Алматыда 21 тамыздан бастап қоғамдық автобуста жаңа тариф бойынша төлем жасау міндеттеледі. Нақтырақ айтқанда, «Оңай» картасы арқылы жол жүру құны – 100 теңге, ал қолма-қол төлейтіндер үшін – 200 теңге болып бекітілді.
Алматыда жолақы қымбаттады
865
оқылды

Қалада қоғамдық көлікті пайдаланушылар саны күніне 1,4 миллионды құрайды. Олардың 97 пайызы жол ақысын «Оңай» карта, QR немесе SMS арқылы төлейтінін ескерсек, өсім 20 теңгеге артқан. Осы тұста, айта кететін маңызды жайт, елімізде тариф құнының мөлшері соңғы рет 2012 жылы белгіленген. 11 жыл бұрын дизель отыны­ның құны 90 теңге болса, қазір 295 теңгені (+328%) құраған. Ал газ құны сол кезеңде 33 тең­геден бүгінге дейін 108 теңгеге (+327%) өскен. Алайда мұндай өсу статистикасына қарамастан тариф бағасында өзгерістер болмаған. Тиісінше, бұл тасымалдаушылардың шығынын арттыра түскен. Қала әкімдігі мамандарының сөзінше, әлеуметтік маңызы бар қалалық автобус мар­шрут­тарын субсидиялауға қаражат бөлінеді. Осы уақыт ішінде қоғамдық көлікте жолақысы мемлекеттік субсидиялар есебінен қолдау тап­қан. Оларсыз жолақы бағасы биылғы тариф­терді есептеу әдіс­темесіне сәйкес 425 теңгені құрауы мүмкін еді. 

Тариф құнының өзгермеуі жұмыс сапасына да әсер етпей қоймаған. Мысалы, 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін субсидиялар көлемі 13,8 есе, яғни 6,9 млрд теңгеден 50 млрд теңгеге дейін өскен. Биыл субсидиялаудың болжамды көлемі жаңа тариф құнына байланысты 85,5 млрд теңгеге жеткен. Қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жаңадан бекітілген баға тасымалдаушылардың шығынын өтей алмайтынын айтады.

– Себебі жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығынын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидия сомасы 115,8 млрд теңгені құрайды. Инфляцияның, жанармай бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғаяды, – дейді әкім орынбасары.

Қала әкімдігінің қызметкерлері жаңадан бекітілген тариф құны субсидия мөлшерін 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік беретінін айтады. Бұл қаражатты өзге де әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болатын көрінеді. Сон­дай-ақ әкімдік берген ресми ақпаратқа жүгінсек, әрбір автобустың қозғалысын бақы­лауға, талаптар бойынша есеп жүргізуге көмектесетін арнайы жүйелер енгізілген.

– Жүйенің нәтижесінде Алматы агломера­циясы аясында көлікті цифрландыру және жолау­шылардың көші-қонын анықтау мүмкін болды. Жыл сайын тасымалдаушылар жаңа жылжымалы бірліктерді сатып алады. Олар соңғы жылдары бірнеше рет қымбаттады. Ағымдағы жылы ком­муналдық автопарк 600 автобус пен 100 трол­лейбусқа келісімшарт жасасты, – дейді әкімдік өкілдері. 

Айта кетейік, жолақы өскенімен, қызметті тегін пайдалану мүмкіндігіне ие жолаушылар үшін жеңілдік баяғы қалпында сақталған. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы