көрдім. Дереу бала­бақшаға барып, директоры, тәрбие­шісімен кездестім. Бірақ маған камера­дағы жазбаны көрсетпей отыр. Іс қоз­ғалды. Әділдікке қол жеткіземін», – деді Самал Тұқпатова.

Оқиғаға байланысты Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисем­биев пікір білдіріп, жағдайдың бақылауда екенін жазды.

«Атырау облыстық Білім беру бас­қармасы мен Атырау қалалық білім бөліміне оқиғаны зерделеуге байланысты тапсырма бердім. Кез келген баламен жұмыс істейтін орталық ең алдымен жауапкершілікті сезінуі тиіс», – деді Жасұлан Бисембиев.

Әлеуметтік желілерде шу болып жат­қан жағдайға байланысты «Зейнеп – Әмина» балалар бақшасы әкімшілігі мәлімдеме жасады. 

«Мәселе бойынша міндетті түрде тек­серіс жүргізіледі, кінәлі адамдар анық­талған жағдайда заң жүзінде жаза­ланады», – деп жазды балабақша әкім­шілігі Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

Жалпы, бұл Атыраудағы балалар орталықтарына қатысты бірінші жағдай емес. Осыдан үш жыл бұрын Атырауда «Алтын балық» мамандандырылған балабақшасында балаларды аяусыз ұрып-соққан тәрбиеші төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Күні кеше Атыраудағы балаларды оңалту орталы­ғының тәрбиешісіне қатысты қылмыс­тық іс қаралып, балаларды тәрбиелеумен емес, ұрып-соғумен айналысып келген қызметкер 4 жылға сотталды. Тізе бер­сек, мұндай жағдай көп. 

Көпбалалы ана Мәлике Мәлікқызы баланы балабақшаға беруге мүлде қарсы. 

«Қазір желіні ашып қалсақ, үлкенге де, кішіге де көрсетілген қорлыққа толы ақпарат қаптап жүреді. «Шегірткеден қорыққан егін екпейдінің» кебін ки­геннің бірі мен. Өзімнің бес балам бар. Ешқайсысын да балабақшаға бермедім. Балаларымды өзім бағамын. Әрі қарай мектеп жасына жеткенше ата-әжесі көмектеседі. Мен баланы ерте жастан дамытуды қолдайтын адаммын. Күніне 2-3 сағатқа балаларымды дамыту ор­талықтарына тасып жүріп, мектеп жасына жеткізген жайым бар», – дейді ол.

Білім саласының ардагері Қанаш Шыңдыбайқызы балабақшаларда талап күшею керегін айтады. 

«Мейлі ол мемлекеттік, мейлі жеке­мен­шік балабақша болсын, ең әуелі сол бақшаның басшысы әр бала үшін жауап­кершілік барын сезіне білуі керек. Сон­дай-ақ мамандарды жұмысқа қабылда­ғанда оның дипломы, еңбек өтілімен бірге психологиялық жағдайына да мән берген дұрыс. Тобындағы бала көп ауыр­ды ма, топ шараларына белсенді қатыс­пай ма немесе тобында бір бала оқыс құ­лады ма – осындай кездерде тәрбиеші­нің жалақысының белгілі бір бөлігін кесіп отыру керек. Қазір тәрбиешілер баладан бұрын үйге кетіп қалуға асығып тұрады. Темірдей тәртіп пен талап болмаған жерде өсу болмайды», – деді ардагер ұстаз.

Қалай десек те, ата-ана балабақшаға бүлдіршінін аманаттап береді. Сон­дық­тан баланың өмірі мен қауіпсіздігі аяққа тапталмауы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 

Атырау облысы