Жиынға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев, ҚР Ғылым және жоғары білім комитеті төрағасының орынбасары Бану Нарбекова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Борашев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Балалардың кітап оқуға құштарлығын ояту және балалар кітапханасы бағдарламасын жүзеге асыруды» тапсырған болатын. «AMANAT» партиясының сайлауалды бастамаларын орындау аясында мәдениет және мұрағат саласындағы қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылы екі есеге ұлғайтылып, 2027 жылға дейін орташа есеппен 20 пайызға арттыру көзделген. Алайда халықпен жүздесу барысында, бұл тізімге білім саласындағы мектеп пен жоғары оқу орын кітапханашылардың айлық жалақысының өспей отырғанын естідік. Мысалы, елімізде 7500 мектеп, 124-тен астам жоғары оқу орындардың кітапханалары бар. Міне, сонда 8 мыңға жуық қызметкердің жалақысы өспеген. Осының салдарынан мәдениет пен білім саласындағы кітапханашылар арасына айырмашылыққа әкелді. Осы мәселелерді талқылау үшін бірнеше құзырлы органдардың өкілдерін шақырдық, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, ел ішінде осы мәселе алаңдаушылық та туғызған. Сондықтан «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері мен Қазақстан Республикасының мәжіліс депутаттары осы мәселені көтеріп, үкіметке депутаттық сауал жолдаған екен.
– «Мемлекетті құрту үшін не істеу керек дегенге кітапханасын өрте» деген тәмсіл бар. Кітапхана – жалпы ұлттың жады, ұлттық код сақталатын жер. Ол жер он жыл, жүз жылдан кейін де ұрпаққа қор қалдыру үшін мықты маман керек. Ал ондай маман тарту, оған қызықтыру үшін ең алдымен кітапханашының әлеуметтік жағдайына, жалақысына тіреледі. Елордадағы ұлттық академиялық кітапханада 25 жылдық еңбек өтілімі бар кітапханашының айлығы – 172 мың теңге, бұл – басшылардың блогі. «С» блоктағы қызметкердің жалақысы 94 мың теңге. Әрине бағдарлама бойынша негізгі айлыққа 20 пайыз қосылып жатыр. Бірақ бағаның өсімі, әлеуметтік тұрмыстың қажеттілігіне қарай ол ақша ештеңе болмай қалады, – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы.
Ал білім саласындағы академиялық кітапхана басшысы Әлия Шоратқызының айтуынша, оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарына қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 25 жыл еңбек өтілімен 130 мың теңге болса, қолға 110 мың теңге тиеді. Ең төменгі айлық – 85 мың теңге.
– Бүгінде елімізде кітапхана саласында 8300 кітапханашы жұмыс істейді. Оның 5900-і жоғары білімді маман, ал қалғаны орта білімді. Жалақы өте төмен. 2016 жылдан бері маман тапшылығы сезіледі. Мектеп кітапханаларындағы кітапханашылардың көбісі зейнет жасындағы жандар. Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапханашылардың, яғни мектеп кітапханашылардың айлығы 50-60 мың теңгеге төмен, – деді Әлия Шоратқызы.
Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаевтың мәліметінше, еліміз бойынша кітапханашылардың орташа жалақысы 125 980 теңге. Ал басшылық қызметтегілер 214 мың теңге маңайында жалақы алады.
– Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Осы тұжырымдама аясында нақты жұмыс жүріп жатыр. Мәдениет ошақтары, соның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігі ЖОО-лардың жалақысын көтерді. Сонымен бірге, мәдениет саласында ұлттық мәртебеге ие университеттердің жалақысы 3,5 коэффициентке дейін өсті. 2023-2025 жылдар аралығында архив саласы мамандарының жалақысын 100 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан кітапханашылардың мәселесін шешу үшін біз тиісті ведомстволармен бірлесе жұмыс пысықталып жатыр, – деді Арман Жүдебаев.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кітапханашылардың жалақысын өсірумен қатар аталған мамандыққа жаңа мазмұн беру керекгін жеткізді. «Кітапханашы тек кітап қорын түгендеп, оны оқырманға тауып беретін ғана емес, жан-жақты болуы керек. Мысалы, кітап іздеп келген балалар мен жастарға бағыт бағдар бере алуы тиіс. Сонымен қатар IT мамандарды да кітапхана саласына тарту маңызды. Алдағы уақытта кітапханашы мамандығына тапшылық туындайтынын ескере отырып, біз грантты 30%-ға арттыруды сұрадық. Бұл мәселе биыл оқу жылында шешілді. Талдау нәтижесі көрсеткендей, алдағы 3 жылда 6 200 кітапханашы тапшы болмақ. Келесі мәселе – кітапханашы-педагог немесе педагог-кітапханашы деген мамандық ашу. Бұған қатысты министрліктен қарастырып жатырмыз деген жауап келді» дейді депутат.
Оған қоса, брифингте кітапханашы мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттардың толық игерілмей қалатыны айтылды.
«Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Оның ішінде 14-і – әскери және арнайы оқу орындары. Кітапханашы-педагог мамандығы бойынша реестрден өткіздік. Аталған жаңашылдықты биылдан бастап жүзеге асырайын деп отармыз. Кітапханашы мамандығына биыл бакалавриатқа 100 грант, ал магистратураға 20 және докторантураға 3 грант бөлінді», - деді Ғылым және жоғары білім комитеті төрағасының орынбасары Бану Нарбекова.