Тың тәсілдің басым көпшілігі қайта өңдеу саласына тиесілі. Ал құс шаруашылығы саласында құс саңғырығын өңдеп біршама пайда тауып отырған отандық кәсіпкерлер де жоқ емес. Құс шаруашылығына арналған фабрикалардан шығарылатын мыңдаған тонна қалдықты қайта өңдесек, біз де дамыған елдердегідей қоршаған ортаға да, өзімізге де пайда әкелеріміз анық.
Қазір қоғамда құс өсіріп пайдаға кенелу туралы сан алуан пікір бар. Тіпті, түрлі әлеуметтік желіде құс өсірудің жолдарын үйрететін видеолар да шығып жатыр. Сарапталып-сұрыпталмаған ақпаратқа сеніп қалып, қыруар ақшасынан айырылып, шығынға батып жүргендер де аз емес. Әрине, құс шаруашылығын жүйелі түрде жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер де бар. Осы қанаттыларды өсіріп табыс табу былай тұрсын, олардың шығатын биологиялық қалдық, саңғырықты кәдеге жаратып, қалтасын томпайтып жүрген кәсіпкерлер біршама оң бастама көтеріп жүр.
Мамандардың арнайы жүргізген есептері негізінде бір жылда әр тауықтан 6-7 келі‚ үйректен 7-9 келі‚ қаздан 10-12 келі саңғырық жиналады екен. Бағамдасақ, болмашы ғана дүние құсап көрінгенмен, ірі құс фабрикаларында бұл көрсеткіштің күніне ең аз дегенде 10 тоннадан асып кететінін көруге болады. Елімізде мұндай құс фабрикаларынан шығарылған көң осы күні құс фабрикаларының жанындағы полигондарда тау-төбе болып үйіліп жатыр. Ал жол бойында орналасқан осындай алып құс шаруашалықтарының жанынан өтсек, еріксіз мұрнымызды басатынымыз рас. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс сол фабрика маңында еш өңдеусіз үйіліп жылдар бойы жатқан құс саңғырығынан шығады. Сондықтан құс саңғырығын қайта өңдеп, егіншілік пен өсімдік шаруашылығы үшін дайын биологиялық тыңайтқыш шығару әлемде кеңінен қолданыла бастады.
Қазір Қазақстанда 69 ірі құс шаруашылығы жұмыс істеп тұр. Осы шаруашылықтардың әрқайсысынан күніне шамамен 10 тоннадан астам қалдық шығарылатын болса, еліміз бойынша күн сайын 690 тонна саңғырық таулары пайда болып жатқаны белгілі. Ал бұған ұсақ-түйек құс шаруашылықтарын қоссақ, сан тағы еселеп өсе түсетіні белгілі. Ғалымдардың айтуынша, қазір отандық құс фабрикаларында жинақталып қалған құс көңі көрсетілген межеден асып кеткен. Бұл Қазақстан үшін өзекті мәселеге айналған. Мысалы, бір келі құс етін өндіру үшін орташа есеппен 3,4 келі саңғырық шығарылады екен. Оны қауіптіліктің В класына (+) жатқызады, құрамында инфекциялық ауруларды қоздырғыштар, гельминт дернәсілдері бар мұндай көң экология үшін аса зиян болып отыр. Өңделмеген құс көңіндегі несеп қышқылы түріндегі азот жылдам ыдырап, аммиак түзіп, топырақты бүлдіріп жібереді екен. Бұл туралы биология ғылымдарының докторы, профессор Айнаш Науанова айтып отыр.
Осы тұста Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Исмаилұлына «отандық құс өсіруші шаруашылықтар құс саңғырығын қайта өңдеу бойынша қандай мүмкіндіктерді пайдаланып отыр?» деген сауал жолдаған болатынбыз.
«Бүгінде саңғырық өңдеу құс фабрикаларының көбінде жүргізілмейді. Өйткені бұл шара шаруашылықтар үшін өте қымбатқа түседі. Сондықтан кейбіреулері жай ғана сақтап, содан кейін егістікке шаруа қожалықтарына апарады. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестицияларды субсидиялау ережесін әзірледі, онда «Өнімділігі 50 тонна тәулігіне құс саңғырығын өңдеуге арналған машиналар мен жабдықтарды алу» паспорты қарастырылған. Инвестицияларды өтеу үлесі 25%-ды құрайды. Бірақ, өкінішке қарай, бірдей қолжетімді емес және инвестициялық субсидияларды бәрі бірдей пайдалана бермейді. Өйткені жаңа жабдық мемлекеттік органдар ұсынғаннан әлдеқайда қымбат», – деп жауап берді одақ басшысы.
Биология ғылымдарының кандидаты Рая Садуақасқызының пікірінше, құс саңғырығын қайта өңдеу жұмысы – экологиядағы ең өзекті мәселенің бірі.
«Биологиялық егіншілікте органикалық тыңайтқыш ретінде құс саңғырығын кәдеге жаратудың болашағы зор. Құс саңғырығын өңдеу біршама ғылыми және материалдық ізденістерді талап етеді. Құс саңғырығын құс фабрикасының жанына жинап сақтау, сол аумақтағы жерасты сулары мен атмосфераны ластайды, алайда құс саңғырығын жерге жоғары дозада енгізсе (300 м3/гектар артық), егін дақылдарының құрамында нитраттың көп мөлшерде жиналуына алып келеді», – дейді ғалым.
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің жанында BIO-KATU ЖШС деген атпен құс саңғырығын қайта өңдеуге арналған заманауи микроорганизмдер биотехнологиялық орталығы жұмыс істеп тұр. Орталықтың жетекшісі биология ғылымдарының докторы, профессор Айнаш Науанова ғылыми өндірістік орталық қазір биопрепараттарды шығарып жатқанын жеткізді. Орталықтан шығарылған биопрепараттар – құс саңғырығы мен көңін қайта өңдеп органикалық тыңайтқыш жасауға таптырмас дүние.
«Біз 1 айда 5000 литрге дейін препарат дайындап жатырмыз. Егер сұраныс ұлғайса, өнімімізді молайтуға қауқарымыз жетеді. Бізден еліміздегі құс шаруашылықтарының бірнешеуі препарат сатып алып құс саңғырығын өңдеу үстінде. Олар көбіне өз егін шаруашылығы саласындағы алқаптары үшін алып отыр. Өңделген көң топырақтағы құнарлылықты 2 есеге дейін арттырады. Органикалық тыңайтқышпен өңделген жерлерден алынатын өнім 20-50 пайызға дейін артады. Тыңайған жерден алынатын өнім де, оның сапасы да өте жоғары болады. Бұл жерде ешқандай химия жоқ таза табиғи дүние. Оннан астам адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, жоғары жалақымен қоса біршама пайда тауып отырмыз. Әрине, мамандардың білікті болғаны өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, құс саңғырығы біз үшін алтынмен тең», – дейді Айнаш Науанова.
Дамыған елдерде құс фабрикалары өздерінен шығарылған қалдықтарды өңдемейтін болса, мемлекет экологияны ластағаны үшін шаруашылыққа көлемді түрде айыппұл салып, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік бермей қояды. Бірақ біздің елде мұндай қағида болмай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығымен бекітілген инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары аясында тәулігіне 50 тонна құс саңғырығын өндеуге арналған техника мен жабдық сатып алу шығындарын өтеуді субсидиялау қарастырылған. Инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 25 пайызды құрап отырғанын көрсеткен. Демек, мемлекет аталған министрлік арқылы құс шаруашылықтарындағы қалдықтарды өңдеуге бар мүмкіндікті жасап отыр. Бірақ бізде мұнымен айналысатын маман тапшы.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын 2 800-ден астам маманды таппай қиналатын көрінеді. Әсіресе, агроном, инженер-технолог, ветеринар, механизаторлар мен биотехнологтарды шаруашылықтар мен зертханалар күндіз шаммен іздеп жүр.
«Иә, кадрлар мәселесі өте маңызды. Бүгінде құс шаруашылығы саласында мамандар жоқ. Шын мәнінде, қазір бұл саладағы мамандардың дені кеңес заманында дайындалған аға буын өкілдері. Бүгінде кадрлар бойынша мәселені білім беру институттары пысықтап жатыр. Отандық өндірушілер тығырықтан шығу үшін шетелдік мамандармен келісім жасап, олардың қызметтерін пайдалануға мәжбүр», – дейді Қазақстан құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шарипов.
Биология ғылымдарының кандидаты Рая Садуахасқызы да осы мәселеге өз ойын білдірді.
«Ғылыммен айналысып, белгілі бір жобаны қолға алып, аяққа тұрғызу өте ұзақ уақытты талап етеді. Оған шыдам мен төзім керек. Біз жастарды ғылымға және жаңа технологиялық жетістіктердің нәтижесін көруге үйрету үшін өзіміздің қасымызға шақырамыз. Бірақ олар барлығын тез жасап. тез пайда тапқысы келеді. Сондықтан салада маман тапшы болып отыр», – дейді ол.
Әрине, маман болмаған жерде жұмыс болмасы анық. Білікті мамандардың мәселесін түбегейлі шешумен құзырлы орындардан бөлек шаруа қожалықтарының өзі де айналысып көріп жатыр. Бірақ түйінді шешуге шамасы жетпей жатқаны анық.
Қазақстан құс өсірушілер одағы құс саңғырығын өнеркәсіптік жағдайда пайдалану үшін біршама ұсыныс бергені бар. Айталық, бұршақ өнімі үшін – 1 гектарға 300-ден 800 келіге дейін, қара бидай, бидай сияқты күздік дәнді дақылдар үшін – 1 гектарға 500 келіден 1 тоннаға дейін, жаздық дәнді дақылдар үшін, мысалы сұлы, арпаға – 1 гектарға 1 тоннадан 2 тоннаға дейін, жүгері мен күнбағыс үшін – 1 гектарға 600 келіден 2 тоннаға дейін құс саңғырығын тыңайтқыш ретінде енгізуге болады.
Сәбіз, пияз, қызылша, картоп, қырыққабат, тағы басқа көкөніс түрлерін өсіретін алқаптың әр гектарына 2 тоннадан 3 тоннаға дейін енгізуге болады екен. Қарап тұрсақ, онша көп дүние емес. Екінші жағынан экономикалық жағынан тиімді. Кез келген құс шаруашылығының жанындағы саңғырықты алып белгілі бір технология арқылы өңдеп, алқаптарға шашып тастасаң болғаны.
«Биопрепарат топырақтың құрылымын жақсартады, жаңғыртады. Химиялық тыңайтқыштар топырақтың биологиялық белсенділігін төмендетеді. Тың әдіс ерекше тиімді. Біз бірнеше жыл арнайы тәжірибе жүргізіп нәтижесін көрдік. Бидай мен бұршақтың егістігіне көктемде енгіздік. Тыңайтқыш енгізілген жерлерде өнімділік 2 есе ұлғайды. Бидай дәндерінің сапасы жақсарды. Енді полигонда 10 жыл бойы жиналған құс саңғырығынан біртіндеп құтылмақпыз», – дейді ғалым Рая Садуахасқызы.
Құс саңғырығы түріндегі органикалық тыңайтқышты қолдану танап-тұтыну-егістік схемасы бойынша «зат айналымын» жабуға мүмкіндік береді. Яғни, егінмен бірге алынған минералды қоректену элементтері органикалық тыңайтқыштар түрінде топыраққа қайтарылады. Бұл тыңайтқышты енгізу өнімділіктің жоғарылауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге топырақ құнарлылығын сақтайды және құс фабрикаларында құс саңғырығын қайта өңдеу мәселесін шешеді.
Осы тұста біз үнемі айтып жүретін қалдықсыз технологияның құс шаруашылығында да пайдасы орасан екенін анық байқап отырмыз. Білуімізше, теңіз жағалауындағы кейбір елдің шаруалары теңіз жағасында құстар өте көп қонақтайтын мекендерге арнайы барып, жабайы құстардың саңғырығын жинап әкеліп, өңдейтін орындарға өткізіп, пайда табатын көрінеді. Ал дайын жатқан құс саңғырығын жаппай кәдеге жарату біз үшін келешектің еншісінде болып тұрғанға ұқсайды.
Бердібек ҚАБАЙ
© коллаж: Елдар ҚАБА